• Мәдениет
  • 22 Ақпан, 2009

Сері суретші

Бұл жанкештілік дегенді қойсаңызшы. Кредит алып үйленгендерді көргенбіз. Ал кітап шығарғанды... Санаңдағы сырлы суретті кей кезде қағазға түсіре алмай қиналасың. Айтар ойың Алатаудың арғы бетіне өтіп кеткендей күйге түсесің. Қанша шарқ ұрсаң да, шабыт деген шіркін жалынан ұстатпай қояды. Сондай сәттерде Саматтың «сырт» еткен фотоаппаратының дауысы естіледі. Сонадайдан. Оймақтай объектив сан түрлі ойды ішіне жиып, бүк түсіп жатады. Сен айта алмай отырғанды, Саматтың саусағы тамыршыдай тап басады.

Самат деп отырғанымыз «Алматы Ақшамының» әйгілі фототілшісі Серікбай шалдың бел баласы. Былтыр жылдың соңына қарай осы жігіт ерекше бір күйде жүрді. Ботасын қызғанған ару анадай адамдардан алшақтай түсіп, әлдебір ойдың жетегінде болды. Сырына үңіліп көрдік. Сөйтсек, Саматтың туған жері, қойнауы қазынаға толы Сарысу өңірінің құрылғанына сексен жыл толыпты ғой. Туған өлкесіне перзенттік парызын өтемек ниетпен тарту жасамақ екен. Ауданның ортасынан зәңкитіп тұрып мешіт не мектеп салып беретін Самат бай емес. Бар байлығы – астындағы ескіре бастаған «Мерседесі» мен фотоаппараты. Дегенмен перзенттік парыз түбінде жеңіп шықты. Сөйтіп ол Сарысудың келбетін сурет арқылы жасап шығуға тырысты. Соның нәтижесінде «Сарысудың сырлы суреттері» дейтін кітап-альбом оқырман деген ауылға жол тартты.

Кітапты дайындау бар да, оны шығару бар. Құрыштай Құсайынов «кітабымды шығарып бер» деп ешкімнің есігін қақпады. Тура банкке тартты. Кредит алып, кітабын шығарды. Әлгінде жанкештілік дегенміміз де осы. Солайша, ол кіндік қаны тамған топыраққа керемет тарту жасады.

Еңбектің еленгені жақсы ғой. Саматтың кітап-альбомының бір данасы Президент әкімшілігіндегі азаматтардың қолына тиіпті. Олар оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсетіпті. Сарысудың сырлы суреттерін көрген Президент ерекше тебіреніпті дейді. Сосын Саматқа өз атынан алғыс хат жолдап жіберіпті. Елдегі ең үлкен адамнан хат алған Саматтың көңілі қазір көкте жүр. Еңбегің жанды деген осы да.

...Серікбай шалдың баласына тағы да бір рет кредит алу керек болып тұр. Неге дейсіз ғой? Ол енді кітап шығармайды, келін түсіреді...

Біржан БЕКТӨРЕ

2686 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы