• Мәдениет
  • 22 Ақпан, 2009

Шеберлер мекені – «Шертер»

Шертер  –  домбыра мен қобыздың арғы тегі саналатын ежелгі  ішекті  аспап. Оны шертіп те ысқымен де ойнаған. Шертердің көлемі ішектің ұзындығына орай 70 см-ден аспайды. Аспаптың ең көне үлгілерінде үстіңгі қақпағы болмаған. Кейін оның бетіне тері қапталып, ішек орнына тарамыс тартылған. Шертер аспабы аңыз, ән, ертегілерді айтқанда қолданылған. Тарихы тым тереңде жатқан осы мұрамыз бүгінгі күні халқымыздың қасиетті аспабы ғана емес, ұлттық саз аспаптары мен кәде сый бұйымдарын жасайтын отандық кәсіпорынның атауы болып отыр.

«Шертер» ЖШС өз жұмысын ең алғаш 1989 жылы «ХРУ-Шертер» болып бастаған. Алматыдағы №7 кәсіптік училищеде оқып, 20-30 жылдай қазақтың ұлттық саз аспаптарын жасау саласында еңбек еткен Сапарбек Әліұлы осы кәсіпорынды ең бірінші болып «Шертер» деп атап жеке шаңырақ қылып көтерген. Ол  қазақтың халықтық музыка аспаптарын жинау мен зерттеуге айтарлықтай еңбек сіңірген Болат Сарыбаевтың шәкірты. Болат Сарыбаев әр аймақтан жинаған аспаптардың түрін, қатарын, дыбыстық  берілімін,  ойнау тәсіліне ғылыми түрде жіктеп  «Қазақтың халық  аспаптары» монографиясын шығарған. «Қазақтың музыкалық аспаптары» альбомының шығуына да бір кісідей ат салысқан. Сапабек Әліұлы осындай білері көп көреген ұстаздың тәлім алған.

    Ұлттық кәсіпорынды қолдауға үкіметтің құлқы жоқ

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі өтпелі кезеңде өнер адамдары домбыраны қайдан аларларын білмей шапықлап жүргенде «Шертер» ЖШС өз өнімдерін домбыра жасаудан бастапты. Алматы мал дәргіерлік институтының жертөлесін біраз жыл тұрақ еткен кәсіпорын президенттің 1999 жылы шыққан «Отандық кәсіпкерлерді қолдау» туралы жарлығынан кейін конкурсқа қатысып Алматы қалалық бизнес инкубаторы аумағындағы қазіргі ғимаратқа қазық қағыпты. Кәсіпорын директоры Бақытжан Әліұлының айтуынша  қаңырап, тозығы жетіп қираған ғимаратты 3 ай ішінде қалпына келтірген еңбектері әлі ақталмаған көрінеді. Өйткені сол кездегі  ғимаратты іске қосып, бір жыл ақы төлеп отырғанан кейін, ақшасы төленіп жекеге беріледі деген үкіметтің уәдесі сол уәде күйінде ғана қалыпты.

2003 жыл Сапабек Әліұлы жол апатынан қайтыс болғаннан кейін «Шертер» ЖШС-ны ары қарай дамыту інісі Бақытжан Әліұлына жүктеліпті.   Бір қарағанда дайын кәсіпорынды басқару, жұмысын жүргізу оңай көрінгенімен, оның да өзіндік қиындықтар бар екен.

Ұлттық кәсіпорын болғанымен жоғарғы шенеуніктердің шын қолдауына ілікпей-ақ қойыпты. Жәрмеңкелерде халықтың көзіне түсіп, көңілінен шығып жатса да,  күнделікті тұтыну бұйымы болмаған соң өнімдерінің өтімі аз екен. Қазақстанда тоғыз милион қазақ бар десек, оның ішіндегі тегін қастерлеген текті қазақтар ғана ұлттық құндылығына жаны ашып, «Шертердің» нағыз қолдаушылары, тұтынушылары болатын көрінеді. Бақытжан Әліұлының айтуынша былтыр, алдыңғы жылдар саудалары жаман болмапты. Биылғы дағдарыстың әсерінен бір айдан бері еш тапсырыс түспей, шеберлер қолын ысқылап отыр екен.

     Балабақшаға арнап биіктігі 70 см, ұзындығы бір метр,  ішінде болуға тиісті заттардың барлығы бар киіз үй жасадық. Әр балабақшада ұлттық бұрыш ашылса, балалар киіз үйдің қыр-сырымен кішкентайынан таныс болса, ұлттық тәрбие алып шығатын еді. Мектептерге арнап жарты болса жарты, толық болса толық киіз үй жасап беруді де айттық. Әр түрлі мерекелерде, жиын-тойларда жігіт сұлтанын анықтауда киіз үйді бұзып, қайта жинаттырып бәйге оздырсын. Болмса, адамдар көру үшін мектеп ішіне құрып қойсын. Осындай жобаларға мемлекет қолдау көрсетпесе, біз мектепке осылай жаса дегенмен оқушылардың  ата-аналарының қалтасына салмақ түседі. Осы жағынан «Мәдени мұра» бағдарламасына ұсыныс жасап, миністірлікке де хат жаздық. Тендір ұйымдастырыңдар, жеңгеніміз жасайық дедік. Оқушылар тәрбие сағатында сол киіз үйдің ішіндегі қамшы, домбыра, диірмендермен жан-жақты танысуы керек. Соны көрген, түйген бала есейгенде шетелдің даңғаза, дүбара дүниелеріне бас ұрмайтын болады, – дейді кәсіпорын директоры Бақытжан Әліұлы.  

                  Саз аспаптар сапалы жасалады

«Алтын сапа» сыйлығынан әр жылы мұрты майланып қайтатын «Шертер» өнімдерінің сапасы да айтарлықтай. Материал ретінде жергілікті ағаштар істетіледі. Атап айтқанда, қарағаш, жиде, үйеңкі, жаңғақ, шырша, емен, қайың және басқа да қатты ағаштар. Бұлар экологиялық жағынан өте таза. Өйткені, аспап жасау барысында ешқандай химиялық заттар яғни, адам ағзасына залал келтіретін зиянды қоспалар қолданылмайды.

Ағаштың қалған қалдықтарының өзінен домбыра, қобыз, «Ай домбыра», «Аққу домбыра», «Атакент» сияқты сувенир сыйлық бұйымдары жасалады. Бұларға көбінде шетелдіктер қызығады екен. Қазір мектептің балалары да, жеке адамдарда бір-біріне тарту ұсыну үшін осында келетін көрінеді. Сыйлық бұйымның бетіне тиісті адамның аты да жазылып беріледі екен.

          – Нарық заманында ақша болса материалды табу қиын емес. Төрт жылда бір өткізетін «үкілі домбыра» байқауының бір шартына көңілім толмайды. Олар домбыраны бұйра үйеңкіден жасалынуы керек дейді. Ал бұйра үйеңкі Қазақстанда өспейді. Кавказда, Канада жақта болуы мүмкін. Оларды тауып әкелу оңай емес. Сонда ойлап қараңызшы, атам қазақ сонау шетелден әкеліп домбыра жасаған жоқ қой. Қызылорда да мысалы жиде ағашынан да жасайды. «Қарағайдың түбінен ойып алған қобызым» деген жыр бар емес пе? Біздің аспаптарды халықтың қалтасы көтеретіндей бағамен жасаймыз. Мысалы бір тақтайды 10000-20000 теңгеден алсам, мен оны 1000-2000 долларға сатуым керек. Оны екінің бірі ала алмайды. Ал егер жеке адамдар арнайы тапсырыс беріп жатса, бізде соған сай домбыра жасап беруге бармыз, – дейді өзі басқарып отырған саланың қыр-сырын жетік меңгерген Бақытжан аға.    

Музыкатанушы Жұмагелді Нәжімединов қазіргі домбыраның үні өзінің ежелгі табиғи үнінен өзгеше, басқаша екенін айтып жүр. Өйткені, бұрын аспаптарға малдың ішегі пайдаланылған. Бақытжан Әліұлынан осы жөнінде сұарғанымызда, ол кісі де кішкене кезінде шешесінің ұршыққа иіріп жасап берген ешкінің ішегін домбыраға салып тартқанын, одан кермет қоңыр үн шыққанын айтады. Бірақ тез үзіліп қалыпты.  Бүгінгі домбырадағы балық аулауда пайдаланылатын жіп екен. Бірақ оны да  майлап, ауыстырып отырмаса түтіліп, үзіліп, дауысын жоғалтатын көрінеді. Сондықтан, бұрынғы кезде күнді түнге жалғап жыр айтатын жыршыларымыздың домбыра пайдаланған ішектің технологиясын табуды қолға алғанымыз жөн екен. 

                               Адырнаны айналымға шығардық

Адырна – көп ішекті шертіп ойнайтын көне саз аспаптардың бірі. Садақ тектес, түркі халықтарына кеңінен танымал бұл аспап Қазақстанда археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған. Шерту әдісі арфа аспабымен ұқсастау.

«Шертер» ЖШС-ның бірінші болып тарихи жәдігерге айналған музыка аспабымыз адырнаны қалпына келтіруі үлкен еңбектің жемісі. Оны жасауға «Сазген сазы» ансамбльіндегі музыканттар  ұсныс айтып, солардың ақыл көрсетуімен, алғашқы екеуін жасап Республикалық Жұбанов атындағы өнер мектебіне сыйлапты. Бірінші жасағандары кермет болмағанымен, кейінгі шығарғандары көп өнерпаздың қажетіне жарап, қазір қолданыста екен. «Адырна» атындағы топ та құрылыпты.

Осы «Адырнамызды» орыстар «қазақтар бізден көшірді» дейді екен. Бірақ адырна деген атынан шығып тұрғандай аңшылықты кәсіп еткен, жаугершілікті көп көрген қазақ халқы адырнадан әуез шығатынын әуел бастан білген. Өйтпесе, Махамбет «адырнасын аңыратқан» деп жырламас еді. 

Қазіргі күнде ұлттық саз аспаптардың 40-тан астам түрін шығарып, 20 шақты адамды жұмыспен қамтып отырған «Шертер» ЖШС алдағы күнде өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

          – «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дейді қазақ. Бұл жерге жөндеу жұмыстарын жасап, дамытайын десең өз меншігіңдегі дүние емес. Ертең біреу келіп сатып алдым десе еңбегің зая кетеді. Онсызда ғимараттың коммуналдық құрылғылардың барлығы жабдықталды. Ендігі мақсат «Шертерді» Қазақстандағы үлкен ұлттық кәсіпорынға айналдырсақ деген ойымыз бар. Алматыда ешкімнен қолдау таба алмадық. Былтыр Талғар ауданына кіріп жер сұрағанбыз. Құдай қаласа шешіліп қалар. Биыл  «Даму қорына» бөлінген ақшадан қаржы сұрасам деп отырмын. Жұмыс істейтін шеберлер көп, соларды жұмыспен қамту керек, – дейді кәсіпорын директоры.

Қазақ елінде ұлттық кәсіпорынды қолдау кезек күттірмейтін келелі мәселелердің бірі. Осындайда «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дейтін мақалды кәсіпкер емес үкіметіміз  айтып отырса нұр үстіне нұр болар еді!  

Біле жүріңіз:

Үрмелі аспаптар – саз сырнай, қос сырнай, қамыс сырнай, мүйіз сырнай, сыбызғы, ұран, керней.

Ішекті аспаптар – жетіген, шертер, 2 не 3 ішекті домбыра, қыл қобыз, адырна.

Өздігінен дыбыс шығаратын аспаптар – шаңқобыз немесе шаңқуыз,

Дыбыстары бетіндегі қаптаманы соғу арқылы шығатын ұрмалы аспаптар – даңғыра, дауылпаз, шыңдауыл, дабыл, кепшік, шың.

Қоңыраулы аспаптар – қоңырау және асатаяқтың түрлері.

 

                                                                                        Хазірет ӘБДІЛДА

 


4469 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы