• Мәдениет
  • 27 Тамыз, 2015

Тәуелсіздігіміздің құқықтық негізі

Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі, заң ғылымының кандидаты

Елбасымыздың 1995 жылғы 22-мамыр­дағы Қаулысымен арнайы құрылған Сараптық-консультативтiк кеңес Конституцияның ­жобасын дайын­дау барысында аза­мат­тардың 1100 ұсынысын ескеріп, соған орай Конституция жобасындағы 99 баптың 55-іне елеулі өзгерістер енгізген екен. Демек, Конституция жобасының жартысынан көбі, халықтың ұсынысы бойынша жазылған және сол арқылы әрбір азамат өзінің көкейтесті мәселесін көтере алды. Осылай Конституция бір жағынан бүкілхалықтық, екінші жағынан жеке адамның мүддесін көздеуші нағыз Ата Заң ретінде қабылданды. Бұл демократияның нағыз көрінісі, яғни мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық екендігінің дәлелі еді. 1995 жылдың 30-тамызында респуб­ликалық референдумда қазақстандықтар дауыс беріп, олардың 90 пайызға жуығы жаңа Негізгі Заңымызды қабылдауды жақтады. 1995 жылғы Конституцияны қабылдау – бұл қазір қолданып жүрген Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдау ғана емес. Бұл мемлекетіміз дамуының түбегейлі жаңа кезеңіне көшіп, тарихымыздың тағы бір парағын ашу болды. Бұл кезеңнің маңыздылығы – алғаш рет адам және оның құқықтары мен бостандықтары саяси жүйенің өзегіне айналғандығы. Маңызы сол, саяси демократия және нарықтық экономика азаматтың құқықтары мен бостандықтары іске асырылуының шарты деп танылды. 1995 жылғы Конституция жаңа Қазақ­станның бет-бейнесін айқындай­тын, адамның және азаматтың құқық­тары мен бостандықтарын, оның демо­к­­­­ратиялық, зайырлы, құқықтық және әлеу­меттік мемлекет екендігін, билік бөлінуі және парламентаризм секілді негізгі саяси құндылықтардың заң жүзіндегі жиынтық көрінісіне айналды. Осы Конституцияны ресми таныс­тыру салтанатында Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Халық пен мемлекет үшін Конс­титуцияның құндылығы тек оның мазмұнымен ғана айқындалмайды. Бұл негізгі заң нақты өмірде, мемлекет пен қоғамның демократиялық институттарының жұмысында, күн­делікті азаматтық іс-әрекеттерде қалай жүзеге асады сонысымен де маңыз­ды болмақ. Былайша айтқанда, Конс­титуцияның шынайы бағасы уақыт өте келе өмір арқылы, біздің алға жылжу әрекеттеріміз арқылы берілетін болады. Негізгі заңға соңғы бағаны біздің өз қолымызбен қалап жасайтын Қазақстанның тарихы береді» деген еді. Биыл Қазақстанымыздың Конституциясына 20 жыл толып отыр. Бүгінгі таңда, біз осы 20 жыл ішінде қазақстандық азаматтардың жаппай құқықтық санасында түбегейлі өзгерістер болып, құқықтық мемлекет және демократия құндылықтарын бойына сіңіру үдерісі жүріп жатыр деп нық сеніммен айта аламыз. Конституциялық-құқықтық мәдениет белгілері қалыптасып келе жатқандығы да айқын аңғарылуда. Қазіргі таңда ең негізгісі күнделікті заң шығару мен құқық қолдану тәжі­рибесінде, қоғам өмірінде конститу­циялық ұстанымдардың жүзеге асуы. Конституция – еліміздің саяси, әлеуметтік, экономикалық дамуының тұрақ­тылығын да, серпінділігін де қамтамасыз етуге арналған бүкіл құқық­тық жүйенің мықты да икемді тірегі. Мемлекетіміздің тұрақты және серпінді дамуы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы және мықты әрі берік мемлекеттік биліктің қызмет етуі арасындағы тепе-теңдікті талап етеді. Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Конституция негізінде мем­лекеттік саясатты қалыптастырады және жүзеге асырады. Ол – Қазақстан Республикасы Конституциясының кепілдігі. Бұл жерде мемлекеттегі конс­титуциялық бақылаудың мәні зор. Қазақстан Республикасы Консти­туциялық Кеңесі конституциялық құ­рылыс негіздерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, Қазақстан Республикасы Конституциясының республиканың бүкіл аумағындағы үстемдігін және тікелей қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында конституциялық бақылауды жүзеге асырады. Конституциялық Кеңес Конституцияға ресми, яғни жалпыға бірдей міндетті, түсіндірме береді, Парламент қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексереді. Конституциялық Кеңес Конституцияға қайшы құқықтық нормативтік актілердің күшін жоя отырып, конституциялық құқықтары мен бостандықтары бұзылған азаматтарға қатысты әділдікті қалпына келтіреді, сол арқылы Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етеді. Конститу­циялық бақылау болуының өзі осындай құқық бұзушылықтардың алдын алуда үлкен маңызға ие. Бақылау бар жерде заңдар шығаратын заң шығарушы да, құқық қолдануға қатысты шешім қабыл­дайтын мемлекеттік қызметкер де, әлеуметтік өмірдің әр саласында күнделікті іс-әрекетін жасап жүрген қа­тар­дағы азамат та тәртіпке мойын бұрады. Конституциялық мемлекетте билік ешқандай да заңсыз әрекеттерге бармауы тиіс. Құқықтың үстемдік құруы, Конституцияның ұлықтығы, заңның бүгінгі күннің талабына сай билігі – Қазақстанның одан әрі дамуындағы, қазіргі жаһандық демократиялық елдер қатарына абыроймен енуіндегі алдыңғы қатарлы маңызды мәселе болып табылады. Бұл үдеріс елдің Негізгі заңына деген құрметтен басталады. Қоғамымыз Конституция бойынша өмір сүріп, оның әрпі мен рухын қатаң сақтағанда ғана демо­кратиялық үдерістер алға баса бермек. 20 жылдығын атап өтіп отырған Конституциямыз Қазақстанның мемлекет ретінде сақталып, жас елімізді нығайту жолындағы өз мақсатын орындау үшін жазылды. Конституция халық билігіне, шынайы түрдегі пікір алуандығына, көп партиялылыққа; азаматтардың негізгі және ажырамас құқықтары ретінде жеке және саяси құқықтары қорғалуына, әркімнің өз жекеменшігінен айырылмау құқығына негізделе отырып, жеке өмір сүру құқығына, адамның азамат және жеке тұлға өзінің қабілеттерін белсенді түрде ашуы үшін қажетті барлық құқықтар мен бостандықтарға, азаматтардың әлеуметтік құқықтары қорғалуына кепілдік береді. Мемлекетіміздің әлеуметтік сипатын, оның жалпыхалықтық мәнін осындай байлығы бар азаматтарымыз терең ұғынуы тиіс. Мемлекеттігімізді, оның құқық іспетіндегі жиынтығы – Конституциямызды бүкіл халық баға жетпес асыл дүние деп ұғынуы керек. Баға жетпес деуге себеп – мемлекеттілігінен айырылған халық материалдық, имандылық, мәдени, рухани жұтаңдыққа ұшырайды. Содан келе, аяғында ел болудан қалады. Сондықтан Конституция бар жерде, біздің құқықтарымыз қорғаулы, міндеттеріміз айқындаулы. Қорытып айтқанда, біздің Конституциямыз тиімді мемлекеттік құқықтық жүйеміздің орны­ғуының, нарықтық экономикамыздың қалыптасуының, халқымыздың әл-ауқатын көтерудің, Қазақстанымыздың саяси, экономи­калық, әлеуметтік дамуының бастауы болды. Конституциямыз – қазақстандық­тардың бойында азаматтық және қазақстандық патриотизм сезімдерін тәрбиелеуде, халықтың идеялық-мәдени дамуының негізін құраушы, қоғамдық саяси үдерістерге әрбір адамның қатыс­тылығын паш ететін үлкен саяси және құқықтық құжат болып табылды. Осылайша 20 жылдығын атап отырған Конституциямыз тәуелсізді­гіміздің тұғыры, құқықтық негізі болып табылады. Міне, 20 жыл бойы Қазақстан Конс­титуцияда белгіленген негіздерге сүйеніп, өмір сүріп келеді. Бәрін бірдей меңгеріп кеттік дей алмаймыз. Дегенмен, ең бастысы, Ата Заңы­мыз­дың 1-бабында Республика қыз­метінің түбегейлі принципі ретінде атап көрсетілген, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық ұдайы сақталып келеді. Бұл принципті осы бапқа, заңгер ғалымдармен қызу пікір таластыра отырып, Елбасымыз енгіздірткенін бәріміз білеміз. Осы ережені нақтылау тетігінің бірі ретінде Конституцияның 44-бабында Президенттің құзыретіне Қазақстан халқы Ассамблеясын құру құқысы кіретіні айқындалды. Сонымен қатар Ата Заңымыздың 39- бабының 2-тармағында ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылатыны көрсетілген. «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз» деп Ата Заңда көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының армандаған Мәңгілік Ел, аяулы мекенге айналары сөзсіз.

23812 рет

көрсетілді

1409

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №7

22 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы