• Мәдениет
  • 10 Ақпан, 2009

Аға

Аға... Осы бір сөзді естігенде кім-кімнің де жүрегіне жылылық ұялайтыны аян. Өйткені біріміздің көз алдымызға тұлымшағы желбіреген сәби қарындасын мойнына мінгізіп, арсалаңдай жүгірген ақкөңіл бозбала елестесе, екіншіміздің ойына інішегін көрші ауылдың бұзықтарынан қорғап, ешкімге ақысын жібермеу үшін күрестің қарапайым тәсілдерін үйретумен әлек болып жатқан жігіт елестейді. Бұл – балғын санада қалған суреттер есейе келе өзгереді екен. Мұны өз басымнан өтіп жатқан жайлардан білемін.

Менің ағам... Ол қандай еді?

Ең алдымен, ағамның кішіпейілдігін атар едім. Алматыдағы үй басқармасында көпшілікпен тіл табысып жұмыс істеген кезінде жасына да, ұлтына да, қызметіне де қарамастан үлкен-кішіге бірдей өзі бірінші болып сәлемдесетін қарапайымдылығы...

Қай ортада болмасын жоққа жасымай, барға тасымай, өзін үнемі бірқалыпты ұстайтын сабырлығы...

Алла ризық еткен несібесін қашан да өзгелермен бөлісуге дайын тұратын жомарттығы...

Мұқтаж жанды көрсе қамқорлығын аямай, көмектесуге барын салатын бауырмалдығы...

Айта берсем, ағамның бойынан Алла тағалам пендеге несіп еткен жақсы қасиеттің бәрі де табылар еді.

Айналып келгенде, бұлардың бәрі бала бойына Ананың ақ сүтімен даритын ізгілікке келіп тіреледі ғой. Мен есімді білгелі анамыз Гүлжан «адамды алаламаңдар, алыс-жақынға бірдей қараңдар, кісіге жақсылық жасаудан танбаңдар, қолдарыңда тұрғанды бұлдамаңдар, бұл өмірде сыйластықтан асқан ешнәрсе жоқ» деп үнемі айтып отыратын. Тұңғышы Ескендір ағам анамыздың осы сөзін ту етіп, өмірлік қағидасына айналдыра біліпті...

Осындай жақсы қасиеттің бәрін бір бойына сыйғызып тұрған ағамның ірілігі екен-ау! Сөзі де, ісі де еңгезердей бойы мен кесек тұлғасына жарасып тұрушы еді...

Қазақтың «жақсының аты өлмейді» деген сөзі Ескендірден қамқорлық көрген азаматтардың әлі күнге кездескен сайын «Е, айналайын, Сәкеңнің қарындасы екенсің ғой!» деп танытқан ыстық ықыласынан сезілгендей болады. Арамыздан кеткеніне он жылдың жүзі болса да көпшілік есімін аузынан тастамай жүргені де асыл ағамның кемел адам болғандығының бір дәлелі. Кішірек кезімде «Кемел адам, шынайы адам» деген сөздерді естігеніммен, соншалықты мән бермеуші едім. Қазір ойласам, кісінің келісті сырт келбетіне жайсаң жаны мен бай ішкі әлемі сәйкес келгенде ғана қолданылатын бұл ұғымның мәні тым тереңде екен. Сондықтан да шығар бұл сөзді екінің біріне қатысты қолдануға болмайтындығы.  «Көптің көзі көреген». Адамның ішкі-сыртқы дүниесінде кіршіктей міні болса да көптің назарынан тыс қалмақ емес. Азаматтың абыройын асырып асқақтататын да, атын ардақтап қадірлейтін де ел-жұрты. Көзі тірісінде өзі көңілінен шыға білген сол көп бүгін де ағамды ұмытқан жоқ. Ірі еді... Қамқор еді... Жайсаң еді... Қайырымды еді... деген сөздер бір жағынан жүрегімді елжіретсе, екінші жағынан көңілімді марқайтады. Амал не? Бәрі де... еді, едімен аяқталады...

Ағатайым жастайынан еңбекқор, кісіге салмақ салмайтын, жауапкершілікті жақсы сезінетін адал жан болатын. Ағайынға сыйлы, жарына қадірлі, бауырларына қамқор, балаларына мейірбан күйде жүрген есіл ердің ғұмыры қамшының сабындай қысқа болады деп ешкім ойламапты. Асқар таудың алыстаған сайын биіктей түсетіні сияқты, асыл ағаның асқақ бейнесі де күн өткен сайын зорая береді екен. Сәт сайын ұлғая түскен сағыныш пен кеудені кернеген бір өкініш...

Аяулы жары Перуза жеңгеміз бұғанасы қатпаған балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мәпелеп өсірді. Перзенттерінің бәрін оқытып, аяғынан тік тұрғызды. «Орнында бар оңалар» демекші, бүгінде жеңгеміз әже болып отыр.

Бір шүкіршілік етеріміз, тіл, дәстүр жанашыры бола білген, көп жасамаса да жұрттың есінде қалған Ескендір есімді ағамның рухын биіктетер ұрпақтарының өсіп келе жатқандығы. Асқар, Мұса, Гауһар деген бауырларыма ағамның ардақты атына лайықты, ел сыйлайтын азамат болуды жазсын демекпін.

Осы дүниемді жазуға ниеттенгенімде сан түрлі ойлар келіп, толғандырған еді. Бірақ «Көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыға өңі қашады» демекші, көкейімдегі арманды сол күйінде ақ қағазға сыйғызудың қиын екеніне көзім тағы бір жеткендей болды.

Жете алмай кеткен асуларын балалары мен немерелері бағындырсын, әке рухын асқақтата берсін деген тілекті Ескендір есімді асыл ағамның шаңырағына қайта-қайта айта бергім келеді...

 

Қалдыгүл Есенова

4471 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы