• Ақпарат
  • 22 Ақпан, 2009

Алматы алаңдаулы

2009 жыл ә дегеннен-ақ қарапайым халықтың көңіліне кірбің түсіріп үлгерді. Осы орайда АҚШ көк қағазының көкке ұшуы  қаржы орталығы саналған Алматыны да айналып өтпесі анық. Өткен аптаның басты жаңалығына айналған оқиғаның салдарынан сан соғып қалмайын деген қалалықтардың біразы алдымен  қап-қап азық-түлік қамдауға кірісті. Мемлекеттік органдар 2-3 аптада отандық тұрмақ, тіпті шетелдік азық-түлік бағасының өспейтіндігін, бұрынғы бағамен сатып алынған тауардың әлі де таусыла қоймағандығымен негіздеуде. Әйтсе де, қала аудандарында арагідік ұйымдастырылып жүрген арзандатылған азық-түлік жәрмеңкелердегі жайдың басшылық пен БАҚ кетісімен өзге әнге салып қоя беретінін базар аралап, баға аңдып жүрген әкім біле ме екен? Ендеше, отандық тауар өндірушілердің де доллардың қымбаттауынан арзан пайдаға ұмтылмауы дүдәмал.

Енді бір тұрғындар асқазанның емес, баспананың жайын ойлап, доллардың өсуімен байланысты иықтағы ипотеканың басқа тепкенін айтып, байбалам салып жатыр. Алматының еліміздегі тұрғын үй бағасы бойынша көшбасшы екендігін ескерсек, бұл мәселенің аталған аймақта тіптен көкейкесті екендігі белгілі. Қаламыздағы дәріханалардың да есігін жауып алып, бағаларын қайта бағамдауы бекер емес. АҚШ валютасының бекуі, әсіресе, тұрмыстық техника дүкендерінде бірден сыр беріп, ондағы тауарлар құнын 15-20 пайызға дейін өсіріп жіберді.  

Теңгенің құнсыздануының, Қазақстандағы бас банкирдің айтуынша, макроэкономикалық деңгейде пайдасы болғанымен, қарапайым халықтың қалтасына қаржы дағдарысының бұл «сыйлығы» қымбатқа тұрары анық. Себебі, Отанымыздағы ең қымбат қалада бағаны бұғалықтау ұзаққа бара қоймас.

Жанар ЕЛДОСҚЫЗЫ, Алматы

2356 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы