• Тұлға
  • 07 Қаңтар, 2010

«Ұлтым тәжік болса да, жаным – қазақ»

«Қазақ ауылында туып-өстім» – Эргашбай аға, сізбен әңгімелесудің өзі кез-келген журналист үшін бір ғанибет. Өзіңізді көрсек рухани түлеп, жанымыз жадырап қалады. Жасыратын ештеңесі жоқ, қазақ тілін де қазақтардан кем білмейсіз. Оның сыры неде? - Мен өзімді қазақтың бір перзентімін деп есептеймін. Өйткені, сонау 1950 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Бостандық ауданының Испай деп аталатын ауылында туып-өстім. Бұл жерде кіл қазақтар тұратын. Қазір осынау елдімекен Өзбекстанға қарайды. Өйткені кезінде Никита Хрущев одақты басқарып тұрған кезде сол көршілес мемлекетке берді.Бүкіл жастық шағым қазақтардың арасында өтті. Осы ұлттың балаларымен асық ойнап, шыбықты ат қылып мініп, ойнап өстік. Түріміз сәл өзгелеу болмаса, бізді ешкім де ажырата алмайтын еді. Себебі, тек қана қазақ тілінде сөйлесіп, бұл тілде бір-бірімізді түсінісетін едік. Жалпы мен өзімнің түрім тәжік болғанымен, Жан-дүнием қазақ деп есептеймін. Себебі, бұл ұлттың барлық салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын бір кісідей білемін. Кейін біз Қазақстанның Өзбекстанмен іргелес жатқан Сарыағаш ауданының Ленин кеңшарына көшіп келдік. Бұл жерде де қазақ бауырларымызбен тонның ішкі бауындай араластық. Олар да бізді тәжік деп сыртқа шеттеткен жоқ. Туған бауырларындай қарсы алды. Сол жерде орта мектепті бітірдім. Содан кейін Тәжікстанның астанасы Душанбе қаласындағы мемлекеттік университеттің экономика-сауда факультетін бітірдім. Екі жылдай осы қалада өз мамандығым бойынша жұмыс істедім. Содан соң кіндік қаным тамған Қазақ еліне оралдым. Әлгі курорты және шипалы суымен бүкіл елімізге белгілі Сарыағаш аудандық тұтынушылар қоғамында экономист болдым. Бертін келе сол сала бойынша басшылық қызмет атқардым. Кешегі алып одақ ыдырағанша жұрт қатарлы қызмет атқарып, халық арасында абырой мен құрметке бөлендім. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін біржола кәсіпкерлікке көштім. 2000 жылы Қостанайға қоныс аударып, содан бері осы бизнеспен шұғылданып келемін.

Әке тәлімі – Сіз бір сөзіңізде өмірде бірдеңеге қолымыз жетсе, онда ата-анаңыздың да тигізген ықпалы ерекше екендігін айтып қалдыңыз. Олардың бала кезіңізде өзіңізге жиі қайталап отыратын сөздері есіңізде қалды ма? – Әрбір шаңырақта әке-шешенің орны бөлек екендігі белгілі. Менің асқар таудай әкем Эрмат ел арасында өте сыйлы азамат болатын. Жастар жағы оның кісілігін, адамгершілігін өнеге тұтып, үнемі төрден орын беретін. Ол сондай құрметке әбден лайықты еді. Өмірден 75 жасында өтті. Отбасының тірегі әкеміз кешегі Ұлы Отан соғысында от пен оқтың арасында болған майдангер еді. Осы зұлмат майданнан кейін ауылға аман-есен оралып, алдымен ұзақ жылдар бойы бригадир, артынан колхоз басқармасының төрағасы болды. Ол кісінің кішкентай кезімде маған: «Айналайын, Эргашбай, еңбек ер атандырады, даңққа бөлейді. Соны әрдайым есіңде сақта» деген ғибратты сөздері әлі күнге дейін жадымда. Оның бізге көрсеткен өнегесі жер басып жүрсек ешқашанда ұмытылмайды деп есептеймін. Әулетіміздің абыройын асырып, шырайын келтірген аяулы анамыз Қымбат та өз уақытының іскер, бауырмал, көзі ашық, көкірегі ояу адамы еді. Сонау әйелді жесір, баланы жетім еткен сұм соғыс кезінде еңбекке жарамды еркектердің бәрі елді қорғау үшін майданға аттанған жоқ па. Сол кезде ол өзінің ұйымдастырушылық қарым-қабілетін жарқырата көрсете білді. Колхоз басқармасының төрайымы ретінде елде қалған қыз-келіншектерді ортақ іске жұмылдырды. Қанды шайқастың ортасында жүрген боздақтарға азық-түлік жіберіп, Жеңісті жақындатуға елеулі үлес қосты. Әйел болса да оның осындай ер азаматқа бергісіз қажыр-қайраты, табандылығы лайықты бағаланып, кеудесіне бірқатар медальдарды тақты. Қатардағы қарапайым отбасында жеті бала өстік. Оның үшеуі - ұл, төртеуі қыз болатын. Мен солардың тұңғышымын. Зырылдап өтіп жатқан уақыт-ай десеңізші. Келесі жылы 60 жасқа толғалы отырмын. Қазір әке-шешеміз жоқ. Солардың орнын жоқтатпай соңымнан ерген інілерім мен қарындастарыма ақылшы болып жүрген жайым бар. Олар да мұсылмандық салт бойынша мені ерекше сыйлайды.

Қазақ тілі — бәрімізге ортақ тіл – Эреке, өзіңіз білесіз, 2007 жылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының XII және үстіміздегі жылғы XV сессиясында да мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін көтеру жайы кеңінен сөз болды. Осы мәселе жайлы сіздің пікіріңізді білсек деп едік. – Өз басым мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді толық қолдайтын азаматтың бірімін. Сол себептен Елбасының әлгі сессияларда айтқан ойлары мен тұжырымдары көңілімнен шықты. Шынында да, Қазақстанның өз алдына тәуелсіз мемлекет атанғанына да 20 жылға жақындап қалды. Бұл аз мерзім емес. Енді мемлекеттік тілді де өз тұғырына көтеретін кез әбден келді деп ойлаймын. Мен осы елдің патриотымын. Жүрегім де, көңілім де қазақ жері деп соғады. Оның болашағы — менің де болашағым. Егер мемлекетіміздің экономикасы нығайса, осы жерде ғұмыр кешіп жатқан барлық халықтардың да әл-ауқаты, тұрмыс жағдайлары жақсаратындығы белгілі. Ал қазақ жерінде тұрып, оның суын ішіп, нанын жеп жүрген соң мемлекеттік тіл — қазақ тілін сыйлау, оны терең білу, еркін сөйлеу әрбір этнос өкілінің төл міндеті, әрі парызы деп түсінемін. Өзім Қостанай өңіріндегі ұлттық мәдени орталықтардың басшылары бас қосқан жерде үнемі: «Қазақ тілінің мәртебесін көтеру — баршамыздың да міндетіміз. Әр күні бір сөзден үйренсек, жылына 365 сөз үйренеді екенбіз. Оның ешқандай қиындығы жоқ» деп айтудан жалықпаймын. – Байқаймын, сіз тек қазақ тілінде еркін сөйлеп қана қоймайсыз. Осы тілде жарық көретін кітаптар мен басылымдарды да көбірек оқитын секілдісіз. Әдетте мемлекеттік тіл жайлы әңгіме бола қалса, кейбіреулер оны үйрену қиын деп кежегелері кейін тартып тұрады. Сіз ондайларға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? – Өз басым «Қазақ тілін үйрену қиын» дегендердің пікіріне қосылмаймын. Ол бос сөз. Әңгіме оны үйренуге деген зейін мен құлықта жатыр. Адам баласы алдына шынымен мақсат қойса, оған сөзсіз жетеді. Қазақтар өте дарқан халық. Егер Еуропадағы мемлекеттерде сол елдің тілін білмесең, саған азаматтық та, жұмыс та бермейді. Ал біздің елімізде мемлекеттік тілді білмесе де мемлекеттік қызметте істеп жүргендер аз емес. Рас, мен ауызекі сөздерді білгенмен таза әдеби тілде жаза алмайтындығым ешкімнен жасырын емес. Сол себептен де өзіңіз көріп отырғандай мынау алдымда жатқан қазақтың көркем әдебиеттерін, мақал-мәтелдерін, газет-журналдарын күнделікті оқып отыруды дағдыға айналдырғанмын. Оның тіл ұстартуға көмегі мол. Бірақ әлі де болса білгенімнен, білмегенім көп деп есептеймін. Қазақ тілі — менің екінші ана тілім болып кетті. Кез-келген ортада осы тілде мүдірмей еркін сөйлей беремін. Жер бетінде қазақтардай қонақжай, бауырмал халық өте аз. Олар да мені туғандарындай құшақ жая қарсы алып жатады. Балалық шағым өткен Сарыағашқа барғанда әкемнің, шешемнің көзін көрген ақсақалдар мен ақжаулықты әжелеріммен арнайы барып, сәлемдесіп, ақ баталарын алып отырамын. Олар да қуанып «Өркенің өссін, айналайын!» деп ең ізгі тілектерін білдіреді. Ұл мен қыздарым да қазақ тіліне жетік. Олар да қазақ балаларының арасында өсті. Осы халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жақсы біледі. Бұл, әрине, мен үшін де мақтаныш.

Әңгімелескен Оразалы ЖАҚСАНОВ.

2874 рет

көрсетілді

38

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы