• Қоғам
  • 29 Сәуір, 2015

Халық сенімі – халық таңдауы

26-сәуірде  Қазақстан Президентінің сайлауы өткені баршаға мәлім. Сайлаудың әділетті өтуін бақылауға алыс және жақын шетелдерден мыңнан астам бақылаушылар шақырылса, елімізден оң мыңнан аса бақылаушы қатысты. Сайлау нәтижесі бойынша Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңімпаз атанғаны ресми түрде жарияланды. Сайлаушылардың 97,75 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов хабарлады. «Сайлауда барлық дауыс берушілердің 95,21 пайызы өз таңдауын жасады. Олардың дауыстары төмендегідей бөлінді: Әбілғазы Құсайыновқа – 57 718 немесе 0,64%, Нұрсұлтан Назарбаевқа – 8 833 250 немесе 97,75%, Тұрғын Сыздықовқа – 145 765 немесе 1,61% сайлаушы дауыс берген.  Облыстардан және Алматы мен Ас­тана қалаларынан алынған нә­ти­­желер негізінде Орталық сайлау ко­­мис­сиясы Нұрсұлтан Әбішұлы ­­Назарба­ев Қазақстан Президенті бо­лып са­налсын деп қаулы етеді»  деді Қуандық Тұрғанқұлов. Сонымен бір­ге Демократия институты елдің бар­лық өңірінде жалпыұлттық еxit-poll жүр­гізгенін атап өткен жөн. Зерттеулер 14 облысты, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларын қамтыды. Exit-poll сағат 7.00-ден 20.00-ға дейін 550 сайлау учаскесінде, соның ішінде 312 қалалық және 238 ауылдық сайлау учаскесінде өткізілді. Exit-poll-ды ұйымдастыру және өткізу ісіне 1500-ден астам адам тартылды. Қолданылған сауал­дама әдісін шетелдік және қазақстандық ғалымдар бірнеше рет сынақтан өткізген, сенімді, нақты мәлімет алуға мүмкіндік бергенін айта кету керек. Елбасы Қазақстан Республикасы Президентін сайлау нәтижелері бойынша еxit-poll қорытындысын жариялау рәсіміне қатысты. Жиналғандарға арнаған сөзінде Қазақстан Президенті бүкіл Қазақстан халқына ризашылығын білдірді. «Мен әрбір азаматқа, әрбір отбасына маған ел дамуындағы бүкіл Тәуелсіздік жылдары бойы сенім артқаны және осы жолғы сайлауда қолдағаны үшін ризамын. Кезектен тыс президенттік сайлау өткізу идеясы Қазақстан халқы Ассамблеясына тиесілі. Бұл шешімді қазақстандықтар қолдады. Менің кандидатурамды ұсынғаны үшін «Нұр Отан» партиясына рақмет айтқым келеді, партия мүшелері жергілікті жерлерде белсене жұмыс жүргізді. Сондай-ақ Республикалық қоғамдық штабқа да ризамын. Оның өкілдері бүкіл республиканы аралады, халықпен кездесіп, елде жүргізіліп жатқан саясатты түсіндірді. Барлық сенімді өкілдер мен белсенділерге алғыс айтамын» деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Әбішұлы қазақстандықтардың тұтастығын, дамуға және болашақ ұрпақ үшін биік мақсаттарға бірлесіп жетуге деген талпынысын көрсеткен сай­лаудың  тарихи мәніне назар аударды. Қазақстан Президенті ел алдына қойылған ауқымды мақсаттарға жету үшін барлық мүмкіндіктер бар екенін айтты. – Бізде білікті мамандар, жеткілікті қаржы-қаражат, саяси орнықтылық, халықтың бірлігі мен достығы бар. Біз индустрия­ландыру, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қойылған міндеттерді орындаймыз, Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруін қамтамасыз етіп, қазақстандықтардың тұрмысын жақсартамыз, – деді Мемлекет басшысы. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан хал­қына бақ-береке және табыс  тіледі. Сайлаудың қорытындысына орай Елбасы Ақордада бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берді. Онда Мемлекет басшысы сайлаудың өту барысы туралы ойын жеткізіп, сайлаудан кейінгі атқарылар жұмыстарға тоқталды. сайлау-22 – Құрметті бұқаралық ақпарат құ­ралдарының өкілдері! Сіздерге айрық­ша назарларыңыз үшін алғысымды білдіремін. Баршаңызға сайлаудың қалай басталғаны, қалай өткені және оның алдын ала қорытындылары қандай екендігі белгілі. Әрине, мені қазір тұрғындардың жоғары белсенділік көрсетуі үлкен қуаныш сезіміне бөлеп отыр. Бұл мен үшін аса маңызды. Мен Президент лауазымында ұзақ жыл еңбек етіп келемін. Сондықтан  бұл – Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдардан бері қол жеткізген жетістігі мен бұл жолдағы менің еңбегімнің нәтижесі, соларға берілген жоғары баға деп есептеймін, – деді Елбасы. «Қазақстан – 2050» Стратегиясының негізгі міндеті – әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу. Біз индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырудамыз. Ол шикізатқа тәуелді емес, мүлдем жаңа экономиканы құруға негізделген. Бұл бағдарламаның алғашқы бесжылдығы аяқталды. Қайта өңдеу өнеркәсібіне негізделген 800-ге тарта жаңа кәсіпорын бой көтерді. Олар шикізат бағамының төмендеуі жағдайында экономиканы өз деңгейінде ұстап тұруға көмектеседі» деп сөзін сабақтай түскен Президент екінші бесжылдық инновациялық дамуға негіз­делгенін, бұл бағдарламаға тиісті мөл­шерде қаржы-қаражат бөлінгенін атап өтті. – Мен сонымен қатар бес институттық реформаға өте үлкен маңыз беріп отырмын. Оны біздің тәуелсіз Қазақстанды дамытудың екінші бесжылдығы деп есептеймін. Ол үшін бізге 20 жыл уақыт қажет болды. Бұл реформалардың бір бағыты – кәсіби, сыбайлас жемқорлықтан ада, халыққа қызмет ететін мемлекеттік аппаратты құру. Меритократия қағидатын бұзбауды қамтамасыз ету маңызды. Мемлекеттік қызметте ең басты талап етілетін нәрсе – кәсібилік, біліктілік және тиісті тәжірибенің болуы, – дей келе, ел дамуындағы екінші бағыт ретінде заңның үстемдік құруын атады. Алдағы уақытта осы аталған бағыттар негізінде бизнес пен индустрияландыру қалыпты түрде дами түсетіні, одан кейін біртұтас қазақстандық халық қалыптаса алатынын тілге тиек еткен Мемлекет басшысы төрт реформаның негізінде қазақ қоғамын одан әрі демократияландыру және оның ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігін сөз етті. «Әрине, мұны айту жеңіл, бірақ жүзеге асыру оңай емес. Мен үшін бес институттық реформаны іс жүзіне асыру мандатына ие болу өте маңызды. Енді мен халықтың шексіз сеніміне арқа сүйей отырып, алдағы жылдары оны жүзеге асыруға мүмкіндік алдым. Себебі, мені халық қолдады» деді Н.Ә.Назарбаев. Жиын барысында ақпарат құрал­дарының өкілдері Нұрсұлтан Назарбаев­ты сайлауда айқын жеңіске жетуімен құттықтады. Мемлекет басшысы  соңғы 18 жылда ел экономикасының 19 есе артқанын айтып: «Қазақтың бағы бірлікпен жанады» деп түйді. Осы сайлау барысында жастар жоғары белсенділік танытқанын айта кеткен жөн. Олардың бастамасымен қалың көпшілікті сайлауға қатысуға шақыруға арналған науқандар, флеш-мобтар өткізілді. Осыдан-ақ жастардың ел болашағына немқұрайлы қарамайтынын, олардың еліміздің өркендеуіне қызмет ететінін ұғынуға болады. Мәселен, күні кеше ғана Елордамыз Астанада жастар қауымы «Мәңгілік Ел» монументі алаңында Елбасын сайлауда жеңіске жетуімен құттықтау үшін жиналды. Жиналғандар қатарында студенттер, жас мамандар, спортшылар мен артистер де бар. Олар аталмыш мерекеге орай фестиваль дайындапты. Шара барысында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтті. Ал алаңда отшашу мен жастардың флешмобы ұйымдастырылды. Мұнымен қоса, аталған монумент алаңынан бас­тап бірыңғай ақ түсті көлік мінген қала жастары Қазақстанның Мемлекеттік Туын көтеріп, автокөлік шеруімен Елорда көшелерімен жүріп өтті.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

3595 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы