• Қоғам
  • 18 Наурыз, 2010

Арыс жыл бол, Барыс жыл

Жаңа төл болып жамырап, жаңа гүл болып жаудырап, көңілді жырға, өңірді нұрға толтырып наурыз да келді. Қабағы қатулы, қақаған аязды қыстан кейін ызғарды ысырып, сыздарды сыпырып келетін күміс үнді күлімкөз көктемнің жаршысы ғой бұл. Сондықтан да айқара құшақ жайып: «Армысың, әз Наурыз, жаз Наурыз!» дейміз. Әз Наурыз дейтініміз, ол күн мен түн теңліп, ызғырықты қыз қылықты шуақ шайып, жапан даланы жаңғыртып, қараңғылықты жарық жеңіп, дүр сілкінген дүние қайта түлеген тұста келеді. Жаз наурыз дейтініміз, оның шуақ шашқан шарапатты қанаты желпіген жер жаһан жасыл тартып, орман-ну желкілдеп, өзен-су мөлтілдеп, қаңқылдап қаз келеді, жарқылдап жаз шығады. Оны ұлыстың ұлы күні деп жарқын жүз, жадыраған көңілмен қарсы алатынымыз да содан. Салтанатты сол салтымызбен биылғы науырызды Қош келіпсің, Әз, Наурыз, армысың! Игілікке жұмсалсын тек Бар күшің. Егемен ел – Қазақстан қарыштап, Болашаққа барыс болып қарғысын! – деген игі тілек, ізгі ниетпен қарсы алдық. Айтқандайын, шығыс халықтарының жыл басы қадым заманнан бері осы наурыздан басталады. Наурыз негізінен парсы сөзі, «жаңа» деген мағынаны береді. Орысша ол «нов», немісше «ное», латынша «нео» болып талай тілге кірігіп кеткен. Олай болса, бұл белгілі ғалым, математика профессоры марқұм Мыңбай Исқақовтың жазғанындай, үнді-еуропа халықтары бір-бірінен бөлініп, дараланудан бұрынғы сөз болып шығады. Демек, оның жаңа жылдың басы болып тойланып келе жатқанына талай ғасыр болған. Наурыздан басталатын он екі ай бір жыл саналса, он екі жылды ата-бабаларымыз бір мүшел деп білген. Мүшелдің жылдары рет санына қарай түзілмей, он екі түрлі хайуанның атымен аталған. Олардың басы қазақ ертегі-аңызында атап көрсетілгендей, жылды бойы барлығынан биік түйенің құлағына шығып кетіп, бәрінен бұрын көріп қоятын кәдімгі Тышқан. Жалпы жылдардың тарихи қалыптасқан рет саны мен атауы былай болып келеді. Бірінші - тышқан жылы, екінші - сиыр, үшінші - барыс, төртінші - қоян, бесінші - ұлу, алтыншы - жылан, жетінші - жылқы, сегізінші - қой, тоғызыншы - мешін, оныншы - тауық, он бірінші - ит, он екінші - доңыз жылы. Олардың рет санын ұмытып қалған жағдайда: Түйе сеніп бойына, Қалған ұмыт жылдардан. Жатпа қарап, мойыма, Тайма, именіп ділмардан – деп Мыңбай ағамыз өзі шығарған бір шумақ өлеңді жаттап алсаңыз жетіп жатыр. Осындағы әр сөздің бастапқы харпі жыл атауына сәйкес келеді. Мәселен, Т – тышқан, С – сиыр, Б – барыс, тағысын тағылар. Әр мүшел аяқталып, екіншісі басталғанда, он үшінші жыл тағы да тышқаннан саналып, есеп қайта ашылады. Жалпы адамзаттың тең жарымы уақытты мүшелмен есептеген. Бағзыдағы көк түріктерден бастап, бүгінгі көп түріктерге дейінгі қандастарымыз әсіресе, өзіміздің қазақтар туған уақытын күні кешеге дейін жыл қайырып, мүшел арқылы анықтап отырған. Ол үрдіс әлі де өз маңызын жойған жоқ. Алайда, туған жылын григориан күнтізбесі арқылы жақсы білетін азаматтардың біразы оның мүшелдің қай жылына жататыныын біле бермейді. Оны анықтау онша да қиын емес. Ғалым ағамыз М. Исқақов бұдан жарты ғасыр бұрын қарапайым ғана ереже жасақтап берген еді. Ереже бойынша мүшел жылдың білгісі келген кісі туған жылын он екіге бөледі. Егер жыл он екіге қалдықсмыз бөлінсе, ол мешін жылы туған болып шығады. Ал он екіге бөлінбей қалдық қалатын болса, жылды сол қалдық бойынша айқындайды. Қалдық бір болса – тауық жылы, екі болса – ит, үш болса – доңыз, төрт болса – тышқан, бес болса – сиыр, алты болса – барыс, жеті болса – қоян, сегіз болса – қой, тоғыз болса – жылан, он болса – жылқы, он бір болса – барыс жылы. Бұл арада шешім дәл болу үшін кісінің туған айы мен күні де еске алынуы керек. Наурыздың жиырма екісінен бұрын туғандар ескі жылға ілінеді. Тарихи оқиғалардың мүшел есебі бойынша көрсетілетін ретін де осылай анықтайды.(М. Исқақов. Халық календары. Алматы 1980). Асылы, жыл қайыру, мүшел есебі де салт-санамызға Наурыз арқылы енгені айдан анық. Көгілдір көктемнің, көңілді көктемнің бұл мейрамы қазақ даласына Ислам дінінен бұрын келіп кіріккен. Оны ұлан даланың ежелгі тұрғындары - үйсіндер мен қаңлылар және керделілер жыл санауымыздың алғашқы ғасырларында-ақ тойлаған. Біздің ата-бабаларымыз бұл күні ауыл аралап, бірін-бірі жаңа жылмен құттықтап, ағайын арасындағы өкпе-араздықтан арылып, татуласып, табысып отырған. Қарттарға соғымның шекесі тартылып, жастарға жеті дәмнен тұратын наурыз көже берілген. Ән шырқатып, күй шалқытып, көкпар тарту, қыз қуу сияқты ұлттық ойындар той-томалақ, сауық-сайранға ұласқан. Шаруажай ел үй маңын тазалап, ескі-құсқыны отқа жағып, кір-қоқыстан арылып отырған. Бақшасын баптап, жаңадан ағаш еккен. Бұлақ көрсе көзін ашқан. Бір-біріне жылы шырай танытып, игі тілек білдірген. Былайынша, Алаштың арыс ақыны Міржақып Дулатов айтқандай: «Бүгін халықтың қуанышы кең күні, күн мен түн таразысы тең күні. «Құт-береке болмаса екен кем күні! – деп тілелік, қолыңды жай, Алашым!» – деп баршаға береке-бірлік тілеген. Наурыздың түп отаны – парсы елінде бұл күні қыздар ескі кебістерін лақтырады екен, кебістің басы есікке қарап түссе, ол қыз биыл тұрмысқа шығады деп ырым етіледі. Қазақтың да күйеуге ұзатылған әпкесінен кейінгі сіңілісін «шәрке лақтырған» деп әзілдеп жататын ырымы да осыдан шықса керек. Қазақ елінде наурыз мейрамы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғына дейін ұдайы ашық тойланып келіп, қызыл көз қытымыр саясаттың салдарынан кілт үзіліп қалған еді. Әйтеуір, егемендік алған еркін еліміз кейінгі кезде наурызды дәстүрлі халықтық мейрам ретінде қайтадан тойлай бастады. Алайда оны мемлекеттік мереке деңгейіне көтердік деп айта алмаймыз. Қыс ортасында аталынатын еуропалық жаңа жылға сонау желтоқсан басынан әзірленіп елді-мекендерді, қалалар мен селоларды бір ай бұрын әзірлеп, қыздың жасауындай құлпыртып, ұрандатып, тұмарлатып қойсақ, Наурызды тойлаймыз деп апы кірп, күпі шығып жатқан қарекет-қимылды байқамаймыз. Оны тек мол дастарқанның, меймандостықтың мейрамы деп түсінетін тәріздіміз. Бірақ, биылғы барыс жылымыз біздің ел үшін орны бөлек болғалы тұрғанын ұмытпаған абзал. Иісі Еуропаға билік айтқалы отырып өз құндылықтарымызды қастерлемесек кімге өнеге боламыз. Әйткенмен ауызды қу шөппен сүртудің реті жоқ. Көп жерде әзірлік көл-көсір, шашу шаш-етектен. Барыс жылы, Арыс жыл боп өмірге ен. Күй толқысын, Жыр шалқысын көңілден, Көк байрағы Көк тіреген елімнен Төрің әзір, Кел, Наурыз, орын кең, – дей отырып: – Қадамың құтты болсын, қоғамың мықты болсын, еліміз аққа кенелсін, жеріміз баққа бөленсін, басымызға бақ қонып, жасымызға жас қосылсын. Қош келдің өмірдің де, өңірдің де, көңілдің де шат-шадыман мерекесі!» деп жанымызды дастарқан қып жайып, барымызды алдына тосамыз. Арма, әз Наурыз, жаз Наурыз! Сарбас АҚТАЕВ, жазушы

5532 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы