• Қоғам
  • 17 Ақпан, 2016

Зиялы қауым өкілдерімен болған жүздесу

Алматы қаласындағы Достық үйінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Министрмен өткен кездесуге КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік республикалық корей комедия театрының директоры Любовь Ни, көрнекті жазушы Смағұл Елубай, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Әлібек Асқар, сондай-ақ театр, әдебиет, музыка және кинематография саласының, бейнелеу және қолөнер, тарих пен археология салаларының танымал тұлғалары қатысты.

Келелі кеңестің басты тақырыптарының бірі Елбасы белгілеген 5 институттық реформаны іске асырудың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының орындалу барысы мен оған өнер, мәдениет қайраткерлері қосар үлес пен бағыт-бағдар хақында болды. Сонымен бірге наурыз айында елімізде өтетін Парламент Мәжілісіне кезектен тыс өткізілгелі отырған сайлау науқаны талқыланды. Ел зиялылары бұл маңызды науқанға өз үлестерін қосып, сайлауалды жұмыстар жүргізіле бастаған тұста кеңінен қолдау көрсете отырып, халықты сайлауға жұмыла қатысуға шақыратындығын, ел ертеңі мен кемел келешек үшін тарихи шешуші сәтке белсене араласуға сайлаушыларды үндейтіндігін тілге тиек етті. Жиынды жүргізіп отырған Ұлттық кітапхана директоры Әлібек Асқар Жоспардың негізгі бағыттарын сапалы және мерзімінде орындау еліміздің жарқын болашағының жаңа кезеңіне жол ашатынын алға тартты. Министр мен зиялы қауым өкілдері арасында өткен кездесу шеңберінде қозғалған тағы бір маңызды тақырып, яғни елімізде тұңғыш рет өткелі отырған айтулы мейрамның бірі – Алғыс айту күнін кең көлемде және жоғары деңгейге сай мерекелеу мәселесі де болды. Арыстанбек Мұхамедиұлы министрлік тарапынан бүгінгі таңда еліміздегі барлық этнос өкілдерінің бір-біріне алғыс сезімін білдіру, қайырымдылық көрсетуге бастайтын ұлық мерекені ұйымдастыру мен дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұл күні бүкіл ел көлемінде көптеген мәдени-бұқаралық іс-шаралар, театр сахналары мен кинотеатрларда арнайы қойылымдар мен фильмдер көрсетіліп, отандық кітапханалар мен мұражайларда көрмелер ұйымдастырылатындығы, түрлі деңгейдегі кездесулер мен конференциялар өткі­зілетіндігін атап өтті. Жиында әңгіме өзегі отандық киноның дамуы хақында болды. Жазушы Смағұл Елубай тарихи киноларды жаңғырту жайлы өз ойын ортаға салды. «Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Керей мен Жәнібек туралы 10 сериядан тұратын фильм сөзсіз маңызы зор жоба. Десек те, фильмнің жалғасы ретінде Қасым хан жайлы фильм қажет. Өйткені, Қасым хан Жошыдан кейін әлемдегі ең үлкен император болған. 300 мың әскерді соғысқа шығара алатын ұлы хан болған. Сондықтан Қасым хан есімін ұмытпауымыз керек. Экономикалық, не түрлі себептермен «Қазақ елі» сериалы жалғаспаса, Қожа Ахмет Иасауи туралы фильм түсіру қажет. Біздің бірлік, бейбітшілік, татулық деген Ассамблея идеясы Қожа Ахмет Иасауи заманынан бастау алған» деді С.Елубай. Бүгінгі сериалдардың ұрпаққа берері хақында Асанәлі Әшімов пікірін білдірді. «Қазіргі түсіріліп жатқан сериалдар көзге де, құлаққа да онша жұғымды емес. Жалпы мынау, сериал деген өнер емес. Бұл әншейін күн көру, экран толтыру. Артық қимылы көп, өнері аз» деп сериалдарды сынап, мәселені зиялы қауым талқысына салды. Министр көп күткен «Қазақ елі» сериалын көрермен екі айдан кейін көре алатынын айтты.

А.ҚАЙРАТҚЫЗЫ

2835 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

04 Желтоқсан, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы