• Тарих
  • 29 Сәуір, 2015

Еңсегей бойлы ер Есім (Еш Мұхаммед) хан

1598  жылы күзде ағасы Тәуекел хан өлген соң Қазақ хандығының тағына Есім отырды. Ол Тәуекел екеуі Шығай ханның екінші әйелі Жақсым бикемнен туған еді. Ал Шығайдың әкесі атақты Әз-Жәнібектің тоғызыншы ұлы Жәдік сұлтан болатын. Есім кез келген маңызды мәселені асықпай шешетін, табиғатынан мінезі жұмсақ, ақкөңіл де кешірімпаз адам еді. Жаулары  оның осындай кеңпейіл мінез-құлқын  өз пайдаларына шешуді ойластыратын. Есімнің хан болуы  Сібір арқылы  Еділдің бойына ығысқан қалмақтардың орыс бодандығын қабылдап,  1599 қазақ жеріне жортуылдар ұйымдастыруымен сәйкес келді. Ол өзінің соңына ілескен қазақтарды ұйымдастырып, қалмақтарға қарсы жорықтар ұйымдастыруды да естен шығара қойған жоқ. Жалпы қалмақтардың қазақ даласына толассыз жортуылдары 1599 жылдан бастап орын алған еді. Осындайда Есімнің басты мақсаты – қайда жүрсе де ата-баба жолын жалғастырып, елін жаудан қорғап, біртұтас Қазақ хандығын қалпына келтіру болды. 1620 жылы Есім хан қазақтардың және  қырғыздардың отыз мың қолымен ойраттарға күтпеген жерден лап қойды. Келісімге сәйкес  қалмақтардың ту сыртынан осы кезде Алтын хан елі де шабуылды бастады. Қыспаққа түскен қалмақтар бас сауғалап, тырағайлай, Қара Ертістен төмен қарай бойлай қашты. Бұрын оларды арандатып отырған орыстар енді қалмақтардың шығысқа беттеулерінен қауіптеніп, оларды қолдаудан бас тартты.  Қара Ертісте қалмақты қырған қанды қасапқа Есім ханның батырлары арғын Ағынтай, қоңырат Алатау, алшын ­Жиембет, дулат Жақсығұл, шапырашты Қарасай мен Әйтей белсене атсалысса, билерден  Үйсін Шапырашты Дәулет би мен Төле бидің атасы Дулат Жаныс Құдайберді би де қалмақтарға қарсы күреске елді жұмылдыруда көптеген игі жұмыстар атқарды. Осы Қара Ертістің таулы қыраттардан тұратын оң қанатында болған шайқаста Есім ханның өзі де ойратқа қарсы ұрыстарға белсене қатысып, еңселі тұлғасымен ел алдына түсіп, алдаспанын оңды-солды сілтеп, алдындағы жауды қамыстай жамсатып, үлкен қайрат танытып, ел аузында ерлігі аңызға айналып, «Еңсегей бойлы ер Есім» атанды. Алайда қашқан қалмақтар ылаңы мұнымен аяқталмады. 1627 жылы Тобыл арқылы жеңіліп босқан қалмақтар Еділдің Хазар (Каспий) теңізіне құяр жеріндегі қазақтарды баудай түсіріп қырып, қазақ даласын жантүршігерлік хабарлармен дүрліктірді. Олар Сарысу маңында Борық деген ауылды үрерге итін қалдырмай, бала-шағасына дейін түгел бауыздады. Есім хан осындайда Түркістандағы Күлтөбе деген жерде билерді жинап, күнде кеңес өткізіп, Жайық бойына жиырма мың қолдан тұратын жасақ аттандырды. «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген сөз осыдан қалды. Оларды арғын Ағынтай батыр (5 мың қол), үйсін Қарасай батыр (5 мың қол), найман Көксерек батыр (5 мың қол), қаңлы Сарыбұқа батыр (5 мың қол) бастады.  Батысқа жөңкілген, түндей түнерген қаһарлы жасақтарға жолдан, Електі жерінен төртқара Жиембет батыр бастаған тағы 5 мың қол қосылды. Қазақ жасағының бас қолбасшысы жер жағдайымен жақсы таныс осы  Жиембет батыр болды. Хазар теңізінің елсіз және масасы қалың қамысты аймағында қазақ пен қалмақ 83 күн арпалыса соғысты. Екі жақта жаппай адам қырғынынан қашып, ұрысты алғаш бір жарым ай бойы жекпе-жек түрінде өткізді. Жоғарыда аталған батырлардың әрқайсысы алғаш өздері жекпе-жекке шығып, ұрыс даласында тоғыз-он бір күннен тұрып, осынша адамды жер жастандырды. Дегенмен, қазақ жағы да қасіретті бастан өткізді. Мысалы, сегіз қалмақты жекпе-жекте өлтіріп, тоғызыншысына қарсы шыққан Алатау батыр аты сүрініп кетіп, аңдаусызда мерт болды. Арты жаппай қанды қырғынға ұласқан бұл ұрыста жеңілген қалмақ ұлардай шулап, Еділдің теңізге құйылысына қарай қашты. Ал енді шығыстағы Жоңғарияда Қара Ертістегі жеңілістен кейін қалмақтың Батыр тайшысы қазақты жеңу үшін үлкен дайындық керек екендігін түсініп, Жоңғария аймағындағы тас құдайға табынушылардың бәрінің басын қосу ісін қолға алды. Енді қазақтарды қалмақтардың жаңа жойқын шабуылдары күтіп тұрды. Мұндайда қазақтың анталаған жауға төтеп беруі оны дұрыс басқара білуге тікелей байланысты еді. Осыны жақсы түсінген және осыдан бұрын билікке таласқан Тұрсын ханмен болған жанжалды ескерген Есім хан, тарихта «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын реформаны жүзеге асырды. Бұл алғаш жоғарыда айтылған Күлтөбе басында жиындарда талқыланды. Осы Күлтөбеге Есім хан өзіне байырғы Орыс хан бабасынан мұра болып қалған қызыл тумен қатар әкесі Шығай хан көтерген ақ туды қатар алып шығып, елді бірлікке шақырды. Енді жауға шапқанда қазақ тайпалары өздерінің батырларының есімдерімен қатар, Алаш бабаның қасиетті есімін қазақ атанғандардың ортақ ұранына айналдыратын болып келісті.  «Ескі жол» реформасы бойынша жан-жақтан, батыс пен шығыстан қалмақтар анталаған қазақ даласын үш жүзге бөліп басқару және оларды Ұлы жүз аймағындағы бас хан басқаратын билеу жүйесі енгізілді.  Бұл Тәуекел, Ақназар хандар тұсында басталған таққа таласу әрекетін жау жағадан алғанда тоқтату және қазақтың кең даласын жергілікті рулар мен тайпаларды тығыз топтастырып қорғап қалу үшін амалсыздан жасалған саяси-әлеуметтік шара еді. Сонымен қатар «Есім ханның ескі жолы» оңтүстік-шығыста қалмақтардың оқтын-оқтын Жетісу аймағын жаулауы­на және батыста Ноғай Ордасының күйреп, кезінде оған қараған көптеген алшын руларының қазақтар қол астына өтуіне, қарақалпақтардың ноғайлардан бөлініп шығуларына  байланысты Қазақ хандығын билер арқылы басқаруды реттеу мақсатын көздеді. Еділ мен Жайық арасына терістік арқылы келген қалмақтардың қоныстанулары ноғайлардың көп бөлігінің қазақтарға қосылуын қиындатып, Ноғай Ордасы ыдырай бастаған тұста, олардың батысқа, Қырымға қарай көшуін тездете түсті. Осының нәтижесінде 1608 жылы ноғайлардың бас биі Ештеректің қол астында бар болғаны  40 мыңдай ғана ноғайлар қалған еді.  Ноғайлар билігінен босап қалған өлкені қазақтар қолында біржола ұстап қалу үшін бұл аймақты Есім қазақтың Кіші жүзі аймағына айналдырса, ал бірде қазаққа, бірде қалмаққа қарап отырған оңтүстік-шығыстағы Жетісуды қолдан шығармау үшін оны қазақтың Ұлы жүзі мекендейтін аймақ деп атай бас­тады. Есім сонымен бірге қазаққа ортақ астананы да белгілеп, өзі ұзақ жылдар тұрақтаған Түркістанды рухани тұрғыдан ғана емес, саяси тұрғыдан да астана етіп белгілеп кетті. Бұл басқару реформасын жасаған Есім хан шығыстағы және батыстағы қалмақтармен тайталастың ұзаққа созылатынын, осы, қазақтар тәрізді көшпелі жұрттың қазақтың шұрайлы жайылымдарына көз тігулерін тоқтатудың жуық арада мүмкін болмасын да жақсы түсінді. Осындайда алпысты алқымдаған Есімді ауыр науқас  төсекке таңды. 1644 жылға қарай ол көп кешікпей көз жұмды. Өзі  астанаға айналдырған Түркістанда жерленді. Айтарымыз, заманында қазақтың ел болуына қисапсыз еңбек сіңірген, халық жырларында «ең зерек хан» ретінде жырланып, орасан зор құрметке ие болған Еңсегей бойлы ер Есім бүгінгі қазақтардың әділ бағасы мен ерекше қастерлеуін күтіп, Қожа Ахмет Ясауи бабасының жанында жатыр.

Талас Омарбеков, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының  директоры,  профессор ҰҒА Құрметті академигі

12287 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы