• Тіл
  • 18 Наурыз, 2010

«Ана тілі» өмірге осылай келді

«Ана тілі» өмірге осылай келдіҰлт газеті – «Ана тілінің» дүниеге келуіне сол уақыттары шаңырақ көтеріп жатқан «Қазақ тілі» қоғамы зор ықпал жасағаны шүбәсіз. Осы бір жайттың анық-қанығына нақтырақ қанығу мақсатында сол кездері аталған қоғамның басшылығында жүрген ғалым ағаларымыз, қоғам қайраткерлері Әбдуәли Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлына жолығуды жөн көрдік.Өмірзақ ағаны тез тапқанымызбен, Әбекең үйінде болмай шықты. Ауруханада ем қабылдап жатыр екен. Бір жағынан ол кісінің жағдайын білейік, екіншіден, «Ана тілінің» жарық көруіне белсене атсалысқан ардақты азаматты газеттің мерейтойымен құттықтап шығайық деген ниетпен аурухананы бетке алдық. Өмекең де бұл ұсынысымызды қолдап, бірге баруға келісімін берді.

Әбдуәли Қайдар: – «Ана тілінің» жарық көруі «Қазақ тілі» қоғамымен тығыз байланысты. Алдымен қоғам құрылды. Содан кейін газет шығару керек болды. Ол кезде Орталық Комитетте біреу қолдамаса газет шығару қиын еді. Өзбекәлі Жәнібеков біздің ұсынысымызды қолдады. Сосын газеттің редакторлығын таңдауды өзімізге қалдырды. Біраз журналистермен сөйлестік. Әңгімелестік. Ақырында солардың ішінде Жарылқап Бейсенбайұлына тоқтадық. Біртоға, салмақты жігіт көрінді. Ш.Уәлихановтың еңбектерін зерттеп жүр екен. Ғылымға талпынысы бар. Сол жігітті таңдап алдық. Бұдан біз ұтылғанымыз жоқ. Қайта ұттық. Бізбенен ақылдасып отырды. Газетті бұра тартып, бір жаққа алып кеткен жоқ. Қызметкерлерді жұмысқа редактордың өзі қабылдады. Газетке «Қазақ тілі» қоғамының жанынан орын алып бердік. Тіл білімі институтының тура бұрышында Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғимараты бар еді. Осы жерден төрт бөлме берілді. Төрт бөлмеге бірден ие болған жоқпыз. Алғашқыда бір-екі бөлме ғана тиді. Бізге көмектескен сол кездегі министр Балташ Тұрсымбаев еді. Содан Өмірзақ екеуіміз «Басқа бөлмелерді босатпай жатыр» деп министрге кірдік. Балташ бірден жанындағыларға «Босатсын» деп бұйрық берді. Өзі келіп, бөлмелерді босатып берді. Өмірзақ Айтбайұлы: – «Қазақ тілі» қоғамын да, «Ана тілі» газетін де дүниеге келтірген «кінәлі» адам бар. Ол – мына отырған Әбекең. Біз «Қазақ тілі» қоғамы құрылмас бұрын академияда «Қазақ тілі» журналын ашу жөнінде жұмыстар жүргізгенбіз. Әбекең бұл туралы үкіметке бірнеше рет хат жазды. Ал, «Қазақ тілі» қоғамы өмірге келгеннен кейін «Ана тілі» газетін ашқымыз келетіні жөнінде үкіметке өтініш жасадық. Осы екі басылымды жоғарыдағылар шатыстырыпты. Бірде Өзбекәлі Жәнібеков Әбекең екеуімізді шақырды. Жәнібектің жанында Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Заманбек Нұрқаділов және басқа да зиялылар, өзінің қарамағындағы бөлімдер қызметкерлері отырды. – Қуанышты хабар айтамын сіздерге. Басшыға қол қойдырып шықтым. «Қазақ тілі» журналы ашылатын болды, – деді Өзекең. Таңырқап қалыппыз. Әбекеңе қарасам аң-таң. Маған қарайды. Мен оған қараймын... Сосын шыдамадым. – Өзеке, сіздің жігіттеріңіз шатастырып отыр. Біздің сұрап жүргеніміз «Қазақ тілі» журналы емес – «Ана тілі» дейтін газет. «Қазақ тілі» журналын тіл білімі институты сұраған. Сал бөксе журналмен өртеніп тұрған қазақ тілінің проблемасын қалай көтереміз? – дедім. Осыны есітіп Өзекең де таңырқағандай болды. – Бұл қалай? Кәне, анықтаңдар. Құжаттарды қараңдар, – деп бөлім бастығының орынбасары Романов дейтінге қарады. Романов шығып кетті. Сәлден кейін келді. – Бұл кісілердікі дұрыс екен. «Ана тілі» газетін сұрапты, – деді басы төмен салбырап. Содан ертеңіне Өзағаң бірінші басшының алдына тағы барыпты. «Қазақ тілі» журналы емес, «Ана тілі» газетін шығару жөніндегі шешімге қол қойдырыпты. Газет ашылатын болғаннан кейін редакторлыққа ұмтылушылар көп болды. Он үштей кандидат болды. Сөйтіп, таңдау Жарылқапқа түсті. Қателеспеппіз. Жарылқап газетті дүрілдетіп алып кетті. Ол төңірегіне мықты азаматтарды жинай білді. Ертай Айғали, Бақыт Сарбала, Байбота Серікбай, Ғарифолла Әнес, Марат Қабанбай... сияқты. Енді газеттің аты туралы. 1989 жылғы 22 қазанда Алматыдағы Әуезов театрында «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы құрылтайы болды. Сол кезде Орталық Комитет қоғамның атын «Ана тілі» деп атау жөнінде ұсыныс жасады. Жиналыста осылай атайық деп сөйлегендер де болды. Алайда, құрылтайға қатысушылар «Қазақ тілі» атауына тоқталды. Сөйтіп, қоғам «Қазақ тілі» аталды. Ал, кейін газет ашылғанда қоғамға берілмекші болған «Ана тілі» атауын газет атына бергенді дұрыс көрдік. Газет осылайша «Ана тілі» аталды.

Ағалар тілегі

Әбдуәли Қайдар: – «Ана тілі» газетінің шығып жатқанына қуаныштымыз. Газет алдына қойған ұлы мақсаты – ғасырлар бойы қорлық көріп, мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеріле алмай келе жатқан тілімізді мемлекеттік тіл деңгейіне көтерілуіне атсалысатын болсын. Атсалысқанда осы мақсаттың түбіне жететін болыңдар. «Ана тілі» газеті мемлекеттік тілді өрістетіп, қалпына келтірді деген жақсы атаққа қалыңдар. Газеттің жақсы аталғанына, табысқа жете беруіне тілектеспін. Тіл үшін аянбай қызмет етіңдер. Өмірзақ Айтбайұлы: – Тіл – қазақтың басты қазынасы. Тілдің жоқшысы ретінде «Қазақ тілі» қоғамы дүниеге келді. Осы қоғамның іс-тірлігін төңірекке жария еткен «Ана тілі» – қоғамның төл басылымы болды. Бұл күндері «Ана тілі» арқылы көкейіміздегіні жұртқа жеткізіп отырмыз. Халыққа, билікке не айтқымыз келеді – газет бетінде жарияланып жатыр. «Ана тілі» бастапқы ұстанған бағытынан таймай келеді. «Ана тіліне» қызмет етуге келгендер ұлттың рухын көтеруге атсалысатын болу керек. Ар-ұятпен, беріле қызмет ету керек. Қазақ халқына, Қазақ еліне адал қызмет етіңіздер. Ұжымға денсаулық, шығармашылық жетістіктер тілеймін. Наурызда айтылған тілек орындалады дейтін. Оның үстіне «Ана тілі» Наурызда дүниеге келді. Аллатағала тілегімізді қабыл етсін.

Әңгімелескен Нұрперзент Домбай

16991 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы