• Тіл
  • 11 Ақпан, 2016

«Жиен» сөзін неге жатырқаймыз?

Сәруар ҚАМАЕВА, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты

Халқымыз үшін «жиен» сөзі ежелден қастерлі, қадірлі. Ата-бабамыз «Жиен назары күшті» деп жиеннің көңілін қалдырмауға, барынша қамқор болуға, құрметтеуге тырысқан. Жиенге тек анасының туған-туысқандары ғана емес, бүкіл ауыл, ел-жұрт, нағашы болып есептелген. Дәстүр бойынша жиенді ренжітуге, қол жұмсауға болмайды. «Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды» деген мақалдың шығу тегі осыдан. Тіпті жиеннің қалауын орындап, сұрағанын беріп немесе жиендік жасап (сұраусыз) алып кетсе де ренжімей «Жиенге сот жоқ» деп дәстүр мен салтқа бағынған халықпыз. Ондай оқиғалардың куәсі болып жүрміз.

Ертеректе біздің ауылда бір атамыздың үйіне жиені келеді. Айлап жатып, құлындаса байлап, сауынға байлағалы отырған биесін кетерінде мініп кетеді. Атамыз санын соғып қалады. Әрі ойлап, бері ойлап тапқан амалы биенің соңындағы тайын мініп, жиенінің ауылына барып «Қарағым, мына тайды ала ғой, биемді өзіме қайтар» деп жалынып биесін алып кетіпті. Осындай тағы бір мысалды танысымнан естідім. Айтуынша, қаладағы дүкендердің біріне кіріп, шетелдік музыкалық орталық сатып алған екен. Ол кезде ауылда мұндай дүниелер мүлдем жоқ-тын. Үйге келіп қораптан шығарып, ата-анасына, балаларына көрсетіп жатқанда, көрші ауылда тұратын қарындасының баласы жаңадан сатып алынған дүниені сыйлыққа сұрапты. Жиенге қарсылық жасауға болмайды деп келісіп, сыйға тартыпты. Қазақтың даналық философиясы жиенге ғана арналмаған. Нағашының орнын белгілеп, құрметін көрсеткенін мынандай аталы сөздерден көруге болады. «Жердің жақсы болмағы – ағашынан, жиеннің жақсы болмағы – нағашыдан» бұл нақыл баланың анасының тегіне (төркініне) баса назар аударуды меңзейді. Биологиялық сараптама жасаған ғалымдардың пікірінше, баланың қан құрамының 70 пайызы анасынан беріледі деген тұжырымдар бар. Ендеше, біз неге кейінгі уақытта «жиен» сөзінен ат-тонымызды ала қашатын болдық. Балаларымыздың баласының бәрі – немере. Немере емесі де немере болып кете береді. Сіз ұлыңызды үйлендіріп, қызыңызды ұзаттыңыз дейік. Енді екеуінің баласын көресіз. Екеуінің жақындығы бірдей. Айырмасы ұлыңыздікі – немере, қызыңыздікі – жиен деп аталуында. Кейінгі кезде осы қағиданы мойындағысы келмейтіндердің саны көбеюде. Себебі біреуде ұл жоқ, біреуде қыз жоқ. Бұл адамның қолындағы дүние емес, әрине (бүгінде Тәңір жарылқаушы бермегенді қолдан жасап алатын заман болды). Бір күні аялдамада бір әріптес апайым (аты Майра) екі кішкентай қыз баланы ертіп, қасыма келіп тұрды. Амандық-саулық сұрасқан соң, сөз балаларға қарай ойысты. – Немерелеріңізді қайда апара жатырсыз, – дедім мен үнсіз тұра беруге ыңғай­сызданып. – Жоқ, – деді апай жұлып алғандай, бұл немерелерім емес, жиендерім, қызымның қыздары. Бізде екі қыз, бір ұл. Ұлым әлі үйленген жоқ. Үлкен қыз балаларды мектептен алыңызшы деген соң, көмектесейін дегенім. Жалғызымнан жарылқасын. Болады немерелер, – деп ойын ортаға салды. Қасымызда тағы бір ұл бала ерткен әйел тұрған. Күткен көлігі келді де, екі жиенін жетектеп алып кетіп қалды. Содан-ақ, қасымда қалған әйел әңгімесін бастады. «Осы қазақ қыз бен ұлды бөлуді қашан қояды. Өзімде осы – жалғыз қыз. Мен оның баласын жиен демеймін. Немерем деймін, балам деймін» деп сөзін бастаған ол орысша-қазақша араластырып біраз сілкініп алды. Мен де қарап тұрмай, білгенімді айтып, жиен сөзінің мәнісін түсіндірудемін. Тыңдап жатқан ол жоқ. Әке-шешесінде үш қыз болғанын, ұлы болмаса да олардың ұлы барлардан артық тұрғанын баяндады. Ертедегі қазақ ертегілерінде айтылатын осы бір ойға орайлас жайлар есіме түсіп кетті. «Ертеде бір байдың үш қызы болыпты. Бай ұлы жоқ болған соң, үлкен қызынан туған ұлды бауырына салып, ұл орнына ұстапты. Балаға асықты жілік ұстатып, ел-жұртты жиып той жасапты» деп басталатын ертегі ойыма оралды. Халқымыздың алдағыны болжап, мұрагер тағайындап алу салтына қайран боласыз. Жуықта бір қаламгер ағамызбен сөйлесіп, мына сөзін естігенде таңғалмасқа шарам қалмады. Ол кісінің де екі қыз, бір ұлы бар. Екі қыздан бес жиені бар. Ұлы әлі үйленбеген кез. «Бес немерем бар» деп, қайта-қайта қоймай қойды. «Аға, ол жиендеріңіз емес пе?» дедім еріксіз. – Е, қойшы, – деді ыңыранып, бәрі­бір емес пе, орыстар бәрін «внук» дейді. Енді ел алдында зор құрметке ие болып жүрген ағамыздың «Қызымның көңіліне келіп қалар деп, оның балаларын да немере деймін» дегені бар ма?! Оның ойынша, «жиен» көңілге келетін сөз болғаны. Сонда ғасырлар бойы жасап келе жатқан салт-дәстүр, ұлттық ұстаным, халықтың көзқарасы қайда қалады? Бұл немере болса «свой», жиен болса – «чужой» болады деген ойдан пайда болған түсінік. Мұны айтушылар орыстілді қазақтар. Ал, неге басқа болады, оны елеп-екшеуіміз, ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек емес пе? Ата-бабаларымыз бұған да баға беріп кеткен. «Қыздан туғанның қиығы жоқ» дейді. Жиен өз балаң, бөтен емес дегені. «Жиен ел болмас, желке ас болмас» деген мақалды, «Жиен ел болады малы болса, желке ас болады жалы болса» деп қарсы мән-мағынасын, антонимдік қатарын қосарлайды. Бұл философиялық ой, даналық тұжырым, әлеуметтік шындық. Шындықты әркім өз ыңғайына қарай бұрмалай беру жақсылыққа апармайды. Ел сыйлаған, қауымға үлгі болып жүрген азаматтардың өзі «орыс бүй дейді», «қызымның көңіліне келеді» деп ұрпақтың алдында бұлтақтай берсе не болады? Керісінше, аталған екі адамға жұртшылықтың алдында сөз сөйле, қазақтың салт-дәстүрі туралы айт десе, майын тамызып баяндама оқып берер еді. Ал өз үйінде, отбасында «жиен» сөзін қолданудан қашады. Ыңғайсызданады. Университетке жұмысқа тұрғаннан кейін, тоқсаныншы жылдардың басы, мені Алматыға ғылыми іс-тәжірибеден өтуге жіберді. Алғашқы 1-2 ай бойы Ғазиза нағашы апамның үйінде тұрдым. Ол кісі – нағашы атам Дүйсенбектің туған қарындасы. Жасы 85-те. Сонда да тың. Кенже қызының қолында тұрады екен. Бір күні екеуіміз сөзге келісіп қалдық. Жиендік еркелігіме басып, ол кісі айтқан уәжге мен көнбедім. Өзімнің пікірімнен айнымадым. Таңертең тұрып, жұмысыма кеттім. Сол күні кешігіп қалған соң, ғылым академиясындағы қыздардың жатақханасына қондым. Ертеңінде үйге келсем, нағашы апам алдымнан күтіп алды. – Айналайын, «жиен назары күшті» деуші еді. Сені өкпелетіп алдым ба деп түні бойы ұйықтамадым. Уайымдадым. Ауырып қалдым, – дейді. – Ой, нағашы апа, кешіріңіз, мен сізді ренжіттім. Кешірім сұраймын деп, құшақтай алдым. Жиен болудың құрметін қандай болатынын маған бір мәрте түсіндіріп бергендей болды. Оны бұрынғыдан бетер жақсы көріп кеттім. Екеуміз сырлас құрбылардай болдық, қолымыз қалт етсе, әңгімеміз таусылмайтын. «Ұл – ырыс, қыз – өріс» дейді қазақ. Бұдан шығатын қорытынды – қыздың тұрмысқа кетіп, алысты жақындатуы. Сол себепті, жиен – нағашы жұртына құрметті қонақ, сыйлы адам. Әкемнің нағашылары Ресейдің Омбы қаласында тұрды. Жаз сайын қыдырып барамыз. 8-9 жастағы кезім. Үйде қарт ата-әжелер болған соң, бүкіл немерелер, жиендер күні бойы сол үйдің ауласындамыз. Оған көршілердің балалары қосылады. Бір күні аулада жүрген балалардың біреуі мені бұрымымнан тартып құлатты. Сол-ақ екен, нағашы атам Айтым (Айтмұқан) он шақты ұл-қызды жинап алып, кішігірім жиналыс өткізді. Менің елден келгендігімді (Қазақстаннан), жиен екенімді, жиеннің қадір-құрметін ұзақ әңгімеледі. Соңында «Жиен еліне ренжімей кетсін» деген сөзі есімде қалыпты. Сол күннен бастап, ауладағы бала-шаға маңайымда. «Киноға барасың ба?, Балмұздақ жейсің бе?» деп әркім өз әлінше құрмет көрсетуге тырысып, айналып-үйіріліп, құрақ ұшып жүрді. Жиен (жиеншар) болғанымды мақтан етіп, мәртебем өсіп қайттым. Атадан балаға мирас болып келе жатқан қазақтың жиендік салт-дәстүрінен, атап айтқанда «жиен» сөзінен қызының көңіліне қарап, немесе намыстанып бәрін немере көріп, жиен сөзінен жиреніп жүргендерге қайран қаламын.

22396 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы