• Әдебиет
  • 18 Ақпан, 2010

Этнографпен әңгіме

www.anatili.kazgazeta.kz(Жалғасы. Басы өткен санда). Шегені жалаң аяқ талай бастым... – Төрт түрме төрт түрлі болды дедіңіз? Тағы да қандай жәйттер есіңізде қалды?– Басымнан өткен бір-екеуін айтайын. Қамшымен ұрады. Кәдімгі қамшымен. Екі қолыңды ауыр темір үстелге керіп байлап тастап таяқпен соғады. Ұсақ шегелер бар ғой. Соны тақтайдың астынан қағып қойған. Мына бетін аударған да істік жағы саған қарап шығып тұрады. Жалаң аяқ соны қанша рет бастырды ғой маған. Үстінен жүргенде жаның мұрныңның ұшына келеді. Енді жазалаудың түрі көп. Басыңды қысады. Ол бірнеше минутқа дейін жалғасады. Екі көзің шарасынан шыға жаздайды. Шошып кетесің. Қорқыныштан тіліңді жұтып қоясың. Осы секілді қиындықтардың көбін өз басымнан өткіздім. Менің көрген өмірімнің бәрі осындай қиындықпен өтті дей алмаймын. Ішінде жан рахатын сезінген сәттер де болды. Мен көрген төрт түрменің төртеуі төрт түрлі болды ғой. – Абақтыдан қалай босап шықтыңыз? – «Үш отаудың» басын біріктіру идеясына байланысты төртінші рет түрмеге қамалардың алдында қызметтен босаған кезім еді. Әлі сотқа жіберген жоқ. Сол кезде жаппай Қытай бойынша «Шойын-болат» еріту дейтұғын үлкен науқан жүріп жатты. Адам көп. Маңайдың бәрі айқай-шу. Бір күні сыртқа шықсам, домна пешін салып жатыр екен. Көбісі менің қол астымда істеген жігіттер ғой. Олар маған сәлем бермейді. Өйткені мен қылмыскермін ғой. Жандарына барып қарап тұрдым. Кірпішті қалайды да, ішіне отқа төзімді кірпіштерді біртіндеп жапсырып жатыр. Ол кірпіштерді балғамен қатты ұрып жапсырады екен. Менде қолыма балға алып көмектесейін дедім. Ешкім «кет» деген жоқ. Топырақты ұрып жатырмын. Жарым шаршы жерін ұрып болдым. Сәлден соң сол жерге бір қытайлық келіп қалды. Ол қытайды мен танымаймын. Менен басқаларының бәрі оны таниды екен, бәрі орындарынан тік тұрды. Сөйтсем ол ішкі өлкеден келген үлкен маман екен. Жағалай атқарылған жұмыстарды көріп келе жатыр. Менің тұсыма келіп тоқтады да «міне мынау жақсы ұрылған екен, осылай жасаңдар» – деді. Әлгінің сөзі маған қайта күш-қуат, дем бергендей болды. Ендігісінде қолымды басқаша кіргізіп, бөлек әдіспен жасадым. Қарап тұрғандар маған бойұсынғандай болды. Кешке дейін пешті салып бітірдік. Бір сөткедей уақыт қайнаттық, қатып қалды. Не үшін қатып қалғанын дереу сездім. Пештің іші жұқалау еді. Содан өзімше бұрынғы жасалған пештерге қарап, басқа пішінде суретпен мөлшерлеп, бір пештің жобасын жасап шықтым. Қолымның икемі бар. Жақсы жасадым ғой деймін. Жоспары сызулы, ендігі бұл пешті тек іс жүзіне асыру ғана қалды. Үстімізден қарайтын бір қатал қытайлық маман бар еді, сызбамды соған апардым. «Сендер мұны пайдаланыңдар» дедім оған. Сызғандарымды ашып қарады да, үн-түнсіз алып кетті. Төрт-бес күн өткен соң, менің сызбаларымды қайта алып келді. «Мына жасаған дүниеңді біз ұнаттық. Мамандардың бәрі көрді. Өз сызбасы бойынша пешті өзі жасасын деген шешім шығарды» дейді. Мен күлдім. «Маған қалайша сеніп тапсырасыңдар, мен қауіпті қылмыскермін ғой, маған қажеті жоқ, жасамаймын» – дедім. Қалай жасаймын, әлі сотқа барғаным жоқ. «Керек болса алыңдар, болмаса өртеп жіберіңдер» деп кетіп қалдым. – Бұл қай жылдар еді? – 1958 жыл болатын. – Мен дүниеге келген жыл екен ғой... – Солай ма? – Иә... – Содан бір жұмадан соң Үкіметтің Бас хатшысы келіпті. Ахметқали деген жігіт көрінеді. Сол маған келіп «Жәке, мынаны өзіңіз сызған екенсіз, мамандардың бәрі ұнатты. Осыны енді сіздің өзіңіздің жасауыңызды сұрап жатыр, жаныңызға не керек, бәрін дайындап беремін» деп уәде етті. Ойланып тұрып «маған жиырма бес адам бересің» дедім. Адам көп. Кімнің қалай жұмыс істейтінін білем ғой. Ақырын ғана өзім қалаған адамдардың тізімін ұсындым. Өйткені бәрі бұрын өзімнің қол астымда істеген адамдар ғой. Осылайша сол пешті салып бітірдім. – Бұл жолы түрмеден қалай шықтыңыз. Соны айтсаңыз? – 1961 жылы соңғы рет қамалып, еңбекпен түзеу колонниясында жатқан едім. Бір зауытқа апарып тастаған. Сол зауытта жұмыс істеп жүргем. Цехтың бұрышында ауыр жұмыстарды жасаймын. Жұмыс істеп жатқан жерім зауытқа кіре беріс оң босағада болатын. Дабыр-дұбыр еткен дауысқа жалт қарасам, Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданының (ШҰАА) Бірінші хатшысы Уаң Гын Мау деген келе жатыр екен. Саяси қайраткер еді. Мен өзім Қытай Үкіметінен жәбір көрсемде, кейде оны мақтап жүремін. Олардыңда арасында адамды түсіне білетіндері аз кездеспейтін. Өзімен бірге артынан еріп жүрген қырық-елу адамы бар, іргесі жаңадан қаланып жатқан трактор зауытын көруге келген беті сол екен. – Содан? – Онымен бетпе-бет кездесуге тура келді. Жақындағанда сәлем бердім. – Амандығыңызды алды ма өзі? – Әрине, ол да амандасып қолын ала жүгірді маған. Менің қолым таза емес еді, білегімді ұсына қойдым. Менің денсаулығымды, хал-жағдайымды, балаларымды сұрап жатыр. Бұрыннан таныс, өзі тілге бай, шешен адам болатын. Қалтасынан темекі алды да, маған да ұсынды. Темекі таусылғанша әрдеңенің басын бір шалып, тұрып қалдық. Содан ол кісі артына бұрылып қарады да, «сендер зауытты өздерің аралап көріп шығыңдар, мен осында бола тұрам» деп бұйырды. Енді ол маған әңгімесін асықпай, кеңдеу айта бастады. Түрлі сұрақтар қойды. Мен «осы Қытайдағы аз санды ұлттардың ішінен шыққан «ұлтшылмын». Менің ұлтшыл болуыма Қытай мемлекетінің «шовинизмі» себепкер» деп көп нәрсені ақтарып салдым. Мао Цзе Дунның бір сөзі бар «Аз санды ұлттардың «ұлтшыл» болуына үлкен ұлттардың «шовинизмі» себеп болады» деген. Осы сөзді әкеліп, көлденең тартып тұрмын ғой. Бұл айтқандарымды көңіліне ала қойған жоқ. Менде қаймықпадым. «Менің бұл ісім «ұлтшылдыққа» жатпайды, бұл халқым үшін жасаған жақсылығым деп есептеймін». Сонда да Қытай Үкіметі мені «ұлтшыл» деп айыптап отыр. Мен халқымның бытырап жүргенін қаламаймын. Бәрі бір жерде болсын деген арманым бар» дедім соңынан. Ол мені үнсіз, сабырмен тыңдап тұрды. Бір жарым сағаттың көлемінде әлгі зауыт аралап кеткен серіктері біз тұрған жерге айналып қайтып келді. Сол екі ортада «осы жерден өлмей, аман шықсам, Қазақстанға кетуіме рұқсат етесіз бе?» деп сауал қойдым. «Болады» деді маған тура ойлана қарап тұрып. Олар кете салысымен дереу сол кісінің атына хат жазып жібердім. Бір жұмадан соң жауап хат келді, «рұқсат» деген. Содан жаңағы хаттың көмегімен еңбекпен түзеу колонниясынан шықтым. Жалпы ол бір мықты адам еді. Түсінігі мол болатын. Әйтпесе өзінің ұлты, мемлекеті туралы осындай әңгіме айтсам, басқалар болғанда, таяққа жығар ма еді. Сол бір кісінің көмегімен босап шықтым. Мен үшін жасалған адамгершіліктің бір парасы ғой деп ойлаймын. Көп қазақтың сайда саны, қырда ізі де қалмады – Аға бір кездері Қытаймен арадағы ұлы көшті ұмытуға болмас. Дегенмен сол оқиғаны тарқатып айтып берсеңіз... – ХХ ғасырдың ішіндегі Шыңжаңдағы қазақтардың көшін үш түрге бөлуге болады. Жалпы көш 1894 жылдан басталды. Алғашында ру-руға бөлініп, Тибет жаққа қарай ығысқан екен. Үндістанға қарай, Тибет пен Шыңжаңның арасына. 1952 жылға дейінгі аралықта үш жүз мыңға жуық адам кетіпті. 1952 жылы зерттеу жүргізгенде үш жүз мыңнан қалғаны он-ақ мың екен.Үш жүз мың адам деген алпыс жылда өсім беру керек қой, соның көпшілігі қырылып кетті. Анамен соғысты, мынамен алысты. Ол бейшалардың көпшілігінің сайда саны, қырда ізі де қалған жоқ. – Түркияға қарай үдере көшкендері ше? – Түркияға кеткені өте аз. Мың адамға да жетпейді. Бұл көштің бір түрі ғана ғой. Мен мұны өзімше «бақытсыз көш» деп атадым. Қазақтың ең үлкен бақытсыз көші осы. Үш жүз мың адамнан он-ақ мың адам қалса, әрине «бақытсыз көш» болады да. Екінші бір көш, біз соғысты тоқтатқан уақытта қазақ екіге бөлініп қалды. Бір бөлігі Оспан, Қалибек батыр бастаған Гоминдаңға ілессе, екінші бөлігі қалайда атамекенге ат басын бұрамыз десті. Ел ішіне көптеген қаңқу сөздер тарады. У-шу, ары-бері сапырылысқан халық. Бергі бетке өтетіндер саны да күн санап, ұлғая берді. Бірақ Кеңес Үкіметі шекараны ашпай қойды. – Сонда олар бергі бетке қалай өтті? – Қытайдағы қазақтардың ұсақ балалары Қазақстанға барып оқимыз деп, шекарадан қашып өтіп кетті. Мың жарымдай бала бергі бетке өтіпті. Жастарының алды жиырма-жиырма екі, ең кішілері он екі-он үш жаста екен. Содан Кеңес Үкіметі секем алып, бізге «шпион» жіберіп жатыр деп, Самат және Ғазиз деген балаларды алып қалып, қалғанын Камчаткаға айдап жіберіпті. – Ол балалар қазір қайда? – Самат пен Ғазиз бар әлі. Ғазиз қазір Семейде тұрады. Саматтың жасы сексеннің үстінде. Айдап апарып Камчаткада ауыр жұмысқа салыпты. Олардың сүйегі сонда қалды. Мың жарым қазақтың баласының сүйектері сонау Камчаткада жатыр. 1956 жылы содан аман қалған он үш адам бар екен. Соларды Қытайға қайтарып берді. Мен ол уақытта Үкіметтің бастығымын. Бәрін өзім қабылдап алдым. – Қазір ол адамдар бар ма, кейінгі тағдырлары не болды екен? – Олардың кейінгі тағдыры белгісіз. Мен өзім де айдалып кеттім ғой. Камчаткаға кеткен мың бес жүз баланы ешкім іздемеді, оларды ешкім енді іздей алмайды да. Осындай көшті басымыздан өткіздік қой біз. Мұны да «Бақытсыз көш» деп атадым. – Ал үшінші көш туралы не айта аласыз? – Енді үшінші көште Қазақстанға қалайда бару керек деген идея тұрды ғой санада. 1954 жылы Кеңес Үкіметінің басшысы Хрущев шекараны ашып, біздің келумізге жағдай жасады. Төлқұжат алғандары бар, алмағандары бар 1954 жылдан бастап, ел шекарадан бергі бетке өте бастады. 1954 жылдан 1962 жылға дейін бес жүз мың адам өттік. Бұл аз емес. Колхоз-совхозға орналастырды. Олар осы елдің қойын бақты, егінін салды. Қажымай барлық қара жұмыстарын істеді. Оларға келе сала мансап берілген жоқ. Оның ішінде неше түрлі ғалымдарда болған, неше түрлі тіл мамандары да болған. Бірақ бәрі де қара жұмыстан бастады. Келген соң Кеңес Үкіметі олардың быт-шытын шығарды. Бір бөлегін Өзбекстанға, бір бөлегін Қырғызстанға, Тәжікстанға айдап жіберді. Қазақстанның түкпір-түкпіріне бөліп лақтырды. Бірақ барған жерінде көп тұрмай байырғы атамекені Семей, Талдықорған, Алматы облысына қарай ішкі көштер басталып кетті. Бұл көшке аз еңбек сіңіргем жоқ. Ана жақта 1954 жылы Тарбағатай облысының бастығы едім. Ол көштің кіндігі де сол Тарбағатайда тұр. Мүмкіндігінше бір қазақ болса да шекарадан өтсін деп көп күш жұмсадық. Мен бүкіл облыстың ең мықты деген мамандарының тоқсан пайызын Қазақстанға өткізіп жіберіппін. Сонда мені Қытайлар қатты сынға алды. – Не дейді сонда?

– Енді сен мамандардың бәрін еліңе өткізіп жібердің деп қатты қыспаққа алды. Сонда қаншама адамды бері қарай өткізіп тұрмын ғой, қолынан іс келеді дегеннің бірін тоқтатпадым. Ол бір менің абыройымның бар кезі еді. Көп қинаған жоқ. 1962 жылы ешбір құжатсыз халық шекараны бұзып өтті. Содан елге келген соң тағы да түйткілді мәселелер орын алды. – Қандай мәселе еді ол? – «Қазақстанға көшіп келгендерді Кеңес Үкіметі қайта Қытай асырып жатыр. Ол жаққа барғандарды қытайлықтар сөзге келместен атуда» деп Орталық комитетке хат жолдадым. «Бұл мәселе оң шешімін табады» деді Орталық Комитет жауап хатында. «Шекараны бұзып өткендердің көбісі Семей жаққа топталған екен, біз сізді іс-сапарға жібереміз, сол аймақтарға барыңыз» деді маған. Сондағы мені іс-сапарға жібергендегі басты мақсаттары мынау екен: Қытай жағы біздің көптеген адамдарымызды Кеңес Одағы күштеп алып кетті, оларды азғырып, бізге қайта қарсы қоймақшы деген сипатта саяси әңгімелер таратқан. Желдей ескен әңгімелерді жоққа шығардым. Халыққа басу айттым. Бірақ бұл әңгімелердің бастауы өте тереңде жатыр. ХІХ ғасырдың өзінде әр аймақтағы қазақтардың басын біріктіру идеясы тұрған. Қызылкеңірдек болып айтысып жүретін адамның бірімін ғой. Қытайда жүргенімде «Үш отаудың» басын бір жерден шығару керек деген «идеяны» ортаға салдым. Мені «хан болмақшы» деп айыптады – «Үш отау» дегеніңіз не? – «Үш отау» деп тұрғаным, Қытайдағы, Моңғолиядағы және Қазақстандағы қазақтар ғой. Бұлардың бәрінің басын бір жерге тоғыстыру керек дегенді айтып тұрмын. Мұны ашық айтудағы себебім, біз үш облыс Қытайға қарсы соғысып жатқан кезіміз. Ашық айтылған соң, бұл сөздердің бәрі халықтың арасына кеңінен тарады. Жаңағы көштің бәрі осыдан тұтанып отыр. «Үш отаудың» басын бір жерден шығару идеясы Қытай коммунистеріне мүлде ұнаған жоқ. Мен қазақ автономиялық облысының басшысы болып тұрғанымда, үстімнен саяси күрес жүргізді. «Мұның ойы түзу емес, біз үшін кереғар, Моңғолиядағы, Қытайдағы қазақтарды Қазақстанға апарып, солардың басын құрап, өзі Хан болмақшы» деп жала жапты. Сөйтіп осы жағылған күйенің кесірінен мені «еңбекпен түзеу колонниясына» қайта айдап жіберді. Сонау 1958 жылдан 1961 жылға дейін мен сол колоннияда жаттым. Сол жерден шыққан заматта сәті түсіп, Қазақстанға өтіп кеттім. Біздің жыл санаумыздан бері қарай ол жер қазақтың атамекені ғой. 1952 жылғы есеп бойынша Шығыс Түркістанда үш жүз мыңдай қытай ұлты болса, қазір отыз бес миллионға жетті. Бұрын ол жерлердің бәрінде тек қана қазақ ауылдары отыратын. Қытайлықтар ішкі аймақтардан келді де жұтып жіберді ғой. – Қытайда қанша қазақ қалды?

– Көп қой. Екі миллионның үстінде. Қызай дейтін ру бар, соның өзі бір миллионға жуық ел боп отыр. Бұл сонау ғасырлардан бері қазақтың жері ғой. 1856 жылдары Жоңғар мемлекеті құлағанда албан-суан, қызайлар бар бәрі өз атамекеніне қарай беттеді. Көп бөлігі осылар. Үшінші бөлігі Кеңес одағы құрылғанда, кәмпескенің кезінде, ашаршылықтан қашып барғандар, саны екі жүз мыңдай ғана. Олардың көбінің сүйегі сонда қалды. Бірен-саран қайтып келгендері де болды. Оның ішінде албандар бар, қаракерейлер көбірек. «Кәмпескенің» кезінде барғандар көбіне Тарбағатай аймағына қоныстанды. Ауып барған халықты шекарадан кірген бойда аңдып тұрып, барын сол жерде тонап алады. Қолындағы сақинасы мен құлағындағы сырғасына дейін жұлып алған. Ол уақытта Қытайдағы халықтың тұрмысы жаман емес еді. Елдің тұрмысы жаман болмағандықтан, сырттан келгендерді өзекке тепкен жоқ. Бәріне қойы мен қозысын баққызды. Отыны мен суын тасытты. Әйтеуір қуған жоқ. Қара жұмыстан бастады. Кейін олардың ішінде оқығандары бар екен, мұғалім болды. Біздің мұғалімнің көбісі – осы жақтан барғандар еді. – Нақтырақ өзіңіз көзіңіз көрген деректерді айта аласыз ба? Санақ дейтін нәрсе болушы ма еді? – Тарихи деректерге қарағанда Қытайда осыдан төрт жарым мың жыл бұрын халық санағы жүргізілген екен. Қазақ даласында Бату ханның Тыған атты ұлының баласы Мәңгі Темір хан тұсында – 1276 жылы үшінші бүкіл Дешті Қыпшақ мемлекетінің халық санағы алынған көрінеді. Ал осы екі мемлекетке көршілес жатқан Шығыс Түркістанда бұрын қай уақытта халық санағы алынды дегенге келсек, әзірге белгісіз. Мендегі деректерге қарағанда Манчжур империясының Гуань Шуй ханы кезінде 1908 жылы жаппай Қытай мемлекеті бойынша жан санағы жүргізілгені анық. Алайда одан бұрында Шығыс Түркістанда халық санағы болмады деп айту қиын. Өйткені, Шығыс Түркістанның шығысына жатқан Қытай елі халық санағын алуды тым ерте бастаған. Ал батысындағы Дешті Қыпшақта ХІІІ ғасырдың өзінде халық санағы жүргізілген. Олай болса екі көршілес елде болып жатқан маңызды оқиғаның да ұшқыны Шығыс Түркістанға жетері анық. 1908 жылы болған халық санағы кезінде көпшілігі санаққа кіргісі келмей, одан қашқан. Жүз адамның сексені санақтың сыртында қалған. 1909 жылы Қытай Үкіметі Шығыс Түркістан халқын «бір жарым миллион» деп жариялады. Тарихшылардың дерегіне қарасақ, сол уақытта Шығыс Түркістан халқының санағы дұрыс жүргізілмеді деп айтулары шындыққа жақын. Өйткені, әдет-салт, діни-сенімдердің шырмауы көптеген күдік-күмән туғызғандықтан санақ жүргізуді ол кезде қарапайым халық жақсылыққа жорымайтындығы табиғи құбылыс болуы анық. Сонымен бірге түтінге, жан басына қарап салатын салықтан, әскерге шақырудан қағыс қалу, немесе оны жеңілдету мақсатымен мемлекеттік тізімнен аулақ болуды дұрыс көретіні де ақиқат. Тағы бір мәселе жан санағын дәл және толық жүргізуге Манчжур империясының қабілетсіз екендігі де күмәнсіз. Міне, осындай керітартпа себептердің салдарынан Шығыс Түркістан халқының саны 1908 жылғы санақта толық алынбағаны шындықтан алыстамайды. Қаншама адам санаққа кірмеді, жүзден сексен адам енді дегеннің өзінде, Шығыс Түркістан халқын алты-жеті миллион адам шамасы болар деп жорамалдауға болады. Осыдан кейінгі халық санағы араға жиырма жылдай уақыт салып 1926-1928 жылдары жүргізілген. Араға екі жыл салып қайта санақ алуларының себебі бізге белгісіз. Осы жылдардағы жүргізген деректеріне сәйкес Шығыс Түркістан халқының жалпы саны үш-үш жарым миллион деп жариялады. Сол кездегі деректерде мына ұлттардың атын атап, халқының санында көрсеткен, жазып ал: Ұйғырлар – 1 миллион 750 мың – 50 пайыз Қытайлар – 525 мың – 15 пайыз Дүнгендер – 525 мың – 15 пайыз Қазақтар – 437 мың – 12 пайыз Моңғолдар – 175 мың – 5 пайыз Манчжурлар – сексен жеті мың бес жүз – екі де бес пайыз дейді. Міне осы көрсетілген деректе манчжур тектес дағұр, субе, солаң секілді ұлттар аталмаған. Сірә, бұларды манчжур ұлтының құрамына қосып жіберген болар? Сондай-ақ қырғыз, татар, өзбек, тәжік ұлттары да санақтың ішінде жоқ. Бұларды ұйғыр мен қазақ ұлттарының қатарына қосқан шығар деген пікірдеміз. Осы санақтан байқағанымыз гоминдаң империясының «шыбындары» мейлінше сапырылыстырып тастаған. Әсіресе, ұйғырлар санын құлдыратып, оның есесіне манчжурмен қытайларды басым етіп көрсеткен. Осы бір отаршылар жасаған халықта көрсетілген манчжурлар мен қытайлардың саны сол уақытта әлдеқайда кем. Мәселен 1959 жылы жарияланған мағлұмат бойынша Сібелер саны он төрт мың шамасында, дағұрлар екі мыңдай ғана болған. Ал, 1955 жылғы санақта өздерін манчжур ұлтымыз дейтіндер Шыңжаң халқының 0, 0002 пайызын ғана құраған. Ұлтымыз Солаң деушілер тіптен аз. Шығыс Түркістанды мекен еткен манчжур халқының туыстары жөнінде кеңес ғалымы Бруканың 1956 жылғы «Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының этникалық құрамы» деген ғылыми мақаласында «Манчжурлар тунгустарға жатады. Олар өз ішінен манчжур, сібе, солаң, дағұр тайпаларына бөлінеді. Шыңжаңда олардың саны жиырма мың мөлшерінде ғана» - деп көрсетеді. Десекте 1926-1928 жылғы деректе олардың саны мейлінше көбірек көрсетілген. Сол кездегі деректе Шығыс Түркістандағы қытайлар саны бес жүз жиырма бес мың боп көрсетілген. Мұны да кейінгі алынған мәліметтер қуаттамайды. 1940 жылдары Шығыс Түркістанды билеп-төстеген Шың Сысай өкіметі 1942 жылы «Шыңжаңда төрт миллион халық бар, он төрт ұлтпен ұлыс бар» – деп жариялады да, ұлттарды өзара жіктей келе – «ұйғырлар – жетпіс үш те сегіз, қазақтар – он да тоғыз, қытайлар – алты да бес, дүнгендер – төрт те екі, қырғыздар – екі де бір, моңғолдар – екі де бір, тәжіктер – нөлде төрт, сібелер – нөл де екі, өзбектер – нөл де екі пайыз және солаң, манчжурлар нөлде бір пайыз» деп көрсеткен еді. Ал осы дерек көзіндегі алтыда бес пайыз бойынша есептегенде Шығыс Түркістандағы қытайлар саны 1940 жылдар ішінде екі жүз елу-екі жүз алпыс мың шамасында болып еді. Мұның өзі өте молайтып көрсетілген пайызбен есептеліп отыр. Қасымхан БЕГМАНОВ

1989 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы