• Әдебиет
  • 22 Ақпан, 2009

МӘСКЕУ МҰСЫЛМАНДАНЫП КЕЛЕДІ

Жолжазба

Шереметьев әуежайына ұшақ түннің бір уақытында келіп қонды. Суық өкпек жел соғып тұр екен. Бізді Ресей мүфтилер кеңесінің қызметкері, қандасымыз Марат Аршабаев қарсы алды. Біздің топты бастап Таза тоған бульварындағы (Чистопрудный бульвар) Қазақстан Республикасы елшілігінің қонақүйіне алып келді. Бұл бұрынғы Кеңес тұсындағы Қазақстанның сондағы өкілдігінің де қонақүйі болатын.

Мұнда екі ел діни басқармаларының келісіміне сәйкес өзара тәжірибе алмасу мақсатымен Ресей мүфтилер кеңесінің арнайы шақыруымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сегіз адамнан тұратын делегациясы (құрамында: ҚМДБ-ның бөлім меңгерушілері – Ә.Дәуренбеков (жетекшісі), Қ.Жолдыбайұлы, Н.Маханов, С.Тәштеміров және осы жолдардың авторы, Алматы Орталық мешітінің Бас имамы Қ.Маханбет, ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкілі Д.Хасниязов, ҚМДБ-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілі С.Сейітбеков келді.

Соңғы тоғыз жыл бедерінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сан-салалы қызметінде айтарлықтай оң өзгерістер іске асып жатқанын сыншы келетін сырт көз де байқап, өзара тиімді қарым-қатынас пен іс-тәжірибе алмасуды жолға қойды. Солардың арасында Ресей, Татарстан, Шешенстан, Түркия, Әзірбайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан, тіпті сонау алыстағы Сингапур да бар.

 

АССАЛАУМАҒАЛЕЙКҮМ, АБАЙ ХӘКIМ!

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Бір әулеттің сыйлы адамы болса, оны сендер де сыйлаңдар», — деген. Мәскеуде, оның ішінде біздің елшіліктің іргесіндегі бульварда бір әулеттің емес-ау, ұлтымыздың мақтанышы дана Абайдың ескерткіші тұр. Мұндағы іссапарымыздың алғашқы қадамы ретінде Абай хәкімге ұлттық дәстүрімізбен «сәлем» беруді өзіміз үшін міндет деп білдік. Мұның үстіне жергілікті астамсыған тұрғындардың аз ұлт өкілдерін жете тани бермейтіні де, тіпті танығысы келмейтіні де белгілі. Осы ескерткіш ашылған соң, артынша-ақ, бір түнде әлденендей бейбастақтардың ескерткішті бүлдіргені туралы қазақтілді басылымдарымыз өкпе-реніштерін жарыса білдірген-ді. Оның немен аяқталғаны белгісіз еді. Абай – бір қазақтың ғана емес, адамзатқа ортақ емес пе?! Бәлкім, өзгелерге Абайды өз деңгейінде таныта алмай жүрміз бе? Пушкиннің ескерткіші Қазақстанның қай қаласына барсаңыз да алдыңыздан менмұндалап шығады. Өлеңдерінің Абай бастап тәржімалаған нұсқасының қазақ оқырмандарына жеткелі қашан?! Оны тек орыс ақыны деп шеттеткен кім бар?!

Біз таңертеңгісін ескерткіш пен оның маңы сумен (шлангымен) атқыланып, таза-ланып жатқан үстінен түстік. Айнала мұнтаздай тазарды. Ұлы ақын қыбылаға қарап, үлкен ойға шомып отыр екен. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген хәкім Абай ғой бұл. Әлбетте, шариғатымыз ескерткіш пен мүсінді құп көрмейді. Әйтсе де, біз өркениетке тән зайырлы қоғамда өмір сүріп отырмыз ғой. Аллаһты мадақтап, Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) ерекше құрмет тұтқан, шариғатты өзінің өмірлік ұстанымына айналдырған, дінімізді насихаттаған данаға ілтипат көрсетуіміз орынды да заңды. Мұнымыз тасқа табыну емес, жат топырақта өгейсіп тұрған дана бабамызға өз халқының шынайы құрметін білдіру еді.

 

49 МҮФТИЯТЫ БАР ЕЛ

Ресей мүфтилер кеңесі халықаралық департаментінің жетекшісі Рушан хазрет Аббясовтің әңгімесінен сол елдегі діни ахуалға біршама қаныға түскендей болдық. Мұнда 36 ұлт пен ұлыс Ислам дінін ұстанады. Ресей мен Қазақстан мүфтияттарының құрылымдары бір-біріне мүлдем ұқсамайтыны аңғарылды. Бізде белгілі, еліміздегі 2300-ге тарта мешіттердің барлығы дерлік Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарайды. Ал, Ресейде сенесіз бе, сенбейсіз бе... 49 мүфтият бар екен. Оның 29-ы Еуропалық бөлігінде, қалған 20-ы Азиялық бөлігінде. Сол елдегі 1000-ға тарта мешіттер бір орталықтан басқарылмай, барлығы әлгі мүфтияттарға бөлінген. Барлық мәселені, оның ішінде ең басты кадр мәселесін де әр мүфтият өзі жеке дара шешеді.

Бұл кімге тиімді? Әлбетте, мұсылмандардың басының бірікпеуін қалайтындарға! Тіпті, Америка Құрама Штаттарында, құй сеніңіз, құй сенбеңіз, әр мешіт өз алдына жеке-дара дербес. Бірімен-бірінің жұмысы да, байланысы да жоқ. 1992 жылы қабылданған дін туралы жалпақшешей заңымыздың көздеген түпкі мақсаты да әр мешітті өз алдына жеке діни бірлестік етіп, дәл осылай басын қоспау еді ғой. Бұл демократияшыл АҚШ-тың үлгісі?! Құдай оңдап, сол діни бірлестікке айналған әлденеше жүздеген мешіттердің басын діни басқарма жеті-сегіз жыл дегенде әупіріммен әрең қосты.

 

ҚАЖЫЛЫҚ ТIЗГIНI... МҮФТИЯТТА

Кім-кімге де белгілі, қажылық – шамасы келетін, мүмкіндігі бар мұсылман үшін өтелуге тиісті парыздың бірі. Бұл маңызды іс-шараны жүзеге асыруға Ресей мүфтилер кеңесі тиісті деңгейде көңіл бөлетіндігін халықаралық департамент жетекшісінің бірінші орынбасары, қажылық бөлімінің бастығы Халит хазрет Ситдековтің әңгімесінен сезілді. Мұнда қажылықпен тек екі-ақ фирма, атап айтқанда, «Наджм-тур», «Салам-тур» шұғылданады екен. Алғашқысының қызмет ете бастағанына 14 жыл, екіншісіне  11 жыл болыпты. Былтыр 26 мың ресейлік үлкен қажылыққа барса, соңғысына 23 мыңы үлкен сапарға дайындықты көктемнен бастапты. Ұшақтары өздерінен. Мұсылмандарының дені Кавказда тұратындықтан, олар қажылыққа жайлы автобустармен баруға көп жылдан бері дағдыланса керек. Автобустар ұзақ жолға лайықталып жабдықталған. Онда қажылар жатып демалады, жуынып-шайынады, тамақ та ішіп, намаз да оқиды. Бұл қажылар үшін қолайлы, әрі едәуір арзанға түседі. Есесіне, әлденеше тәулік ұзақ сапар шегуіне тура келеді. Мәскеуден де осындай автобуспен шығу ниетін білдіргендер табылған. Қазірге мұнысы тек ниет күйінде қалып отырған көрінеді. Себебі, Мәскеуден сонау Меккеге дейінгі екі аралықты әлденеше мемлекеттер арқылы 2 аптада жүріп өтуі мүмкін. Ойлап қараңыз, тек барып-қайту үшін жолдың өзіне ғана 4 апта қажет екен.

Мұнымен қатар, Құддыстағы әл-Ақса мешітіне зиярат ету де жолға қойылған. Оған 1 жылда ғана 130 мың ресейлік барып-қайтыпты. Әлбетте, мұның барлығы машақаты көп ұйымдастыру шараларының тиісінше жоғары деңгейде болуын талап етері сөзсіз. Бізде де, Ресейдегідей тек ірі 2, әрі кетсе 3 фирма қажылықпен тікелей шұғылданса, одан ұтыла қоймас едік. Бізге қажеті фирмалардың саны емес, қызметінің сапасы ғой. Ресейде былтыр 26 мың, биыл 23 мың  қажыға бар болғаны 2 фирма ың-шыңсыз қызмет көрсеткен тәжірибесін бізге де, бәлкім, қолдануға болар. Біздегі соңғы екі жылда ең саны көбейді деген қажылардың жалпы ұзын-ырғасы – Ресейдің 1 жылғы қажыларының, тіпті ширегіне де жетпейді. Фирманы соншама көбейтуден қызмет сапасы жақсарды дей аламыз ба?

 

 «БАСЫМЫЗҒА КҮН ТУСА, ПАНАМЫЗ – ҚАЗАҚ ЖЕРІ»

Ресей мүфтилер Кеңесінің төрағасы, шейх Равиль Гайнутдин әрі Ресей мұсылмандары Еуропалық бөлігінің діни басқармасын да басқарады. Ол   Бұхарадағы  «Мир араб»     медресесін бітірген. Дүние-уи мамандығы бойынша – театр режиссері. Кезінде Ленинградта осы сала бойынша институт бітірген. Еңбек жолын тележүргізушіліктен бастаған. Кейін келе түпкілікті діни қызметке ауысқан. Р.Гайнутдин бізді өз кеңсесінде қабылдады. Ұзын бойлы, ақсары, қағылез, сымбатты. Жасы енді ғана 50-ге аяқ басқан. Қысқа таныстықтан соң жалпы Ресейдегі діни ахуал мен құрылысы жүріп жатқан Собор мешіті жайлы ақтарыла, биязы әңгімеледі.

Кеңес заманында Мәскеуде 4 миллион халық тұрса, соның әрбір төртіншісі татар еді. Ал, бұл  күндері урбанизацияның әсерін Мәскеуден  айқын көріп, көз жеткізуге болады. Ресми тіркелгені 10 миллион болса, тіркелмей тұрып жатқаны 6 миллионға жуықтайды екен.  Оның көшелері мен базарларында тәжік, өзбек, қырғыз, әзірбайжандар өріп жүр. Арзан жұмыс қолы, әрі сауда-саттығын да қыздыруда. Көше сыпырушы да, дәмханалары мен шайханаларындағы (өзбек пен түрік ағайындар ашқан) ыдыс-аяқ жуушылар мен даяшылар да солар. Әйтеуір, солардың арасынан өз қазағымызды көрмегенімізге шүкірлік еттік. Сол көршілес ағайындар есебінен мешіт жамағаттарының қатары толыға түскен. Мәскеу расында да тек азияланып емес-ау, тіпті мұсылманданып келеді. Азияланып дегеніміз Мәскеуде соңғы жылдары қытайлар саны күрт өсуде. Өскені соншалық саны жағынан қаладағы ең көп саналатын орыстармен теңесуге жақын украиндарға жетеғабыл. Қытай кварталдары көбейе бастаған. Қытайлардың аса өсімтал екенін ескерсек, таяу болашақ Ресей астанасының Сингапур кебін киюі мүмкін деп болжайды сәуегейлер. Бәрі де мүмкін-ау! Жаман айтпай, жақсы жоқ, Ресей астанасы қытайланса, елі қытайланбай қайда бармақ? Ал, Ресей қытайланса, біздің халіміз тіптен, мүшкілдене түсе ме, кім білсін?!

Ресей дінбасы татар қарттарының аузынан естіген мына бір, еріксіз езу тартқызып, сүйсіндірер сақтық ғибратын күліп отырып жеткізді:

– Қалың орыстың ортасында отырмыз. Ертеңгі күніміздің не боларын тек бір Аллаһ ғана біледі. Егер олай-бұлай болып, басымызға күн туса... барып бас сауғалар панамыз – қазақ жері, — дейтін көрінеді.

 

ҚЫЗЫЛ АЛАҢДА “ЛЕНИН”... МАС БОЛЫП ЖҮР

Мәскеуге келіп тұрып, Қызыл алаңға соқпай кету мүмкін емес? Бұған дейін мұның атына қалай мән бермегенбіз? Оның қатар-қатар тізіле төселген тас кірпіштері... қап-қара смолаға батырылғандай. Теріскей жағы тұтас ашық қызыл қабырғалы  кезінде бүкіл әлем еріксіз көз тіккен  Кремль,  оның алдында «күн көсемнің» мавзолейі. Оған рұқсатпен кіргізеді екен. Рұқсатын алып, фотоаппараттар мен ұялы телефондарымызды қалдырып, ішіне кірдік. Себебі, «күн көсемді» суретке түсіруге болмайды екен. Рұқсат бермеуінің сырына оған кіріп-шыққан соң біршама қаныққандаймыз. Кеңес тұсында да кіргеніміз бар. Онда «күн көсемнің» мәйіті мавзолейдің үстіңгі қабатында болатын. Енді төменгі жертөлеге түсірілген. Бұрын мәйітке көз қиығын ғана салдыратын. Ал, енді бас киіміңді шешіп, өтіп бара жатып, қанша қарасаң да рұқсат.

Әрине, шариғат бойынша дүние салған адамның мәйіті кешіктірілмей  жер қойнына  берілуге тиіс. Ал,  бұл «күн көсемнің» мәйітінің осылай жатқанына 85 жылдан да асты. Кеңес тұсында келгенімізде бір түрлі дәрілердің иісі сезілетін. Бұл жолы олай емес. «Күн көсемнің» мәйітінің орнында соның бет әлпетін дәл келтірген пластмасса жатқандай көрінді. Ойға салып көрелік. 85 жылда жер қойнындағы сүйек шіріп кетпей ме? Ал, жер бетінде сүйегінің нобайы бар шығар, бірақ оның бет әлпеті дәл сол күйінде қалды дегенге кім сенер? Дәрілеп, қатырып тастады делік... Анықтап тұрып  көз  салдық, «күн көсемнің» бүкіл мәйіті деген нобайы – 1 метрдің ар жақ, бер жағындағы, кәдімгі қуыршақпен шамалас ғана. Құдай теңгермегенді теңгеремін деп дінді апиын санаған, діндарлар мен қожа-молдаларды қудалап, итжеккенге жер аударған «күн көсемді» жер де қабылдар емес. Бұл рухы көкке көтеріле алмай, шерменде күйде деген сөз.

Нарықты  қатынас осы «күн көсемді» де айналып өтпепті. Қызыл алаңның мәңгілік алау жағындағы шетінен тірі «Ленинді» көрсек болар ма?! Алғашында әртіс пе екен деп ойладық. Сөйтсек, қасында мұртын шиырып, шинельді, жалаң бас Сталин, әскери киімді бойшаң Напалеон үшеуі шүйіркелесіп тұр. Таң қалдық. Сөйтсек, бұлар сол әлгі үшеуінің бүгінгі арамызда жүрген тірі кейіптес «егіздерінің сыңары» екен. Қызықтап жақындадық. Ескерткіш үшін соларды фонға алып, суретке түсуге тырысқандарды көріп, сырт айналған «Напалеон» ұзын қара жұқа плащымен екі «көсемді» көлегейледі де: «Рұқсат сұрау керек»,– деді. Мұнысы бірге түскіңіз келсе, өз суретшіміз де бар, ол үшін ақша төлейсің дегені.

Бір шеттен генералисумус Л.Брежнев те көрінді. Оның да төңірегінде қызықтаушылар жүр. Бір қызығы – оны мына үшеуі маңдарына жуытпайды екен... Одан саяси астар іздеушілер де табылып жатты. Өлгендер жайлы сыртынан сөз айту шариғатқа қайшы. Оның қай-қайсысы да өз іс-әрекеттері үшін о дүниеде жауабын беріп жатқан шығар-ау?!

Ертесіне кешкісін сол алаңға барып қайтқан жігіттеріміз:

– Алаңнан тірі «Ленинді»  көрдік. Тәлтіректеп, мас болып жүр,– деді.

Күлдік. Ол байғұс та пенде ғой, кешкі нәпақасы қолына тиген соң сілтеген ғой, қайтсін, күні бойы тірі «Лениннің» рөлін ойнау оңай ма?

Түйін сөз: Бұл Мәскеуге бес күндік іссапарымыздың алғашқы күніндегі көріп, ойға түйгендеріміз ғана. Соны оқырманға жеткізгіміз келді. Ал, қалған күндері Мәскеу Ислам университетімен танысып, Ресей мүфтилер кеңесі ұйымдастырған «Ресей және шетелдердегі Исламдық теология мен діни білім беруді дамыту» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатыстық. Олардан да алған әсеріміз аз емес.

Оңғар ӨМІРБЕК.

Алматы – Мәскеу – Алматы

 

3174 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы