• Қоғам
  • 29 Сәуір, 2015

Ең асыл қазынамыз – бірлігіміз

Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасының қатысуымен өзінің ХХІІ сессиясына арналған жиынын өткізді. Астанаға еліміздің түкпір-түкпірінен құрметті меймандар, Ассамблеяның жер-жердегі мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, саяси партиялардың мүшелері және өзге де салалардың өкілдері қатысты. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін жұртшылыққа егжей-тегжейлі таныстырып жатудың өзі артық. Өйткені бірлік пен ынтымақты, ұлтаралық келісім мен достықты ту еткен әлемдегі теңдесі жоқ ұйым барша Қазақстан азаматтарының «бір Отан, бір тілек, бір мүдде» төңірегіне топтасуына негіз болып, мемлекетіміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді. Әрине, бейбітшілік пен тыныш­тық бар жерде қандай істің болса да берекесі болады, мақсат та орындалады. Татулық пен тұрақтылық салтанат құрған кез келген ел үшін алынбас қамал, бағындырылмас биік болмайды. Мұны біз тарихтан жақсы білеміз. Қазақстан халқы Ассамблея­сының бұл жолғы сессиясында ай­тыл­ған мәселелер көп болды. Елбасы Қазақстан халқы Ассамблея­сының 20 жылдығымен құттықтай келе, халық алдына әдеттегідей жаңа мін­деттер мен мақсаттар қойды. Солардың жолын көрсетіп, бағдар нұсқады. Елбасы өзі бастамашы болып, қазығын қаққан ұйымы бүгінде өз өміршеңдігін дәлелдеді. Әлем елдері Ассамблеяның тәжірибесінен үлгі алып, үйренуде. Мұның барлығы үлкен еңбектің, қажыр-қайраттың арқасында қол жеткізіп отырған табыстарымыз екенін Елбасы ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде айтып өтті. Президент өз баяндамасында алдымен тарихи шегініс жасап, Қазақстан қалайша көп ұлтты болды деген мәселеге арнайы тоқталды. – Өткен бүкіл ХХ ғасыр бойына Қазақ­стан ау­мағына көпэтносты халықтың қалып­та­суының күрделі үдерісі жүрді. Ғасырдың ең басында столыпиндік реформа кезеңіндегі шаруалардың қоныс аударуы барысында Қазақстанға Ресейден, Украина мен Беларусьтан 1 миллион 150 мың адам келді. Жиырма шақты жылдан соң, 30-жылдарғы ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық аудандарынан Қазақстанға 250 мың мүліктері тәркіленген шаруалар келді. Дәл сол уақыттарда өнеркәсіп нысандарын салуға елдің барлық түкпірлерінен шамамен 1,2 миллион адам қоныс аударды, – деді Елбасы. Ол сталиндік режім кезіндегі әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық немістер, 102 мың поляктар, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары Қазақстанға қоныс аударылған кезде оларды мұнда тек қазақтар ғана тұрғанын, сондықтан қоныс аударушыларды қабылдаған да қазақтар болғанын тілге тиек етті. Елбасы бұл орайда өзге деректер мен фактілерді келтірді. Қазақ жеріне тағдыр тауқыме­тімен өзге ұлттар келіп қоныстанып жатқан кезде барлық ауыртпалық осы мемлекеттің, ел мен жердің иесі – қазақтардың иығына түскені анық. Қазақтар ашаршылық жылдарында 1,5 миллион халқынан айырылды. Бұл халқымыздың демографиялық жағдайына қатты зардабын тигізгені сөзсіз. Бұған ерекше тоқталған Елбасы: «Біз тірі қалдық, топтаса білдік, қатыгезденген де жоқпыз, өшіккен де жоқпыз, ХХ ғасырдың қатаң қасіреті үшін ешқашан ешкімді кінәлаған да емеспіз» деді. Сессияда халқымыздың басынан өткен тарихи жағдаяттар, мем­ле­кетіміздің жүріп өткен күрделі кезеңдік жолдары, еңсерген қиын­дықтары мен асулары жан-жақты сараланды. Мәселен, Қазақстан дербес мемлекеттілігін жариялап, тәуелсіздік алған соң халықтың басына түскен әлеуметтік-эконо­ми­калық қиындықтарды мысал етсек те жеткілікті. Бұл орайда Елбасы «Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында бізді қорқытқан ең бір көңіл құлазытар болжамдардың бірі жаппай созылмалы кедейшілік, сол сияқты халықтың көпэтностығы болды. Ол кезде ол үшін негіз де бар еді. Ел тұрғындарының төрттен үші дерлігі кедейшілік шегінде тұрды. Бюджеттегілер – мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет қызмет­кер­лері, мемлекеттік қызметшілер ауыр жағдайда болды. Көпшілігі сол кезде өздерінің тарихи Отандарына – Германияға, Грекияға, Израильге, Ресейге, бұрынғы Одақ республикаларына кету жөнінде шешім қабылдады. Бүкіл 90-жылдары Қазақстаннан 3 миллион 690 мың адам кетті. Елде 14 миллионнан сәл ғана астам азаматтар қалды. Бұл Қазақстанның еңбек және экономикалық әлеуетін әлсіретті» дей келе, экономикалық тығырықтан бірнеше өзекті мысалдар келтірді. Осының барлығынан сабақ ала білуге тиіспіз дегенді алға тарта отырып бүгінде бүкіл әлем құрметтейтін мемлекет құрғанымызды өзекті ойдың арқауы етті. Енді қолымыздағы барды баға­лай білуіміз керек. Ел ырысын арттырып, бақ-дәулетімізді еселей түсу қажет. Ассамблеяның сессия­сында айтылған Елбасының ой-пікірлері барша жұртқа осыны меңзеді. Бүгінде елімізде 17 конфессия өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде. Олардың әрқайсысы мемлекетімізді кемел келешекке жеткізуде атсалысып келеді. Мәселен, «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестігі балалар үйлеріне азық-түлік жеткізіп, қарттар үйлері үшін «қайырымдылық керуенін» ұйымдастырады. Немістердің «Возрождение» ассоциациясы әлеуметтік стансалардың республикалық желісін құрып, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетіп келеді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Бұл Қазақстан азаматтарының ортақ мақсатқа, яғни елді өркендетуге жұмылғанын білдіріп тұрғаны сөзсіз. Табыстың бірден-бір көзі – еңбек. «Ең­бе­гіне қарай – өнбегі» демей ме, халық да­на­лы­ғы. Бәрі де халықтың игілігі үшін жасалуда. Әлемдегі «Ипсос МОРИ» социологиялық қызметі бүкіл Қазақстан бойынша тәуелсіз зерттеу жүргізіп, қазақ­стан­дықтардың 93 пайыздан ас­тамы елдегі жағдайды жоғары баға­лайтынын айтыпты. Сессия барысында келтірілген мұндай деректі азды-көпті саралап көрсек, бұл мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясаты, ең алдымен халықтың әлеуметтік өмірін жақсартуға бағытталып келе жатқанын бай­қауы­мызға болады. Осының барлығы жарқын болашағымыздың кепілі емес пе. Олай болса, жұмыла еңбек етіп, ырысымызды еселеуге күш салуымыз қажет екені сөзсіз. – Бұл біздің Конституция­мыз­дың кіріс­песінде толымды бейнеленген «Біз, Қазақстан халқы!» атты басты қағидаттың салтанат құруы. Мен де, өздеріңіз сайлаған Ассамблея Төрағасы ретінде бұл жетістікті бағалаймын, – деді Елбасы. Алқалы жиында Ассамблеяның еліміздің жаңа Конституциясын қабылдауымыздағы рөлі ерекше атап өтілді. Елбасының «Осы жылдар ішінде Ассамблея аса белгісіз құрылымнан Мәжіліс депутаттарын сайлау құқына ие конституциялық органға трансформацияланды. Бұл Ассамблеяның беделін арттырды. «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң – әлемде баламасы жоқ керемет заң. Ол еліміздің болашағы үшін өте маңызды. Оның нормалары біздің ұлтаралық саясатымыздың негізін қалыптастырады. Қазақ­станға келгендердің барлығы Ассам­блея­мызға таң-тамаша қалады, біздің халықтар достығына қаншалықты үлкен маңыз беретінімізді көреді» деген сөзінен-ақ біз Ассамблея атқарып отырған жұмыстардың қаншалықты маңызды екенін байқаймыз. Иә, сессияда айтылған мәселе­лер қай кез­дегідей ауқымды әрі өзекті болды. Елбасы оларды жүзеге асыру үшін жасалынған бес ха­лықтық реформаға тоқталды. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы, жаңа индустрияландыру, «Нұрлы жол», «Мәңгілік Ел» – үлкен жобалар екенін атап өтті. Қазақстанның алдағы даму белесі айқын, межесі де анық. Біз Мемлекет басшысының сөзінен осыны ұғындық. Ал барша Қазақстан халқы ардақтайтын мәңгі құндылықтар бар, ол – татулық, береке-бірлік, ынтымақ пен достық. Президент өз сөзінде Мәңгілік Ел идеясы арқауындағы топтастырушы құндылықтар ретінде еңбексүйгіштікті, адалдықты, оқымыстылық пен білімге бас июшілікті, зайырлылықты айтты. Қазақстан халқы Ассамблея­сының ХХІІ сессиясында Елбасы ерекше тоқталған мәселенің бірі – мемлекеттік тіл. – Кез келген ұлт-мемлекет – бұл, бірінші кезекте, оның бірегей мемлекеттік тілі. Қазақ тілін үйреніп жүрген барлық ұлты қазақ емес­терге рақмет. Балаларын балалар бақшасынан өз Отандарының тілінде сөйлеуге үйретіп жүрген ата-аналарға да рақмет. Қазақ тілін дамыту өзінің тарихында ешқашан осындай ауқым мен қарқынды білген емес. Бүгінде қаншама қазақ еместер қазақ тілін біледі! – деді Н.Ә.Назарбаев. Сонымен қатар Қазақстанда барлық этностық топтарының тілдерін да­мы­туға қамқорлық жасалып келе жатқанын атап өтті. Үш тұғырлы тіл туралы кеңінен сөз болды. Иә, тіл – адамзаттың басты құндылығы. Әр мемлекеттің – өз мемлекеттік тілі болады. Қазақстанда мемлекеттік тіл ол қазақ тілі. Демек, мемлекеттік тіл де барша Қазақстан азаматтарын ұйыстырушы факторға айналуы тиіс. Елбасы бұған дейінгі сөйлеген сөздерінде «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» екенін айтты. Біз Мемлекет басшысының осы сөзін негізге ала отырып, әрбір отандасымыз мемлекеттік тілді тұғырына қондыруға атсалысуы тиіс демекпіз. Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің де мемлекеттік тілге осы тұрғыдан мән бергені дұрыс болар еді. Өйткені еліміздегі әрбір этнос өкілінің санасы мен жүрегінде «Мен мемлекеттік тілді білуім керек. Мемлекеттік тіл – менің Отанымның тілі» деген ұғым-түсінік берік орнығуы керек. Сессияда Елбасы өз сөзін: «Бақыт бағалай білгеннің ғана басында тұрады. Ең асыл қазынамыз – бірлігімізді көздің қара­шығындай сақтай білсек, барлық асулардан асамыз.Мен халқымды Ассамблеяның алтын шаңырағын асқақтата түсуге үндеймін. Бірлік қағидасы – әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналсын! Жүрегімізде Ұлы Отан – Мәңгілік Елге деген махаббат оты маздасын! Баянды болашаққа бірге қадам басайық! Ырысымыз тасып, айбынымыз аса берсін! Алға, Қазақстан!» деп аяқтады. Жиында мінберге шығып сөз сөйлеген Те­міртау қаласы өлкетану музейінің ­директо­ры Наталья Скорикова, тепловоз машинисі Ген­на­дий Шиповских, «Менің Қазақстаным» по­й­ызының сапарына қатысқан дәрігер Ажар Төлеуғалиева, Әуе қорғанысы күштері әс­­кери институ­ты­ның аға оқытушысы, ІІ ­дә­­­режелі «Айбын» орденінің иегері Тимур Жұ­қабаев, Олимпиада ойындарының екі дүр­кін чемпионы Илья Ильин, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев және т.б. азаматтар Елбасының ерен еңбегін атап өтіп, Қазақстан халқын Ассамблеяның 20 жылдығымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Шара соңында Ассамблеяның бір топ белсенді мүшелеріне «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медалі мен «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалін» тапсырды. Сессия жұмысының қорытындысы бойынша Қазақстан халқына Үндеу қабылданды. Дәуіржан Төлебаев

3604 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы