• Тіл
  • 02 Шілде, 2015

Қызыл кітапқа енген жануар

Қарақұйрық жануары Қазақстанның оңтүстік аймағын мекендейді. Бұл аң Кавказ тауларында, Персия мен Моңғолияда да бар екен. Таулықтар оны жайран десе, моңғолдар қарасульта деп атайды. Шынында, бұл – өзі ерекше сұлу жаратылған аң. Қуыс мүйізділер тұқымдасы болып келетін оның сұңғақ бойы мен сүйрік дене бітімі, жіңішке мойны мен қамыс құлағы, әсіресе, мөлдіреген қарақаттай бота көздері кімді де болса, өзіне баурап алатыны сөзсіз. Түсі қара қоңыр болғандықтан шығар, қазақ оны қарақұйрық деп атап кеткен.  Көбіне құмдағы шөлді және шөлейтті аймаққа бейімделген, өзіне қауіп төнгенде өте шапшаң. Шамамен сағатына 65-70 шақырым жылдамдықпен жортады. Жарты сағатқа дейін дамылдамайды. Қазіргі кезде ол Гоби, Тибет, Ордос яғни, Қашқария жерінде де бар көрінеді. Осынау Барсакелместі мекендейтін аса текті аң жазда – 70, қыста 37 түрлі өсімдікпен қоректенеді. Мәселен, қылша, тікенді түйесіңір, көкпек, бұйырғын, сұр теріскен, сексеуіл, жыңғыл, жусан, сайғақшөп, ал көктем шыққанда ылғалы мол өлеңшөп, бидайық, раң, алабота, қамыс құрағын сүйсініп жейді. Сонымен қатар үй жануарлары жей бермейтін адыраспан, итсигек, түйетабанды да қорек ете береді. Бүкіл дүниежүзілік табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген бұл аң Армения мен Тәжікстанда жойылып кетсе, қырғыз елінде саусақпен санарлықтай қалған екен. Егер қызғыштай қорғамасақ, жанашырлықпен қарамасақ, Қазақстанда да қарақұйрықтардың осындай адам жаны аярлықтай күйге түсуі ғажап емес. Дәлірек айтсақ, 1950 жылдары қарақұйрық­тың саны Қызылқұм, Маңғыстау және Үстірт бойында екі жүз мыңға жеткен көрінеді. Араға жиырма жыл салып, қаһарлы қыс кәрін төгіп, қалың қар түсіп, үскірік-ызғырық, жел күшейгенде олардың саны күрт кеміп кетті. Бұған 60-70 жылдары жүргізілген тың игеру мен халықтың қарақұйрықты он мыңдап аулап, дәмді етін пайдаланғанын қосыңыз. Ал 1990 жылдары мекендейтін жерлері одан сайын тарылып, қаскөйлік өршіп, қарақұйрықтар қыспаққа түсті. Соның салдарынан саны азайып кетті. 2000 жылдардан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі мен табиғат жанашырлары сирек және құрып бара жатқан жануарлар түрлерін басты назарға алып, қырағылықпен қорғау мақсатында кешенді іс-шаралар атқарды. Нәтижесі жаман емес. Қазақстанда қарақұйрықтың саны 2005 жылы 12150 бас болса, 2009 жылы 17000 басқа дейін өсті. Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция­сы да «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарды қорғауда барынша аянбай тер төгіп келеді. Сыр өңірінің даласында (Қызылқұм мен Арал) тіршілік ететін қарақұйрықтың саны осыдан бес-алты жыл бұрын мың жарымға жуықтаса, былтыр санақта екі мыңға шамаласқан. Әрине, бұл мақтанарлық көрсеткіш емес. Киелі аңды аямай қыратын қаскөйлердің әрекетінен алдын алу үшін күресті әлде де күшейтуіміз керек. Осы мақсатта өңірімізде жиі рейдтер ұйымдастырылып тұрады. Сонымен бірге, әлі де әсем қарақұйрықтар сақталған орындардағы жергілікті тұрғындар арасында үлкен көлемді тәрбие жұмысы жүргізіліп келеді. Бұл жануарды қорғауға қоғам болып атсалысқанымыз жөн. Әйтпесе, сұлу жануарлардан айырылсақ, табиғаттың қызығы кетіп, даламыздың құлазып қалатыны сөзсіз.

Жәнібек БИСЕНБАЕВ, Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы

53749 рет

көрсетілді

173

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №5

30 Қаңтар, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы