• Ақпарат
  • 08 Сәуір, 2010

Алаңдағы айқай (әңгіме)

Алаңдағы айқай (әңгіме)Әскерден қайтқан қандай рахат! Екі жыл жер тепкілегенің әпсәтте естен шығып, екі бүйіріңнен жел есіп, екі иініңнен демалып, «мен дембілмін» деп үйге бір қап желді арқалай қайтасың. Осындай «дембілдің» бірі Сүзбебай да Ленинградта бар қиындығы мен қызығын өткізіп, елге қайтқанда Мәскеуге соғып, Қызыл Алаңды көруді алдына мақсат етіп қойды. Бұл – ішінде атой салған арманы еді. Әскердің қиындығы – үш ай «учебка», алты ай «молодой» боп еден жуып, «дедтердің» тапсырмасын мүлтіксіз орындау болса, қызығы – осының бәрі бір жарым жылдан соң өз басына кеп, «дед» боп мамырлап жүре алмай қалды. Уақыт – сынап деген осы екен. Өзін таң қалдырып, көзін ашқан ең бір кереметі – мұрсат алып, кәрі қаланы аралап, тамашалау болды. Эрмитажды әлденеше көрді, сонда да бір түкпірде көре алмаған құпия-қызықтар қалып қойған секілді. Сондағы «Христосты сүндеттеу» деген картинаның алдынан кеткісі келмеді. Туғанына көп болмаған нәресте Христосты әкесі алдына алып, оташы сүндеттеп жатыр. Өздерін бірінші сыныпқа барар қоңыр күзде жатқызып қойып, Зікір қожаның шым еткізгені есіне түсті. Бұл – бала үшін зор мәртебе еді. Етегі далаңдаған көйлекпен қызша киініп бір апта жүргенмен екінші аптада өз тәніне өзі үңіліп, өмірге жаңаша бетбұрыс жасалғанын көріп қатты масаттанған. Жол үстінде сөмке асынған сүндеттелген балалар көбіне сабақтың емес, соның болашағын сөз қылатын. Мәскеуді бір көруді армандап еді. Ұлы көсемге кіргізу сағат 10-да басталады екен. Өзі тегін. Оның өзі білім де, денсаулықты күту де тегін болсын деп кетті ғой, жарықтық. Қара-құра жинала бастады. Анау бес жұлдыздың астындағы дөңгелек сағат саңқ-саңқ етіп 10-ды соққанда тіп-тік боп қарауыл ауысып, көсемге қарай жұрт ілбіп аяңдай бастайды дейді. Өзі соның бірі боп ішке еніп, жарықтықпен бетпе-бет келсе. «Бетіне қарағанда қандай күйде болар екенмін» деп алабұртты Сүзбебай. – Көңілім босап, кемсеңдеп қоя бермес пе екенмін. Осынша нәрсені тірілерге жасап, өзінің өмірден ерте кеткенін ойлағанда... Қой, босқа әбіржи бермейін. Мен бұл жерде әшейін түкірген түкірікпін. Миллиондаған совет адамының бірімін. Тек сол үшін ғана көсеммен бетпе-бет келгелі отырмын» деп ойлап, сағат тілі тырмысып 10-ға бес минөт қалғанда аспанда ызыңдап ұшқан масадай бір ойыншық самолет пайда болды да, төмендеп-төмендеп кеп дәл қасына қонып, дөңгелегі Қызыл Алаңның кедір-бұдыр қызыл кірпіш еденінде секеңдеп барып тоқтай қалды. Ішінен шлем киген бір уыздай жігіт шығып, бір нәрсе деп басқа тілде сөйлеп, қолын бұлғады. Ол немісше «Мен Гитлердің арманына жеттім» деп шаттана дауыстап тұр еді. Сол жерде жүрген бір-екі адам емпеңдеп, ентігіп қасына барды. Сүзбебай да жылдамырақ барып, спорт самолетті қызықтап қарай беріп еді, ұшқыш жігіт «Ком-ком» деп өзіне шақырып, немістердің свастика таңбасы бар ақ қағазға бірдеңелерді қыздың баласындай тізілтіп жазып қолына берді. Тағы бір-екі адам қолтаңба алды. Сол сәт зу етіп қасына тоқтаған ақ «Волгадан» шыққан екі адам свастика таңбалы ақ қағаз ұстаған Сүзбебайды қолтықтап апарып мәшинеге отырғызып, алдында Дзержинскийдің шинелі сүметілген ескерткіші бар еңселі сұр үйге әкелді. Тергеу басталды. – Кімсің? – Әскерден қайтқан солдатпын. – Неге Алаңда жүрсің? – Ленинді көрсем деп келіп едім. – Самолет қалай қонды? – Кәдімгідей. Мен білмей де қалдым. – Ұшқыш саған не деді? – «Ком» деді. – Сен бардың. Сосын?.. – Сосын сіздер келдіңіздер... Свастика таңбалы қағаз қалтасынан табылды. Қолтаңбадағы жазуды өздері маман шақырып ежіктеп оқығанда Адольф Ескер деген адамның аты-жөні боп шықты. – Менің бір сауалым бар еді, – деді Сүзбебай тергеушіге сүзіле қарап. – Бұл өзі кім екен? – Сен кім деп ойлайсың? – Мен спорт самолетін ұшырып жүрген балалар ма деп ойлаймын. – Да. ПВО, ПВО! Советский ПВО! Аспанды емес, жерді күзетіп отыр, – деп тергеуші үстелді жұдырығымен бір қойып қап: «Солдат, қарның ашты ма?» – деді. – Ашты, азамат бастық. Айта алмай отыр едім. Ол қырлы стакан шәй мен бір тілім қара нан алдыртып, Сүзбебай жүрек жалғады. Сосын алдындағы түймені басып қап біреуді шақырды да, алдына сап айдап әкетті. Ол дипломатын алып қап, тыр жалаңаш шешіндіріп, торлы есікке кіргізіп жіберді. Кешке дейін отырды. Кешке тағы бір қырлы стакан шәй мен бір тілім қара нан әкеп берді. «Мұнысы несі, япыр-ау, – деп таңқалды ол. – Көсемді көруге бір-ақ аттам қалғанда, мұнысы несі. Кінәм не? Әлде біреуге ұқсатты ма екен? Мұндай да болғанын естіп, ішек-сілесі қатып күліп еді бала күнінде. «Күлме досқа» деген. Өйткені, Мәкеңді, әйгілі ақын Манапты күнде көріп жүр ғой, оның әрбір қылығы көз алдында, әр сөзі құлағында жаттаулы ғой. ...Мәскеуде СССР халықтарының өнер фестивалі өтіпті. Ауылдан, Сыр бойынан атақты Манап ақын келіпті. Хрущевтің патша тағынан түскен кезі. Мәкеңнің үстінде зерлі шапан, ақ қалпағы басында, қала аралайын деп метроға түсіп, жер астынан шығып, не істерін білмей есеңгіреп тұрғанда... екеу кеп қолтықтап ала жөнеледі. Дәл бүгін өзін алып кеткендей. Сонан тиісті орынға әкеп, қай қырынан қараса да, суреті түскен патшаның бейнесінен аумайды, дейді. «Никита Орта Азиялықтарша киініп, қашып бара жатыр» деген «ЧП» хабардың шұғылдығы шалды «үш әріп» мекемесінде үш сағат шырылдатып ұстап, саяжайын тексерсе Никита кәйіп боп жатыр екен дейді. Сөйтіп, совет азаматын жазықсыз «үш әріп» мекемесінде үш сағат ұстағаны үшін 300 сом төлепті дегенді естігенде, бала көңілмен Мәкеңді мазақтағандай боп ішек-сілесі қатып күліп еді. «Басыма келді. Мені кімге ұқсатты екен? Мен қара домалақ қазақпын. Мәкең сойып қаптап қойған бұрынғы патшаның өзі ғой». Ақша берсе, бас тартпас еді, үйдегі үйелмелі-сүйелмелі іні-қарындастарына сыйлық алып барар еді. Дипломатын ойлады. Онда сүйген қызы Сайлаукүлге алған «Полевые цветы» деген духи бар. Сол хош иіс танауына келгенде көңіліне біртүрлі желік бітіп, асыға бастады. Мынау қуықтай бөлмеде не отыра алмайсың, не жата алмайсың. Дөңгелек тесігі үңірейіп әжетханасы танау астында тұр. Бәрінен де сорақысы – дәл көсемнің қасына кеп түнейін деп тұрғанын қарашы. «Көргенде ғой, көңілімді тоқ санар едім. Бірақ, көсемнің қасында, алты-ақ адым жерде түнеп шығу да екінің бірінің қолынан келе бермес» деп өзін-өзі жұбатты. – Осы менің кінәм не? Мені шынымен сотқа тартпақ па? Ленинге сенгенмен, соңынан ергендерге сене алмаймын. Екі жыл әскерде де жаманат тек қара домалақтарға қаратып айтылады. Терісі ақтар – періште». Ол тақтай орындыққа бір жамбастап отырған күйі мызғып кетті. Таңертең ерте есік сықырап ашылды да, өзін қамаған сержант киімін берді. Қолына қара дипломатын ұстатты. Сөйтіп, кеше өзін тергеген тұздай көк көзді орыстың алдына әкелді. – Әлгі ұшқыш мына қағазды өзі берді ме? – деді тағы да кешегі қолтаңбасы бар тілдей қағазды көрсетіп. – Өзі берді. – Не деді? – Түсінбеймін ғой, десе деген шығар. – Ох, ПВО, ПВО! – деп тағы да тісін қайрады. – Құжатыңды қарап ал. Боссың, – деп күректей алақанын ұсынды. Дзержинскийдің ескерткішінің алдына барып, дипломатын ашып қарағанда сүйген қызына деп алған духиін таба алмады. «Ой, әкеңнің, жарымай қалғырлар» деп бір боқтады. Қайтып барып тергеушіден сұрағысы келді де, «бәлелі тесікке бармағыңды тықпа» деген, қойшы соларды» деп қолын бір сілтеді. Дүңгіршектен «Московский комсомолецті» сатып алды. Бірінші бетінде күні кеше Қызыл Алаңда өзіне жадырап қарап, қолтаңба берген уыздай жігіт ыржиып күліп тұр. Неміс екен. Шекарадан байқатпай өтіп кетіпті. Тергеушінің «Ох, ПВО, ПВО!» деп үстелді тоқпақтауы Әскери Әуе күштері не бітіріп отыр деп, соларға көңілі толмай тісін қайрауы екен. Көзі тұздай көк болғанмен жүзі жылы. «Шекара деген не, тәйірі. Адамның көкірегінде шекара болмауы керек» деп Сүзбебай газетті төрт бүктеп, дипломатына салды. «Пойызда жатып ап рахаттанып оқиын» деп, көңіліндегінің бәрі көрген түстей боп, әскерден қайтқан солдаттың желі денесін бунап, әкетіп барады. Духи сыйлай алмаса да сүйген қызы көңілінің түкпірінде қол бұлғап тұр.

***

Сүзбебай әскерден кеп зоотехникалық-малдәрігерлік институттағы оқуын одан әрі жалғастырды. Бір күні елдің өмірінде саяси өзгеріс боп, республиканы басқаруға Ресейден келген Колбин деген ұлты орыс басшыға наразылық ретінде жастардың Желтоқсан көтерілісі бұрқ етті. Өзі бел ортасында жүрді. Болашақ мал маманы боламыз деп, айран мен сүзбеге тойып келген ауыл жастарының бір шоғырын бастаған Сүзбебайды сол күні-ақ апарып түрмеге тықты. «Қыздар, бұлай тоңып тұра бермей көше аралаңдар, әйтпесе бәріңді тиеп алып кетеді» деген сөзін тыңдап тұрған біреу мойнына қойып берді. Мойындады. «Айтқаным рас, – деді. – Көтеріліс созыла түссін, жер жүзінің халықтары хабардар болсын деп армандадым», – деді. Бірден Мәскеуге, Бутырка түрмесіне ап кетті. «Қызыл Алаңға қонған неміс самолетінің қасында боп ұшқыштан қолтаңба алған қауіпті элемент, кеңестік державаға бұрыннан қастығы бар» деген қылмыс мақамы Мәскеуден бір-ақ шығарды. «Осы менің пешенеме Мәскеуде қыдыруды емес, түрмеге жатуды жазған-ау деймін. Отанымыздың жүрегі маған келгенде неге жібімей қойды екен? Көсемді де көре алмадым. Алты адым жерде тұрып торға түстім. Енді көрмей-ақ қояйын. Екеумізде де көретін бет жоқ» деп түрмеде іші пысып жатып өзін-өзі әжуалады. Ұзамай сот болды. Этаппен салдырлатып әкеп Алматыда өткізді. Сегіз жыл берді. Оңтүстік Сахалиндегі орман арасынан бір-ақ шықты. Бес жыл отырды. Кешке кілең тұтқын теледидар көріп отырғанда тағы да Қызыл Алаң көзіне оттай басылды. Қалың нөпірден табан астындағы қызыл кірпіш көрінбейді, бас – біреу, кісі аяғы – екеу, бастан аяқ көп, Қызыл Алаңдағы жыбырлаған бит сияқты. – Мен дәл осы жерге қонған немістен бірінші боп қолтаңба алғам. Бір статьям осыған байланысты. – Қыртпа, – деді көп отырған орыс шалы. – Ол қазір Германияның ұлттық батыры. «Шынында, оны Мәскеу соттап, Германия алып кетті. Теледидардан анық көрсетті, сотқа емес, тойға келген адам сияқты – ақ көйлек, қара кәстөм, мойнында қымбат галстук. Біз болсақ, тарақан мен биттің арасынан қасынып шығып, сот орындығында ебір-жесір боп отырдық. Оны халқы ұлттық батыр деп бағалап, түрмеден шығарып алды. Біздің институт ең болмаса мінездемені жөндеп бере алмады. Олар жоқтан бар жасаса, біздердікі бардан жоқ жасайды. О, Құданың құдіреті!» дей бергенде, Алаңға сап түзеп келген танктің біреуі оқатарын барынша бұрып ап, Ақ Үйді көздеп, гүрс еткізді. Ақ Үйдің қабырғасы қақырап, терезесі салдыр ете қалды. – Бітті! – деп Сүзбебай атып тұрды. – Отыр! – деді орыс шалы. – Бұл кіріспесі... – Болды. Ақ Үй бықсып, түтіндеп жатыр. Қызыл Алаң өртеніп жатыр. – Лениннің мазасын алды-ау, – деп орыс шалы езуіне темекі қыстырды. – Ленинмен жүздеспегеніме өкінбеймін, – деп, Сүзбебай жанын қоярға жер таппай дызақтай бастағанда әлгі танктердің люгі ашылып, солдаттар жұртшылықпен араласып, олардың шәйін ішіп, нанын жеп, жастар танкке шығып билей бастады. Ақ Үйдің түтіні бықсып жатыр. Сүзбебай далаға атып шықты да, Сахалиннің қалың орманына кіріп, көкірегіндегі запыранды сыртқа шығарып, бар даусымен айқайлағысы келді. Бірақ, қоршаулы зона оған мұрсат бере ме? Елу градус аязда ақ қарды сықыр-сықыр басып арлы-берлі жүрді. Алматыдағы өзі ұсталған Алаң көз алдына көлеңдеді. «Алаңның бәріне қан төгілген. Біздің Алаңда да талайдың тамшы қаны жатыр». Жанын қоярға жер таппай алып-ұшып барады. Сахалиннің елу градус қақаған аязын Шымкенттің шіліңгір ыстығындай мәнзүр қылатын емес.

***

Сегіз жылдың бес жылын отырып, әлгі Қызыл Алаңдағы танкінің Ақ Үйді барынша бұрылып атып, бұрқ еткізген оғының арқасында түрмеден ерте босап, бостандыққа шығып қайтып келеді. Иығында қапшығы, аяғында етік, үстінде тұтқынның қара киімі. Билетті әдейі Мәскеуге алды. Тағы да Қызыл Алаңды бір көріп, тәуелсіз Алаңның келбетіне сүйсініп қайтпақшы. Әлгі оқ тескен Ақ Үйдің де қабырғасына көз салмақшы – жаңа нәрсенің бәрін көрмекші. Таңертең ерте Новосібір пайызынан түскен бетте такси жалдап Қызыл Алаңға келді. Баяғы дөңгелек сағат қып-қызыл боп тырс-тырс жүріп тұр. Бірақ, Сүзбебай бұрынғыдай таңқалмады. «Мұндай сағат менде де бар, әркімнің жүрегі – өзінің сағаты. Жүрек тоқтауды білмейді. Мәскеу – Отанымыздың жүрегі» деп еміренгенде сол жүректің жылығаны шамалы. Мәңгі ұйықтап жатқан көсемнің де сөзін жерге тастамай көсегемізді көгерткенін көрмедік. Енді мұндай сағат менің Желтоқсан Алаңымда да ілулі тұрады». Таксиші артық ақшасын қайтарып еді, алмады. Керзі етікпен қызыл кірпішті басқан бетте бір уыс суық ауа көкірегін қытықтап, тамағын жыбырлатып, жөткіріне бергенде қатты айқай еріксіз аузынан атылып кетті. – А-а-а-а! Бір-екі аттағанда әлгі суық ауа жылымшы ауаға айналып, тамағын тексергендей бұл жолы барынша айқайлады. – А-а-а! Сол сәт Кремль сағатының тілі бес минөтті бір-ақ аттап, 10-ды соқты. Бұл үшінші рет айқайлағанда екі күзетші түкпірден жүгіре шығып, қолтығынан қармай ұстады. Осы сәт қапылыс болса да Кремль аумағын көзімен түгел шолып шықты. Ақ Үй тұр зәңкиіп. Оқ тескен дуалы бітеліп, қайта әктеліпті. Бәрі бұрынғыдай, «сырт көз – сыншыға» өзгеріс байқалмады. Екі күзетші қалта телефонымен хабарласып, тағы да ақ «Волга» келіп, өзін ішінен шыққан екеуге тапсырды. Олар баяғы, әскерден қайтқанда түнеп шыққан үйден аумайтын бір сұр үйге әкелді. Тағы да тергеушінің алдында отыр. Құжаттарын тексерді. – Статьяң белгілі екен. Неге айқайладың? – деді. – Өзім де білмеймін, азамат бастық. Айқай қалай аузымнан шығып кеткенін білмей қалдым. Тергеуші тағы біреуге телефон шалды. Іле жауап алды. Сосын екі қасының ортасы дір-дір етіп, ернін шүйіріп сөйлей бастады. – Бұрын да Қызыл Алаңда болған екенсің. Аузың күймейді екен. Оңтүстік Сахалин қалай? Суық па? Ол – менің Отаным. – Отан оттан да ыстық қой, азамат бастық. – Жылы жағыңа қайт. Сенің айқайыңнан Қызыл Алаң тітіркенді, – деп шірене қарады да, шыр еткен телефонға жауап берді. – Оңтүстік Сахалиннен қайтқан бұратана. Орта Азияға кетіп барады. Құжаттары дұрыс, – деп телефон құлағын орнына қойды. – Боссың. Енді бұлай айқайлама. Бүкіл Москваны ұйқысынан ояттың, – деп еркіндікке шыққан жігітке емекси қарады. «Апырмай, менің айқайым Қызыл Алаңды тітіркендіргені ме? Мәскеуді ұйқысынан оятқаны ма? Ой, қазағым-ай, ә! Мынау өзі әкем сияқты әзілге иығын сұғып тұрған адам екен. Бұл жердегінің бәрі бірдей емес, ішінде адамдары да бар екен». Әлгіге разы боп сұр үйден шықты. Алдына айқасып жатқан қанжар секілді бірдеңенің таңбасы басылған мекеме. «Мынау баяғы әскерден қайтқанда алып келген мекеменің дәл өзі». Бажайлап қарап еді, алдындағы Дзержинскийдің мүсінін алып тастапты. «Темір Феликс барлық жерде тұрудай-ақ тұрды ғой. Оларсыз да өмір сүруге болар». Ол Қызыл Алаңға тағы бір баруды ойлады да: «Жоқ, тезірек қайтайын. «Есің барда елің тап». Сүзбе-құртпен ауызданып, қолдың қою айранын сімірген тамақтан тағы бір айқай шығып кетсе... Қызыл Алаңды тітіркендіріп, Мәскеуді ұйқысынан оятқаным жетер» деп Қазан вокзалын іздеді. Пойызға мінбей жатып, Желтоқсан Алаңына жеткенше асықты. «Желтоқсан атын алғасын қандай болды екен? Бес жыл бұрын ұсталған жерім ғой». Тұтқыннан босағанмен қара киімін әлі шешпеген Сүзбебай Мәскеудің көшесін аяқ ұшымен басып, тезірек Қазан вокзалына табан тигізсем деп, шыбын жанын шүберекке түйіп келеді...

2981 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

24 Сәуір, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы