• Қоғам
  • 17 Ақпан, 2016

Конституция – ел тірегі

1995 жылы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі маңызды оқиғаларға толы болды. 1 нау­рызда Президент жанындағы қоғамдық-консультациялық, кеңесші орган ретінде Қазақстан халықтарының Ассамблеясы (ҚХА) құрылды. 29 наурызда ҚХА 1-ші сессия­сы өз жұмысын бастады. Мұндай ұйым постсоветтік кеңістікте болған жоқ. Президент ҚХА құру туралы идеясын 1992 жылы Қазақстан халқы форумында алғаш рет айтқан болатын. 3 жылдай заңдық-нормативтік, ұйымдастырушылық дайындықтан кейін ҚХА өмірге келді.

Бұл ұйымның негізгі мақсаты – елдегі ұлтаралық татулықты сақтау, нығайту, қазақ ұлтымен бірге өмір сүріп жатқан ұлыстар мен диаспоралардың мәдениетін, тілін, өнері мен салт-дәстүрлерін сақтау және дамыту, этносаралық қатынастарда болуы ықтимал қайшылықтар мен кикілжіңдердің алдын алу, Қазақстан қоғамының идеялық, рухани топтасуына, достық қарым-қатынастардың күшеюіне ықпал ету болды. Елдің даму тарихы ҚХА ұйымының шын мәніндегі жасампаз, рухани-мәдени өмірді ғана емес, саяси өмірді де жандандырушы, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуші ұйымға айналғандығын көрсетті. 1995 жылы 29 сәуірде сайлаушылардың 95 пайызы Н.Ә.Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі бүкілхалықтық референдумда дауыс берді. Референдумды өткізуге ҚХА-ның жергілікті ұйымдары үлкен үлес қосты. Елдің мәдени өміріндегі маңызды оқиға БҰҰ-ның ЮНЕСКО ұйымы шеңберінде қазақ халқының ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбаевтың 150 жылдығы аталып өтті. Абайдың рухани мұрасын әлемдік деңгейде насихаттауда көп жұмыстар жасалынды. Жүздеген ғылыми конференциялар өткізіліп, ондаған жаңа кітаптар шықты. 1995 жылдың ең маңызды оқиғасы 30 тамызда Қазақстан Республикасының екінші Конституциясының қабылдануы. 9 бөлімнен, 98 баптан тұратын Ата Заңды жасаушылар әлемдік конституциялық құрылыстың ең озық үлгілерін басшылыққа алды. Конституцияның жаңа жобасын талқылауға 3 млн 345 мың қазақстандық қатысып, белгілі заңгер, академик Ғайрат Сапарғалиев басқарған жұмыс тобына 31886 ұсыныс пен ескерту түскен. Соның нәтижесінде жобаның 98 бабының 55-іне 1100 түзетулер енгізілген. Конституцияның 18 нұсқасы жасалынып талданған. Жан-жақты талқылаудан өткен, тағдырлық құжатқа айналған Қазақстан Республикасының Конституциясы зор заңдық қуатқа ие болды. Ата Заң Қазақстанда дамыған, озық мемлекеттерге тән қоғамдық қатынастардың орныға бастауына жол ашты. Конституциялық міндеттер мен мақсаттарды орындау шын мәніндегі берекелі қоғамды құруға бастайтын құндылықтарды күн тәртібіне қойды. Ең алдымен тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде елді тұралатқан билік дағдарысынан шығуға заңдық негіз жасалынды. Қазақстанда президенттік билік вертикалы күшейтіліп ел Президенттік Республикаға айналды. Сонымен қатар дамыған мемлекеттерге тән адам құқықтарының, өмірінің қорғалуы, билік тармақтарының үшке бөлінуі, заңның үстем болуы сияқты әмбебап демократиялық құндылықтар заңдастырылды. Конституция қоғамдық қатынастардың демократиялық мәнін және елді басқаратын саяси жүйенің құрылымы мен мазмұнын анықтап берді. Қазақстанның негізгі мақсаты өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде көрсету екендігі жария етілді. Мемлекет біртұтас унитарлы елге айналды. Елдегі биліктің қайнаркөзі халық екендігі, мемлекет ел халқына қызмет етеді және оның алдында есепті, жауапты деп көрсетілді. Халық өз билігін өзі сайлайтын Президент пен Парламентке жүктейтіндігі айтылды. Елде меншіктің, саяси көзқарастардың, саяси қозғалыстардың әр алуандылығы танылды. Ұлтаралық татулықты сақтау, халықтар достығы мен саяси тұрақтылық құндылықтар ретінде танылды. Қазақ халқының мемлекет жасаушылық құқығы қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін бекіту арқылы танылды. Ел азаматтары тек қана бір ғана азаматтықты таңдауы заңдастырылды. Елдегі заңдар жүйесінің іргетасы Конституция әлемдік озық саяси-құқықтық тәжірибені өзіне синтездей алды. Ата Заңда қоғамдық дамудың негізгі бағыттары түгел дерлік қамтылды. Қазақстанның Ата Заңында әлемдік өркениеттің озық құқықтық қағидалары мен құндылықтары нақты орын алды. Ең басты құндылық әрбір адамның өмірі, бостандықтары мен жанұясы екендігі белгіленді. Заң алдында елдің барлық азаматтары теңелдірілді. Қоғамдық ұйымдар, партиялар, қозғалыстар заң шеңберінде қызмет етуге ерік алды. Сөз, баспасөз, ақпарат бостандығы берілді. Азаматтар тек сот шешімімен ғана жаза алатын болды. Мемлекеттік биліктің адамға және халыққа қызмет ету тетіктері бекітілді. Президенттің билік вертикалы, қос палаталы Парламентпен, Сот билігімен бірлесе отырып реформалар саясатын іске асырып, Қазақстанды дамыған елдер қатарына жылжытуына заңдық алаң жасалынды. Қазақстан Констиутциясы елдің экономикалық жаңаруы мен әлеуметтік – мәдени дамуына мүмкіндік берді. Полиэтникалық мемлекеттің халқының адами және азаматтық құқықтарының бірдей қорғалуы елдегі халықтың қазақстандық бірегейленуіне жол ашты. Этносаралық татулық, әлеуметтік келісім және саяси тұрақтылық Қазақстанның дамуына тіректі құндылықтарға айналды. Саяси партиялардың, азаматтық қоғам институттарының дамуына заңдық жол ашылды. Қос палаталы парламент елдегі заң шығарушылық қызметтің сапасын жақсарта түсті. Конституциядағы сот билігінің күшейтілуі Қазақстандағы құқықтық мемлекет құру үрдісін тездетті. Екінші Конституцияның қабылдануы елдің дағдарыстарды жеңуге қабілеттілігін арттырып оның әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесіне айналуына жағдай жасады.

Сайын Борбасов, саяси ғылым докторы, профессор

3771 рет

көрсетілді

67

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

04 Желтоқсан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы