- Қоғам
- 08 Сәуір, 2010
«Жетім қозы» жат бауыр ма?

Жетім жыламасын. Өйткені өткендер «жетімнің наласы қатты» деуші еді. Бүгін ше? Бүгін басқаша. Белгілі дінтанушы, мәдениеттанушы Мұртаза Бұлұтайдың айтуынша, соңғы он сегіз жылда 10 мыңға жуық (!) жетімді шетелге жөнелтіппіз. Құдайдың өзі кешірсін...
Кеше ғана елді су алды. Шаңырақ ортасына түсіп, мал қырылды. Ай мен күннің аманында ажалмен айқасқан елдің бір ақсақалының «бұл бізге сабақ болды. Жетімдерін сатып, жетесіздеу елге айнала бастағанды Жаратқан жақтырсын ба?..» деп кейігені көп адамға ой салғандай еді.
Қалай десек те жетімдерге келгенде қадамымыз құтты болмай тұр.
«Бізде жетімдерімізді сату «исключение» емес, «общее» нәрсеге айналып бара жатыр. Жетімдерді сатумен айналысатын делдар фирмалар мен агенттіктердің сайтының көптігі сонша, олар республикамыздағы барлық жетімханаларды біледі. Онда олардың «контактный» адамдары бар, видео роликтер, фотоальбомдар жасалған, кәдімгі маркетинг тәрізді. Балалар құдды зат сияқты клиенттерге көрсетіледі» деп қынжылады М.Бұлұтай. Оның келтірген деректері жүгінсек, интернеттегі делдардар бір баланың құнын 20-40 мың долларға бағалап отырған көрінеді. Ал өз отандастарымыздың жетім балаларды асырап алуын жеңілдету үшін заңнамалық тұрғыдан жағдай жасау қажет дегенді аз-ақ уақыт бұрын Елбасының алдында қойған «Аружан және Ко» продюсерлік орталығының директоры Аружан Саин «Шетелдік азаматтар бала асырап алу үшін неге Қазақстанға келетіні жайлы ойландым. Шын мәнінде осыдан 100 жыл бұрын шетелдерде жетім балалар үйі қалыпты құбылыс болатын. Олар жетім балаларды асырап алу жөніндегі жұмысты жүйелі жүргізіп, жағдай жасады. Нәтижесінде оларда қазір балалар үйі жоқ. Сондықтан да олар бізге келеді. Біз қайырымдылық қорларының қауымдастығы аясында осы проблеманы зерттеп, біздің елге бала асырап алуға келетін елдердің тәжірибесіне сараптама жүргіздік. Біздің еліміздің аймақтарында жетім балаларды асырап алғысы келетін адамдардың тізімі бар. Сонымен бір мезгілде бізде іші балаларға толы үйлер бар. Бұлардың арасында заңнама кедергі болып тұр, заң бойынша көптеген балалар асырап алуға жатпайды», - дейді А. Саин. Аружанның айтқанда ақиқат бар. Мысалы, анасы баласын тастап, алайда баласынан бас тартқаны жөнінде хат жазбай, перзентханадан қашып кететін болса, заң бойынша баланы асырап алу үшін 6 ай күтуге, анасын табуға, содан кейін барып сот шешім күтуге тура келеді. Бұл процесс 2-3 жылға созылып кетеді. Ал адамдар болса баланы көбінесе 1 жасқа дейін асырап алғысы келеді екен. Оларды да түсінуге болады. Сәби кезінен әр қылығына сүйсініп өсіріп, қызығын көргісі келеді ғой. Қарап отырсақ, өзімізге келгенде асырауға беру ісін мейлінше созып, ал мұхит асып келгенге жөргектегісі мен құндақтағысын қоса беруге бармыз. Әлде 20-40 мың доллардың қызуы ма екен?! Сондықтан қазақстандықтардың баланы асырап алуын жеңілдету үшін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажет. Ол үшін арнайы ұсыныстар да дайындалған. Бастысы бұл жайды Елбасы біледі.
Бізге белгілі жайт бұрынғы қазақтың абақты атаулы мен жетімдер үйі үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Ал бүгін ше? Жетімдер үйі толып, тентектері түрмесіне сыймай жатыр. Атыраудан әйелдерге арналған абақтының салынып жатқаны да тағы бір «аурудың» асқынып келе жатқанын аңғартқандай. Соңғы кездері жетімбұрыш жағалап жүрген баспанасыздар қатарын жетімдер үйінің түлектері де толтыра бастады. Рас, тұрғын үй алаңымен қамтамасыз ету мәселесі әсіресе жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелердің түлектері алдында неғұрлым өткір туындайды. «Дегенмен, мемлекеттік балалар мекемелерінің түлектерінде бекітілген тұрғын үй алаңының болуы көп жағдайда олардың тұрғын үй мәселесін шешпейді, өйткені олардың атында сақталған тұрғын үй-жайларда тұру балалардың қалыпты тіршілік етуіне ықпал етпейді» дейді мамандар. Көбінесе олар ата-ана құқығынан айрылған, маскүнемдікке, нашақорлыққа шалдыққан, бейморальды өмір сүретін адамдарға, психикалық ауруларға, сондай-ақ санитарлық және техникалық талаптарға сай келмейтін тұрғын үй-жайларға қайтып келеді. Сондай-ақ мемлекеттік балалар мекемелері түлектерінің алғашқы жылдары дербес өмір сүру жағдайларына бейімделмегенін, ал оның еңбекақысы тұрғын үй-жайды ұстауға жұмсалатын шығындарды толығымен төлеуге мүмкіндік бермейтіндігін пайдалана отырып, криминалдық топтар, теріс пиғылды адамдар жетімдері алдау, сеніміне кіру арқылы олармен үй-жайды айырбастау, жекешелендіру және тұрғын үйден айыру немесе олардың тұрғын үй жағдайларын нашарлату жөнінде мәміле жасауға тырысады. Мұның барлығы тұрақты тұрғылықты жерінен айрылған, қаңғыбастықпен, қайыршылықпен және құқық бұзушылықтар жасаумен айналысуға әкеледі. Бұл проблеманың тек бір ғана себебі, екіншісі - елімізде жасөспірімдер үйлері практикасының жеткіліксіз қолданылуында жатыр. Қазақстанда 660 интернат ұйымы бар, оларда 80 мыңдай бала тәрбиеленуде, бірақ жасөспірімдер үйінің саны небары 19 ғана екен. Бұл барлық интернат мекемелерінің жалпы санының 3 %-ы ғана. Бұл балалар үйлерінің көптеген түлектерінің олардан шыққаннан кейін жұмыс іздеу мен одан әрі оқу мәселесін ғана емес, сонымен бірге өзінің одан әрі өмір сүру мәселелерін де шешуге мәжбүр болатынын білдіреді. Тұрғылықты жері бойынша тіркелмесе, интернат мекемелерінің түлектері жақсы жұмыс та таба алмайды, демек, тұрғын үй жалдай алмайды деген сөз. Тұрғын үйінің жоқтығы проблемасы тұйық шексіздікке айналады, осы жағдайда жетім балалар тұрғын үй іздеу проблемаларымен жалғыз өзі қалады. Біз осы сауалмен Алматы қалалық Балалар құқығын қорғау департаментіне хабарласқанымызда білгеніміз, балалардың жетімдер үйіннен кейін, яғни 18 жастан 23 жасқа дейін мемлекет қамқорлығында, жасөспірімдер үйінде болуға мүмкіндігі бар. Ал 23 пен 29 жас аралығындағылар үшін жастар үйі тек Алматы қаласында бар екен. Алматыдағы 200-дей ғана жастың басын қосқан бұл мекеменің Қазақстандағы өмірге енді араласа бастаған барлық жастың жағдайына алаңдай алмасы анық. Бұл біздегі жастар үйінің аздығын ғана білдірмейді, туғаннан тағдырдың тәлкегін көрген жетімнің бұл дүниені өмір бақи жатсынып кетуіне мұндай моральдық мектептердің аздығы себеп болып отырғанын байқатады. Сондықтан бұл жайт та соңғы кездері еліміздегі жетімдер құқығын қорғауға жауапты құзырлы орындардың қаперіндегі жүретін өзекті мәселелердің біріне айналуы тиіс.
Динара ІЗТІЛЕУ

7156 рет
көрсетілді0
пікір