• Қоғам
  • 22 Ақпан, 2009

Орысшасы мінсіз...

Төлқұжат рәсімдеу мен азаматтардың тіркеуге тұруы – машақаты көп іс. Талай есік пен табалдырықты тоздырып, жүйкеңді де жұқартасың. Жалпы осы  Әділет басқармаларының жай-күйі қалай, олардағы мемлекеттік тіл қандай күйде? Осы сауалдарға жауап іздеп Алматы қаласындағы Медеу аудандық Әділет басқармасына бас сұқтық.

Құжатымызды қайта рәсімдеу үшін алғашқы барған күнімізде жолымыз болмай кейін қайттық. Кезекте тұрған қарақұрым халықтың санының көптігі сондай тең жарымымыз есіктің табалдырығын да аттай алмадық. Себебі бір адамға қызмет көрсетудің өзіне 20-30 минут уақыт кетеді. Сонда күніне 20 шақты тұрғынға ғана қызмет көрсетіп үлгеретін басқарманың бұл ісіне біреулердің  көңілдері толмай шағым да айтып жатты. Салымыз суға кетіп, кері қайттық.

Екінші  күні тоғыздан өте-ақ басқарманың алдына келсек кешегідей кезек күткен көптің санында шек жоқ. Біз де кезекке тұрдық. Жан-жағымыздағы ақпараттар мен хабарландыруларға көз салсақ екі тілде қатар жазылған екен. Мұнда тұрған халықтың 80 пайыздайы – қазақ. Бірақ бәрі орыс тілінде шүлдірлесіп тұр. Алпысты арқалаған бір апамыз  немересіне қазақша сөйлесе немересі жауапты орысша қайырады. Мен шыдай алмай: «Апа, немереңіз қазақша білмей ме? Сізге неге орысша жауап қайырып тұр?» дедім, «Әй, қызым-ау, қазіргілердің не істегісі келсе өз еркі ғой. Әке-шешесі орысша оқытқан соң ол қайдан қазақша сөйлей қойсын? Әрине, қазақша түсінеді, біледі. Бірақ аса икемі жоқ. Бұларды кінәлауға болмайды ғой», – деді. Мына сөзді естеген менің көңілімде «Сонда кімді кінәлайды екенбіз?»  деген сауал көлденең тұра қалды.

Өйтіп-бүйтіп кезегіміз де келді-ау. Екінші кабинетте отырған қыз кірген бетте «Здравствуйте» деп  орысша қарсы алғып,  ары қарай да әңгімесін  сол тілде жалғастыра  берді. Менің журналист екенімнен хабарсыз. Құжаттарымды тапсырған соң маған өтініш жазуға тура келді. «Өтінішті қай тілде жазасыз?» деді. «Әрине, қазақша» дедім. Орнынан  тұрып,  қазақша нұсқадағы өтінішті алдыма әкелді. Мұнан соң ол  өзім талап еткендіктен менімен қазақша сөйлесті. Өтінішке көз салсам орыс тілінен тікелей аударылған  сөздерден  көз сүрінеді. Ал орысшасы мінсіз. Сонда деймін-ау, мұнда отырған мамандар  мен аудармашылар қазақ тілінің заңдылығына аса мән бермегені ме? Орфографиялық қате де кездеседі. Мысалы, «Қапалбековқа» емес «Қапалбековке» деген қарапайым сөз екенін білмей ме? Өтінішімізді жазып болып, көкейдегі сауалдарға жауап алу мақсатында  басқарма бастығы Ұлықбек Нағашыбекұлымен тілдескенді жөн көрдік.

Ол кісімен кездескенімізде былай деді:

– 2007 жылдан бастап біздегі барлық құжаттар қазақ тіліне көшірілді. Әділет министрлігімен, басқа да мемлекеттік органдармен хат алмасу қазақ тілінде жүреді. Сонымен қатар бізге келген жеке тұлғалар қай тілде сөйлессе біздің қызметкерлер сол тілде жауап береді.

Осы тұста бізге қызмет көрсеткен қыздың орысша сөйлеп, өтінішімізге орай қазақша жауап бергенін айта кеттік.

– Иә, солай болуы мүмкін. Үлгілердің екі тілдегі нұсқаларын қоямыз. Бірақ мұнда келгендердің 80 пайызы орыс тілінде сөйлеп, орысша құжат толтырғанды ыңғайлы көреді, тіпті келіп түскен хаттардың көбісі ресми тілде. Сондықтан біз оларға хат жазғанда ресми тілде жауап береміз. Бұл біздің міндетіміз. Егер қазақша жазсақ ренжіп те жатады. Осы жерде айта кететін жайт, біздің қазақ  жастарында болсын, аға буын өкілдерінде болсын ұлтжандылық сезімі әлі де жетіспейді. Мысалы кейбір ағаларымыз келгенде «Ассалаумағалейкум» деп амандассаң, «Как дела?» дейді. Ағаларымыз осылай болғаннан кейін  жастар қандай болмақ? Бәріміз қазақпыз, сондықтан жүрегіміз қазақ деп соғуы керек.

Сондай-ақ мұнда келетіндердің дені  қазақ, қазақ тілін біледі, түсінеді, бірақ орысша қызмет көрсеткенді жөн санайды. Олар үшін құжаттарды орысша толтыру жылдам әрі жеңіл. Сондай кезде 100 адамның 90-ы орысша сөйлесе қызметкерлер амал жоқ  орысша сөйлейді. Әрине, қызметкерлеріміздің көбі қазақ болғанымен орысша оқығаны бар, орысша ортада өскендері бар. Бірақ олар бүгінде арнайы қазақ тілінің сабақтарына қатысып, білімдерін жетілдіруде, – деп мән-жаймен қанық етті. Кезек мәселесі жақында шешімін таппақ екен. Ауданда осы уақытқа дейін болмаған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылмақ.

Басшының кабинетінен шығып келе жатқанымызда төлқұжатын жөндетуге келген ағамыздың сөзін құлағымыз шалды. Шамасы, елуді еңсерген ел ағасы-ау, «Сәлеметсіз бе?» деп жарқын амандасқан ағамыз ары қарай сөзін орыс тілінде жалғастырды. Жезқазған қаласының азаматы екен. Ол кісінің бұл қылығы  көңілге кірбің түсірді. Сыртқа шықсақ, бастық айтса айтқандай-ақ кезекте тұрғандардың 90 пайызы қазақ, бәрі де  ресми тілмен тіл қатысып, мәре-сәре болып тұр. Иә, «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп Елбасымыз елге жар салса да сол қағида іске аспай жатыр.  Осы кезде қырық жыл қырғында қайыспаған қазақтың намысы мен жігері қайда кеткен деп ойлайсың. Кейде анау маған қазақша сөйлемеді, мынау маған орысша сөйледі деп шыр-пыр боламыз. Бірақ өз кінәмізді білмейміз. Егер де бір мекемеге барып, қазақша талап етсең оның орындалатынына біз осы  басқармада болғанда  көз жеткіздік. Сондықтан ең алдымен бәрін де өзімізден бастағанымыз жөн болар.

 

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

4669 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы