- Тіл
- 15 Сәуір, 2010
Қоғамдық көліктегі тіл ахуалы
Облыстық тілдерді дамыту басқармасы жоғарыдағыдай тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараны жүзеге асыру барысында облыс, қала тұрғындарының қоғамдық көлікте мемлекеттік тілді пайдалануына қатысты тіл басқармасы тарапынан әлеуметтік зерттеу жүргізіліп, бейнесюжет түсірілді. Мәжіліске облыстық көлікті бақылау инспекциясы, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшылары, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары, тіл жанашырлары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиналғандарға әлеуметтік зерттеу нәтижесі ұсынылды. «Жалпы қоғамдық көліктің қызметін жақсартуға қандай ұсыныс берер едіңіз?» дейтін сұраққа сауалнамаға қатысушылардың 35,9 пайызы көліктегі жолаушыларға қызмет көрсету мәдениетін жақсартуды, көліктің жиі, кестеден ауытқымай, әсіресе түнгі мезгілде жүріп тұруын 25,2 пайызы, кондукторлардың бірыңғай жұмыс киімімен қамтамасыз етілуін 8,7 пайызы, жүргізушілердің мәдениетті, инабатты, отансүйгіштік қасиеттері жоғары болуын 25,2 пайызы қолдайды. «Шымкент қаласындағы жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктерде аялдама, көше атаулары көбіне қай тілде хабарланады?» деген сауалға пікірін білдіргендердің 56,3 пайызы қазақ тілінде десе, 35 пайызы қазақ және орыс тілдерінде деп жауап берген. Ал орыс тілінде деп 7,8 пайызы айтады. «Қоғамдық көліктердегі мәтіндердің мемлекеттік тілде сауатсыз жазылуының себебі неде?» дейтін сауалға пікір білдіргендердің 26,2 пайызы көлік кәсіпорындары басшыларының тілге немқұрайлығынан деп жауап берсе, 35,9 пайызы мемлекеттік тілге құрметтің төмендігінен, ал 34 пайызы көлік кәсіпорындарында тілді білетін сауатты қызметкерлердің жоқтығынан дейді. «Қоғамдық көліктерде аялдамаларды, көшелерді осы күнге дейін ескі атауларымен хабарлайды. Осыған қалай қарайсыз?» дейтін сауалға адамдардың басым бөлігі, яғни, 41,7 пайызы қолданысқа тезірек енуі үшін жаңа атаумен хабарлау керек десе, жаңа атаумен қоса ескі атауын да хабарласа деп 26,2 пайызы пікір білдірген, ал 29,1 пайызы бір жыл жаңа атауымен қоса ескі атауларын бірге, кейін тек жаңа атауларымен хабарласа деген ойын жеткізген. «Қоғамдық көліктерде өзге тілдегі даңғаза әуендердің жиі қойылатыны не себептен деп ойлайсыз?» дейтін сұраққа сауалға тартылғандардың 24,3 пайызы жүргізуші талғамының төмендігінен, 34 пайызы шетел әуендеріне еліктеушіліктен, 34 пайызы жолаушылардың немқұрайлығынан дейді. «Сіздің ойыңызша халыққа қызмет көрсету саласында мемлекеттік тілдің кең қолданылуына не кедергі болып отыр?» дейтін сауалға адамдардың 25,2 пайызы кеңес заманынан қалған орысша сөйлеудің әдеті деп, мемлекеттік тілді құрметтеудің төмендігінен деп 27,2 пайызы, өзге тілге еліктеуге құмарлығымыз деп 30 пайызы, көлік басшыларының бұл мәселеге мән бермей, немқұрайлы қарауынан деп 13,6 пайызы жауап қайтарған. «Жалпы қоғамдық көліктерде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге байланысты қандай ұсыныс берер едіңіз?» дейтін сұраққа сауалға қатысуға тілек білдіргендердің 28,2 пайызы бұл мәселеге шұғыл бет бұрып, баса көңіл бөлінуі қажет десе, 33 пайызы көлік жүргізушілер мен кондукторлар мемлекеттік тілде таза сөйлей білуі, 20,4 пайызы халыққа қызмет көрсетушілердің патриоттық сезімі жоғары болуы, 14,6 пайызы халыққа қызмет көрсету саласында мемлекеттік тілді қолданбаған жағдайда айыппұл салынуы керек деп есептейді. Мәжіліс барысында көрсетілген бейнесюжет, сауалнама қорытындылары бойынша пікір алысылып, жарыссөзге шыққан көлік кәсіпорындарының басшылары саладағы кемшіліктерді жуық арада түзейтіндіктерін, сыннан қорытынды шығаратындықтарын жеткізді. Жалпы көлік саласындағы тіл мәселесі басқарманың күн тәртібінде қала беретіндігі, келесі отырыста көлік кәсіпорындарының іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу барысы талқыланатыны ескертілді.
Хиуаз ӘЛІШЕВА, Оңтүстік Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасының бөлім бастығы.

3483 рет
көрсетілді0
пікір