• Білім және ғылым
  • 22 Ақпан, 2009

Тозақтың тұрағы табылды!

Бірнеше жыл бұрын ғарыштық аэронавтика жөніндегі Ұлттық басқармада (НАСА) «өте құпия» деген атаумен сенсациялық жаңалық сақталды. 1973 жылдың тамыз айының 9-ы күні «Скайлэб-2» ғарыш кемесінің бортынан ғарышкерлер АҚШ-тың космостық зертханасындағы қызметкерлердің жүрегін ұшырған мынандай хабар жіберді: «Тозақ күннің ортасында. Біз өлілердің қалай жанып жатқанын көріп тұрмыз. Біз тозақты көріп тұрмыз...». Сосын байланыс бірнеше секундқа үзіліп қалды. Кейін жер шарының елшілері ештеңе болмағандай ғарыш кеңістігінен қарапайым ақпараттарды жібере бастады. НАСА-ның мамандары 16 жыл бойы осы оқиғаға қатысты әңгіменің бәрін жоққа шығарып келді. Бірақ 1985 жылы американың «Әлемдік ғылым» атты журналы бұл құпияны жариялап жібереді. Басылымның жазуына қарағанда,  «Скайлэб-2» экипажының хабарламасы адамдарды қатты шошытып жіберген көрінеді.  1978 жылы ғарыш кемесіндегі астронавтар арнайы аппараттың көмегімен күннің бетіндегі жарқылдарды зерттеп жүреді. Осы сәтте отты шардың түбінен жоғары қарай 800 мың шақырымға созылған гелийдің үлкен шоғыры атылып шығады. Сұйық газ бүкіл кеңістікті алып кетеді. Кенет, бұл құбылысты бақылап тұрғандар 70 секунд бойы сұмдық көрініске куә болды. Мәңгілік отты шардың ішінен жүздеген мың адамның қатты азаптан қиналған жүздері көрінді. Алғашында астронавтар бұл елес шығар деп ойлаған. Бірақ  адамдардың бет-бейнелерін олар анық байқайды. Олар атеистер жоққа шығарып жүрген тозақты көреді. Журнал, ары қарай қазір бұл ақпараттар жан-жақты зерттеліп жатыр деп жазған… Бұдан он жыл өткен соң, америкалық басылымдар оқырмандарға тағы бір жаңалықты жеткізді. Арнайы жасалған аппаратура мен инфрақызыл сәулелерді бақылайтын телескоптың көмегімен НАСА-ның зерттеушілері қызық құбылысты суретке түсіріп алды. Онда ашық космоста өлген адамдар мен жануарлардың бейнелері қалқып жүрді. Бұл оқиға ресми ғылым, парапсихологтар мен дін өкілдері арасында үлкен пікірталас туғызды. Бірақ барлығы фотосуреттегі нәрсенің шындық  екенін бірауыздан мойындайды. Сарапшылар -комиссиясының бір өкілі былай дейді: «Біз елестердің бар екенін баяғыдан білеміз. 1993 жылы-ақ «Хаббл» телескопының көмегімен бұл тіршілік иелерін көргенбіз». Алайда үкімет пен НАСА басшылары жұртқа адам бейнесінде көрінген бұл құбылыстарды толық түсіндіріп беретін мүмкіндік туғанша ақпараттарды құпия ұстау керек деп шешеді. Алғашқы суреттерді ғалымдар күннің Нептун планетасына әсерін зерттеп жүргенде түсіріп алады. Ол фотосуретте жарқылдаған адам бейнелері анық көрінген. Оқымыстылар бұл туралы түрлі пікір білдірді. Мәселен Испандық теолог Педро Гарсия былай дейді: «Ғарыш кеңістігінің бұл бөлігі жұмақ пен тозақтың ортасындағы әлем (барзақ). Мұнда өлгендер адамдардың жандары істеген істері үшін жауап беретін сәтті күтеді».  Жатжерлік тіршілік иелері туралы 11 кітап жазған доктор Алан де Вольер былай деп тұжырымдапты: «Суреттегі пішіндер бөгде тіршілік иелері болып табылады..Бірақ бұл туралы түрлі пікір жарық көріп жатыр. Сондықтан біз, адамзаттың басын қатыратын тағы бір құпия жәйтқа кез болдық  деп  айта аламыз». НАСА-ның төрағасы осыған байланысты «қыруар қаржы жұмсалып жатқанына қарамастан бұл мәселенің шешімін табуға тырысуда екендерін,– хабарлаған.. Алдағы уақыттарда жер шарының тұрғындары бұған дейін беймәлім болып келген талай жәйтқа куә болатын сияқты. Бірақ  құпияның барлығы жарияланады деуге тағы болмайды. Себебі, әскерилердің сырды берік ұстайтыны белгілі. НАСА тағы бір деректі жариялап отыр. Ақпаратқа қарағанда Американың астронавы  Чарльз Гинсон 28 жыл бойы ғарышта болыпты!  НАСА-ның өкілдері бұған қалай жауап беретіндерін білмей бас қатыруда. Ал осы ұйымның ресми өкілі бұл оқиға жайында былай деді: «Біз жерден ұшып шыққанына 3 сағат 58 минут өткен соң ғарыш кемесінің командирі Чарльз Гинсонмен байланысты жоғалтып алдық. Бұл құпия миссия болғандықтан болған жәйтті жұртқа жариялаған жоқпыз. Біздегі құжаттарда  Чарльз Гинсон іс-түзсіз кеткен ғарышкер ретінде тіркелген. 1991 жылдың 26-наурызына дейін осылай болды»... Ал арада 28 жыл өткен соң, 1991 жылдың көктемінде американың әлдебір әскери-теңіз бөлімі  Чарльз Гинсонның радиограммасын қабылдайды. Көп ұзамай мұхит бетінен бортында ғарышкері бар «Джемини» аппараты табылды. Осы жерде астронав ғарыш кеңістігінде 28 жыл бойы қалай азықсыз,  жанар-жағармайсыз жүрген деген заңды сауал туындайды. «Тылсым күштер» араласпаса бұл мүлде мүмкін емес. НАСА-ның өзі әзірге бұған нақты жауап беруден жалтарып отыр. Ғарыш кемесін әскерилер ұшырғандықтан бұған қатысы бар мәліметердің барлығы құпия ұсталуда.  Ал оқиғаға қатысы бар құжаттардың барлығы жоғалып кеткен.  Тіпті Гинсонның НАСА-ның штатында болғанын растайтын деректер де жоғалған. Бірақ  ұйымдағы жасы келген қызметкерлердің барлығы оны жақсы білетін болып шықты.  Жерге оралған соң  Чарльз Гинсон карантиннен өтіп, жан-жақты тексерілді. Арнайы құрылған психоаналитиктер тобы Гинсонның бастан өткерген жәйттарын білуге тырысады. НАСА-ның бір қызметкері тілшілерге берген сұхбатында «Дені сау болғанымен оның мәңгіріп қалғанын» айтқан. Ол түсініксіз шашыраңқы сөйлеген көрінеді. Қайда болдың, ғарыш тұрғындарымен тілдестің бе деген сауалдарға Гинсон «Енді ешқашан!...Сіздер түсінулеріңіз керек. Олар сіздердің жауларыңыз»,– деп жауап қатыпты. Бұдан кейінгі қойылған сұрақтарға жауап берудің орнына ол айғайлап, жылаумен болған. Белгілі поляк магы Кшиштоф Буллышко бұқаралық ақпарат құралдары арқылы астронавтың бір күні тілге келетінін, оның айтқандары бүкіл қоғамды дүр сілкіндіретінін мәлімдеген еді. Алайда арадағы біраз уақыт өткенімен ғарышкер туралы жаңа ақпарат әлі жарияланған жоқ. Мүмкін ол шынымен де ғарышта тозақ пен жұмақты көрген соң сөйлеуден қалған шығар.?!... Бірақ Аллаһу алим! Кесіп-пішіп тағы ештеңе айта алмаймыз. Оны бір Алла ғана біледі..           

 

 

Мұхамеджан ТАЗАБЕКОВ, дінтанушы:

 

Тозақтың қай жерде орналасқанын талқыламас бұрын, алдымен «тозақ деген қандай мекен?» – деген мәліметпен таныс болуымыз керек. Құранда: «Қарсы келіп, аяттарымызды өтірікке шығарғандар тозақтық болады және олар онда мәңгі қалады» - деген аят бар (Бақара,39). Осы секілді аяттардан «тозақ дегеніміз мәңгі бақи бар болып тұра беретін мекен» екені анықталады. Ал енді қазіргі дамыған ғылым Күннің жыл өткен сайын қызуы бітіп, сөніп бара жатқан жұлдыз екенін дәлелдеп отыр. Демек, Күн – күнәһарларды қинайтын мәңгілік орын (тозақ) болуға жарамсыз. Тозақ – Алла тағала жаратқан нәрселерінің арасындағы ең ыстық мекен. Оның қызуы дүниедегі ең ыстық заттардың қызуынан 70 есе ыстық екендігі айтылған хадистер бар. Ал енді дүниедегі ең ыстық мекен Күн емес. Дүниеде Күннен мыңдаған есе ыстық жұлдыздардың бар екенін ғарыш мамандарының өздері дәлелдеп отыр. Егер «тозақ ыстық жұлдыздардың ішінде орналасқан» деп қарастырар болсақ, онда ол Күннің ішінде емес, Күннен мыңдаған есе ыстық жұлдыздардың бірінде орналасқан болар еді. Алайда, тозақ – дүниедегі кез-келген заттан 70 есе ыстық мекен деген мағынадағы хадистерді қайда қоямыз? Ол дегеніңіз, тозақтың бұ дүниелік мекен емес екенін білдіріп тұр. Тозақ – біз білетін дүниенің сыртындағы зат деп айта аламыз. Заманның ақыры келген кезде дүние тоқтайды. Күн жүйесі ғана емес, Күн жүйесі орналасқан біздің Галактика және бізге көршілес өзге миллиондаған Галактикалар Ақырзаманда күл-талқан болады. Егер де тозақ осы жүйелердің бірінің ішінде орналасқан болса, онда Ақырзаман орнамаған болар еді. Өмір мәңгілікке созылар еді. Өйткені тозақ пен жұмақ - мәңгілік мекен емес пе? Ал мәңгілік мекен – мәңгілік жүйеде орналасуы керек. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Миғражға көтерілген кезінде тозақты көруі – ол кісіге ғана берілген мұғжизалардың бірі. Ол кісі тозақтың өзін ғана емес, тозақта азап шегіп жатқан адамдарды да көрген. Бірақ, Миғраждан оралған кезінде «тозақтың орналасқан жері Күннің немесе өзге бір Жұлдыздың ішінде екен» немесе «тозақтықтар Күннің немесе басқа бір Жұлдыздың ішінде азап шегіп жатыр екен» деп айтпаған. Алайда, астронавтардың көзіне Күннің ішінен бір нәрсенің елестегені ақиқат қой! Ол не нәрсе болды екен? Әрине, елестеген нәрселердің – адам санасын уландырып, оны ақиқат түсініктен бұру үшін әзірлеген жын-шайтандардың айласы екендігі күмән туғызбайды. Неге олай кесіп айтамыз? Себебі, бұл көрініс астронавтардың сеніміне селкеу түсірді. Және де бұл хабар оны газет-журналдардан оқыған оқырмандардың, радиодан тыңдаған тыңдармандардың, теледидардан көрген көрермендердің тозақ мәселесіне деген наным-сенімінде теріс түсінік қалыптастырды. Жын-шайтандарға да керегі осы болатын. НАСА – Америка үкіметінің ғарыш айлағы болуымен қатар, жартылай әскери база болып табылады. Онда Жер шарына байланысты және жалпы ғарыш кеңістігіне байланысты небір құйтырқы тәжірибелер жасалады. НАСА-ның берген мәліметтерін анық-қанығына бармай жатып, сол күйінде қабылдауға болмайды. Біз «ұшатын тарелкалар», «өзге әлем тұрғындары» деп бағалап жүрген нысандардың ешқандай да өзге жүйелерден ұшып келген келімсектер емес, сол НАСА-ның өзі жасап жатқан жасырын тәжірибелері болып шығуы ғажап емес. Немесе, жоғарыда айтылған жын-шайтандар болуы да әбден ықтимал. Себебі, жындар жер бетінде де, кеңістікте де аса үлкен жылдамдықта жылжи алады. Кейде көзге де елестеп көрінеді. Сондай сәттердің бірінде олар «Хаббл» телескопының линзасына ілігіп қалған болуы әбден мүмкін. Неге тек қана жындар болуы мүмкін дейміз? Өйткені, өзге планета тұрғындарының бар-жоқ екендігі нақты белгісіз, ал өлі әруақтардың аспанда қалқып жүретіндігіне, яғни «Барзақтың» ғарыш кеңістігінде екеніне шариғи дәлел жоқ. Олай болса, Жыннан өзге мақұлықтың ғарыш кеңістігінен көрініп қалу ықтималдылығы жоқ.

 

Ерұлан Жиенбаев, физика-астрономия пәнінің мұғалімі:

 

– Аталған материалдағы деректерді өз басым ақылға сыятын ақпарат дей алмаймын. Өйткені, тозақты қарапайым адамдардың көзбен көруі мүмкін емес. Күн бетіндегі үлкен протуберанецтер мен  Күн дақтары сияқты ірі, ал ең кішісі қайнап жатқан Күн бетінінің көпіршіктері (өлшемі шамамен 1000 шақырымнан үлкен) сияқты  құбылыстарды ғана байқауға болады. Ал  адамның өлшеміндей денелерді  тіпті арнайы аппараттың, түрлі техникалардың  көмегімен де көру мүмкін емес. Ал мақалада жазылғандай адамдардың қалай қиналғанын көру тіпті шындыққа жанаспайды. Бірақ  галактикада пайда болатын, соның ішінде, Күннің маңайынан адам денелеріне ұқсас құбылыстарды  көруге болатын шығар, бірақ оны тозақ деген осы екен деп топшылау ақылға сыймайды. Әзірге адамзаттың Айды ғана бағындыра алғанынын ескерсек бұл әлі де зерттеуді қажет ететін, таяу арада нақты тұжырым жасай қоятындай мағлұмат емес.

 

 

 

                                                                                          Жолымбет Мәкішев

Makishev_777@mail.ru

4615 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы