• Әдебиет
  • 08 Сәуір, 2010

Этнографпен әңгіме

Этнографпен әңгіме(Жалғасы. Басы өткен санда). Қазына-қартпен қоштасу Жұма, яғни сәуірдің екісінен үшіне қараған түнгі сағат екі жарымда аса көрнекті тағдырлы тұлға, ғұлама шежіреші, энциоклопедист ғалым, данышпан қария Жағда Бабалықұлы бұ дүниеден өтті. Тоқсан үшке қараған жасында абыз ақсақал осылай ың-шыңсыз көз жұмды. Сол күні Алматы ағыл-тегіл жылап тұрғандай жаңбыр шелектеп құйды. Біздің де көкірегімізді қара мысық тырнап жатқандай қатты құлазыды. Соңғы бір жылдан аса уақыт түндіз-түні сұхбаттасып сырласқан сырласым, мұңдасым еді. У-шуға толы шаһарда жалғыз қалғандай күй кештім. Бүкіл ғұмырын туған ұлттына арнаған біздің Жағда ақсалмен қоштасуға ел өте көп жиналды. Шенеуніктер жоқтың қасы. Бір өзі бір ғылым академиясының атқаратын қызметін атқарып кетті. Жалақысыз, қаламақысыз. Атақ, ат шапансыз. Ғұламаның еңбегін еңселі ғимараттарда отыратын ресми мекемелер елемеді. Менімен сұхбаты жарық көрген «Ана тілі» газеттерінің соңғы нөмерлерін үйіне соңғы рет әкеп берген кездегі ұлы Алтай мен қызы Розаның көзінше аталмыш басылымдарды сипалап ұстап жатып: «елеусіз далада қалған шал едім, рахмет қарағым» деп қамыққан бейнесі әлі көз алдымда тұр. Ол ұзақ ғұмыр жолында алашты қалай сүюдің мінсіз үлгісін көрсетіп кетті. Дәрменсіз сүюдің емес, ұлт мерейі, бақыты жолында ымырасыз күреске толы, айтыс-тартысқа толы ұзақ өмірдің қия соқпақтарынан үлкен абыроймен өтті. Ұлт мүддесі үшін төрт рет Қытай түрмесінде де отырды. Алып екі империялардың қуғын-сүргендері оны алған бағытынан қайтара алған жоқ. Ол қазақ халқының намысын жыртып, жоғын жоқтап өтті. Ол қазақ зиялысы кеше, бүгін, және ертең қанай болуы керек екендігінің анық үлгісін көрсетіп кетті. Мен үшін ол кешегі Алашордашылардың ең соңғы өкіліндей болған аса қадірлі абыз азамат еді. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа, бақұл болсын абыз қариям!

Саясат жерге көмген тарихты, ғылым қайта ашып алады – Осы сіздің қанша кітабыңыз жарық көрді? – Үш-ақ кітабым басылып шықты. Бірі «Қырандар», екіншісі «Саятшылық» және үшіншісі «Мал аурулары». Саятшылық туралы саятты жақсы көргендігімнен емес, ол жоғалып бара жатқандықтан жаздым. Қансонарда бүркітшінің аңға шыққаны қандай керемет. Қазақстанда жоғалып кеткен екен. 1987 жылдан бері қарай жанданды. Қазір жалпы саны елудей бүркітші бар. Кейде ойыма түскен нәрселерді түртіп жазып қоям. Өлеңде жазыппын. Қара сөзде жаздым. Соның бірі: Саясат жерге көмген тарихты, ғылым қайта ашып алады. – Қаншама ескі суреттерді елге әкеліпсіз. Мұны шекарадан қалай өткіздіңіз? – Шекараға келгенімде бәрін көрді, бірақ суреттерге тиіспеді. Тұрмыстағы суреттер ғой. Тарихқа қатысты қолжазбаларым бар еді, ана жақта жүріп жинаған, соларды алып қалды. Естеліктер, біршама дүниелерімді бергі бетке өткізе алмадым. Өзімде әлі күнге жарияламаған, жариялай алмай жүрген дүниелерім баршылық. – Ол қандай дүниелер? – Бұл халық әні. Қытайдағы қазақтар бұл әнді көп айтады. «Ағажай Алтай» деген ән. Осы әнді менің бір танысым «толық мәтінін жазып жіберші, сен білесің ғой» деп өтінді. Оның себебі де жоқ емес. Өйткені мен әншімін ғой. Содан жазып бердім. Бірақ бір бөлегін ғана жібере алдым. Кейбір шумақтары қолжазбамның ішінде жатқан болуы керек. Атақты Алтай тауы туралы жырлаған, жылаған жандар көп. 1930-1949 жылдар арасында Қытайға қарасты Алтай тауының бір бөлігінде тұратын қазақтар қытай империясына қарсы жалғасты түрде ұлт-азаттық күреске шықты. Оны былай да сан мәрте айтқам. Ұзаққа созылған дүрбелең, соғыс кезінде дүние-мүлік шашылды, қан төгілді. Империялық тегеурінге шыдамай ел басы ауған жаққа қашты. Сол бір қасіретті күндерде Алтайдан ауған елдің алды – Шанхай, Тибет, Пәкістан, Үнді, тіпті сонау Түркияға, сол арқылы Еуропаға, Америка жетті. 1894-1949 жылдар аралығында босқан қазақтың саны үш жүз мыңға жетті. Содан қалғаны он мыңдай ғана. Азып-тозған қазақтың мұң-зарын бүгін айтып тауыса алмайсың. Сол қайғы-дерттің отынан ұшқан ұшқын әнеге арқау болды. Жыр болып құйылды. Күй болып төгілді. Сол өткен ғасырдың елуінші жылдары дүниеге келген «Өр Алтай» атты әннің ырғағымен айтылатын «Ағажай Алтай» дейтін әнді елдің аузынан жинап, құрастырдым. Осы әнді жазып аламын десең, оқып берейін. Алтайдың алшаң дейтін сары жоны, Айнадай суы тұнық, шөбі соны. Қатар аққан қақ жарып екі өзен бар, Қара Ертіс, Бал Ертіс деп атайды оны.

Мекенім туып-өскен алтын Алтай, Қысы құт, жазы жайлы, салқын Алтай. Бал аққан бастауыңнан мәйектені – Құшағыңда өскенмін шалқып Алтай

Алтайдың тауы да алтын, ойы да алтын, Кең байтақ сахарасы, жері салқын. Анасындай аялап, әлпештеген, Өрбітіп, еркелетіп, қазақ халқын.

Атың шыққан дүниеге Алтай сенің, Сарқылмас сан алуан түрлі кенің. Құнарлы отанымның шоқтығысың, Аялайды анасындай сені елің.

Басыңнан ақиық алыс кетпес, Алтайға ешкімнің де жері жетпес. Айрылып көкірегінен туған жердің, Жүргеніміз қуғындалып естен кетпес.

Кез болдық тұтқиылда Мабупаңға, Рақымсыз жауыз екен тірі жанға. Атты, шапты, өртеді, телімге алды, Боядық нақақ елді қызыл қанға.

Аяусыз ұзақ жылдар ел шабылды, Ес таппай қатын-бала көп сабылды. Жүргенде Шанхай, Тибет, Үнді жақта, Алтайды жыр ғып жылап дерт шалынды.

Болар ма бейбіт өмір Алтай саған? Оқ жаумай, қан төгілмей толастаған? Бел шешпей, ширек ғасыр болды арпалыс Кім қалды бір сен үшін таласпаған?

Жазықсыз қуғындалып қаңғып жүрміз, Жәбірді көрген-білген зар ғып жүрміз. Жан таппай, қан жұтқанда Алтай сені – Кеңітіп, шер тарқатар жыр ғып жүрміз.

Туған жер мейіріңнен кетіп мүлде, Білмейміз, ораламыз қайсы күнде. Сағынып, сарғаямыз, сарқыламыз – Сансырап, сандаламыз, күндіз-түнде

Алтайға бейбіт өмір болды арман, Халықтың бейбіт үні жерді жарған. Түбі жеңіс біздікі күрес керек, Көреді бейбіт өмір аман қалған.

Ардақтап туған жерді өсіп-өнген, Ата жаудан қорғаған талай төнген. Бабамыздың айналдық аруағынан – Осы таудың Алтай деп атын берген.

Ұясынан қуылған біз бір торғай, Ағынды Ертісіңнен өттік зарлай. Қайғылы қалың елдің тілегі едің. Қалғаны ма, апырм-ау қайта оралмай?

Құшағыңнан қарт Алтай кеттік шалғай, Басылмайды өксігі саған бармай. Тарт бізді, бауырыңа бас, топырақ бер, Туған жерде жатайық шетте қалмай – деп осы әні бар өлеңді құрастырғам. Қазақтың сондай бір керемет әні. Жаңағы Мабупаң деп отырғаны ұлты дүнген, қытайдың армия генералы ғой. 1950 жыл. Үрімжі қаласы деп жазып қойыппын соңына. Сол кезеңдерде жазып алған болуым керек. Қазақ зар еңіреп өтті ғой. Көкірегі шерге толған қазақ қайғы-мұңын әнмен шығарды. Бұл да бір сондай шерлі әннің бірі. Мені КГБ отыз жыл бақылауда ұстады – Бұрынғы «Мәдениет және тұрмыс» қазіргі «Парасат» журналында біраз жыл тер төктіңіз. Бұл басылымға қалай келдіңіз? – Қазақстанға келгенімде түрлі қара жұмыстар атқардым. Мұның бәрі уақытша күнкөрістің қамы болатын. Қой бақтым, құрылыста істедім. Темір жол поштасында хат тасыдым. Үй алу үшін Қонаевқа хат жазғам. Маған үй беріңіздеп. Хат барған сайын «берілсін» деп қол қояды екен. Қол қойылған хат Темір жолға келеді ғой. Бірақ Задорожный деген болды. Сол кісі өз адамына береді. Бұл жағдай үшінші рет қайталанған сәтінде, сол жердегі бір қазақ мұны сезіп қояды. «Мен сенің жазған арызыңды білем. Бірақ Задорожный өз адамына бергізді, сен енді Хрущевқа хат жаз, мен саған жазуға көмектесем» деді. Орысша жазып әкеліп, маған оқытты. Не жазылғанын ұға алмадым. Бұл жігіт Задорожныйға қарсы адам екен. Сөйтіп хатты жібердік. – Хатқа жауап келді ме? – Бір аптаның ішінде Орталық Комитеттен жауап келді. Ол хатта: «үй берілсін, өзі, әйелі жұмысқа орналастырылсын және балалары мектепке алынсын» делініпті. Ташкент пен Руксовка арасында пойызбен хат тасимын. Кезекті сапардан оралғаным сол еді, елдің бәрі шулап, сені Задорожный іздеп жатыр деді. Жұмыс бөлмесіне кірдім. Ұшып түрегеліп, менің қолымды алды. Сізге үй және жұмыс дайындап қойдық деп арқамнан қағып бәйек болып жатыр. Біз жіберген хаттың жауабы бірер айда келетін шығар деп ойлағам. Бір жетінің ішінде жетіпті. – Қазіргі тұрып жатқан үйіңіз бе ол?

– Иә осы. Ол кезде жап-жаңа үй болатын. 1963 жылдан бері осы үйде тұрып жатырмын. «Мәдениет және тұрмыс» журналына Орталық Комитеттің арнайы қаулысымен жұмысқа бардым. Жұбайым – математик еді. Ол уақытта қазақ мектебі жоқ. Қолынан іс келетін жан еді. Тігінші болып орналасты. Балаларымды дереу мектепке қабылдады. 1963 жылы осындай қуанышқа кенелдім. Үй алғанға қатты қуандым. Ол кезеңдерде қиын болатын. Бәрін орыстар билейді ғой. Неге әйтпесе Қазақстан Орталық Комитетінің бұйрығын Задорожный үш рет бұзады. Менсінбейді қазақты. – Туған жерге келіп арқаңыз кеңейіп қалған екен ғой... – енді туған жердің түтіні де ыстық қой. Дегенмен мен ана жақта Үкіметтің бастығы болсам да, елге келгеннен кейін қара жұмысқа жегілдім. Оған намыстанбаймын. Әйтеуір Құдайдың маңдайға жазғанын көріп келеміз. Түрмеде төрт рет болдым. КГБ дейтін бәле бар екен. 1961 жылдан 1991 жылға дейін отыз жыл бақылады солар мені. Қытайдың «шпионы» деп ізіме түсті. – Сонда қалай бақылайды? – Сенбі күндері телефон соғады. Көтерсем, «ертең қайда барасың?» деген дауыс естіледі. Баратын жерімді, үйдің нөмірін, шақырған адамның атын айтамын. Бәрін баяндаймын. Менің жұмыс үстелімнің үстінде екі телефон қатар тұратын. Біреуі мына кәдуілгі жұмыс телефон, екіншісі үнсіз мелшиіп тұратын. Ол мені тыңдауға арналған. Бұрынғы ҰҚК жүйесінің адамдары екі жағдайда ізіңе түсетін. Бірі сенің тұрмысыңа араласып кетеді. Ашықтан-ашық аңдиды. Екіншісінің кім екенін беліле алмай өтесің. Үйге келіп тұратын Балтабай дейтін полковник жігіт бар болатын. 1997 жылы көшеде кезігіп қалдық. Амандық-саулық сұрасып жатырмыз. «Бәке, бір нәрсе сұрайыншы» дедім. Мені «1961 жылдың он сегізінші қыркүйегінен 1991 жылдың жиырмасыншы желтоқсанына дейін бақыладыңдар. Сонда не таптыңдар, менің қандай қылмысымды әшкереледіңдер» деп сұрадым. Қарқылдап күліп жіберді. Ол біздің шаруамыз емес. «Ұлтшыл, оңшыл, өте қауіпті, қытайдың жіберген «шпионы» деген бұйрық берілді. Біз соны жай ғана орындаушымыз» деді. Оған қалай өкпе артасың, бұйрықты орындап, өз қызметін адал атқарып тұр. Міне, сондай мазасыз өмір сүрдім. – Сіздің Желтоқсан көтерілісіне де қатысыңыз бар деп айыпталғаныңыздан хабардармыз. Сол күндерге сәл шегініс жасасақ. Қалай болып еді? – Елдің бәрі осынау жан түршігерлік оқиғаны айтып келді. Үлкен қантөгіліп жатқанын естідім. Сонда менің аузымнан билікке қарсы кереғар пікірлер көп айтылса керек. Желтоқсанның он сегізі күні таңғы сағат онның шамасында мені алып кетті. Бес сағат сұрақ қойды. Қаланың ішінде шағын аудандардың біріне алып барды. Адам тұратын үй екен. Бес адам болып бардық. Бесеумізде қазақпыз. Ертеңіне қайта алып кетті. Тағы бес сағаттай тағы тергеді. Бұл жолы қайда апарғанын білмей қалдым. Желтоқсанның жиырмасы күні және алып кетті. Ол күні Абай атындағы Опера және балет театрының шығыс жағында бір көше бар екен. Сырты темір қақпамен қоршалған. Бұл жерде де мазасыз сұрақтар тағы қайталанды. – Айтатын уәждері не сондағы? – Енді артық ештеңе демейді. Ұрған жоқ, соққан жоқ. Мен айттым: «қолында Лениннің суреті жүрген оқушыларға қару жұмсасаңдар қалай болғаны? Олардың не жазығы бар? Рас, ойын айтқан шығар. Орыс емес, біздің басшымыз қазақ болу керек деген шығар. Саған қару жұмсап тұрған жоқ. Бұл қандай әділеттілік?» деп өз ойымды айттым. Желтоқсанның жиырмасы күні келсем, көше жақ беттегі тереземнің алдына он шақты адам сиятын шағын автобус әкеліп қойыпты. Жап-жаңа екен. 1986 жылдың жиырмасыншы желтоқсанынан 1987 жылдың қаңтар айының төртіне дейін тұрды. Маған бақылаудың осы түрін де қолданды. Жалпы осы оқиғаға байланысты үнсіз қалғанымыз жоқ. Біраз шаруа атқардық. 1987 жылы қаңтардың жетісі күні Сәбетқазы Ақатаев үйге келді. Мен жалғыз едім. Балалар ол уақытта басқа жақта тұратын. Келіп жылады. Біраз отырып өксігін басты. Сөйтсем осы Желтоқсан оқиғасына байланысты көп жәйтті біледі екен. Содан әңгімелесе келе, бір қорытындыға келдік. Сонымен болған оқиғаның жай-жапсарын қағазға түсіріп, осыны әлем елдеріне таратайық деп шештік. – Содан... – Сәбетқазы барынша жазып шықты. Оны ең алдымен Африкаға жібердік. Өзі сәті түсе қалды. Сәбетқазының Африкаға баратын танысы арқылы жібердік. Бірақ ол жақтан жауап келмеді. Қытайға жібердік. Ешқандай дерек болмады. Бір күні Венгриядан Иштван Қоңыр дейтін ғалым жігіт келіп қалды. Өзі ақкөңіл жақсы адам. Жүрген жерінде қазақ болғанын мақтан тұтып жүретін. Хатты дереу соған табыстадық. Ол алып кетіп Венгрияда және Чехияда жариялап жіберді. Оның артынан Америкадан Алмас Естеков деген жігіт келді. Жасы қырықтар шамасында. «Ол жігіт бүгін Жазушылар Одағына барады. Мына хатты қалайда қолына табыста» деді Сәбетқазы. Хатты сөмкемнің бұрышына салып жүрмін. Адам көп. Кімнің кім екенін біліп болмайсың. Қайсыбірі ҰҚК-ның, қайсысы жай адам екенін ұға алмадым. Ашықтан-ашық беруге тағы болмайды. Әр нәрсені бір оқығандай болып, әрі-бері теңселіп жүрдім де қойдым. Жазушылар Одағының екінші қабатында түрегеп тұрып шәй ішетін орын бар еді. Олар он шақты болып сол жерге көтерілді. Менде арттарынан іле-шала екінші қабатқа шықтым. Мен әжетхананың жанына келіп едім, Алмас та келе қалды. Екеуміз түйісіп қалдық. Ішке қатарласа кірдік. Қол сөмкесін жерге қойғанда, хатты үстіне тастадым да, екі қолымды көтеріп, ыммен белгі беріп кеттім. Жазушылар Одағынан шыға салып, таксиге отырып тура үйге қарай тарттым. – Ешкім байқап қалмады ма ? – Ендігі қызығын айтайын. Көшенің бұрышынан түсе бергенім сол еді, алдымызды екі әскери машина орап өтті. Шошығанда атама, қуып келген екен ғой деп, зәре-құтым қалмады. Дереу қалтамдағы үйдің кілтін қарағаштың түбіне көме салдым. Екі машинада дүкеннің алдына келіп тоқтады. Мен дереу үйдің батыс жағымен айналып кеттім. Мені құрықтауға келген жендеттердің тап өздері болды ғой деп ойладым. Біреу келе жатқанға артыма жалт қарасам, Сәбетқазы екен. Менің жағдайымды білгелі келіпті. Күліп келе жатыр. «Аға, хат кетті» деді. Жан-жағыма қарасам екі машинада кетіп қалыпты. Терең дем алдымда, көмген жерімнен кілтімді алып, Сәбетқазыны үйге шақырып, сол күні біраз сырластық. Сөйтіп әлгі хат Америкада жарияланды. Ендігі жұмыс Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын ұлтқа жанашыр азаматтарға жіберу. Сәбетқазы дайындап береді, мен поштаға салып отырам. Мекен-жайын толтырғанда біреуін ғана қазақтың қызына жазғызыппын. Қалғанының бәрін орыстарға толтыртдым. Тірідей өртенген күйші... – Бұл да сақтықтың бір түрі ғой... – Қолымды таңып, байлап алғам. Жарақат алған адам тәрізді. Хат сөмкемде жүр. Бәрінің үстінде мекен-жайы тұр. Мына мекен-жайды жазып жіберші деп өтініш жасаймын, көшеде тұрған орыстың жас жігіттері жаза салады. Мұны басқаларға жаздыру себебіміз – қолтаңбамызды тексермесін деген ниет болды. Кейін қолымыз Тәуелсіздікке жеткен соң хатты жіберген он жеті адамнан сұрадық. Үш-ақ адам алдық деді. – Кімдер алдық деді? – Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов және Көкшетаулық бір жазушы бар еді, осылардың ғана қолына тиіпті. Қалғандары мұндай хатты көргеніміз жоқ деп жауап қатты. Алуын алған шығар. Бірақ қорыққандарынан жойып жіберген ғой. Сөйтіп біз біршама жұмыстар атқардық. Әрине, мұны міндет деп санамаймын, тек ұлттың азаттығы үшін күрескен жастарға қосқан демеуіміз деп білемін. – Аға өзіңіз бір кездері қазақтың қара домбырасы мен қос шанағынан күмбірлеп төгілген күй жөнінде біраз еңбектер жаздыңыз. Қанша айтсаң да қызығы бітпес домбыра туралы әңгімемізді одан әрі сабақтасақ? – Иә, мұның рас. Бір кездері күй жөнінде мақала жазған адаммын. Қазақта «Алпыс екі қоңыр» немесе «Алпыс екі тамырыңды идірген алпыс екі қоңыр» деген күйлер бар. Сонда алпыс екі тамыр дегеніміз қайсы тамыр ол? Адамның қай жерінде? Әзірге ол турасында нақты дерек жоқ. Тек қана Қытайда бір қыз Жапонияда оқыған, мамандығы дәрігер екен. Сол қыз айтыпты; адамның басындағы ми екіге бөлініп тұрады. Біреуінде отыз бір, екінші жағында да отыз бір тамыр болады депті. Сол алпыс екі тамыр болуы ықтимал. – Осы «Алпыс екі қоңыр» күйі қашан шықты, авторы кім, қалай жетті бізге? – Мәселен бізде «Шыңырау» деген күй бар. Бұл күйдің мағынасы ежелгі аңыз бойынша мынаған саяды. Мазмұны өте терең. Шыңырау дейтін Қыран құс. Шыңырау жылда бір жұмыртқа табады. Оны бір қанаты бар айдаһар келіп жеп кетеді. Бұл жылда қайталанады екен. Ең соңғы жұмыртқасын дүниеге әкелгеннен кейін не ол, не мен өлуім керек деген сертке бекінеді Шыңырау. Аспандағы айқаста қанаты бар айдаһарды жеңіп, жерге түсіреді. Сонымен ұрпақ аман қалады. Күй осылай басталады. 1952 жылы Қытайлар Шың Дау деген өлкеден екі қанаты бар айдаһардың сүйегін тапты. Сонда Қытай зерттеушілері былай деп жазды: «бұл жануарлар осыдан жиырма-жиырма бес мың жыл бұрын болған екен». Демек сенің «Шыңырау» деген күйің соның замандасы екен ғой. Бірақ бұл күйдің иесі белгісіз. Қазақтың ән, күй, жырлары сансыз көп. Солардың ішінде ел аузынан түспей келе жатқан жырлар – жөргек жыры, бесік жыры, жар-жар, көрісу, сыңсу, беташар, жоқтау, гөй-гөй, бәдік (мал дертін көтеру), телу (төл телу), жарапазан, тағы басқа жырлар мен күйлерінің авторлары жоқ. Ал, қалың қазақ бұл ән-жырларды жатқа біледі. Оған музыка аспабаның сүйемелі керек емес. Шаңқобыз, сыбызғы, домбыра, қылқобыз сияқты дәстүрлі аспаптар арқылы ойналатын – «Қаражорға», «Сұрмерген», «Бөкен жарғақ», «Бұлғын-сусар», «Бозінген», «Нариген», «Тарғыл бұқа», «Сарыөзен», «Шыңырау», «Шаһимаран» және тағы басқа көптеген қазақ күйлерінің авторы белгісіз. Осы күйге байланысты бір әңгіменің реті келіп отыр. Ұлы жүзде Албан елінің ішінде Елікбай тайпасынан шыққан Қожеке деген күйші болған. Ол Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» романындағы 1916 жылғы Қарқарада болған ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі – Серікбайдың жұбайы Көкшегірдің әкесі. Қожеке күйші ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Шығыс Түркістанның Алтай, Тарбағатай, Боро-Тала және Іле аймағын көп аралаған екен. Осы адам күй шерткенде айналадағы естіген ел-жұрт тегіс жиналып, күй тыңдайды екен. Кейде артынан қалмай еріп жүретін болыпты. Жылап отырып алады екен. Манчжурия империясының тұсындағы ел тағдыры, жер тағдыры, күйінген елдің болашағын күй арқылы түсіндіргенде, тыңдаушылар арасынан жылап-сықтайтындар, аһылап-үһілеп ауыздарынан әртүрлі сөз шығатындар көбейіпті. Мұны жергілікті Өкіметке жеткізетін алаяқтар мөлдіретіп, түрлентіп, мың құбылтып жеткізгендіктен жергілікті Өкімет пен Қожеке күйші арасында саяси қақтығыстар басталады. Жергілікті Өкімет Қожекеге бірнеше рет ескерту жасайды. – Үкіметтің не жұмысы бар жай күйшіде? – «Домбыраңды таста, күйіңді тартпа, елді жинап алып, Үкіметке қарсы шығып жүрсің» дейді ғой. Күй тартқаннан басқа жазығы жоқ. Ел тарт деп, қаумалаған соң тартады да бейшара. Жазықсыз Қожекені бірнеше рет абақтыға да жабады. Осыған ашынған ел де, күйінген Қожеке де күй шертуді мүлде тоқтатпай, жасырын жағдайға көшеді. Алайда бұл да қайта-қайта ашылып қалып, Өкімет қаһарына мініп, Қожекені ұстап, қазіргі Іле аймағы, Күре деген жерде отқа қақтап өлтіріп тынады. – Дәл осындай дерек бар ма аға? – Иә бұл болған жайт. Осы дерек Тауфих Жексенбиевтің естелігінде де жазылған. Ал, күймен елді дүрліктіріп, күй тартып ақыры өзі өліп тынған Қожекенің артында қанша күй, қандай күйлер қалды ол жағы беймәлім. Бұл зерттелуге тиісті тақырыптың бірі. Қазақ мәдениетінде ән мен күйдің қоры мол. Бірақ олардың саны мен авторлары түгелденбей келеді. (Жалғасы бар). Қасымхан БЕГМАНОВ

18631 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы