• Тіл
  • 22 Ақпан, 2009

«Шала қазақтар» шаршатты

КТК телеарнасынан «Қызық радиосы» деген бағдарламаның жүргеніне біраз болды.  «Қызық радиосының» әзілдеріне, сюжеттеріне жоламай-ақ қоялық. Онда «КВН», «Жайдарман клаб» тағы басқалардың да «басын қатыруға» тура келеді. Ұлттық юмор деген түстеріне кірмейтін олар әзірше «Макс Маратты сүйеді» деген дегеннен аса алар емес. Әңгіменің әлқиссасын ұрпақтың санасын уландырудың идесын жүзге асырып жатқан «Шала қазақтардан» бастасақ. «Шала қазақтар» – «Қызық радиосының» айдары. Осы айдарды  жүргізетін Нұртас Адамбаев пен  Дәуіт Шайхисламов қазақ тілін мазақ етіп болды. «Шала қазақтар» әдісімен қазақ тілін меңгеру деген не масқара? Здраствуйте, Ассалаумағалейкум казахстандыктар! деп басталатын екеудің әңгімесі қазақша-орысша сөздікте ұласады. Бәтеңке-ботинки, тарақан  - таракан, булка – бөлке, газет – газета, ақшақар – деньги и снег, тәпішке- тапочки, милиса – милиция, өтек-утюг» деп жүйкені жұқартып бітті.  Онымен қоймай қазақша  кісі есімдерін да масқаралауға көшті. «Үмбет Тұралиева – Ума Турман...», –деп күліп риза болады. Сонда Үмбеттің ата-бабасы перзентінің атын айдаладағы Даут пен Нуртас Абаевич секілді шала қазақтар еріккенде ермек қылсын деп емес, пайғамбардың үмбеті мұсылман болсын деп қойған шығар. Ең сорақысы сол, «шала қазақтар»  Қаракерей Қабанбай батырды тыныш жатқызбауға айналды. Қабанбайдың шын есімі Ерасыл екенін исі  қазақтың бәрі біледі. Ал мына екеуі «Ерасыл – Ярослав» деп мәз болысады. Сонда ойыңызға «мына бейбақтар  «тәпішкені» «тапочкидан» жасап алғандары секілді Ерасылды қазақтар Ярославтан «аударып» алған деуден тайынар емес қой» деп айтуын олар айтқанмен ұялуы сіз бұйырады.   «Известный поэт» Нұртас Адамбаев «сегіз қырлы бір сырлының нақ өзі» болып шықты, заманауи мақал-мәтелчик. Енді оның қиыннан қиыстырып шығарған төл мақал-мәтелдерінің сиқына көз жүгіртіңіз: «Далада сұп-суық болса шалбардың ішінен трико киіп ал», «Ағаң боксер болса, мектепте құтырып жүрсең болады», «Ит тістеп алса мысықпен ойна», «Достарыңмен саунаға кетсең, тренировкаға кеттім дей сал», – деген күлкіңді шақырмақ түгілі жыныңды келтіретін сөйлемдермен мезі етеді. Онысы былай тұсын,  «Қазақша білмесең «я это в Петропавлске вырос» дей сал» деп салмасы бар ма? Петропавелдің атын Қызылжар деп қазақшалай алмай жүрсек, ана тілін білмегендерге «ақталудың» оңай жолын көрсетіп  отырғанын қайтерсіз. «Туған тілін білмейтін қазақтарға осы хабарымыз арқылы  ана тілін құрметтеуді үйретеміз» деген әу бастағы уәделерін өздері ұмытқан сыңайлы.  Сөздерінің соңында «Курметты балдар мен кыздар жане олардың атаналары! Быздын изучение казахского языка методом «Шала қазақтар» в конец кетып баратыр. Казак тілін окыныздар. Ойткені бүгин онсыз нереально. Сыздермен болған Даут(анығы Дәуіт қой) и Нуртас Абаевич. Иооо... (қай тілде болса да я «көріскенше» дегені шығар, әйтеуір репперлердің қолапайсыз қимылымен олар қимай,  біз әупірімдеп қоштасамыз..)» деп аяқтайды. «Шала қазақтардың» тұрақты көрермендері де тура солай сөйлеп соларша түсінетін шала қазақтар.  Оны интернеттегі қызық радиосының мекенжайындағы «Шала қазақтарға» білдірген мына пікірлерден көруге болады: «Nurtas: по-моему получается прикольно. Асель: Очень даже :-) Почему в субботу не было? Nurtas: это была не наша вина..... звукорежиссер лажанул :(((( больше таких косяков не будет :)))) ALUA:Мне очень понравилось!!!Я в восторге от ШАЛА-КАЗАХОВ!!!Guys, u are cool!I wish u good luck!  Баур: «Шала казахтар» на другом канале? Возможно ли это? Роза: Мне тоже интересно...

            КТК телеарнасына хабарласқанымызда олар бұл хабардың баяғыда жабылғанын, қазір қайталау  жүріп жатқанын айтты. Тіпті бағдарламаның редакторының да, оны  жүргізген жігіттердің де телефондарын  ешкім білмейтін болып шықты. «Сонда баяғыда  бітіп кеткен хабарды қайталап көрсету кімге қажет болды? Оларға эфирде қазақ тіліне қасақана қастандық жасатып, орысшасымен ойнақ салғызып отырған кімдер?» деген сауалдар санадан саңылау тапты. Өкінішітісі сол, туған тілін табанға таптап, өз әкесінің ұлы атануға  («Нуртас Абаевич?!») «намыстанатын» қазақ жігіттерінің қаншама өз қандастарын қағынан жерінуіне мәжбүр еткендігі...

 

 Динара СЕРІКҚЫЗЫ

4940 рет

көрсетілді

43

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы