• Ақпарат
  • 22 Ақпан, 2009

«Өліспей, беріспейміз»

6Химия саласы ғалымдарының жанайқайына кім құлақ асады?

Химиятер ереуілге шығады деген сыбыс ел ішінде гулеп тұр. Оған 2007 жылдың 17 қазанында қабылданған №961 Үкімет қаулысы себеп болып отыр. А.Б.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты мен Д.В.Сокольский атындағы органикалық катализ және электрохимия институтын акционерлік қоғам ретінде қайта құруды көздейтін бұл шара өз кезегінде ғалымдар қауымының наразылығын туғызды. Осы мәселеге байланысты басшыларға хат жазып, баспасөз конференциясын да өткізіп үлгерген ғылыми жұртшылық, не де болса, аяғына дейін бармақ ниетте екендігін танытты. Олардың айтуынша, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төніп тұр. Яғни халық түбірлі ілім-ғылымсыз жай ғана жайдақ тобырға айналмақшы.

Қазақша «қыз айттыру»

Осыдан тұп-тура екі жыл бұрын институт аспанын қара бұлт торлады. Ойламаған жерден ақпан айының ішінде ҚР Үкіметі институт ұжымы мен басшылығының келісімінсіз, яки түсіндіру, талқылаусыз институт болашағына қатысты №961 қаулыны қабылдап жібереді. Бұл шешіммен бүтіндей келіспеген институт ұжымы сол кездің өзінде мұның қоғамдағы шынайы жағдай мен Президенттің (Тараз қаласы, 2008 жыл, қазан) Қазақстандағы химия ғылымдарын дамытуға қарата айтқан мәлімдемелерімен мүлде үйлеспейтінін жариялап үлгереді. Алайда құр айғай-сүреңнен ештеңе шықпасын бірден аңғарған химиктер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, шұғыл кеңес өткізеді де, өз құқықтарын қорғау мақсатында күреспекке бекінді. Осыдан кейін белгілі бір себептермен 2008 жылдың қазанына дейін сот шешімі кешеуілдей береді. Бірақ бұл алдамшы үнсіздік екен. Осы қазан айының аяғына қарай бір жағынан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мен екінші жағынан Қаржы министрлігі өзге де құзырлы орындармен бірлесіп, қаулыны толықтай жүзеге асыруға кіріседі. Институт басшылығы бұған да дер кезінде жауап қатып, сол 2008 жылдың қазанында баспасөз мәслихатын өткізіп, жазбаша түрде Қазақстан Республикасының бас прокурорына институт мүддесі мен құқығын қорғау туралы өтініш тастайды. Содан бұл дау бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Осы мәселе бойынша институт әкімшілігіне хабарласқанымызда институт аясындағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, химия ғылымдарының докторы, профессор Талқыбек Жұмаділов былай деді: «Дәл бүгінгі таңда біздің ғылыми кеңес ол қаулыға тікелей қарсы. Өйткені, ол қаулының қарама-қайшылықтарымен бірге асығыс жағдайда жасалған тұстары өте көп. Сондай-ақ, мұндағы басты кемшіліктің бірі аталған қаулыны қабылдарда осындағы ұжыммен ақылдасып, бір мәмілеге келмегендігі болып отыр. Акционерлік қоғам құру керек пе, жоқ па? Яки ғылыми бағыттар мен ғылыми мектептердің бәрі сақтала ма? Сондай-ақ, ғалымдардың интеллектуалдық-зияткерлік меншігі сақтала ма? Жоқ әлде ол да АҚ меншігіне өте ме? Ол туралы бір ауыз да әңгіме болған жоқ. Жоғарыдағы басшылардың бірде-бірі біздің институттың есігін ашқан жоқ. Не ұжыммен кездеспеді. Ғылыми кеңес бар. Оған да келген жоқ. Қазақшалап айтқанда, сыртымыздан құда түсіп жатыр. Ендігі күніміздің не болары белгісіз».

Нобель сыйлығын алмайтын ғалымдар...

Бұған дейін баспасөз мәслихатында қарсыластар тарапынан: «Ақыры, ешкім Нобель сыйлығын алатындай деңгейге жете алмайды екен. Ендеше, академиялық ғылым бізге керек пе?» деген де мәселелер көтерілген-ді. Өз кезегінде ғалым-спикерлер «егер өз ғылымымызды көтермесек, шетелдіктер біздің басымызға май жақпайды» деп жауап берген болатын. Яғни «шетелдік технологияларды жергілікті жағдайларға бейімдейтін ғылыми орталықтардан көз жазып қаламыз» деп ашығын айтты. Институт кәсіподағының төрайымы, химия ғылымдарының докторы Майра Өмірзақованың хабарлауынша, институтқа бұлай деп сын тағуға әсте болмайды. Себебі, институт халықаралық көптеген жобаларға ешкімнен бата сұрамай-ақ қатысып жүр. Және де шетелдік қорлар институттың өнімдеріне дән риза. Әйтпеген жағдайда олар тиынын да шығармас еді. Яки турасына көшкен ханымның айтқандарын сөзбе-сөз қайталасақ: «Біздің өнімдеріміз, неге екенін, Отанымызда емес, керісінше, шетелдерде аса танымал болып отыр». Бұл да Отандық химия ғылымының бүгінгі әлеуетін таныта түскенімен, шенеуніктер тарабы мұның бәрін жоққа шығару үстінде.Тіпті, қолданбалы салаларға акцент беруді ұран қылып алды десе де болады. Ал ғылыми қызметкерлер кәсіподағының төрағасы Марат Молдабеков болса, жағдайға нақты баға бермей, атүсті қабылданған Үкімет қаулысының салдарынан туындауы мүмкін үш кертартпа аспектіні алға тартып, дабыл қағуда: Біріншіден, біртұтас ғылыми-техникалық кешеннің бөлшектенуі. Екіншіден, ғылыми әлеуеттің жоғалуы. Үшіншіден, жетекші орындардағы басты мектептердің тарқауы. Міне, осы үш қатердің айналасында отандық химия ғылымының тағдыр-талайы шешілгелі жатыр...

Химия, қонбассың енді, миыма!

«Жастар жаратылыстану ғылымдарына бармайды». Бұл--егемендік алғалы бері айтылып келе жатқан ескі жыр. Өйтпегенде ше? Кімнің тиын-тебен үшін тар қуыстарға тығылып, қағаз кеміріп, колбалар сындырғысы келеді. Ал алдағы акционерлеу жағдайында институт қызметкерлеріне аз да болса жалау болып келген бюджеттік негіздегі тұрғын үй де сағымданған арман болып қалады. Бұл жөнінде химия ғылымдарының докторы Майра Бердіқалиқызы өз ойын білдірді: «Ең алдымен, еңбеккерлердің бәрі «мемлекеттік қызметші» мәртебесінен айырылып қалады. Яғни ипотекалық несиелеу жүйесі бойынша үй кезегіне тұрған қызметкерлердің бәрі өз кезегін сақтап қалу үшін басқа мемлекеттік қызметке ауысуына тура келеді. Ал бұл – кадр ағынына алып келетін жайт. Екінші жағынан, қызметкерлердің құқықтары да бұзылады. Ал кезекке тұрып үлгермеген мамандардың үй турасындағы соңғы үміттері жалп етіп сөнеді» – дейді. Үйді былай қойғанда, академиктердің пікірінше, аталған қос институт акционерлік қоғам ретінде қайта құрылса, институттардың ғылыми әлеуеті де күрт төмендеп кетпек. Сапалы кадр жетіспеушілігі онсыз да байқалып тұрған шақта, қызметкерлерді ұстап тұрған тек мемлекеттік бағдарлама ғана болатын. Ертеңгі күні ғалымдар қанағат етіп жүрген төменгі жалақыға жас мамандарды тарту мүмкін болмай қалмақ. Ал ғалымдар мен жас мамандар үшін жұбату боларлық жатақханалар мен қолда бар үйлер әлдеқашан балға астында сатылып кеткенін ескерсек, жақын күндері жастарды химия ғылымдарына елітетін стимул атаулының бәрі көзден бұл-бұл ұшады дей беруге болады.

Акционерлік қоғам құрудың артында не тұр?

Дәл бұл тақырып осынау процедураның «тәжді сауалы» болып тұр деуге болады. Институт атынан сөйлеп жатқан кез-келген спикер үкімет қаулысының артында тұрған мүдделі топтың мықты екендігін бірінен соң бірі тілге тиек етуде. Дегенмен, өмір шындығы көрсетіп отырғандай, бұл қаулының заңсыздығы өз алдына, «ұлттық қауіпсіздік» туралы заңнаманы тікелей бұзатынына қарамастан іс күннен күнге айналыс алып келеді. Бұл жөнінде ғылым саласына жақын ағайын: «Бұл шара тек қана жекелеген тұлғаларға ғана пайдалы. Қазақстан ғылымын басқасы басқа, тек қана мемлекетшілдік тұрғысынан қарастыру керек» дейді. Жалпы, Қазақстанның ғылыми қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Марат Молдабековтың отандық басылымдарға берген түсіндірмелеріне сүйенсек, заң тұрғысынан алғанда, ғылыми мекемелерді жекешелендіруге мүлде болмайды. Дәл бұл тұжырымды институт тарапынан іске кіріскен құқықтанушылар да растап отыр. Дәлірек айтқанда:«Акционерлік қоғам құру дегеніміз – ең алдымен жекешелендірудің алдындағы қадам» деп төтесінен кетуде. Яғни мемлекет меншігін жекешелендіретін кезде, әсіресе, «алтын квадратта» орналасқан басты обьектілерді осы сценарий бойынша жәукемдеу әдепкі жағдай көрінеді. Бұған қатысты институт аясындағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, химия ғылымдарының докторы, профессор Талқыбек Қожатайұлы тағы да бей-жай еместігін аңғартып: «Бұлардың қызығып отырғаны--біздің институт ғимараты мен жер телімі. Әлгі айта беретін «алтын квадраттың» әуресі. Қаланың шетіндегі институттарды емес, айналып келгенде, бізді қыса береді»-дейді. Әрине, қандай да іс-әрекеттің астарында шебер жасырылған мүдденің болатыны белгілі. Бірақ дәл бұл жолғы шараны мемлекет қажеттілігінен туындап жатыр деуге әлі ертерек сияқты.

Үмітсіз--шайтан ғана Тартыс кімнің пайдасына шешіледі? Қалай десек те, Қазақстан ғылымының ертеңіне алаңдаулы қауым үкілі үмітін үзбей отыр. Олардың бірі тіпті: «Сиыр сүт беруі үшін сиыршылар армиясын жасақтаудың қажеті жоқ. Тек қана жақсылап жағдай жасап, жем-шөппен тойындырсаңдар болғаны» деп салды. «Әзірге бәрі де бұған дейін әбден таптаурын болған, еш нәтиже бермей, керісінше, ресурстарды текке ысырап еткен жеміссіз жолмен келеді» дейді тағы бір шешендер. Қайсыбір беделді ғалымдар: «Таяуда ғана ғылымды қолдаймыз деп «Самғау» холдингін құрып еді, арада 14 ай өткенде ол да ізім-ғайым өзге холдингтің құрамына кіріп кетті. Ертең біздің де дәл осылай жұтылып кетпесімізге кім кепіл?»– деседі. Осы ретте айта кететін бір жайт, бұл--Қазақстан тарихындағы ғалымдар мен үкімет арасындағы тұңғыш прецедент. Осы күнге дейін ғалымдардың ғылыммен айналысу құқығын сақтап қалу үшін соттасқаны болған емес. Әйтсе де, айтып-айтпай не керек, әділдік іздеген ғалымдар 2 ақпан күні Алматы әкімшілігіне 13 ақпанда Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда қарсылық шеруін өткізуге рұқсат сұрап өтініш жазды. Барар жер, басар тауы қалмаған ел ендігі көңіл-күйлерін осындай формада жүзеге асырмақ. Рұхсат алар, алмас, әйтеуір мархаматы мол Үкімет басшылары не де болса Отандық Менделеевшілер ғылымының жанайқайына құлақ асса екен.

Мансұр Мамырайхан

3693 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы