• Ақпарат
  • 22 Ақпан, 2009

Құндылықтарға құрмет

ТІЗГІН ҚАҒАР: Өмірдің өзі өткенді аңсаудан тұратын сияқты. Болашаққа аманат айтамыз ғой. Бірақ екі аяқты адам баласы өткен күннің елесімен өмір сүретіндей болып көрінеді бір сәт. Азғантай ғұмырымызда небір жайсаңдармен табақтас болыппыз. Құймақұлақ болмасақ та, аузымыз ашылып, таңдаймызды қайта-қайта тақылдатып со кісілердің өмір өнегесіндегі талай марқасқалардың мәуелі істерін тыңдайтын едік. Мәдениеттің айналасында жүргендер көбіне Өзбекәлі Жәнібековті сөз етеді. Торғайдағы толайым істерін ауыз толтырып айтады. Ұлттық ансамбльдерді құрғанын аңызға бергісіз етіп баян етеді. Ұлттық құндылықтарға адал болғанын, салт-дәстүрді дамытқанын талай естідік. «Сол Өзбекәлі бүгін тірі болса, қазақтың мәдениеті қазіргідей шатқаяқтап тұрмас еді. Кеңестік құрсаудың құшағында жүріп талай істі атқарып кетті ғой» десетін.

Ілияс Омаровтың да қазақ мәдениетіне жегіліп, тасын өрге сүйрегенін дуалы ауыздардан талай тыңдадық. Бүгінгі көзі тірі Әбіш Кекілбайұлы, Мырзатай Жолдасбековтардың да толағай тірлік атқарғанын естіп, біліп жүрміз. Жалпы алып қарағанда, қазақ мәдениетіне адалынан еңбек еткен, маңдай терін төккен азаматтар аз болмапты. Дегенмен арасында мәдениеттің иісі мұрнына бармайтын, «репетицияны» «тренировкамен» шатастырған шалағайлардың болғанын да ағалар айтып отыратын. Сондай сәттерде «не көрмеген мәдениет» бұл деп күрсініп қоятын.

Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Өткенмен өмір сүрген жақсы. Бірақ бүгінгі күнді ұмыт қалдыруға болмайды. Дәл қазір «Қазақ мәдениетін көзінің қарашығындай сақтап жүрген кімің бар?» деп төтесінен сұрақ қойылса, не дер едік? Сұқ саусақпен көрсететін кім бар? Жарайды, сұқ саусақпен көрсететін адам табылар. Дегенмен оның ісі бас бармақпен бағалауға келе ме? Міне, мәселе қайда жатыр жолдастар, «тойыс» мырзалар.

Кадр мен қадір

Қаңтардың соңғы күндерінде Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматыға арнай жұмыс сапарымен келді. Мәдениет министрі мәдениеттің қара ошағына жайдан-жай келмейтіні бесенеден белгілі. Жақсылығын, жаңалығын ала келді.

Мұхаң Алматыдағы жұмыс сапарын жаңа тағайындаулардан бастады. Бірқатар іргелі мекемелердің басшыларын ауыстырды. Алматыдағы әсем ордалардың бірі – Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры. Мәдениет министрінің бұйрығымен опера театрына Қуаныш Оразғалиев бас директор болып орнықты. Жалпы, бұл Оразғалиевтің қайта оралуы болатын. Қуаныш мырза бұған дейін аталған театрдың тізгінін он жылға тарта ұстаған. Нақтылап айтар болсақ, 1996-2006 жылдары осы Оразғалиев Абай атамның атындағы театрды басқарған. Араға жылдар салып білікті маман құтты орнына қайта келді.

Қазақстандағы қадірлі орындардың бірі Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы мұражай. Мұхтар Абрарұлы аталған мекеменің де басшысын жаңадан тағайындады. Бұған дейін Қастеев мұражайында директордың орынбасары болып келген Бақыт Сералиев жауапкершілігі зіл батпан директорлық қызметке жегілді. Мұражайдың ішкі ісін бес саусағындай білетін Сералиев жүктелген жауапкершілік үдесінен шығады деп сенейік.

Қазақтың арғы-бергі тарихын зерттеп, зерделеп, оны бір жерге жинастырып отырған «Қазақ энциклопедиясында» да басшы ауысты. Журналистер арасында футболдан жарыс болса соның бел ортасында жүретін, жәй жүрмей бас жүлдені қанжығасына байлап кететін Бүркіт Аяғанның орнын ақын, ұстаз, белгілі ғалым Бауыржан Жақып басты. Қазақ журналистикасының қара шаңырағын талай жыл басқарған Бауыржан Жақып қазақ тарихын тірнектеп жинауға кірісті.

