- Ақпарат
- 08 Сәуір, 2010
Сөз мәдениеті хақындағы жанайқай

Рәбиға Сыздық, ҚР ҒА-ның академигі.
Бүгінде қазақ тілінің тағдыры үшін күрес жүріп жатқаны белгілі. Күрес дегеннің синонимдері ұрыс-талас, қақтығыс, шабуыл, қорғану сөздері. Ұрыс, шабуыл болғандықтан, оның оң қанаты, сол қанаты, орта тұсы дегендер болады ғой. Қазақ тілі үшін бүгінгі іс-қарекеттің ең пәрменді тұсы – оның әлеуметтік қызметі, мемлекеттік дәрежесі, қоғам тіршілігіндегі орны үшін жүрігізіліп жатқан күрес болып отыр. Бұл күреске қатысты қам-қарекеттер, әрине, мүлде жоқ емес. Қазіргі қазақ тілінің мемлекеттік тіл деген заңмен бекітілген ресми-құқықтық дәрежесін күшіне енгізу үшін 20 жылдан бері қаулы-қарарлар мезгіл-мезгіл жарияланып жатыр, әлеуметтік, ғылыми пікірсайыстар мен ұсыныстар баспасөз беттерінде, радио-телевидениеде, жиын-конференцияларда үздіксіз сөз болып келеді. Бірақ күрес тоқтамақ түгіл, толастамайтын түрі бар. Өйткені бұл қарекет – тек әлеуметтік қана емес, саяси-идеологиялық, рухани-ұлттық үні бар құбылыс. Бұл күнде барша күш осы шепте шоғырланып жатыр. Бүгінгі күрес мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне сай әлеуметтік қызмет өрісін кеңейту арқылы оның ұлттық тіл ретінде тарих көшінен қалып қоймауын көздеу. Тіпті дәлірек айтсақ, бүгінгі күрес – тілін сақтау арқылы қазақ деген халықтың, қазақ деген ұлттың жойылып кетпеуіне жол бермеу үшін күрес, жан беріп, жан алысып жатқан айқас. Өйткені тіл сол халықтың даралық сипатын көрсететін ұлттық рухани-мәдени коды. Тіл – тек қатынас құралы ғана емес, адамды сол халықтың туабіткен толыққанды мүшесі ететін күш, әр адамды сол тілді пайдаланушы халықтың тұлғасы етіп шығаратын құдіретті күш, тіл – ұлттық сананы түзейтін құрал. Ол үшін тілді бүгінгі қазақша сөйлей алмайтындарға үйретіп жатқанымыздағы мақсат – күнделікті тіршілігімізде көше сұрай алатындай, дүкендегі не базардағы тауардың бағасын сұрай алатындай, қазақша амандасып, қайыр-қош айта алатындай дәрежеде білгізу емес, қазақшаны еркін сөйлей, оқи, жаза алатын дәрежеде білгізуіміз керек. Сол күнде бүгінгі ана тіліміз үшін күресіміз барлық майданда жеңіске жетері хақ. Міне, осы айқаста дәл бүгінгі біздің барша мақсат-мұратымыз қазақ тілін келесі ұрпақтарға әйтеуір “аман-есен” жеткізу ғана емес, ғасырлар бойы жинақталған сөздік байлығын, дыбыстық гармониясын, грамматикалық жүйелілігін бұзбай, оларды қырнай түсіп, жетілдіре түсіп жеткізу екенін жақсы түсінсек. Түсіне отырып, тіл қолданысында байқалып отыратын кейбір ақаулықтарға назар аударсақ. Тілді қолдануда “сөз мәдениеті” деген ұғым бар. Мұны біз күні бүгінге дейін “тіл мәдениеті” деп келдік. Сөз мәдениеті дегендегі сөз – тілдің қолданыстағы көрінісі (орысша тіл – язык, қолданысы – речь). Әдетте мәдениет (тәртіп, норма) деген атауды тіл дегеннен гөрі сөз деп тіркестірген дұрыс, өйткені мәдениеттілікті тілдің табиғатынан іздемейміз, оның қолданысынан іздейміз. Белгілі бір халықтың ғасырлар бойы жеке тілі болып қалыптасқан тілі – өзінен өзі “мәдениетті” (жүйелі, тәртіпті), оның осы жүйесін, тәртібін сақтап не сақтамай қолдануға келгенде оның “мәдениетіне”, “дұрыстығына” назар аударылады. Бұл құбылыс тек тіл мамандарын ғана емес, қалың жұртшылықты, әсіресе ана тілін қадір тұтатындарды алаңдатады. Бұған баспасөз беттерінде, мысалы, “Қазақ әдебиетінің” соңғы сандарында отбасы мен жанұя сөздері жайында пікір алысып жатқаны дәлел. Баспасөз беттері мен теле-радиохабарларда бір мағынаны беретін екі-үш сөздің жарыса қолданылуы, сондай-ақ бұрын айтылмайтын қаңтардың 17-жұлдызы, пәленше пәлен жылы туылды, 80 жасар қария сияқты құлаққа жат естілетін қолданыстар орын алып келеді. Осындай және өзге де байқалып қалатын лексикалық, емлелік, тіпті бірен-саран грамматикалық ауытқулар жөнінде сөз қозғасақ. Алдымен, мұндай күмәнді бірліктердің (сөздердің, тіркестердің, жазу үлгілерінің) пайда болу себептеріне келсек. Бұқаралық ақпарат құралдары қалың жұртшылыққа ұсынылатын ақпаратты әрі түсінікті, әрі құлаққа жағымды, оқуға, тыңдауға әсерлі етіп жеткізуді көздейді. Бұл жүк, әрине, тілге түседі. Жазылған дүние немесе көпшілікке арналған теледидардан, радиодан ауызша айтылатын сөз, жиын-жиналыстардан бастап қажетті жерде шаршы топ алдында ауызша айтылатын сөз жай хабар (информация) беріп жеткізуді емес, сол ақпаратты қалың жұртшылыққа мейлінше түсінікті, барынша әсерлі етіп жеткізу мақсатын көздейді. Сондықтан кей тұстарда өзге тілден алып айтылып жүрген сөздердің қазақша баламасын іздейді. Мысалы, көп уақытқа дейін “отбасы, үй іші” мағынасында орыс тілінен алынған семья сөзі жұмсалып келгені белгілі. Бұл сөз термин ретінде семьялық тәрбие, әр семьяның әл-ауқаты сияқты тіркестерде жиі жұмсалды. Өткен ХХ ғасырдың соңғы жылдарында оның қазақша баламасы ретінде жанұя деген жасанды тұлғаны ұсыну әрекеті пайда болды. Бір қарағанда бұл ұғымды атауға қазақша балама іздеудің өзі өрескелдік (абсурд) сияқты. Өйткені бұл әрекеттен қазақ тіршілігінде бір үй болып саналатын социумдық құрылым (институт) мүлде болмағандай, қазақ қауымы аң-құс, мал сияқты бет-бетімен қаңғып жүретін мақұлықтар болып көрінбей ме? Ал қазақтарда семья болған, болғанда қандай! Екі кейде үш ұрпақты бір шыңырақтың астына топтастыратын, заң-тәртіптері мықты семья болған. Соған қарамастан, бұның қазақша атауын іздеппіз, “тауыппыз”. Мұның да кішігірім себебі жоқ болмас. Сірә, бұл әлеуметтік құрылымды ата-бабаларымыздан бастап “отбасы, үй іші, үй” деп келдік: біздің отбасымыз үлкен; үй іштерің аман ба? біздің үйде бес бала бар деген сияқты сөйлемдерді әр қазақ дұрыс түсініп, дұрыс қолданады. Сондай-ақ өзге ұғымдар сияқты, бұл ұғымды да ретіне қарай жоғарыда көрсетілген атаулардан басқа сөздермен де білдіре береміз. Мысалы: шаңырақ (бұл ауылдың көптеген шаңырағында 5-6 баладан бар), түтін (бұрын әр түтінге салынатын салық мынадай болған), үй (үйіңде неше жан бар?). Ал жасанды атауға қалайша зәру бола қалдық және бүгінгі студент жастар отбасы деген терминнен гөрі жанұя деген сөзді таңдайды екен. Газеттерде жарияланған мәліметтерге сенсек, бір университеттегі қазақ тілі факультеті студенттерінің 72%-ы отбасы емес, жанұяны құптапты. Біздіңше, бүгінгі жастардың түсінігінде отбасы сөзі өткен кезеңдерді суреттейтін көркем әдебиеттегі, ауыз әдебиеті үлгілеріндегі қолданыстармен ассоцияланатын тәрізді. Сондықтан 60-70 жыл бойы жиі жұмсалып келген семья сөзін дұрысырақ деп санап, бірақ оған қазақша балама қажет деп ұғынатын болса керек. Отбасы деп үлкендер, оның ішінде ауыл адамдары айта берсін, ал біздің дәуірімізде семья, ол – жанұя деген таңдаулары көрініп тұр. Оның үстіне жанұя – әдемі сөз: құлаққа жағымды естіледі, орысшасымен “үндес” деген де уәждері бар. Сондай-ақ ұя және жан деген адамға жылы естілетін әсем қосынды болғандықтан ба, бірсыпыра лауазымды үлкен адамдар да осы сөзді жиірек қолдана бастағандықтан ба – әйтеуір жастар отбасы, үй іші дегендерден гөрі жанұя деген жаңа жасанды сөзді мақұлдапты. Ал дұрысында бұл отбасы дегеннің лексикалық синонимі де емес, термин де емес. Қайткенде де бұл әдемі сөзді қолданыстан ығыстырмайтын болсақ, оны көтеріңкі пафоспен айтылатын әңгімеде, көбінесе шаршы топ алдында шешен сөзге барғанда ғана жұмсауға болар. Ал 6-7 жасар бала жанұямда үш баламыз деп тұрғаны құлаққа жат естілері даусыз. Тіл дамыған сайын әр алуан қажеттікке қарай лексикалық бірліктері де түрлене түседі. Айталық, (жоғарыда ескертілді) бұқаралық ақпарат құралдары “әсем” сөздерді іздейді. Белгілі бір затты, адамды, дерексіз ұғымды, сын-қасиетті, қимыл-әрекетті білдіретін, осы тілде қалыптасқан, нормаға айналған кейбір сөздерге қосалқы атау іздеу – тілдердің қай-қайсысына да тән амал. Ондай сөздер сипаттаушы (характереологические) көріктеуші қосалқы бірліктер деп аталады. Бұларда әсерлілік күштірек болуы керек. Ал көбінесе бұрын көп қолданылмаған, ұмыт бола бастаған көне, ескі сөздер, кейбір шет тілдік сөздер, жасанды сөздердің және сипаттама тіркестердің эмотивтік әсері күштірек болады. Мысалы; көпке дейін көмір дегенді қара алтын деп әспеттеп келсек, бұл күнде мұнайды да осы тіркеспен “құрметтейміз”, мақта болса ол – ақ алтын, тіпті қолдан өсіріліп, азық-түлік қорымызды байытатын тауық, үйрек-қаздарды қанатты түлік деп те атауға бардық. Бұлар, әрине, терминдік (не жалпы атауыштық) варианттар емес, олар қолданылатын орын таңдайды. Бұларды стильдік қосамжар атаулар десек те болады. Бүгінде осындай сипаттама атаудың ең жиі қолданылатыны – Елбасы сөзі – жаңа тіркес, президент дегеннің көтеріңкі үнді қосалқы қатары. Елбасы (тек үлкен әріппен жазылатын) – Қазақ республикасының президентін ғана аса зор құрметпен атау. Сондықтан, мысалы, белгілі бір қорлардың президентін “пәлен қордың елбасы” демейміз, немесе Ресейдің Елбасы деген қолданысты да кездестірмейміз. Тіл тіршілігіндегі мұндай эстетикалық сұраныстарды өтейтін сөздер (бірліктер) мен нақты атауларды, оның ішінде ғылыми терминдерді шатастырып алушылық та бар. Сірә, бүгінде астрономиялық термин етіп қолданып жүрген ғарыш деген сөз де о баста, яғни өткен ғасырдың ІІ жартысында космологияның адамзатты дүр сілкіндіріп қауырт дами бастағанда осынау бір құдіретті дүниені “әдемі” сөзбен атау ниетіміз күшті болғанға ұқсайды. Соны іздеп, әрі “орысшылдықтан” қашып космос сөзін ғарыш деп алыппыз. Зор ілтипатпен зерттей аламыз ба, жоқ па, космос – адамзатқа бағына ма, жоқ па деген қорқынышпен сескене қарап, бұрынғы таным-нанымдағы ғарыш сөзімен атасақ керек. Бірақ бұл жердегі ғарыш сөзі космос дегеннің дәл баламасы емес, өйткені ғарыш – араб тілінде құдай (алла тағала) отырған, ауыспалы мәнде “көк, аспан” ал космос дегеннің ғылыми терминдік мағынасы “аспан” емес (аспан тек жер планетасына қатысты атау), космос грекше “бүкіл ғалам: жерден тыс жұлдыздар, планеталар, галактика. Соған қарамастан, бүгінгі қазақ оқырмандарының танымында ғарыш сөзі космос дегеннің тепе-тең баламасы болып қалыптасып барады. Мұның да себебі бар. Тілдік нормаларды қалыптастыруда сөздің қолданыс жиілігінің тікелей қатысы бар. Жаңа сөздердің, бұрын қолданыста көп болмаған көне, ескі, шеттілдік сөздердің тілге тез сіңісіп, тіпті нормаға айналып кетулерінің бір себебі олардың алғашқы келген кезден басталған қолданыс жиігілі болды. Мысалы бұрын 60-70 жыл бойы мектептегі класс деп келген шеттілдік атауды бір жылға жетпей екінші бір шеттілдік сынып деген атау ауыстырып үлгерді. Бұл сөз тіпті бір жыл емес, 1-2 айда-ақ өте жиі қолданыла бастады, яғни сол кезеңде қанша қазақ мектебі болса, солардың аузында күнбе-күн, сағат сайын сынып сөзі айтылуы тиіс болды, сөйтіп, мектеп кластарын сынып деп атау бірден орын тепті. Міне, осындай жолмен кеңінен қолданылып кеткен терминнің бірі – жоғарыда талданған ғарыш сөзі. Соңғы онжылдықтарда әлемдік ғылымның сан алуан түрі аса зор қарқынмен сөз болып жатқанда, ғарыш сөзі де баспасөз беттері мен теледидар экраны, радио үні арқылы жиі естіліп, жиі көзге түсіп (оқылып), жиі айтылып, беркініп алды. Мұндай құбылыстың тілдің қай-қайсында да болатынын ескеріп, ғарыш пен ғарышкер сөздерін қазақ лексикасының бірліктері деп келіскеннің күннің өзінде космология, космонавтика сияқты ондаған терминдердің қазақша бір сөзбен берілетін баламаларын таба қою оңай болмас, сондықтан бұл салада интертерминдерді де қолдануға мәжбүрміз. Сол сияқты жанұя сөзін әрі қарай қолдана берер болсақ, оны тек көтеріңкі үнмен (пафоспен) сөз болған жерлерде ғана жұмсауға болар. Келесі көңіл аударатын ақаулық – кейбір қалыптан (нормадан) тыс қолданыстарға әуесқойлық. Мысалы, соңғы 5-10 (әлде одан да бұрынырақ) жылдың барысында “тамыздың 15-жұлдызында”, қыркүйектің 5-жұлдызында” деген сияқты “әдемі” тіркестерді жиі қолданатынды шығардық. Бұлайша күн қайырудың дұрыс еместігі туралы ескертіліп айтылып та келеді. Бірақ бұл ескертулерге кейбір журналистер мен редакторлар құлақ аспай келеді. Дұрысында, қазіргі қазақша күн қайыру жұлдыз есебіне емес, ай есебіне негізделген, екі есептегі ай аттары да бірдей емес. Жұлдыз есебімен айтылса, жәдінің 2-жаңасында, әсеттің 25-күнінде деп, ал ай есебімен айтылса, желтоқсанның 2-сінде немесе 2-желтоқсанда, шілденің 25-сінде немесе 12-шілдеде деп күн қайыру керек. Жұлдыз есебімен көбінесе 5 жаңасында, 10 жаңасында деп айтылады. Ал желтоқсанның 2-жұлдызында деп айту (жазу) желтоқсан айының 2-жәдісінде деген сияқты қисынсыз қолданыс болып шығады. Сірә, бұл жердегі тілдік нормалардан ауытқушылық әсерлілікті, әдемілікті (“жұлдыз” сөзінің өзі бір сиқырлы әдемі сөз ғой) көздеуден туатын сияқты. Бірақ әсемдікке, әсерлілікке құштарлықты қуалап, тілдік нормаға қиянат жасауға болмайтынын бүгінгі сауатты және тілді құрметтейтін адамдар жақсы білмекке керек. Келесі көңіл аудартатын және бір ағаттық – синонимдерді, қос сөздерді жұмсалатын орындарын таппай, нормадан ауытқытып қолдану. Айталық, суық, салқын, аяз дегендер күн райына қарай айтылады, сондықтан 2 градус аяз, 10 градусқа салқын, 20 градус суық деуге болмайды ғой. Сондықтан теледидардан күнбе-күн беріліп жататын хабарламаларда 10 градус аяз, 12 градус суық дей салушылық та кездеседі. 2009 жылдың күзінде “Хабар” арнасынан ауа райын ауызша хабарлаушы екі-үш ай бойы “бүгін Өскеменде (Алматыда ...) жауын-шашын жаумайды» дегенді жиі айтатын. Бұл жерде жауын-шашын болмайды немесе жаңбыр жаумайды, не қар жаумайды деп хабарлау керек қой. Жауын-шашын – жинақтама мәнді қос сөз, ол жаңбыр, қар, бұршақ сияқтыларды жинақтап айтқанда қолданылуы керек, ол жауатын нақты қар, жаңбыр, бұршақтар, сондықтан күз, көктем сияқты кездерде үшеуі де араласа, не кезектесе жаууы мүмкін, бірақ жауын-шашын жауады демей, болады, болмайды деп хабарлау керек. Жүріп-жүріп дұрыс қолданылып келе жатқан морфологиялық тұлғаның орнына басқасын қолдана бастау да ара-тұра байқалып жүр. Солардың бірі – туылды тұлғасы. Адамның дүниеге келуін, сондай-ақ бір нәрсенің, құбылыстың пайда болуын, көрінуін туды деп келгенбіз: ай туды. Туу етістігі адамға қатысты айтылғанда екі мәнде жұмсалады: баланың (адамның) тууы (дүниеге келуі) және баланы туу (дүниеге келтіру): менің досым 1980 жылы туған. Морфолоия нормасы бойынша ырықсыз етіспен туылды деп айтылуы керек, бірақ тілде узустық норма дегендер де болады, яғни нормадан ауытқып қолданылып кеткен тұлғалар аз кездеспейді. Мысалы, атты ерттеді (ер салу) дегенді қазақ тілінің морфологиялық нормасына салсақ, атты ерледі деуіміз керек, өйткені атқа салатын ер сөзінен қимыл есімін жасау үшін -ле жұрнағы жалғанып, ерледі болуы керек (түбірдің соңғы дыбысы үнсіз р дыбысы болғандықтан, оған жалғанатын қосымшалар не ұяң, не үнді дыбыстан басталуы керек: ер+дің ер+ге ер+ле). Немесе қой қоздады дейміз, ал грамматикалық норма бойынша қой қозылады болуы керек. Мұндай қолданыстар – узустық көріністер: бала туылды дегеннің орнына бала туды (менің тұңғышым былтыр туды деген сияқты). Ал туған (дүниеге келген баланың (адамның) өзі емес, оны дүние келтірген анасы жайында әңгіме болса, көбінесе бұл сөйлемде толықтауыш (әйел бала туды, тұңғышын туды) қоса айтылады. Сондықтан өмірден озған тарихи тұлғаларды әңгімелегенде, олардың туған-өлген (туылған-өлген емес) жылдарын мынадай деп сөз қозғаймыз. Туу етістігінің осындай екі түрлі қызметпен келетініне қарай туған әке (туылған әке емес), туған-туысқан (туылған-туысқан емес), туған жер (жердің өзі туып тұр деген сөз емес) дейміз. Соңғы кезде өте дұрыс, әрі әсерлі әдемі ана тілі деген сөздерді туған тіл деп ауыстырушылық та көрініп жүр, “Туған тіл” деген журналдың да аты пайда болды, бұл, әрине, орысша родная речь-тің түп-тура аудармасы. Оңтүстік өлкелерде жиірек қолданылатындығына қарамастан, грамматикалық нормасына сай келмейтіндігіне қарамастан, адамның дүниеге келуін туылды деп айтпай, туды деген тұлғаны әдеби норма деп тану керек. Бұл күнде іс-әрекеттердің, әр алуан құбылыстардың, заттардың жаңа түрлері пайда болуда. Оларға да нормаға сай әрі дұрыс, әрі әсем атау табу керек. Мысалы, теледидардан бірі танымал әнші, екіншісі ән айтуға құмар екі адам қосылып, өнер көрсету пайда болған екен. Оған “Екі жұлдыз” деп әдемі ат қойылыпты. Сондай-ақ бір отбасы: әке-шешесі, балалары болып белгілі бір ойын түрінен қабілеттерін көрсететін де телекөріністі тамашалай бастадық. Бұған “Толағай” деп ат беріліпті. Бұл атаудың әдемілігінен гөрі, түсініксіздігі басым. Толағай – монғол сөзі, мағынасы “бас”, “басшы”, “бастық, ие”, “бір нәрсенің басы”, “бір дана”. Қазақ тілінде бұл сөз қу толағай, толағай көріну сияқты тіркестерде ғана қолданылады. Өткен замандардың ақын-жыраулары мен мақал-мәтелдерде ғана кездеседі: Ер-тоқымын жастанып, Қу толағай бастанып ... (Ер Қосай эпосы), Қу толағай бастанбай, Ерлердің ісі бітер ме? (Махамбет, ХІХ ғ.), Тау толағай көрінер тасы кетсе (Шал ақын, ХVІІІ ғ.), Төрт түлікке толтырды. Толағай тұлдыр қыратты (Дулат Бабатайұлы, ХІХ ғ.), Бұлардың барлығында толағай “тақыр, жалаңаш бас” деген мәнде келген. Демек, қазақ тілінде белгілі бір “тақыр” (бас), “жалаңаш (таудың басы), қыраттың үсті” деген мағынада ертеде жұмсалған бұл сөз қалайша бұл күнде отбасылық жарыс ойынды атауға алынды екен. Әлде бұл – ертегілерде кездесетін кейіпкердің аты ма? Ол аты Тоғалай деп те келеді. Бұл көне сөзді тіпті “толық, толған, мол” деген мағынада жұмсаушылық та кездеседі. Бұл жерде, сірә, сөз түбірі бірнәрсеге “толу” деп ұғынылған болса керек, әйтпесе толағай табыс (мол табыс) сияқты тіркестерді түсінбес едік. Бұл да жасанды мағына. Тегінде, көне, ескі, бөгде тілдік сөздерді долбарлап, өзімізше икемдеп жаңа мағынада қолдана беру тіл табиғатына сәйкеспейтін жасандылықты, көп варианттылықты күшейтеді. Бір мағынаны аса қажеттігі шамалы бірнеше сөзбен білдіруге тырысу әрдайым сәтті әрекет болмайтынын ескерген жөн. БАҚ тәжірибесінде қашанда да көзге түсетін бір құбылыс, ол – белгілі бір сөздерге “жіп тағып” орынды-орынсыз жерде жиі қолданылатын әдет, сөзді “модаға” айналдыру. Өткен ХХ ғасырдың 70-жылдарында майталман сөзінің “тасқынын” әрең тежегенбіз. Негізінен жүйрік жылқыға, сондай-ақ төгілте күй шертетін күйшіге, ағыл-тегіл жыр төгетін жыршыға қарата айтылатын (майталман жүйрік, майталман күйші деген) тіркестерде о баста бұл сөздің “шапшаңдық”, “ағыл-тегіл біркелкі қимыл” деген сияқты реңкі бар болған сияқты, кейін біздер, қазақ тілінің түсіндірме сөздігін жасаушылар, “сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі”, өз ісінің асқан шебері, озаты” деген мағына беретін сөз деп әбден шатастырдық (ҚТТС, 7-том, 1988 ж), өйткені алдымен бұл сөзді осындай түсінікте жазушылар мен журналистер бастады: майталман ақын, 80-нен асқан майталман өнер иесі, еңбек майталмандары деген мысалдарды оқимыз. Тіпті бара-бара майталман сауыншы, одан да асырып майталман шошқа бағушы деп те жазатын болдық. Әйтеуір өте жиі айтылып, жалықтырды ма, әлде майталман шошқа бағушы дегендердің қазақ танымына сай келмейтіндігін сезінді ме, я біздердің сын мақалаларымызға ептеп құлақ асты ма – әйтеуір өрбіп кеткен “майталманнан” құтылдық. Және бір жауыр болуға айналған ескертпе сын – адамның қай жаста екенін айтуға келгендегі сәтсіздіктер. Қазақ жасар деген сөзді тіркестіріп бірден бастап ең әрі кеткенде он бес-жиырма жастағы баланы, жеткіншекті атайды: бір жасар, бес жасар, 20 жасар жігіт. Ал әрі қарай жастағы, жасқа келген деген танымдарды қолданады: 45-тегі жігіт ағасы, 50-лерге келген (келіп қалған) әйел, отыздағы келіншек. Толған, келген, алқымдаған, келіп қалған, жасаған деген анықтағыш сөздер де әр түрлі жасқа қарай таңдап айтылады, бұл синонимдердің кез келгенін барлық жасқа орайластыра айтуға болмайды. Сондықтан соңғы жылдарда баспасөз беттері мен телехабарларда бұған да назар аударуды қойып келеміз. Мысалы Чилидің бұрынғы басшысы Пиночетті айыптап соттамақ болған кезеңдегі газет беттерінде 82 жасар Пиночет дегенді жиі оқыдық; асқар таудай әкеміз 76 жасқа толып отыр; Бостандық ауданының әкімі осы ауданның қарт тұрғыны Рахия Әбішеваны 100 жасқа келген мерейлі тойымен құттықтады деген сөйлемдерді теріп алдық. Ал қазақша жатық (дұрыс) сөйлер болсақ, 82 жастағы Пиночет; әкеміз 76 жасқа келіп отыр, 100 жасаған қарт тұрғын деу керек қой. Келесі ескерте айтпағымыз – адамның аты-жөндерін қазақша жазудағы мүлде бейберекет сипат алып бере жатқан көрініс жайында. Мұнда ертеден-ақ ала-құлалық едәуір болып келгенін білеміз. Бірақ бұрын (араб жазулы дүниелерде) бұл баптың емле ережесі болған жоқ. Қазіргі жазуымыз қабылданған (1954 жылдардан бері) кезеңде қазақша кісі аттарын жазудың ережесі болды. Бұл ереже бойынша адам аттары екі сөзден құралған болса, ол сөздер қосылып жазылады (Досжан, Өтепберген, Мергенбай, Қажымұрат, Әбдуәлі, Қартқожа, Нұрдәулет, Нұрмұхамбет т.т) деген ереже әбден орнығып, 1990 жылдарға дейін бір ізге келіп қалған болатын. Тәуелсіздікке қол жетіп, Ресей империясына тәуелділіктен азат болғандықтың бір белгісі ретінде фамилияларымыздың орыс тілінің -ов(-ова) -ин(-ина) жұрнақтарымен беріліп келгенінен де бас тарта бастадық. Бұл – дұрыс. Әкеміздің, атамыздың аты түбір күйінде немесе ұлы, қызы, сиректеу келіні, тегі деген сөздер тіркеліп жазылатын болды. Осы кезден бастап көбінесе фамилия болып тұрған жалқы есім құрамды (екі сөзден) болса, ол екі түбірді дефис арқылы ажыратып, екеуін де бас әріппен жазу тәртібін әркім өзі жасап алды (Мырза-Әлі, Нұр-Мұхамбет, Әбді-Манап). Сірә, баста қайсысы өз аты, қайсысы фамилиясы екенін ажырату үшін, фамилия болып тұрған есімді осылайша құбылту жөн көрінген болар. Бірақ бұл әдіс емле жүйесінде ала-құлалық туғызып отырғаны даусыз. Соңғы 5-10 жылда баспасөз беттерінде жиі қолданылып кеткен еліміздің атақты 3-4 тұлғасының фамилияларының жазылуына осылайша “еркіндік” беруге болғанмен, әрі қарай бұл еркіндікті тоқтату қажет. Өйткені фамилиялар ғана емес Кет Бұқы, Совет Хан деп адамдардың өз аттары, яғни азан шақырылып ата-анасы қойған бастапқы есімдері бейберекет жазыла бастағаны алаңдатады. Жаңадан куәлік құжаттарын алмастырып жатқандар мен жаңадан паспорт алатындар бұдан былай қарай орыс аффикстерін алып тастаған күннің өзінде де екі түбірден жазатын ала-құлалықты тоқтатып, кісі аттарының құранды бөлшектерінің көбінесе түбірі сақталып, қосылып жазылатын ережесін бұзбау керек. Тіл заңдары әркімнің жекешелендірілген меншігі емес, жылдар, ғасырлар бойы қалыптасатын, жүйелі, тәртіпті дүние. Ең соңғы ескертеріміз – мақал-мәтелдердің жеке сөздері мен сөйлем құрылымын бұзбай қолдану талабы. Бұл күндерде хабарды жүргізуші жастардың бірқатары “Келесі кездескенше күн жақсы болсын!” деп жатады. Ал дұрысы: Көріскенше күн жақсы! Мақалдардың табиғаты өте жинақы (аз сөзді) болады. Бұларда көбінесе баяндауыш айтылмайды: Асыл – тастан, ақыл – жастан (шығады сөзі айтылмайды). Сондықтан жоғарғы қоштасуда болсын сөзінің қажеті жоқ. Сондай-ақ келесі кездескенше емес, көріскенше деп келте қайырылады. Мақалдардағы әр сөздің мағынасы, дыбысталуы, тіпті буын сандарына дейін өлшеулі болады. “Алтын Орда” сияқты жақсы газеттің бетінен “жарғақ басы жастыққа тимей” (АО. 14.01.10) дегенді оқығанда, әттең-ай дейсің. Жарғақ болатын бас емес, құлақ қой. Мақал-мәтел, тұрақты тіркестер – тілдің ғасырлар бойы сақталған байлығы. Бұл байлықты бас-көз жоқ қиратуға, бүлдіруге, шашуға болмайтынын білсек керек. Бұл мақалада айтпағымыз, көздеген мақсатымыз – қай газетте қандай ағаттық кетіп жатыр дегенді тізбелеп, санау емес. Олардың пайда болу себептерін талдап-танытып, әрі қарай орын алдырмау уәждерін, амалдарын айту болды және бұл әңгімеміз – қазақ тілінің бүгінгі мен ертеңіне алаңдап қам жейтіндерге тіл майданының сөз мәдениеті деген бір қанатын күшейтуге шындап кірісудің кезі жеткенін қайталап айтқан жанайғайымыз.

12616 рет
көрсетілді2
пікір