- Ақпарат
- 18 Наурыз, 2010
Қызылағаштағы қасірет
Жердің жаннатына баланған Жетісу жылап жатыр. Енді қайтсін?.. Бір күнде қырыққа жуық перзентін Жер ананың қойнына берді. Өткен жұмаға қараған түні жауған жаңбыр мен қардың еруі салдарынан бірнеше бөгет бұзылып, Алматы облысына қарасты Ақсу ауданының Қызылағаш ауылы суға кетті. Дүние астаң-кестең. Үш мыңнан астам тұрғыны бар Қызылағаш қан жылап қалды. Бір сәтте бейқам тірліктің быт-шыты шықты. Ай мен күннің аманында аспан астында қаламыз деп кім ойлаған? Айыпты – апаттың алдын ала алмағандар. Біле тұра бұқараны бейхабар қалдырғандар. Бүгінге дейін апаттан көз жұмған 37 адам адамның мүрдесі табылды. Із-түзсіз кеткені қаншама... Мыңдаған адам үй-күйсіз қалды. Үрей иектегені қанша... Қынжылтатыны сол, Қызылағаш халқының 80 пайызы – шеттен келген қандастар. Сағынып жеткенде сорлап қаламыз деп кім ойлаған? Қауіпсіз жерлерге көшіріліп, азық-түлік, киім-кешек жеткізіліп жатқанымен, жақынын жоғалтқан жұрт пен қаңырап қалған қаралы үйге қараған халық қапалы. Үкімет басшысының өзі қызылағаштықтардың уақытша тұрақтаған жерлеріне барып жағдайларын білді. Еңсесі түскен елге көңіл айтты. Ешбірінің елеусіз қалмайтынын естеріне салды. Бұдан бұрын Ақордада өткен жиында Елбасы қайғылы оқиғаны зерттеп, қылмыстық іс қозғауды тапсырған. Көп ұзамай-ақ талай шаңырақты ортасына түсіріп, адамынан айырған апатқа айыптылар тұтқындалды. Олардың қатарында Қызылағаш ауылының әкімі Е.Жүнісов, су қоймаға иелік еткен Қ.Бекеев, су пайдаланушылар арнаулы өндірістік кооперативінің атқарушы директоры М.Жүнісов, Ақсу аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің бастығы К.Байзақов, Алматы облысы бойынша Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Е.Енин де бар. Қазір Үкімет халықты үдере көшірді, үрейлерін сейілтуге асық. Үкімет 600 млн теңге бөлді. Оның біраз бөлігі материалдық көмекке, ал 100 миллионы баспана салуға жұмсалмақ. Ал адамынан айырылған шаңыраққа 500 мың теңгеден беріледі. Жұрт жылу жинап жатыр. Ет-жүрегі езіле жаздаған еліңнің барына еріксіз елжірейді екенсің осындайда. Біреу тамағын, біреу киімін тасып жарым көңілдердің жыртығын жамағысы келеді. Бұлардан бөлек бірінші болып көмек қолын созғандардың қатарында Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы да бар. Апат орын алған жерге келген федерация төрағасы С.Мұқашев көмек ретінде 2 млн теңге ала келіпті. Қызылағашқа 90 астам отбасы қайта оралды. 14 наурызда ауылдық мектеп жұмыс істеп, 120 үй электр желісіне жалғанды. Газ беріліп, ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бірақ қалқиып тұр демесеңіз, аман қалған үйлердің қабырғалары су сорып, күн жылына қалса жалп етіп құлағалы тұр. Қорқынышты... Иә, Қызылағаштың бойына қайта қан жүгіре бастады. Бірақ кешегі желегі жайқалған жұдырықтай ауыл емес, жартысынан көбі үдере көшкен жұрт қана. Үйін, күйін, жақынын, қала берді сенімін жоғалтқан жұрт «қызыл қырғын» аталса да Қызылағашын қимайды. Тек қайырын берсін...
Қызылағаштағы қызыл қырғыннан зардап шеккендерге материалдық қайырымдылық көмек көрсету мақсатында «Қазақстан Халық банкінің» 319900 Талдықорған аймақтық филиалында есепшот ашылды. Банк есепшоты: ИИК 002700125 KZT Банктік БИК 194101601 РНН 530200007643 Кбе 18 «Жансүгіров» қоғамдық қоры

2388 рет
көрсетілді0
пікір