• Тіл
  • 07 Қаңтар, 2010

Аударма ісінің ахуалы қалай?

Темірғали Есембеков, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы: – Елімізде аударма мәселесіне айтылар сын көп. Бұл айналып келіп, аударматану саласына жауапкершілік жүктейді. Жалпы, біздегі аударматанудың деңгейі қандай? – Аударматану филологиялық пән. Осыны әлі күнге дейін әртүрлі бағалап жүргендер көп. Аударматануды негізінен екіге бөліп қарастыруға болады. Бірінші, аударма. Екінші, аударма үдерісі. Осы аударма үдерісі туралы бізде қалыптасқан пікір жоқ. Ал үдеріс болу үшін төрт түрлі мәселені қарастыруымыз керек. Бірінші, жоспарлау. Екінші, ұйымдастыру. Үшіншісі, ынталандыру. Төртіншісі, бағалау. Енді осыған жеке-жеке тоқталайық. Қазақстанда аударма ісін, аударма үдерісін жоспарлайтын арнайы маманданған ұйым жоқ. Жазушылар одағының жанындағы аударма секциясы тек өздеріне қатысты ғана мәселені қарастырады. Басқа мекемелер де аударманың керекті тұстарын ғана алады да, жалпы үдерісті ешкім жоспарламайды. Бұл бір. Екінші аударманы үдеріске айналдырып, өзін өзі дамытатын сала қалыптастыру үшін оған әсер ететін күштер болу қажет. Сол күштерді қалай ұйымдастырамыз? Аудармамен кімдер айналысады? Бізде аудармашылар кімдер өзі деген мәселелер көп жағдайда сұрақ деңгейінде қалып жатыр. Жауап жоқ. Үшіншіден, ынталандыру қалай болмақ? Кім ынталандырып жатыр? Өркениетті елдерде аудармашыларды ынталандыратын баспалар, басқа да мемлекеттік ұйымдар бар. Төртіншісі, бағалау. Қазір аударманың сапасы, деңгейі жөнінде жазылып жатқан мақалалар бар. Сыншылар өсіп келе жатыр. Бұған шүкірлік деу керек. Дегенмен әлі де болса аударманы бағалаудың өлшемдерін дамыта түсу қажет. Көп жағдайда біз аудармаға «жақсы, жаман» деп екі-ақ түрлі баға береміз. Ал несі жақсы, несі жаман? Оған ден қоймаймыз. Жалпы, аудармашыларды ұйымдастыру, оларды белгілі бір істерге жұмылдыру жөнінен келген кезде бізде ешқандай ұйым бұл жұмысты атқарып отырған жоқ. Аударманы дамыту үшін бір баспа құрылып еді. Бірақ сол баспаның жұмысы әлі күнге дейін өз деңгейінде емес. Өйткені, олар көбінесе бұрын басылған, аударылған әдебиеттерді қайта басып шығарумен айналысады. Ал аударма қалай болғанда да біраз уақытта ескіреді. Сондықтан, әртүрлі деңгейде ертерек аударылып қалған көптеген мәтіндерді қазіргі аудармашылардың көзімен қайта қарап, аударған жақсы болар еді. Осы жағынан келген кезде бізде жоспарлы ұйымдасқан іс жоқ. – Сонда аудармашылардың басын қосатын ешқандай ұйым жоқ па? – Гагарин көшесі мен Құрманғазы көшесінің қилысында «Қазақстан ит өсірушілерінің ассоциациясы» бар. Ал әлі күнге дейін Қазақстан аудармашыларының қауымдастығы жоқ. Бір жерлерде құрылғанымен ол жұмыс жасамайды. Оны ешкім білмейді. Мысалы, қазір республиканың түкпір-түкпірінде көп тіл білетін аудармашылар жұмыс істеп жатыр яғни аудармашылар дайын. Бірақ соларды есепке алып, ұйымдастырып, бағыттап отырған ешбір ұйым жоқ. Бұған қадамдар жасалғанымен, өз деңгейінде емес. – Қазақстанда аудармашының мәртебесі қандай? – Бізде екі тіл білетін адам аудармашы бола алады дейтін түсінік бар. Мен осы қағидатқа қарсы уәж айтар едім. Сөзді түсіну, мағынасын ұғыну, оны тыңдай білудің барлығы белгілі дайындықты қажет етеді. Сондай-ақ, аудармашыға машық керек. Ал ешкім тапсырма бермей жатса олар қалай машықтанады? Аударған дүниелері жарыққа шықпай жатса, ол да шығармашылық адам үшін қиын. Оған қоса аудармашының еңбегі жөнді бағаланбайды. Аудармашылар әртүрлі. Ғылыми мәтінмен айналысатындар, ісқағаздарындағы мәтінді аударатындар, көркем шығарма аударатын аудармашылар бар. Олардың деңгейі бірдей емес. Осыған қарамастан бізде барлығына аудармашы деген баға беріледі. Кей жерлерде аға аудармашы, бас аудармашы дегендер бар болғанымен, бұл аудармашының кәсіби деңгейінің көрінісі емес, қызметтік өлшем ғана. Сондықтан, әр аудармашының тиісті деңгейі болу керек. Бірақ бізде сол деңгейді анықтап, сертификат беретін мекеме де жоқ. Өйткені, біздің елімізде аудармашының мәртебесі анықталмаған. Сондықтан Қазақстанда аудармашылар туралы Заң керек. Көптеген Еуропа елдерінде аудармашы өзі аударған мәтіннің авторы болып есептелінеді де ол құқықтық жағынан мәтін үшін толық жауап береді. Аудармашының баспа алдындағы, түпнұсқаның авторы алдындағы жауапкершілігі анық айқындалған, заңды түрде реттелген. Ал бізде осы мәселелер реттелмек түгілі қарастырылмаған. Міне осы мәселелерді күн тәртібіне қойып шешпесек, бізде аударма ісі өз деңгейінде дами алмайды және үдеріске айналмайды. Үдеріс болу үшін ол көптеген басқа қоғамдық салалармен байланыста болу керек. Ал аударманың қажеттігіне ешкім күмән келтірмейтін шығар. Себебі біз қазір мәдениетаралық коммуникация заманында әлемнің көптеген халықтарымен аралас-құралас тіршілік етіп отырмыз. Сондықтан, осы аударма арқылы өзімізді таныту, өзгені тану жұмыстарын жүйелі жүргізуіміз қажет. – Қазақстанда аудармашыларды дайындау қалай жүріп жатыр? – Қазақстанда дайындалатын аудармашылардың көбі орыс-ағылшын немесе қазақ-ағылшын топтарына біріктірілген. Ал әлемнің басқа тілдері қайда? Мысалы, Қазақстанда әлі күнге дейін БҰҰ-дағы басты тіл болып саналатын тілдерден топтар жоқ. Сондықтан тек ағылшын-орыс, болмаса ағылшын-қазақ сияқты белгілі бір тілдердің маңайында жүре бергеннен гөрі басқа тілдерге ден қою керек. Яғни университетеерді әртүрлі тілге мамандандыруымыз қажет. Ал, бұл жағы бізде әлі күнге кемшін болып келеді. Соңғы кезде газет-журналдар жас аудармашылардың шығармашылықтарымен таныстырып жатыр. Бұл әрине құптарлық жайт. Конкурстар ұйымдастырылады, оны енді ары қарай дамыту керек. Ең бастысы, аудармашының филологиялық дайындығы жоғары болуы тиіс. Аудармашыларға шет тілін үйретуде басқа техникалық, экономикалық оқу орындарында қойылатын талаппен оқытпау керек. Олар бірінші курстан бастап фонетиканы да, лексиканы да, барлығын өзі маманданатын тілдерге сәйкес оқығаны жөн. Негізі, аудармашыларға екі тілдің заңдылықтары арасындағы сәйкестік немесе сәйкессіздік, яки үйлесімділік мәселелерін ажыратып беріп отырған дұрыс. Тағы бір мәселе көркем аударманы жалпы аудармадан бөліп алып, дайындаған жөн. Бұларды қалың лекке қосып жіберсек ұтылып қаламыз. Өйткені, көркем аударма басқа аудармалардан гөрі күрделі. Және кез келген адамның қолынан келе бермейді. – Біздегі аудармамен айналысып жүрген мамандардың деңгейі туралы әртүрлі пікір бар. Осыған не дейсіз? – Осыдан бірер жыл бұрын «Қазақтың жүз әңгімесін» ағылшын тіліне аударуға грнат тағайындалды. Сол мақсатта ХХ ғасырдағы қазақ қаламгерлерінің қысқа-нұсқа әңгімелерінен жүз дана таңдап алынып, жарнама жасалды. Аудармашылар келді. «Америкада 3-4 жыл жұмыс істеп келгем, ағылшын тілін жақсы білем» деп 4-5 әңгімеден алғандар да болды. Біз қатаң талап қойылатынын айттық. Алды 15, арты 20 күн дегенде жаңағы әңгімелерді дерлік қайтадан әкеліп тастады. Әртүрлі себептер болуы мүмкін. Бірақ ең басты себеп, олар ағылшын тілін тұрмыстық деңгейде ғана біледі екен. Яғни жеке сөздерді білгенмен, сөйлем құрай алмайды. Тексеріп көрсек, олардың бірде біреуі Шекспирді, тіпті, Драйзерді т.б. ағылшын-американ тіліндегі әртүрлі шығармаларды оқымаған, әдеби стильден мүлдем бейхабар. Көркем мәтіннің табиғатына тән қасиеттерді білмейді. Міне, біздегі тілді білудің деңгейі осындай. Сондай-ақ, көтеген тіл білетін мамандар шет тілінен қазақ тіліне аударуға жүйрік те, өз тілін сол тілдерге аударуға шорқақ. Мәселенің ең қиын тұсы осында. Қазір біз қазақ тілінен қай тілге болса да тікелей аударатын мамандарға зәруміз. Оларсыз бізде аударма ісі, аударма үдерісі алға баспайды. Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешпесе, жеке ұжым, жеке авторлар жұмыс жасап жатқанымен, ол үдеріс дәрежесіне көтерілмейді. Үдеріс болу үшін мемлекеттік, ұжымдық, жеке шығармашылық тұлғаның арасында өз ара түсіністік байланыс болу керек. Міне бізге осы жағы жетіспейді. – Шығарма авторы мен аудармашы арасындағы қатынас қалай реттеледі? – Бізде әлі күнге дейін аударманың деңгейін анықтайтын эксперттік кеңестер, комиссиялар жоқ. Мысалы, автор өз шығармасының аударылуына көңілі толмаса аудармашыны сотқа беруге құқылы болу керек. Ал сотта аударманың әр саласы бойынша белгілі мамандардан құралған комиссия эксперттік бағалау жүргізуі тиіс. Сонда ғана аудармашы мамандар белгілі дәрежеде қоғамдық пікір туғызып, өз еңбектерінің сарапқа түсетінін, оған жауап беретінін біліп отырады. Біздегі қазіргі аудармашылар мұндай жауапкершіліктен алшақтау. Сондықтан, екі шығармашылық тұлғаның арасында авторлық тұрғы, басқада көзқарастардан келіспеушілік туылса оны реттеп отыратын, екеуіне бірдей зиян келтірмейтін дәрежеде шешіп отыратын белгілі эксперттік комиссия қажет. Өйтпегенде аудармашылар мен авторлар арасында, аудармашы мен баспаның арасындағы әртүрлі кикілжіңдерді кім шешеді? Оның барлығы шығармашылық жұмысқа, аудармашылық іске кері әсерін тигізеді. – Аударма кәсіп пе, өнер ме? – Біз аудармашыны шығармашылық тұлға немесе кәсіби маман деп бағалауымыз керек. Ақын-жазушылар көп жағдайда аударманы өнер деп ұғады. Ал өнерде рецепт жоқ. Қалай аудару керектігін ешкімге үйрете алмайсыз. Үйретсеңіз ол оны қабылдамайды. Егер аудармашылықты кәсіп дейтін болсақ онда оған қоятын талаптар бөлек. Кәсіби аудармашы аударудың түрлері, моделдері, басқа да әртүрлі үрдістермен танысып, біліп отырады. Сондай-ақ, «Неге мына әдісті қолдандың? Неге бұлай аудардың?» дегенге түсінік бере алатын болуы тиіс. Сондықтан, менің ойымша, аудармашыны кәсіби маман ретінде қараған дұрыс. Ал, шығармашылық тұлға мен кәсібилік астасып жатса тіптен құба-құп. – Шетел әдебиетінің көбі бізге орыс тілі арқылы жетті. Олардың бұрысы қайсы, дұрысы қайсы? Соны талдап-таразылап жатқандар бар ма? – Оны саралап жатырмыз. Алғашқы кезде орыс тілін жақсы білмейтін авторлардың аудармаға кірісуі сол кезең үшін жақсы болғанымен, кейбір сөздерді түсінбеген, қиыс кеткен, тіпті қарама-қарсы мағынада аударған. Басқаны былай қойғанда ұлы Мұхаңның алғашқы әңгімелерінің орыс тіліндегі аудармаларына қарасаңыз осыған көзіңіз жетеді. Шығарманың кей жерлерін тастап кеткені, түсінбейтін тұстарын аудармағаны, көп нәрсені жанынан қосқаны, тіпті, автордың идеясын түсінбегені анық байқалып тұрады. Еркін аудару деген ұғым бір кезде модаға айналған. Өйткені, қазақ әдебиетіндегі нәзиралық дәстүр аудармаға өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Ал қазіргі күнде аудармаға қойылатын талап басқаша: дәлдік, нақтылық, саймасайлық. Жалпы, аудармашылардың өз деңгейінде аудара бастауы ХХ ғасырдың 60-жылдарынан басталды. Шетел әдебиетінің бізге жетуі жөнінде талай еңбектер жазылды. Мысалы, Шекспир шығармаларын Мұхаңның орысшадан аударуы. Сол шығарманың қазақшасы мен ағылшыншасын салысытырғанда, Мұхаң кей жерде Шекспирдың айтайын дегенін орыстардан гөрі нақты, дәл айтқаны көрінді. Өйткені, Мұқаңда ауқымды шығармашылық қарым-қабілет бар, оның үстіне, өзі драматург. Жалпы, шығарманы түпнұсқадан аударғанға ештеңе жетпейді. Дегенмен сатылы аудармасыз тағы да болмайды. Өйткені, қазіргі Қазақстан үшін дүниежүзінің барлық тілін білу мүмкін емес. Сондықтан біз тым болмаса басты-басты 5-6 тілді білетін, өз ана тілін тіпті де жақсы білетін мықты аудармашылар дайындауымыз қажет. Өйткені, талай аудармашыны көріп жүрміз, ағылшын тілін керемет жақсы білгенімен, қазақша аударуға сөздік қоры жетпейді.. – Қазақ тілі аударма тілге айналып бара жатыр дегенге қалай қарайсыз? – Ол, рас. Себебі, аудармашылардың көбі өздеріндегі сөздік қордан гөрі сөздіктегі дайын тұрған сөзді пайдалана салады. Содан барып, стандартты аудару пайда болады. Айталық, Алматыдағы хабарлама-жарнамалардың қазақша-орысшасын көріп, қынжылып қаласыз. Заң жүзінен қарағанда аудармашы сөздіктегі бар нәрсені аударып берді. Бірақ ол қазақша емес. Негізі, мәтінді түсініп алып, қазақшаға аудару қажет. Ол үшін сөздік қорды, актив сөздерді көбейту керек. Жапондардың зерттеуінше, айтылған кез келген мәтіннің 93 пайызын түсіну үшін 6000 сөз, 96 пайызын түсіну үшін 10 000 сөз білу қажет екен. Ал, біздегі қазақша білетін адамдардың сөздік қоры 500-600 сөзден аспайды. – «Әттеген-айы» дегізетін термин мәселесіне қандай пікірдесіз? – Терминге қойылатын талап біреу: ол қандай мәтінде болсын өзінің мағынасын сақтап тұру. Ал қазіргі термин деп жүргендеріміздің көбі термин деңгейіне көтерілмеген тек түсініктер мен ұғымдар ғана. Сондықтан да кейбір мәтіндерді тіпті түсінбейтін дәрежеге жеттік. Оны түсіну үшін қолыңызда қазақша-орысша сөздік болуы керек. Бірақ біздегі сөздіктердің көбі орыша-қазақша. Сондай-ақ, біздің сөздіктерде бірізділік жоқ. Қазір екі адам бірігіп, тіпті, филологиялық дайындығы жоқ, бірақ өз ісін жақсы білетін мамандар сөздіктер құрып жатыр. Олар сөздік құраудың қалыптасқан ережесі, заңдылықтары бар екенін ескермейді. Мысалы, қазір күн санап шығып жатқан медициналық сөздіктерді қараңыз бір сөздің өзі сөздіктің бас-аяғында тіркеске байланысты өзгереді де отырады. Яғни әркім әртүрлі жағдайда өз ыңғайына сәйкес жаңа термин қолдана берсе, онда біздің сөздік қорымыз қойыртпаққа айналып кетеді. – Қазақ тілін шынайы мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеру үшін не істеу керек деп ойлайсыз? – Ең алдымен, «Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуі міндет» дейтін қағиданы қатаң ұстану керек. Яғни мемлекеттік тілді білмесеңіз құқықтық тұрғыдан мемлекеттік қызметке алынбауға тиіссіз. Менің таңғалатыным, қазіргі жастардың бірқатары қазақ тілін білмейді. Сонда олар мектепте не оқыды? Қалай бітірді? Бағаны не үшін алды? Сол бағаны беріп жүргендер қазақ тілінің мамандары. Яғни олар өзінің ісіне қалай болса солай қарайды. Талап қоймаса не болады? 18 жыл болды ғой. Жылына, айына, күніне бір сөз үйренсек те сөйлейтін уақыт болды емес пе? Бұдан шығатыны бізде талап қойылмайды. Біздікі сөз. Жалпы, тілді саяси мәселеге емес, әлеуметтік мәселеге айналдыруымыз қажет. Яғни мемлекеттік тілді білмейтіндер қазақ қоғамында өмір сүрудің, өсіп-өнудің қиындығын сезінуі тиіс. Өйткені, шетелге барғандар 1-2 жылдың ішінде сол мемлекеттің тілінде сайрап келеді. Ал біздің Қазақстанда 50 жыл тұрғандар да әлі күнге қазақ тілін білмейді, бігісі келмейді. Менің түсінігімде қазақ тілін мемлекеттік деңгейге көтеру ең алдымен қазақ ұлтының мойнындағы жүк. Басқа біреулер біздің тілді оқымайды деп ренжімеу керек. Өйткені, бізде қазақ тілінің ортасын құру жағы кемшін. Ал орта болса соған келгендер бәрібір қазақ тілінде сөйлейді. Телеарнадағы 50х50 дегенді қойып, барлығын қазақ тіліне көшіру қажет. Бұрынғы секілді басқа тілдерде арнайы бағдарламалар болса жеткілікті. Сондай-ақ, қазақ өзіне қажетті дүниені Қазақстаннан тапқанда ғана басқаны іздемейді. Яғни қазақ ғылымы, киносы, муызкасы адамдарға керекті нәрселердің бәрін беретін жағдайда жету қажет. Әңгімелескен Біләл Қуаныш

10162 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы