• Мәдениет
  • 07 Қаңтар, 2016

Тамғалы тас

Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайында «Тамғалы петроглифтері» фотокөрмесі ашылды. Тамғалы петроглифтері – Жетісудың тасқа салу өнерінің ең ежелгі әрі көрнекті ескерткіштерінің бірі екені белгілі. Тамғалы шатқалында орналасқан көне жартастар 900 гектарға жуық аумақты алып жатыр. Бес мыңнан астам жартастарға салынған суреттердің әрқайсысы тарихтан сыр шертетін аса құнды мұра 2004 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне еніп, қорғауға алынған. Осы тұрғыдан қарағанда аталмыш көрменің маңызы зор.

Фотокөрмеге Тамғалы ескерткіш­терінің суреттерімен қатар мұражай­дың ғылыми қызметкері, РhD докторы Саид Ғалымжановтың «Таңбалы» атты үш тілде жазылған еңбегінің таныстырылымы болды. Ғалым бұл аумақты зерттей келе, әлі де талай сыры ашылмаған құнды дүниелер бар екенін айтты. Өткен жылдың қаңтар айында басталған зерттеу жұмыстарының ерекшелігі, Тамғалы ескерткіштері алғаш рет амфитеатр ретінде, мәдени құндылық болып зерттелген. Сонымен бірге тасқа қашалған ескерткіштерді жас ұрпаққа таныстыру жағы кемшін түсіп жатқанын тілге тиек етті. Расында, бұл тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың баға жетпес мұрасы. Тамғалы тастарды кеңінен насихаттау отандық туризмді де дамытуымызға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, б.з.д. ХIII-ХIV ға­сырдың ортасынан бастап ХІХ-ХХ ғасырларға дейінгі аралықты қамтып жатқан жүзге тарта ескерткіштерде, мұндағы ежелгі тас қашау орындарымен, жартас суреттері, сондай-ақ ғұ­рыптық құрылыстар да бейнеленген. Тағы бір айта кетерлігі, Тамғалы шатқалының аумағында жүзден астам әртүрлі уақыттағы археологиялық ескерткіштер орналасқан. Атап айтқанда, қола дәуірінен біздің заманымызға дейінгі XIV-XIII ға­сырдың ортасынан XIX-XX ғасырлар аралығын қамтыған қоныстар, молалар, ертедегі тас қашалған орындар, жартас суреттері (петроглифтер) және табыну ғимараттары (құрбан шалынатын жерлер) орналасқан. Олардың бәрі бірігіп үш мың жыл бойы біздің еліміздегі ертедегі және қазіргі кездегі көптеген халықтардың тарихын нақтылы көрсететін археологиялық кешен болып табылады. Жартас суреттері белгілі бір бағытта орналасқан жазықтық бетіне ойып жазылған. Аң­ғардағы археологиялық әрбір ландшафты жартастарының алдында қола дәуірінің барлық суреттері күр­делі композицияларға дәйектеліп біріге орналасқан және бір мезгілде көрінетін орындары бар. Тамғалы жартас суреттер жиынтығы қола дәуіріндегі тайпалардың ертедегі мифологиясы негізінде көркем хикаяны нақтылы түрде анықтап көрсетеді. Қола дәуіріндегі Тамғалының көптеген жартас суреттері Орталық Азияның жартастағы өнеріндегі бірегейі деп саналады. Мәселен, Астананың символына айналған мәуелі бәйтерек б.з.д XII-X ғасырлардағы қола дәуірі кезінде Таңбалыдағы жартасқа са­лынған құнды жәдігерлердің бірі. Шатқалдағы мәуелі бәйтерек суреті сол кездің өзінде-ақ құндылығы жоғары болғандығы анық. Ал тасқа бейнеленген петроглиф­тердің бейнелеріне келсек, ежелгі құдайларды бейнелеген дөңгелек, тамға, дұға жазбалары, түйелер бейнесі көздің жауын алады. Бейне бір шебердің қолынан шыққан туынды іспеттес. Тамғалы шатқалы ежелден әулие жер деп саналып, онда салттық рәсімдер жүргізілген. Ежелгі заманның салт-дәстүрі мен мәдениетін ең әуелі осы тасқа қашалған жазулардан білетініміз анық. Мәселен, аң аулау сәті, адам өміріндегі құрбанды шалу рәсімі, салттық-жоралғылық билер. Ежелгі шеберлер тас заттарын тегістігіне қарай қолдануда, Күнге қарай төзімділігін үнемі ескеріп жүрген. Күн сәулесінің түсуі тәулікке қарай жылжып, суреттер түрлі-түсті болып көрінген. Петроглифтердің орналасуының өзі ғажап. Бірнеше сурет көруге мүмкіндік бар. Алқап бойында шатқалды бірнеше суреттерін топтасқан түрде көріп, күрделі композицияларға біріктірілгенін аңғаруға болады. Жиылған жұрт фотокөрме барысында Тамғалы тас­тар­дың тарихы мен сырына қанық болды.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

7837 рет

көрсетілді

166

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №54

05 Ақпан, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы