• Білім және ғылым
  • 10 Ақпан, 2009

Білім сапасы мәз емес

«Ана тілі» газетінің көлемі үлкейгенін көріп, қатты қуанып жүргендердің бірімін. Ол дегеніңіз – игі істің алға басуына қарай жасалған жақсы бір қадам. Өз басым осы газеттің әрбір санын асыға күтуші оқырманмын. Ендігі жерде ойдағыңды бүкпей, кеңінен ой толғап, пікіріңді білдіруге мүмкіндік туады.

«Ана тілінің» 51-шi санындағы «Өгейліктен арылатын күн бола ма?» деген мақалада менің бұрыннан айтып жүрген ойларым тағы бір қайталанғандай болды. Бүгіндері қазақ тілін шала білетін ересек адамдарды (қызметкерлерді) тілге үйрету, оған Үкімет қаржысын шығару – бекер шаруа. Қызмет етуге келген адам тілді жаңа үйреніп жатса, одан құжаттар тілін меңгерген маман бәрібір шықпайды. Одан да біздер қоғамды басқа күрделі мәселелерге бет бұрғызуымыз керек. Атап айтсақ, балабақшалар мен мектептерге. Қандай балабақша, қандай мектеп болмасын, мемлекеттік тілде тәрбиелеп, оқытатын орындар болуға тиіс. Бұл жерде тәрбие жұмысының мақсаты, бағыт-бағдары ата-аналардың қалауымен таңдалып, бекітілуі қажет. Мысалы, мен қызымның қабілетін жан-жақты дамыту үшін оның мектепте жүріп, домбыра, қолөнер, ән, би үйірмелеріне қатысуын қалар едім. Ұл баланың спорт түрлерімен, қол өнерімен, т.б. жанына жақын өнермен айналысуына жол ашылса. Ол тек мектеп қана емес, оқу, білім, тәрбие кешені, мәдениет орталығы болса бүгінгі мектептің жаңа моделі болар еді. Одан біз ұтпасақ, ұтылмас едік. Мектеп тек дарынды балалар үшін ғана қызмет етпей, жалпы бұқара үшін жұмыс істесе. Сонда бала күні бойы бос жүрмей, ұстаз-тәрбиешінің қарамағында болар еді, екіншіден, сол ұстаз-тәрбиешісіне қосымша еңбекақы көзі болары анық.

Біздің қаламызда бір ғана қазақ мектебі бар. Орыс мектебі жетеу. Олар бір ауысымда бала оқытады. Ал қазақ мектебі екі ауысымда оқиды. Тазалық жағынан алғанда, қазақ мектебінің ауасы тар, материалдық жағдайы мәз емес. Тәрбие шараларына келсек, қандай да бір үйірмелер жұмыс істеп жатыр дегенді естімейміз. Екі ауысымда оқытатын мектепте ол мүмкін де емес шығар. Мектепте домбыра, би үйірмелері жұмыс істемейді. Ұлттық киімдерді де кездестірмедік. Денешынықтыру сабақтары үшін қажетті құралдар жоқтың қасы. Мектеп кітапханасы жұтаң. Мерекелік шаралар өте төмен деңгейде өтеді. Бұл не салғырттық? Мектеп әкімшілігіне бәрібір ме? Аудандық білім бөліміне бәрібір ме? Әйтеуір, ешкімге ештеңе керек емес сияқты. Мектеп басшылығы ата-аналармен оппозицияда деуге болады. Ай сайын бала басынан жинайтын 150 теңгенің мән-жайын сұраған ата-ана бола қалса, ол – мектеп әкімшілігінің бірінші жауы. Немесе балалар пәндерден терең білім алмай жатыр десең, онда да жеккөрініштісің. Математика, физика, информатика сияқты пәндердің ұстаздары нашар білім береді. Ол ұстаздан ба, әлде қазіргі оқу әдістерінен бе – түсініксіз. Оқулықтар сапасыз ба? Осы туралы әңгіме қозғағанда мектеп әкімшілігі жақтырмайды.

2008 жылы ұл балам 11-ші сыныпты бітірді. Оның сыныбындағы 13 баланың барлығы ҰБТ-дан алгебра сабағын «3»-ке тапсырды. Біздер бәрі «2» ала ма деп қорыққанбыз. «3» алып шыққандарына қуандық. Содан барып қазақ мектептері нашар білім береді дегендерге ренжиміз.

Бүгінгі мектептерден тілі шұбар, білімі саяз ұрпақ шығып жатса, мемлекетімізге абырой әкелмесі анық. Баланың тәрбие бесігі – отбасы мен мектебі. Осы екеуі қандай білім-тәрбие берсе, сондай ұрпақ өседі.

 

К.Көлбаева

 

Ақмола облысы    

3463 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы