- Тіл
- 08 Сәуір, 2010
Ұлт газеті жұртшылыққа жақындай түсті

Жуықта ғана өзінің жиырма жылдығын атап өткен республикалық «Ана тілі» газеті 12 мың данамен Ақтөбеден басылып шыға бастады. Бұл газеттің Батыс аймағындағы оқырмандары мен ұлттық тіліміздің жанашырлары үшін үлкен жетістік, шын қуаныш болды.
Ұлттық тілге деген терең түсінік, «Ана тілі» басылымына құрметпен қарау Ақтөбе облысында әу бастан-ақ қалыптасқан. Ең алдымен, сол тұстағы «Қазақ тілі» қоғамы жетекшілері мен мүшелерінің игі ықпалы, одан беріде жекелеген қоғамдық ұйым өкілдері өздерінің аса белсенділіктерін танытты. Бүгінде облыстық Тілдерді дамыту басқармасына басшылық жасап отырған Қазақстанның құрметті журналисі Сексенбай Күлімбетов 1998 жылдың соңында «Ана тілі» газетінің осы облыстағы меншікті тілшісі болып жұмысқа кірісті. Сәкең 2003 жылдың тамыз айына дейін қызмет етті. Осы бес жылға жуық мерзімде «Ана тілі» газетінің таралымы Ақтөбе облысында күрт өсті, оқырман саны басқа облыстармен салыстыра қарағанда айрықша көбейді. Бүкіл Батыс аймағы оқырмандары қуана қабылдаған бүгінгі үлкен жетістік – «Ана тілі» газетінің Ақтөбеден басылып шығуына орай газет оқырманының көбеюіне үлкен үлес қосқан Сексенбай ағаға жолығып, бірнеше сауалға жауап алудың сәті түсті.
– Сәке, қуаныш құтты болсын. Сөз жоқ, бұл жетістікке Сіздің қосқан үлесіңіздің қомақты екенін ешкім де жоққа шығармайды. Сол бір жылдарды еске алсаңыз.
– Мәңгілік деген еш пендеге бұйырмаған ғой. Екі тілде шығатын қалалық газет бір күнде жабылды да, бас редактор менен бастап он жеті адам жұмыссыз қалдық. Сол тұстағы «Ана тілі» газетінің бас редакторы, бүгінгі белгілі жазушы Мереке Құлкенов мені қызметке алды. Ақтөбе облысындағы меншікті тілші болып жаңа жұмысты бастадым. Дәл сол жылы газеттің таралымы тым аз болғаны жайында айтуға ұяласың. Қаншама халқы бар ауқатты облыс үшін «Ана тілі» газетінің оқырманының аз болуы, шынында, намысты қайрайтын. Жедел іске кірістік. Басты меже – аудандарда, үлкен кәсіпорындарда болып, басылым көтерген тақырыптарды, газет бетіне жарияланған тұщы дүниелерді оқырмандарға жеткізу болды. Екінші, облыс көлемінде ұлттық тіліміз үшін орындалып жатқан жақсы істер, дәстүріміз бен мәдениетімізді насихаттауға бағытталған ұмтылыстар – осының бәрін «Ана тілі» басылымына жиі жариялап тұру қолға алынды. Жекелеген шетел компаниялары басшылары алдына баруға тура келді. Тәуелсіз Қазақстанның кешегісі мен бүгіні, тіптен ертеңіне де болжам жасап, насихаттау жұмыстары үнемі жүргізілді. Түптеп келгенде, облыста «Ана тілінің» шын жанашырлары мыңдап табылды. Келер жылдың өзінде-ақ облыстың жекелеген аудандарының әкімдері, қала орталығындағы ірі мекеме, кәсіпорын басшылары газеттің көптеп таралуына өздері мұрындық болды.
2004 жылдың ортасында облысымызға әкім болып келген, Ақтөбе халқы бұрыннан жақсы білетін, ұлттық тіліміздің жанашыры Елеусін Наурызбайұлы Сағындықов әп дегендегі әңгімесін «Ана тілінен» бастады. Сол жылғы есеп беру жиынында облыс әкімі зиялылар алдында мемлекеттік тілдің құдіретін көпшілікке жеткізе отырып, баяндама бастауын облыстағы ана тілі ахуалына арнады. Мұнан кейін Әйтеке би ауданы әкімі Есімхан Есенбаевтың, ауданның мәслихат басшысы Ақансері Ермағамбетовтің «Ана тілі» газетін аудан көлемінде таратуға қосқан үлестері ерекше еді. Соңғы бірнеше жылдан бері бұл ауданда «Ана тілі» басылымы 1000 данадан жоғары. Мұндай игі істер облыстың Қарғалы ауданы әкімі Мұхтар Жұмағазиев, Қобда ауданы әкімі Любовь Исмағамбетовалар тарапынан атқарылды. Бір жылдары облыста 100 ғана таралыммен өз оқырманына жеткен «Ана тілі» басылымы 2005 жылы 11500 данаға жетті. Ақтөбе қаласындағы «Ана тілі» газетінің таралымы жыл сайын 4500-5000 данадан кем болған жоқ. Бұл арада қаланың бүгінгі әкімі Архимед Бегежанұлы Мұханбетовтің еңбегін ерекше атап айтуымыз керек.
Соңғы жылдары облыста ана тіліне деген құрмет жоғарылап, жыл сайын мемлекеттік тілдің дамуына ауқымды мөлшерде қаржы бөлінуде. Мұның өзі облыс көлемінде мемлекеттік тілді насихаттайтын көптеген сайыстар өткізуге жағдай туғызды. Облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлының жеке белсенділігімен әр жылдың соңында тіл жанашырларына сый-сияпат жасалып, тіпті пәтер, автокөлік беру дәстүрге айналды. Көбіне-көп қазақтың тілін туған тіліндей құрметтейтін өзге ұлт өкілдері осы марапаттауға ие болуда. Мәселен, өткен 2009 жылы 45 ұлт тілінің жанашыры облыс әкімінің Алғыс хаты және ақшалай сыйлығына ие болды.
Кешегі Кеңес дәуірімен салыстыра қарағанда бүгінгі Ақтөбе – қазақы. Күн сайын көркейе түскен қаланың қай көшесіне шықсаң да, қазақ тілінде жазылған жарнамаларды оқисың. Қазақша сөйлесіп бара жатқан жастарды көріп риза боласың. Басқосулар, жиналыстар негізінен өз ана тілімізде өтеді. Қаламыздағы «Ана тілі» газетінің көбеюіне үлес қосып жүрген жекелеген азаматтардың аты-жөнін айту дұрыс болар. Олар «Қазтрансойл» Ұлттық компаниясы Ақтөбе филиалының бастығы Базарбай Ешмағамбетов, «Ұлы қабырға» ЖШС бастығының орынбасары Арман Камалов, «Қазақ-ойл» Ақтөбе филиалының аудармашысы Нағашыбай Балмаханов, облыстағы басқарма басшылары Жақсығали Иманқұлов, Бердияр Пірімбетов, Мәлік Жекеев, Ақылбай Дадин және басқалары.
– Шыға бастағанына 20 жыл толып отырған «Ана тілі» газетінің 12 мың данамен Ақтөбеден басылуы Наурыз мерекесі тұсындағы үлкен жетістік болды. Ақтөбеліктер бұл игі іске алдағы мерзімде қандай табыстар қосады деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, аптасына бір рет шығатын газетті тағатсыздана күтетін зиялы қауым үшін бұл үлкен жаңалық болды. Тағы да біздің Ақтөбе республика бойынша алғашқы болып рухани үлкен іске қадам жасады. Алматыдан шыққан газетіміз бізге араға апта салып жететін. Ал енді ақтөбеліктер, қала тұрғындары сол күні-ақ қолына алып оқиды. «А-Полиграфия» баспаханасының директоры Шәкизада Есенғұлованың айтуы бойынша, газеттің сапасы өте жоғары болып отыр. Көршілес Атырау, Батыс Қазақстан облыстары оқырмандары газетті шыққан күннің ертесіне, Маңғыстау облысының оқырмандары екі күннен кейін алып, оқиды.
– Жалпы, мемлекеттік тілді дамытуда нендей кедергілер бар деп ойлайсыз?
– Кез келген істің күнгейі мен көлеңкесі болады. Бұл – ақиқат. Мемлекеттік «Тіл туралы» заңымыздың қабылданғанына 20 жыл толса да, бұл ауқымды іс-шарада кешеуілдеу жоқ емес. Арамызда мемлекеттік тілді мойындамайтын, заңды құрметтемейтін жекелеген компания және ұжым басшылары әлі де бар. Ежелден айтылатын «бәрі басшыға байланысты» деген қағиданың дұрыс тұжырым екенін бүгінгі күні анық байқап отырмыз. Мәселен, сегіз мыңның үстінде адам еңбек ететін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ осыдан бірер жыл бұрын «Ана тілі» газетін 3500-4000 данаға дейін жаздыруды игі дәстүрге айналдырып еді. Бүгінгі өкініш – осы кәсіпорынға жаңа басшы келгелі басталған жақсы ісімізден айырылып қалдық. Тіптен жазылмайды деу дұрыс болмас, десе де, мемлекеттік тілге деген түсінік бұл жерде тап қазір өте төмен болып отыр. Жиналыстар, түрлі басқосулар ресми тілде өтеді. Біз бұл жөнінде Бас директорға әлденеше рет хат та жаздық. Одан шығып жатқан нәтиже жоқ. Тағы бір өкінішті факт. Облыс аудандары «Ана тілі» газетін 400-500 данамен жаздырып алып жатқанда шалғай ауданымыз, халқы түгелдей қазақ Байғанин ауданында «Ана тілі» газетіне жазылу жылдар бойы дамымай келеді. Қазақша басылымдарды оқу, оның ішінде «Ана тілі» газетін оқу, ең алдымен, ұлттық сананың оянуына, тілімізге, дінімізге, мәдениетімізге деген ерекше құрмет емес пе? Бұл – аудан басшыларының қай-қайсысына болмасын сын. ¬¬
– Ұлттық басылымға деген тілегіңіз...
– Ұлттық басылым оқырмандарына айтар ізгі тілегіміз, «Ана тілі» басылымының бүгінгі тиражы республика бойынша 26500 дана ғана. Бұл әр облысқа шаққанда 2000-ға жетпейді екен. Газеттің бүгінгі бет-пішініне қарап, ондағы апта сайын жарияланып жатқан мазмұнды материалдарды оқи отырып, бұл таралымның шынында төмен көрсеткіш екенін мойындауымыз керек.
Бүгінгі 9500 дана Ақтөбе облысы үшін шек емес. Газеттің Ақтөбеден басылуы – біздер үшін үлкен мерей әрі оқырманымыздың әлде де көбеюіне деген сара жол. Яғни «Ана тілі» газеті Ақтөбеде салмағы бар, сапасы жоғары, рухы биік, ең жоғары деңгейдегі басылым болып табылады.
¬– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сағындық НИЯНҚҰЛОВ
Ақтөбе облысы

3435 рет
көрсетілді0
пікір