- Тіл
- 18 Наурыз, 2010
Алғашқы қадам. Сүйінші нөмір

«Ана тілінің» алғашқы, сүйінші санын жарыққа шығарудың қамы ақпанның соңы, наурыздың басында қауырт басталды.
О баста «Қазақ тілі» қоғамы құрылған кезде оның жанынан ғылыми-танымдық журнал шығару туралы шешім шығарылып, қаулы қабылданып кетіпті. Қоғам басшысы академик Ә.Қайдар, орынбасары Ө.Айтбаев бар беделдерін салып, сол тұстағы Орталық Комитеттегі бірден-бір «қазақ» Өзбекәлі Жәнібековтің көмегімен осы журналдың орнына газетті ашуға қол жеткізді. Әрине, қайта құрудың сәуір желімен коммунистік темір бұғаудың мық шегесінің түбі солқылдай бастаған кез, бірақ бар мәселе әлі де Мәскеуде шешілетін заман ғой...
Бір күні «Жаңа газетке Жарылқап Бейсенбаев бас редактор болады екен» деген хабар дүңк ете қалды. Жәкеңді сырттай білеміз. Шоқан Уәлихановтың саяхат-сапарларының ізімен жазған көркем очерктері кітапша болып та шыққан. Сол кезде «Жас Алаш» бетінде жиі жарияланатын өнер тақырыпты мақалаларын жібермей оқимыз. Шынын айтқанда, ол кезде әрбір талантты жазушы-журналист, әрбір татымды дүние көптің көз алдында, бәрі алақандағыдай-тұғын. Өйткені,басылым аз, оқитынымыз газеттерден «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті»...
Сөйткен Жәкеміз аяқасты қатерге ұрыныпты, гипстеулі қолы мойнына асулы. Мені шақырып сөйлесті. Жаңа газетте «тілтану» бөлімі болады, соған сені қолай көріп отырмыз деді. Мен болсам Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкермін, ара-тұра газет беттерінде мақалаларым шығып тұрады. Сірә, маған бас редактордың құда түсуіне осы жарияланымдардың әсері болды-ау деймін. Басқалай ойлаудың еш реті жоқ. Институт директоры Әбекең, өзі «Қазақ тілінің» президенті. Сондықтан бір-екі күннің ішінде бәрі оңынан келіп, мен бірінші санды бұйрықпен «Ана тілінің» бірінші жұмысқа алынған қызметкері болып шыға келдім.
Газеттің алғашқы сандарын Тіл білімі институтының (Құрманғазы, 29) акті залында отырып дайындадық. Бас редактордың орынбасары болып Бақыт Сарбалаұлы ағамыз тағайындалды. Жауапты хатшымыз Ертай Айғалиұлы, ол кезде «Қазақ әдебиеті» секретариатында, кешікпей біржола мойнын босатып келді. Тіл тірлігін, қоғамдық-саяси мәселелерді жазатын басты бөлімге қаламы жүйрік журналист Қонысбек Ботбаев таңдалды. Бірақ ол «Жас Алашта» белді қызметкер болса керек, арамызға басыбүтін кештетіп қосылды. Осылайша «үш басшы, екі қосшы» тірлігімізді бастап кеттік.
Алдымызда алғашқы санды, жаңажылдық (Наурыз) нөмірді шығару міндеті тұрды. «Көш жүре түзеледі» деген әңгіме басқаға жүрсе де, газетке жүрмейді. Ең алдымен газеттің «шәпкісі» шешілді. Бұған Ахаң шығарған «Қазақ» газетінің (1913-1918) үлгісі, киіз үй таңдалды. Шын мәнінде, мәселе «шәпкіде» емес, басқада ғой, өткен ғасыр басындағы «Қазақ» мақалаларындай өткір, өзекті, ұлтжанды материалдар дайындау қажеттігі туды. «Ақталғанына» көп болмаған Алаш арыстары туралы тың деректі мақалалар, олардың ұлтшылдықты ту етіп ұстаған өз мұралары «Ана тілінің» алғашқы жылдардағы басты тақырыбы болғандығынан көзі қарақты оқырман хабардар деп ойлаймыз.
Сол кездегі әрбір іс, әрбір қадам, ғылым тілімен айтсақ, екіжақты міндет-функция атқарушы еді: бірі – елдің рухын оятып, күрескерлігін жаныса («қазақ бол!»), екіншісі – орыс отаршылығынан құтылу, жеке ел болуға («азаттық ұраны») үндеу-тұғын. Төрдегі басы есік көзіне жетіп қалған қазақ тілінің беделін көтеру, тіл теңдігін аңсау – сол кездегі ұлтшыл көптің бірден-бір жалауы, байрағы болатын.
Қапастан шығып, халқымен қайта қауышқан Наурыздың алғашқы жалпыхалықтық (алматылық десек те болады) тойы бірінші санның идея-мұратына тіптен дөп келді. Оның үстіне наурызтанушымыз да қасымызда. Тоқтасын Өмірзақов екеуміз Институтта бір бөлімде істейтінбіз. Оның осы алғашқы нөмірге берген Наурыз топтамасы кейін оның өмірінде үлкен Наурыз-эпопеяға айналды ғой деп ойлаймын. «Наурыз басқарды, танымал этнограф-тілшіге айналды, Ш.Керім үшеуміз «Наурыз: жаңғырған салт-дәстүрлер» атты кітап шығардық... Тоқтасын бізге Алматы қаласының мәдениет басқармасының (бастығы ұлтжанды Е.Жанпейісов ағамыз) алғашқы Наурыз-думанының барлық материалын алып келді. Белгілі суретші-мүсінші Бек Ыбыраев дайындаған символ-суреттер бүкіл Қазақстанға Наурыздың ақша қарындай шырайлы жылуын шашып қана қоймай, «Ана тілінің» алғашқы санын да жарқыратып жіберді...
«Қазақ болу», түп-тамырымызға қайтудың жанды бір мәселесі – ата-тегіміздегі «-ов» мазақ-таңбасы еді. Қаншама адам бүгінде өзінше ділмәрсіп, өз-өзін ақтап, жұбатып «-ов»-пен жүргенімен біздің жігіттердің бір күн де ондай отаршыл қарғыбауды тағып жүруге құлқы жоқ-тын. Сол себепті де алғашқы санға Тіл білімі институтының тағы бір қызметкері Аманқос Мектепов жазған («оқдәріміз» салмақтырақ болсын деп проф. Мекемтас Мырзахметов ағамыздың аты-жөнін қосып қойдық) «-Ов»-тан қашан құтыламыз?» деген мақаласы басылып, арты ұлттық талқылауға ұласып кетті.
Мен бірінші бетке редакция атынан «семья», «папа-мама», «январь-декабрь», т.с.с сөздерге балама болар ұсыныстарды жинап-екшейтін көкпар-пікірталастарды ұсынып отырдым. «Тәржімелік тәжірибелер» айдарымен ғылымның әр саласындағы терминдерді аудару (ол кезде төл терминдеріміз болсын деген мәселе әлі күн тәртібіне қойылмап еді) жайы сөз болды. «Төрт құбыламызды түгендейік» – этнографиялық, «Қарға тамырлы қазақ» – шежірелік, «Көнетүркілік төл жазу», «Араб қаріпті төте жазу» – танымдық, «Иманшарт» – мұсылмандық тақырыпты айдарлар осы алғашқы саннан-ақ ойға алған, ойға алып қана қоймай газет ұжымы іске асырған жобалар-тын. Осы жобалардың арқасында, қазақ баспасөзінің тарихында ғасыр басында «Қазақ» газеті ұлтым деп, жұртым деп қалай шырылдаса, «Ана тілі» газеті де алғашқы санынан бастап ұлт жоқшысына айнала білді. Оған дәлел жырдағы Алпамыстай газет тиражы жылдап, айлап емес, апталап өсті. Он мыңмен қанат қаққан балапан-газет тез аяқтанып, бірер жылда жүз мыңдық межеден де асып кетті... Ахаң айтқандай, «Әуелі, газета – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» («Қазақ», №1, 1913) десек, «Ана тілі» қазақтың көсемсөз бәйгесінде бұрын да, қазір де көш басында келеді деп білемін.
Ғарифолла ӘНЕС, «Арыс» қорының президенті, «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, «Ана тілі» газетінің 1990-1992 жылдар аралығындағы қызметкері.

18563 рет
көрсетілді0
пікір