• Ақпарат
  • 22 Ақпан, 2009

«Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмай тұр

Теледидардағы қисық қылжақ пен түрпі тіл

 Жақында бір сұхбат барысында көкейде жүрген бір күдіктің растығына көзіміз жетті: Қазақтар тәуелсіздік алдық деп шуылдап жүрген 17 жыл ішінде жасы 16-17-лердегі орысша сөйлейтін қазақ жастары Кеңес Одағы кезіндегіге қарағанда әлдеқайда көбейіп, қазақтардың 60 пайызы орыстілділерге айналыпты. Бәсе, осы күні көшеде 14-18 жас аралығындағы қыз-жігіттердің қазақша сөйлесіп бара жатқандарын өте сирек көретін едік-ау дестік. Бұл да кейбіреулер тәуелсіздік, азаттық деуге қорқып әдейі енгізген егемендіктің  «пайдасының» түрі. Біз қазір жыл санап емес, ай санап, күн санап ана тілімізден алыстап барамыз. Оған 17 жыл ішінде бірде-бір облыста іс қағаздары толық қазақ тіліне көшірілмегені, Қазақстандағы телеарналар негізінен орысша хабарлар беретіні-ақ дәлел бола алады. Бүгінде қазақты, әсіресе жастарды қазақшаға үйретудің басты құралы ешқандай әдістеме де, ешқандай сөздік те, іс қағаздарын қазақшалау туралы өтірік-уағда да емес ең алдымен бүкіл телеарнаны қазақшалау, сосын қардай бораған орысша газет-журналдарды тоқтату екенін өмір әлдеқашан дәлелдеп берді. Орыстар ЕврАзЭс келісім-шартына газет-журналдарды, телевизия мен радио хабарларын емін-еркін тарату туралы 6-7-ші бап енгізді. Оны енгізген де орыстар. Соның нәтижесінде қазір телеарналарымыз қазақша хабарларға түн ортасы ауғасын барып кезек береді. Онда да қазақтардың көретіні той-томалақ, не өзінде, не сөзінде мән-мағына жоқ әндер, бауырсақ пісіріп, ет жеп, шәй ішіп жатқан мәз-мәйрам ауыл адамдары. Сосын ара-тұра білегіне бүркіт қондырып, аң аулауға кетіп бара жатқан салт атты қарт немесе тұскиіз, сырмақ бастырып отырған кемпір-сампыр. Теледидардағылар мұны ұлттық үрдістерімізді үлгілеу, насихаттау деп түсіндіреді. Яғни, қазақтың тәуелсіздік алғандығының бір дәлелі осы-мыс. Олар ешбір дәстүр, үрдіс өз елінде бұлай насихатталмайтынын да білмейтін сияқты. Әдетте жұрт біле бермейтін, алыс бір аралда немесе өзге құрлықтың адамы аяғы  баспаған бір түкпірінде тұратын беймәлімдеу халықтардың тұрмыс-салты туралы осылай көрсетілуі заңды. Ал қазақтар мұндай салт-дәстүрді өз елінде, өз жерінде  экзотика ретінде бұлайша көрсетуі сөкет. Шын тәуелсіздік алған  азат ұлт әубастан салт-дәстүріне, ұлттық мәдениетіне мысқалдай селкеу түсірмей замана талабына сай жетілдіруге кіріседі. Біз Ата Заңымызды да, басқа заңдарды да күні кеше өзімізді отарлап келген елдің Конституциясына негіздеп жазып шықтық. Бұған да біздің кейбір орысқұмар, еуроқұмар саясатшысымақтарымыздың көрләттігі, яғни, көрсоқырлығы себеп болды. Ал мына заманда өз елімізде тілімізді, салт-дәстүрімізді көркейтудің ең басты құралы телеарналарымыздың мынадай күй кешуіне түп-түгел сол саяси көрләттардың кесірі тиіп отыр. Мұны осы күнгі бір ақын:

Алшаңдап басып, ақылсыз, арсыз кіл кердең,

Жәдігөйлері жан-тәнін жалдап күн көрген

жұртыма қарап, жабырқау сырды төгем кеп

Есі бар адам еңіреп тыңдар жыр-шермен, – депті. Есі бар қазақ еңіреп тыңдайтын сол шындықты «КТК» телеарнасындағы  «Қызық радиосы» деп аталатын сайқымазақ көрсетілімнен көрген сайын өз басым мына қорлықтан жүрегім аузыма тығылады. Әсіресе, өздерінше  «шалақазақ» болып, немесе қазақ тілін үйреткен болып қазақ тілін мазақ қып отыратын екі жігіттің сөйлеген сөздерін тыңдаған сайын жаның түршігеді. Бұл екеуінің  бірі Нұртас Адамбаев деген. Екі жігіт қосылып алып ящиктің қазақшасы – жәшік, гитара – гитар, үй алам, ұялам деп тілімізді  мазақ қып, әсіресе, осы Нұртас деген жігіт тістерін ақсита көрсетіп, бет-аузын қисаңдатып отырғанын көргенде жүрегің айниды. Бұл бағдарлама кімнің идеясымен жасалғанын біз білмейміз, бірақ олар сол жерде шала қазақтарды емес, қазақ тілін мазақтап отыр деуге әбден болады. Ал осындағы тағы бір-екі жігіттің бірі қасындағыдан  «нешедесің?» деп сұрайды. Ол жиырмадамын дейді. Біріншісі: «Сен осыдан екі жыл бұрын жиырмада едің ғой» – десе, анау «мен қазақпын, қазақ сөзінде тұрады» деп күлдірмек болады. Бұл біріншіден Қожа Насыр туралы ел аузында баяғыдан айтылып жүрген қағытпа. Яғни, оның мына түрі ұрлық. Екіншіден, қазақ деген бүкіл бір ұлтты бұлайша келекеге айналдыратындай кімнің әкесінің құны бар? Кезінде телеарналарға байланысты 50+50 деген босбелбеу заңды орындамады деп «КТК» арнасымен соттасып та көргенбіз. Ол кезде бұл арнаны қазекеңдер ит арқасы қияндағы бір кішкентай мемлекеттің азаматы Клещенков деген ұлты белгісіз біреуге басқартып қойды. Ал бүгін қазақ келгендегі түрі мынау. Жалпы,  «КТК» арнасындағы осы  «Қызық радиосы» деп аталатын сайқымазақтың бүгінгі кәріге де, жасқа да түк қажеті жоқ сияқты. Бұл әзіл-қалжың да, ойын-сауық та емес, қылжақбастық қана. Иә, адамның ішкі-жан дүниесіндегі, ой-санасындағы мәдениеттілік пен мәдениетсіздікті оның

 

Сөйлеген сөзінен-ақ аңғара аласың

 

дейді білетіндер. Сол рас екен. Әйтпесе, өзі мәдениетті адам табиғат-анамызды «Жабайы табиғат» деп орысша «Дикая природадан» аудара салмайды. Соны «жабайы» дегеннен гөрі «тұмса табиғат», «тылсым табиғат», «жұмбағы мол жаратылыс» деп немесе қазақтың қазыналы тілінен басқа да талай атауларды табуға болар еді. Одан әрі  «Алматы» телеарнасының  ана тілімізді қалай титықтатуға кіріскенін тыңдаңыз: «Жабайы табиғатта олардың 25000-ы қалды», «Мешін уақытының 25%-ын сергек қозғалыста өткізеді», «Олардың тағамының 70%-ын жемістер құрайды», «Оның ұрғашыларының шағылысу мүмкіндігін жоққа шығаруы мүмкін». Бұл сөлекет сөйлемдер «Алматы» телеарнасындағылардың бір ғана көрсетілімде 10-15 минутта айтқандары. Біз тек осы 3-4-ін ғана түртіп алдық. Егер нағыз надан болмаса, көзі ашық адам  «сергек қозғалыста» дегенді «еш тынымсыз өткізеді», «тыным көрмейді», «дедектейді де жүреді» деп,  «жемістер құрайды» демей,  «қорегінің 70%-ы жеміс-жидек екен», «ұрғашыларының шағылысу мүмкіндігін жоққа шығару» дегеннің орнына  «ұрғашыларының буаз болуына кедергі келтіруі», «ұрғашыларының қысыр қалуы мүмкін», «қашпай қалуына себеп болуы мүмкін» дер еді. Бұлайша  сөз саптау қазақтың миына сіңіріліп, оны сақау ұлтқа айналдыруда деуімізге негіз де жоқ емес. Сынықтан өзгенің бәрі жұғады демекші, қазір кейбір жазарман журналистеріміз, яғни, газетте жұмыс істейтіндердің өзі теледидардағы  «танытуда», «ой бөлісті» пәленбай пайызын құрайды немесе пәленбай теңге  «құрайды» деген сияқты аурушаң сөздерді қолданатын болып барады. Олар бұл сөздер өздерінің миына, құлағына теледидар, радио арқылы білдірмей сіңіріліп жатқанын өздері де байқамай қалғандар. Әйтпесе, тәп-тәуір мақалалар жазып, көзге түсіп келе жатқан Гүлзина Бектасова қарындасымыз әп-әдемі материалының ішіне  «Русское радио – Қазақстанның»  мақсаты да – Ресей әншілерінің жаңалығымен бөлісу» деген  «жаңалық»  ашпас еді. Қазақ болсын, басқа ұлт болсын мейлі жаңалық бөліседі дегенін қай заманда, қай ұлттан естігеніңіз бар? Сол сияқты Динара қарындасымыздың  «Тұрғын үй» бағдарламасы әрі қарай жалғасын таба бере ме?» деген сауалы ше? Екі мысал да  «Түркістан» газетінен алынып отыр. Бағдарлама жалғасын  іздейтін жанды зат емес, бағдарлама хатқа түскен жазу ғана. Әнебір жылдары баспасөзден де, теледидардан да қақсап-қақылдап жүріп орысша «ожидаетсядан» тәржімалана салған «деп күтілуде» деген дімкәс сөзді шаққа қойдырып едік, енді  «ой бөлісті», «пікір бөлісті», «жалғасын табуда, тапты», «қызығушылық танытты» (проявил интерестің сөзбе-сөз аудармасы) деген сияқты орыстардың  «аузынан түсіп қалғандай» айнымайтын сөздер шықты. Оны да қазақшаға әкеп қойыртпақтатып жүргендер теледидардағы басы ауырмастар. Жақында филология ғылымдарының кандидаты деген әжептәуір атағы бар, «Айтыстың» белгілі төрешісінің бірі Серікбай Қосанның мақаласынан мынадай сөйлем оқыдым: «Белгілі болғандай, Жүсіпбек алғашқы басылымдағы эпостың қара сөзбен баяндалатын тұстарын  көбінше (?) жырға айналдырып, өлеңмен өзінше өңдегенін көреміз». («Ана тілі» 18.12.2008). Құдай куә, ғылым кандидатының «көбінше жырға айналдырып» дегеніне өзімді-өзім қинап көндірсем де  «белгілі болғандайына» қайта-қайта еріксіз көзім түскен сайын «мынаған не болған» дегеннен өзге сөз түспеді аузыма. «Белгілі болғандай», «бұрында айтқанымыздай», «атап көрсетілгеніндей» деген сияқты орыстың аузынан жерге түсірмей қағып алған сөздерді көбіне тілі орысша шыққан шонжарлардан естігенбіз. Ал бүгінде  «құлан өтпес, құс ұшпас» Аралдың арғы бетіндегі Ақбастыдан шыққан Серікбайға бұл дерт қайдан жұқты?  «Оқу орындары саңырауқұлақтай қаптап кетті» деген де орысшадан ойланбай алына салынған сөз. Өйткені, саңырауқұлақ тек орманды жерде, әрі жаңбырдан соң қаптап кетеді. Ал орыстікіндей мүлгіген орманы жоқ, көпшілігін шөл және шөлейт аймақтар алып жатқан қазақ жерінде саңырауқұлақтың орнына шегірткедей, құмырсқадай қаптаған десек орыстан айрылып қаламыз ба? «Білім беруге жұмсалатын шығыстар (?) 1991 жылы жалпы ішкі өнімнің 6,5 пайызы құраса...» деген ше? Қазақта  «шығыстар» деген сөз бар ма өзі? Кіріс пен бірге шығыс деген де ара-тұра қолданылып жүр. Оны да шығыстар деп жаңалық ашпай-ақ «шығын», «жұмсалған қаржы» десе жетіп жатыр. Осы сөйлемді өзін қазақпын деп есептейтін, сәл де болса ойланып сөйлеу қабілеті бар пенде  «6,5 пайызын құраса» деп (орысша «составил») өзін де, өзгені де қинамай-ақ «1991 жылы жалпы өнімнің 6,5 пайызы білім беруге жұмсалды» дер еді-ау...

Бұның бәрін келтіріп отырған себебіміз телеарналарда қазақ тілінің кісі шошырлық кейбір сөз сырқаттары енді жазба-журналистерге, яки, баспасөзге де жұғып, ауыз сала бастағанын ескерту. Қазір қазақтар  «былтырғы жылы», «биылғы жыл» дегенді  «тауып» алды. «Былтырға» да, «биылға» да жыл дегенді қосып айту нағыз ойланбай сөйлейтін адамның қылуасы. Ал «биыл» дегеніңіз – «бұ йыл», яғни  «бұ жыл», «бұл жыл», «осы жыл», оған тағы бір  «жылды» қосу ұят.

Айта берсең, қазақша телеарна журналистерінің тіліндегі сақаулықтың  ұлттың ұлттығына келтірер залалы өлшеусіз көп. Олардың бұл қылықтарын өз ұлтын, оның тілін, сөйлеу мәнерін

 

Құрметтемеу және Бүлдіргі әрекет

 

деп қарауға болатын сияқты. Әйтпесе, «Рахат» телеарнасындағы Махаббат Нұрымбетқызы деген азаматшаның  «... жүзеге асыру бойынша ойларымен бөлісті» (20.12.2008) дегенін осындағы енді бір журналистің, «Құсман Шалабаев демеушілік танытып, игі бастама көтерді» дегенін өзін де, ұлтын да сыйламау демегенде не дейсіз? Құдай-ау, «... жүзеге асыру»ды ақылдасты (ойласты, кеңесті) немесе «... демеуші болды», «демеушілік көрсетті», «қолдау көрсетті (жасады)» ... демеп жіберді» деуге болатын еді ғой». Осы күні кейбіреулер мәдениетті болып көрінемін деп туу, туған, қатын деген сөздерді айтуға ұялып туылған, әйел, ханымдар дегенді шығарып алды. Бірақ  «ханымның» күйеуін  «хан» деуге аузы бармайды. Сол сияқты, «Астана» телеарнасының журналисі «Бала босанып, демалысқа шыққан ананың жалақысын көбейту» дегенін де естідік. Қазақ тілінде «балалы болды», «бала туды» деген бар, бірақ «бала босанды» дегенді «Астана» арнасы (11.12.08) әлде білместікпен, әлде тілімізді бүлдіру үшін пайдаланып отыр. Осы арнаның журналисі «Ақтөбе ферро-қорыту зауыты» деді. Бұл «Актюбинский завод ферросплавов»тың «астанаша» тәржімаланған түрі. Орта мектеп бітірген адам  феррум дегеніміз Менделеев кестесінде темір екенін білуге міндетті. Ендеше, бұл жерде темір құрамында әртүрлі қоспалар бар ма жоқ па, оған қарамай-ақ темір қорыту зауыты деуі керек-ті. Шайтан азғырса қайтесің, қазақ тележурналистері хабар жүргізіп тұрып көп жағдайда өзінің не сөйлеп тұрғанына өте жауапсыз.  «Хабар» арнасындағы  Асқар Серғалиев деген жігітке түйенің бе, әлде өгіздің бе, әйтеуір мұрындық сөзі ұнап қалған сияқты. Оның  «Қазақстан діни басқармасының мұрындық болуымен» дегені  мұрындық сөзін қыстыратын не түйе, не сиыр таппай оны діни басқарманың тұмсығына тыққыштағандай көрінеді екен.

Тағы да «КТК»ға бір оралайық. «Биылғы жыл  «Қазақфильм» үшін қанжығасы майланған жыл болды». Қазақ  «қанжығасы майланды», дегенді аңнан олжалы оралған аңшыға,  Арал жағында «жылым майлап қалыпты» деп балықшыларға айтады. Ал «Қазақфильм?» Рас, «Көшпенділер» деген фильм түсіреміз деп мұндағылар шетелдік ойынпаздардың (актердің) қанжығасын майлап, әмиянын ақшаға толтырып жіберді. Олар кейбір қыз-қырқындарымыздың да рахатын көрді деп жүргендер бар. Жекелеген басшылар олжаның астында қалғаны да рас. Қалай десеңіз де  «қанжығасы майланды» сөзі  «Қазақфильмге» келіңкіремейді. Ал, «Астана» телеарнасындағылардың  «Мұндай мүлік көлемі 120 шаршы метрден аспайтын адамдарға ғана беріледі» деген «сөзін»  (22.12.08)  Астана мен оның айналасында тұратындар болмаса басқа қазақ түсіне қоюы екіталай.

Енді  «Хабар»ға келейік. Мұндағы жүгіртпе жолдардан «Қарақалпақстанда жасы 128-ге келген ғаламшарымыздың ең қарт тұрғыны тұрады»  дегенді оқып, біздің Жер ғаламшары Абай мен Жамбылдан да кіші, оларға іні болуға жарарлықтай екен дерсің. (18.12.08). Ойланбай сөйлеу деген осы ағайын! «Бүгін белгілі болғанындай бұл ойынға ... қатыспайды» (20.12.08), «Қазақстан халқының саны 14 млн. 953 адамды құрайды» дегендегі құрып кеткір «белгілі болғанындай», «... адамды құрайды» деген орысша «киіммен» келген сөздерден құтылудың орнына,  «Хабар» бұл өнерді өршітіп барады. Мұндағы қазақшаның Бас продюсерінен бастап ұсақ-түйек басшыларына дейін, айтылған сөзге, сын-ескертпеге жауап бермейді. Оларға, сірә, әй дейтін әже, қой дейтін қожа Қазақстанда жоқ шығар!

«Қазақстан» телеарнасының  «Ұлттық арна» деген аты бар, бірақ заты қай ұлттікі екенін біз білмейміз. Ал олардың сәбилерімізге көрсетіп жатқан мультфильмдерінің мынадай аудармасы қазір – сәби, ертең – елге тұтқа ұрпағымыздың қазақшасын

 

Адам түсінбес бір тілге айналдыру

 

деуге аузың бармаса да амалсыз айтасың. Өзіңіз тыңдап көріңізші: «Бұл туралы ешкімге!», «Мұнда не шешіп қойдыңдар?», «Оларға таңдау құқығын бересің бе?», «О, құдай! Тек бұл емес!», «Жаңа күрт-е-е!». Бұл  «Қазақстан» арнасынан 14-ші қараша күні  (2008) көрсетілген мультфильмнің 10-15 минутында айтылған сөздер. Сөздер емес баланың миын ашыту десе де болады. Бұлардың біріншісі – «Об этом никому!»дың, екіншісі: «Что вы тут решили!», үшіншісі  «Ты, дашь ему право на выбор?»дың, төртіншісі «О, Боже! Только не этого!»ның қазақтан туған балалары». Ал осыны ұрпақтың тілін, санасын былғап, бүлдіру емес дей аласыз ба? Және бұл фильмдердің дыбысталуының өзі қандай жиренішті десеңізші. Тіпті, қазақ сәбилерінің даусының өзі бір сұмпайы естіледі. Олар «л» дыбысын айтқанда орысшаға бейімдеп, әдейі тілінің ұшын үстіңгі тістерінен шығарып, тілінің ортасын таңдайына жалпита төсеп тастайды. Не тілін бұрап, дыбыстарды орынсыз созып, ырғақты бұзып сөйлейді. Адам баласы сөйлегенде оның не ренжіп, не қуанып, не бірнәрсе сұрап, не ұрсып тұрғанын аңғару оп-оңай. Ал осы қазақ мультфильмдеріндегілердің де, балаларға арналған «Еркетайдағылардың» да ұдайы бір үнмен, бір ырғақпен сөйлегенінен ондай сезім күйлерін аңғара алмайсың. Әңгімелесіп не бірнәрсені баяндап тұрған адамның дауысы оның жүрегінің жазбасы – жүрекнамасы, яғни, кардиограммасы сипатты. Біздің мультфильмдерде де, теледидар арқылы балаларға берілетін хабарларда да ол атымен жоқ.

Алаштың, кешегі «Алашорданың» азулы арысының бірі Халел Досмұхаметов тіл ғылымына көп еңбек сіңірген біртуар азамат болған. Ол «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» деген еңбегінде:

«Біз қазақтар өз тілімізде сөйлеп тұрғанда одан өзіміз ләззат алып, рахаттанып тұруымыз керек. Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге ыңғайлап алу керек». Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер-дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады. Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалпымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұл жолда жүрген адамдар орасан зиян келтіреді.

Жат сөздерді өзгертпейінше жүргіземіз деп қазақтың тілін бұрағандар да, «мәдениетке үйретеміз, өнер шашамыз» деп арақ пен шылым, жұқпалы ауру таратқандар да бір есеп, – депті.

Өз басым «Шыңғыс хан» фильмінің қытайлық бауырлар тәржімалаған алғашқы нұсқасын көргенде дәл осындай күй кештім. Ал осы фильмнің «Хабар» арнасынан шыққан аудармасы (ауд. Қ.Ысқақов.) оған қарағанда тым жылтырлау, тым әдебилеу, яғни, табиғилықтан алшақтау екен деп қалдым.

Иә, адам, әсіресе журналист, жазушы адам жақсы, түсінікті, мәдениетті сөйлей білуі үшін, әуелі оның ойы жақсы, ойы түсінікті, ойы мәдениетті болу керек. Демек, өз тілінде таза, жақсы, мәдениетті, бай тілде сөйлей алмайтын адамдардың жан дүниесінде, ойында, пиғылында мәдениет жоқ деген сөз. Сондықтан, ана тілімізді әр тілдің аударма былғанышына айналдырмай, ұрпақтан ұрпаққа саф, көркем күйінде жеткізіп отыруды басты парызымыздың бірі деп білейік.

 

4650 рет

көрсетілді

20

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы