- Мәдениет
- 07 Қаңтар, 2016
Рио-де-Жанейро Олимпиадасы қыр астында...
Биыл 5 - 21 тамыз күндері Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында кезекті ХХХІ жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Олимпиада ойындары өз тарихында тұңғыш рет Оңтүстік Америка құрылығында өткелі жатыр.
Төрт жылда бір рет өтетін жаһандық спорт бәсекесі әрбір тәуелсіз мемлекеттің беделі мен әлеуетін көрсету үшін де маңызды екені анық. Осы уақытқа дейін Қазақстан спортшылары биылғы олимпиада ойындарының 43 жолдамасын еншілеп үлгерді. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында өтетін іріктеу жарыстарында ел спортшылары әлі де біраз жолдама алады деген сенім мол. Спортшыларымыз әзірге спорттың 10 түрінен 43 жолдамаға иелік етті. Таяуда АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлем біріншілігінің қорытындысынан кейін зілтеміршілеріміз 10 жолдамаға ие болды. Қазірге дейін Қазақстан спортшыларының ішінде ауыр атлеттеріміз ғана Олимпиадаға берілетін жолдамалардың барлығын толық иеленді. Екінші жолдамаға иелік еткен спортшыларымыз – жеңіл атлеттер. Олардың еншісінде 9 жолдама бар. Ал үшінші көп жолдамаға иелік еткен спортшыларымыз – ескек есу спортының шеберлері. Спортшыларымыз қазірге дейін 7 жолдама еншіледі. Ал қазақ жанкүйерлерінің сүйікті спортына айналып кеткен бокстан қазірге дейін 4 спортшымыз жолдамаға иелік етті. Ең бірінші боксшыларымыздан АРВ жобасы аясында Астана төрінде 60 келіде Берік Әбдірахманов жолдаманы жеңіп алғаны есімізде. Бұдан кейін осы жоба аясында 49 келідегі Біржан Жақыпов екінші жолдамаға қол жеткізді. Үшінші жолдаманы WSB жобасы аясында 91 келіде Василий Левит жеңіп алған болатын. Ал төртінші жолдаманы Катардың бас қаласы Дохада бокстан ересектер арасындағы әлем чемпионатында 69 келіде Данияр Елеусінов қоржынымызға салды. Биылғы жылы спортшыларымыз 70 құрлықтық, 52 әлем кубогы кезеңдерінде бақ сынап, Рио Олимпиада ойындарының жолдамасына таласатын болады. Сондықтан, алдағы жыл нағыз бәсекеге толы жыл болатыны анық. Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында алауы тұтанатын ХХХІ Олимпиада ойындарында да Қазақстан спортшылары үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп, ең биік тұғырға көтеріліп, көк байрағымызды желбіретіп, мемлекетіміздің Әнұранын шырқатады деген сенімдеміз!Нұрлан ҚҰМАР
3430 рет
көрсетілді0
пікір