Жаңа тағайындауларды қазақ қоғамы жаймашуақ қабылдады. Өйткені әркім өзі білетін іске жегілді. Бүгінде бір дерт бар. Тіреуің мықты болса, қалаған жеріңдегі майлы жіліктің басын ұстай аласың. Ол әлгі саланы біле ме, білмей ме, бұл екінші мәселе. Талайлар өз орындарын таба алмай жүр. Көптеген адам өз орнында отырған жоқ. Айналып келгенде, олар мекемені тығырыққа тірейді. Залалын келтіріп, қазақ қоғамын ластайды. Бұл үрдіс қазір әбден белең алды. Асқынып барады. Бітеу жара секілді ісініп тұр. Қай күні жарылатыны тағы белгісіз.

Алтын арқау

Қайбір жылы біздің ауылға облыстың әкімі келіпті. Сонда бір жеңгеміз «тірі әкімді бірінші рет көруім» деген екен. Ауылдағы жеңгемнің тәмсіліне салсақ, Алматыдағы өнер ұжымдарында қызмет жасайтын адамдар «тірі министрді» біраздан бері көрмеген шығар-ау.

Осы жолы Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматының шеңберінде орналасқан бүкіл өнер ордаларын аралап шықты. Істің байыбын көзімен көрді. Жүрегімен сезді.

Бұрын-соңды министр болған төрт адамның қатар отырғанын көріп пе едіңіз? Әсілі, біз бәсекелестік дегенді түсінбейміз. Қазір көп жағдайда орынды босатқан адам мен сол орынға жаңадан келген жанның арасында бәсеке жүреді. Қызметке жаңадан тағайындалған шенеунік өзіне дейінгіні жоққа шығарып әлек. Топырақ шашып, осыған дейін атқарылған қыруар істі құмға сіңген судай етеді. Бүгінде бәсекелестіктің басқа түрі белең алып барады.

Тәлімі де, тәрбиесі де қазақы Мұхтар Құл-Мұхаммед осындай кері үрдістің быт-шытын шығарды. Өзіне дейінгі үш министрді шақырып, «Асыл мұра» жобасының аясында көрнекті композитор Мұқан Төлебаевтың шығармалары енген DVD дисктің таныстырылымына қатысты. Шараға қатысқан бұрынғы  министрлерді атап кетейік. Олар: Дүйсен Қасейінов, Есетжан Қосубаев және Жексенбек Еркінбеков болатын.

– Жайшылықта екі қазақтың басы қосыла бермейді, ал бүгін біз төрт министр бірігіп, үлкен жобаның бірінші кезеңін аяқтап отырмыз. Жобаның жетекшісі – Жексенбек Еркінбеков ағамыз. Ол кісі ұзақ жылдар бойы Мәдениет министрлігін басқарып, Есетжанды, Дүйсенді және мені де тәрбиелеген. Ал идеяны жүзеге асырушы – Есетжан Қосубаев. Оның бастамасын жалғастырған – Дүйсен Қасейінов. Менің үлесіме «Асыл мұраның» алғашқы кезеңін аяқтау жазылыпты. Яғни, бұл төрт министр атқарған шаруа. Ұлттық мәдениетіміздің асыл мұраларын тарихтың қойнауынан алып шығып, халыққа жеткізуге тырыстық, – дейді Мұхаңның өзі.

Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен министр осылай деп отыр. Біле-білгенге бұл ұлт боп ұйысудың, ауызбіршіліктің жарқын көрінісі. Жалпақшешейлік я жағымпаздық емес, қай министр Мұхтар Абрарұлы сияқты өзіне дейінгі адамдарды жинап, мерейін үстем етіп, жақсылығын жаһанға жария етіп жатыр. Айтыңызшы? Көрегендік деген осы.

Қазақ музыкасының мэтрі Мұқан Төлебаев туындыларын жаңа заманға сай дискіге көшіріп, оны мәңгілікке мұра етіп қалдырудың өзі үлкен еңбек. Былайғы елге қарапайым ғана тірлік боп көрінуі мүмкін. Ал астарына үңілсеңіз, үлкен еңбектің, қыруар қажыр-қайраттың жатқанын байқайсыз. Қала берді, мұның тәрбиелік мәні де зор. Бүгінгілер бір күнмен тоқмейілсімей өткенін түгендеп жатса, ертең билікке келетіндер де осы игі істі жалғастырмақ. Мұны алтын арқауды үзбеу деп түсінеміз біз.

Министр Ұлттық кітапхананы да айналып өткен жоқ. Қазақ ғалымдарының барлығын аяқтандырған осы Ұлттық кітапхана бір жыл айналғаннан кейін 100 жылдығын атап өткелі отыр. Сенсеңіз, кітапхана 35 жылдан бері жөндеу көрмепті. Ұлттың бар ақылын құшағына алып жатқан Ұлттық кітапхананың жөндеуден өтпеуі, раснда да, ұят тірлік еді. Дегенмен ол олқылық дер уағында шешілді. 2006-08 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 910 миллион теңге бөлініп, кітапхана еңсесін түзеді. Түрленіп, түлеген кітапхананы Мұхаң келіп көріп кетті. Еңбек ұжымымен жолықты. Кеңінен әңгіме айтты. Мұң-мұқтаждарын тыңдады.

Театрлар төрінде

Күрделі жөндеуге зәру болып тұрған мекеменің бірі Лермонтов атындағы орыс театры еді. Соңғы қырық жыл көлемінде аталған театрда бір шеге жаңадан қағылмаған десек, ақиқаттың ауылынан алыс кетпейтін шығармыз. Ол да шешімін тапты. 1,5 миллиард теңге бөлініп, күрделі жөндеу жүріп, заманауи техникамен жабдықталды. Қысқасы, театр ұжымы қамсыз жұмыс істейтін жағдайға жетті. Мұндай бақыттың аяғы салбырап көктен түсе салғанын көрген Рубен Андриасян жыларман болып: «Шынымды айтсам, осындай қиын уақытта Қазақстан үкіметі бұл театрды күрделі жөндеуден өткізуге ниет білдіріп, қаржы бөледі деп ойлаған жоқпын» – деп отыр.

Айтпақшы, министр театр басшылығына Қалтай Мұхамеджанов пен Шыңғыс Айтматовтың «Көктөбедегі кездесу» пьессасын орыс тілінде сахналауды тапсырды.

Әкем театр атанып кеткен Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық театрына табан тіреді министр. Театрды толық аралап шықты. Сосын театр басшылығына тапсырма берді.

        Қазіргі кезде театрда романтикалық сарындағы дүниелер көп. Алдағы уақытта осыны азайтып, қазіргі заманның талабына сай келетін туындыларды сахналау керек. Арзан күлкіге құрылған дүниелер де керек емес, кесек туындылар жасаңыздар,– деді нығырлап.

Еңбек ұжымымен жолыққан министр театрдың репертуарынан бастап қызметкерлердің жалақысына дейін ақылдасты. Сондай-ақ, жаңа заман талабына сәйкес шет елдерден кесек туындылар жасайтын мықты режиссерлер шақыру керек екенін айтты.

Мәдениет және ақпарат министрі жұмыс сапарының соңында Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына да бас сұқты. Шыны керек, бұл театр қазіргі заманға әбден бейімделген, әмбебап мекеме. Мәселен, осы театрдың жанында жас әртістерге арналған 40 орындық жатақхана бар. Біздің білуімізше, жас әртістер жатақханаға азғантай ғана ақша төлеп тұрады. Мынадай қысылтаяң шақта жастарға бұлайша қамқорлық жасау екінің бірінің қолынан келмейді. Балалар театрындағы барлық жерді аралап шыққан министр оң бағасын берді. Сондай-ақ, театрдың қаржылық жағынан таршылық көрмейтінін жеткізді.

ТІЗГІН ТАРТАР: Қазақ билігі қазақ мәдениетінің ақсамауына барын салып отыр. Кем-кетігін түгендеп, жамауын бүтіндеп келеді. Министрдің әрбір мекемеге уақыт бөліп, әр қайсысымен жеке-жеке кездескені жұмысының жоқтығынан я еріккеннен емес. Қайыс креслода қасқайып отырып басқара беруге болады. Бірақ көзбен көріп, қолмен ұстағандай болмайды. Мұхтар Абрарұлының Астанадан ұзап шығып, облыс-облысты аралап жүруі сондықтан. Мұны ұлттық таным мен құндылықтарға адалдық деп түсінген абзал.

P.S. Сөз басында Ілияс Омаров пен Өзбекәлі Жәнібековтерді бекерден-бекер ауызға алған жоқпыз. Себебі, жұрт Мұхаңды осы асыл ағалардың адал ісін жалғастырушы деп біледі.

Ержан БАЙТІЛЕС

3615 рет

көрсетілді

46

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы