• Мәдениет
  • 22 Ақпан, 2009

НАҒЫЗ АДАЛ ЖАР СІЗДЕЙ БОЛСЫН !

Құрметті Сәуле апай!

      Мен «Ана тілі» газетінен елімізге кең танымал, қазақ әдебиетінің асқан білгірі, ұлағатты ұстаз, тау тұлғалы қадірлі ағамыз Зекеңнің мынау фәни жалғандағы соңғы күндері жайлы Сіздің жүрек қаныңызбен жазған күнделігіңізді көз жасымды төге отырып, үзбей оқып шықтым. Бір емес, қайталап та оқыдым.Содан соң терең ойға беріліп, мұңға баттым. Сіздің мұқалмас жігеріңізге, нағыз адал жар екеніңізге қайран қалдым. Ұйқысыз өткен түндеріңізді, әлде қайтеді деген қапа мен күдік толы күндеріңізді сыр бермей өткізу қиямет қой. Сөйтіп, сырқат адамның  әрбір сәтін қағазға түсіру недеген мықтылық,төзімділік. Бұл мәңгілік махаббаттың асқақ үнді сазды жыры ғой. Мұны айту тек Сіздей асылтекті әйел-ананың қолынан ғана келеді. Жалғыз мен емес, Сіздің осы тамаша күнделігіңіз оқығандардың бәрін де солай толғандырытыны күмәнсіз ақиқат.

        Ұзаққа созылған науқастың жан шыдамас азабын бір күн емес, айлап бастан кешіріп жатқан ұлы Зекеңнің ерлігінің, қайсар мінезінің, қажымас күш- қуатының бір Алладан соңғы тірегі Сіз ғой. Сол бір мазасыз күндерде отбасыңыздың жігерін жанып, туыстарыңыз бен дос-жарандарыңыздың көңліне қаяу түсірместей сабырлылық танытып, иманды болғыр ағамызды жас баладай мәпелеп күтуіңіз кімге болса да үлгі-өнеге.

        Қайғының зіл-батпаны ет жүрегіңізді езіп, бүкіл жүйке тамырыңызды төзгісіз қасіретке душар еткенде Сәуле апай бор кемік босаңдыққа  берілмей, тек бір Алладан күдер үзбедіңіз. Мұндай кезде Бақыт баламыз Сізге мүйет болды. Бұл, әрине,оның Құдай жолына берілгендігі, әке өсиетіне адалдығы.

         Өмір бойы жақсылықтың, адамгершіліктің символы болған, жүзінен имандылық нұры төгіліп тұратын, қазақ халқының рухани көшбасшыларының бірінен саналатын қайран Зекең ағамыздың жарқын бейнесі  бүгінгі емес, болашақ ұрпақтың да мәңгі бақи есінде қалары белгілі.

         Естен кетпес сол қиын-қыстау күндерде мемлекеттік қыруар да қарбалас жұмыстарына қарамастан ылғида қасыңыздан табылып, үнемі сүйеу болған Иманғалидің кісілігіне, зор адамгершілігіне қалай сүйсінбеске. Қазақтың бүгінгі іс басында жүрген азаматтарының бұл кісіден үйренетін, тәлім-тәрбие алатын игі қасиеттері жетерлік. Жақсылығы Алладан қайтсын.

         Зекеңнің жан қиналысын жеңілдетуге ертелі-кеш тыным көрмей зыр жүгірген, білімі мен білігін аямай жұмсаған жанашырлары-дәрігерлер мен медбике қыздарыма дән ризамын.

          Сіздің үлкен тебіреніспен жазылған күнделегіңізді бір жүйеге келтіріп, ұқыптылықпен баспаға әзірленген Бауыржанның және соны «Ана тілінде» көрнекті етіп жариялап, қалың көпшілікке қауыштырған Мақсаттың аға аруағын ардақ тұтқан елгезектігі құптарлықтай. Күнделікті бұдан әрі толықтырып мол таралыммен кітап етіп шығаруға бұлар белсене атсалысады деген үміттемін. Өйткені, ол әрбір қазақ әйелінің қолынан түспес кітабы болары сөзсіз.

        Сәуле апай, сау-саламат болыңыз. Сіздің отбасыңызды, туыстарыңызды, Алаш елін Зекең ағамыздың аруағы қолдап жүрсін. Лайым жақсылықта дидарласайық. Бәріміз Жаратқан Иемнің мейір-шапағатына бөленейік.

 

Қанай ЕСЕНҒАЛИҚЫЗЫ

 ТАРАЗ

 

3156 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы