• Ақпарат
  • 22 Ақпан, 2009

Апта сауалы:

Еліміздің іргелі зерттеу орталықтарының бүкіл құрылымын қозғап жатқан елеулі өзгерістерге қатысты отандық белгілі мамандардың пікірін білу мақсатында  оларға «Іргелі зерттеулермен айналысатын химия ғылымдарының Акционерлік Қоғамға айналуына қалай қарайсыз?» деп сауал тастадық.   

Бектұров Есен Абікенұлы :

               ҚР ұлттық ғылыми академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор                                                                                                              

    --Біздің мемлекет ғылымды оңтайлы  басқаруды білмей отыр. Олар Акционерлік Қоғам арқылы қаржыландырамыз дейді. Яғни, «Самұрық-Қазына» арқылы ғылым саласын қаржыландыруды жүзеге асырмақ.  Әрине, ол да мемлекеттің ақшасы. Бірақ  айналып келгенде ғылымға қолайлы жағдай туғызатын басқа да мүмкіндіктерден айрылып қаламыз. Атап айтқанда, мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмай қаламыз. Меніңше, біздің шенеуніктер  қалайда ақша үнемдеуді ғана ойлап отыр. Мен, мысалы,  қолданбалы ғылымның қанат жайғанына әсте қарсы емеспін. Бірақ мынаны да ескерген жөн. Іргелі зерттеулер өндіріске тікелей шыға алмайды. Бұл жалғыз бізде ғана емес, әлемде солай. Өзіміз айта беретін Ресейде болсын, АҚШ, Жапонияда да  іргелі зерттеулерді тек мемлекет қана қаржыландырады. Өйткені, өндіріске дереу енгізілмейтін салаларды қаржыландыруға жеке сектордың ынтасы бола бермейді. Оларға тез арада қайтарым керек. Дәл бұл түсінікті болса керек.

ТоқтарЕсіркепов   экономист:                                                                                                                                     --Біріншіден, асыра сілтеп отыр. Онсыз да мұның алдында ғана ғылыми академияның таратылғаны үлкен қателік болды.  Бұл іргелі ғылым ордаларын өркендетудің орынына өшіруге бағытталған әрекеттердің кезекті бір көрінісі. Менің өзім, бизнес саласы ғылымының көсегесін көгертеді деп айта алмаймын. Бұл ат төбеліндей ғана топтың мүддесін көздеп жасалған іс-қимылдар. Іргелі зерттеулермен айналысатын орындарды қамқорлыққа алу керек. Олар мемлекеттік ғылыми мекемелер болып қалсын. Жалпы, химиктердің басына үйірілген аталған мәселе жақсылықтың нышаны емес. Бұл деген соңғы 50 жыл бойы қалыптасқан ғылыми кешенді бір сәтте жоққа шығару деген сөз. Әрине, қазір нарықтық кезең. Онымен санасуға тура келеді. Алайда, іргелі ғылымдармен айналысатын кез-келген ғылым саласының мемлекет құрамында болғаны абзал. Бұл болашаққа жұмыс істеу. Ал біздің шенеуніктер болса, бүгінгісін ғана ойлайды. Былайша айтқанда, алысқа жоспар құра алмай отыр.  Бұған дейін де ауыл-шаруашылық институттарын ЖШС-ға  айналдыру үрдісі орын алған болатын. Содан не шықты? Ұтқанымыздан ұтылғанымыз көп болды. Біз бүгінмен ғана өмір сүрмейміз. Ертеңнің қамын да жеуге тиістіміз. Егер алыс стратегия тұрғысынан келетін болсақ, бұл шешім жарға жығады деп ойлаймын.

2490 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы