- Тіл
- 16 Наурыз, 2016
Наурыз айы хамал деп аталған
Наурыз – қазақ күнтізбесі бойынша жыл он екі айдың бас айы, көктемнің алғашқы айы, ал григориан күнтізбесіндегі жылдың үшінші айы. Күн жылынып, қар еріп, жыл құстары келе бастайды. Сондықтан жылдың құт мезгілі есебінде де, жылдың алғашқы айы есебінде де, төл басы есебінде де наурызды бүкіл халық аса құрметпен қарап, оны есте қаларлық қасиетті ай есебінде бағалаған. Қалай болғанда да, наурыз айы табиғаттың жаңғырар, бipеудiң екеу болар, тipшiлiк атаулының тiрлiк танытар мерзiмi, жыл тоқсанның басы.
Түркі халықтарының бірі – қазақтардың байырғы ұлттық күнтізбесінің қалыптасуына кезінде соғдарлар мен хорезімдіктердің өскелең мәдениетінің де әсері болғандығы тарихтан белгілі. Сондықтан да болар, тілдік төркіні әртүрлі қазақтың ай атауларының біразы (наурыз, сәуір, маусым, шілде, т.б.) иран тілдерінің әсері арқылы қалыптасқан. Солардың бірі – наурыз айының атауы. Бұл – иран тілдерінде нау «жаңа» және руз «күн» деген екі сөзден тұратын, барша түркі әлемінде «жаңа жылдың алғашқы күні», «жыл басы», «ұлыстың ұлы күні» деген мағынада етене қалыптасқан байырғы атауларының бірі. Ал қазақ күнтізбесінде ай ретінде атауының басты себебі, «Наурыз» мерекесін қыс бойы дайындалып, асыға күткен қазақ халқының бүкіл бір ай бойы тойлайтын әдетімен байланысты болса керек. Наурыз айы қазақ жерінің әр өлкесінде әртүрлі аталып келген. Мәселен, батыс өңірінде амал (араб тіліндегі хамал сөзінен), Арқада отамалы, Жетісуда көкек атаулары қолданылған. Сондай-ақ әрбір айдың жанаса жүретін атаулары бар. Олардың өзіндік ерекшелігі табиғат құбылысын көрсете алатындай сипатында деуге болады. Айға жанама ат қоюдың уәжі табиғат құбылысымен байланысты. Мәселен, наурыз айында қар еріп, жаңбыр жиі жауа бастағандықтан, халық арасында оны жылауық ай деп атайды. Наурыз айы байырғы қазақ күнтізбесіндегі жұлдыз (зодиак) айлары бойынша хамал деп аталған. Хамал сөзі араб тілінде «қозы» деген мағынаны білдіріп, жұлдыз айлары бойынша «Тоқты шоқжұлдызының» атауы болып табылады. Ақын Е.Өтетілеуовтің күнтізбе тақырыбына жазылған өлеңінде Наурыз айының сипаты да дәлме-дәл берілген: Белгісіндей өткен күн «Амал» аты қалыпты. Наурыз – басы көктемнің, Сүйікті айы халықтың. «Түске дейін мүйіздей», Қар қатпақ боп бағады, «Түстен кейін киіздей» Босап, бұлақ ағады. Күн күлімдеп таранар, Табиғаттың шартымен. Наурыз – бірде киіз, бірде – мүйіз. Наурыз айындағы ауа райының өзгеріп, бірде жылы, бірде салқын болып, құбылып тұратындығын аңғартып тұр. Наурыз – жақсылығына алса құт, жамандығына алса жұт. Халық тәжірибесі негізінде дүниеге келген бұл мақалдың мәнісі: наурыз айында ауа райы шаруаға қолайлы жақсы да, шаруаға қолайсыз жаман да болуы мүмкін. Кей жылдары мамыражай жылы, шуақты болатын наурыз айы, енді бір жылдары жаңбырдың арты қарға, қар борасынға айналып уақ малдың төлдейтін мезгілінде үлкен шығынға ұшыратуы да ықтимал. Наурызға байланысты екі ұдай көзқарастың болуы да міне осыған байланысты.
Гүлсінай ИСАЕВА
4417 рет
көрсетілді0
пікір