• Ақпарат
  • 22 Ақпан, 2009

Айбарлы һәм айдарлы Алматы

Өткен аптада Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов халыққа есеп берді

dsc_2765Әлқисса

Өткен жыл әлеуметтiк даму жылы болып аталғаны белгiлi. Шиеленiскен экономикалық жағдайларға қарамастан алға күрделi мiндеттер қойылды. Үкiмет пен Алматы қаласы әкiм­дiгiнiң уақтылы шараларының арқасында белгiлеген жоспарларды орындаумен қатар әлемдiк қаржы дағдарысының қала экономикасына әсерi бәсеңдетiлдi.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ерекше маңызы бар тауарларға – жанар-жағармай материалдарына, ұнға, нанға, өсiмдiк майына бағаны төмендетуге қол жеттi. Осының нәтижесiнде инфляцияның бақылау деңгейi 10,7%-ды құрап, бұл 2007 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге азайды.

Ауылшаруашылық жәрмеңкелерi кеңiнен өткiзiлдi, коммуналдық базарлар, «Арзан», «Магнум» секiлдi көтерме дүкендер желiсi дами түстi, басқа да шаралар қабылданды.

2008 жылдың 2-жартыжылдығынан бастап тұрғын үй құры­лысындағы бәсеңдеушiлiк азайтылды, бұған үлескерлердi мем­лекеттiк қолдаудың және Мемлекеттiк тұрғын үй бағдар­ламасын жүзеге асырудың арқасында қол жеткiзiлдi. Былтыр 1 млн. шаршы метр тұрғын үй берiлдi, бұл 2007 жылға қарағанда 3%-ға көп.

Бiрiншi байлық

Осы саланың дамуына 2008 жылы 31 млрд. теңге бөлiндi, бұл былтырғыға қарағанда 42% артық. Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласының iрi нысандары пайдалануға берiлдi, олардың iшiнде «Жұлдыз» ықшамауданында Түрксiб ауданының 30 мың тұрғынына қызмет көрсете алатын емхана, Жетiсу ауданының «Құлагер» ықшамауданында дәрiгерлiк амбулатория бар.

Перинатальдық орталық, №1 туберкулезге қарсы аудана­ралық диспансер, қалалық №2 көпсалалық аурухана, Жедел жәрдем ауруханасы және үш емхананың құрылысы жүргiзiлiп жатыр. №12 емхананың қосымша ғимаратының құрылысы басталды.

Кардиологиялық орталық және перзентханалар үшiн аса қымбат медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Олар қазiргi жаңа әдiстемемен диагностика жасап, алғаш рет қалада күрделi операциялар жасауға мүмкiндiк бередi. Мәселен, биыл 300 кардиологиялық операция жасау жоспарланып отыр, оның iшiнде жүректi шунттау бойынша 60 операция бар.

Медициналық қызметтi пайдаланудың жеткiлiктi жоғарғы деңгейi қамтамасыз етiлдi.

Осы кешендi шаралардың арқасында халық денсаулығының негiзгi параметрлерi жақсарды.

– Бала туу 11%-ға өскен;

– Халықтың қалыпты өсуi 16 %-ға көбейген;

– Ана өлiмi 2,8-ге төмендеген;

– Халықтың ВИЧ ауруларын жұқтыруы төмендеген;

– Халықтың өмiр сүруiнiң орташа жасы өсiп келе жатыр.

Білім саласындағы белестер

Бiлiм жүйесi мен нысандарының дамуына 34 млрд. теңге бөлiндi, ол 2007 жылға қарағанда 30% артық.

3 мектепке қосымша ғимарат, 4 балабақша құрылысы аяқталып келедi.

Осы жобаларды жүзеге асыру жақсы әлеуметтiк тиiмдi­лiкке қол жеткiздi. Қалаға мектептерде және мектепке дейiнгi мекемелерде 5 мыңнан астам жаңа орын берiлдi. Бұл олардың тапшылығын 17%-ға төмендетiп отыр.

Тағы да 2 мектеп және 3 балабақша құрылысы жалғасып жатыр.

Бiлiм – тек инфрақұрылымның дамуы ғана емес, бұл дегенiмiз әуелi интеллектуалдық күш-қуаттың дамуы. Бiрыңғай ұлттық тестiлеу нәтижесi қала бойынша 71,4 баллды құрады, бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткiш. Қаладағы барлық мектеп пен кәсiби-техникалық мектептер компьютерлiк техникамен жабдықталған. Мультимедиялық кабинеттер мен виртуалдық лабораториялар жұмыс iстеп жатыр.

1–4-сынып оқушыларына тегiн ыстық тамақ беру ұйым­дастырылған.

Транспорт мәселесі

Осы саланы дамыту стратегиясын жүзеге асырып, жедел жолайрықтары мен айналма жолдарының құрылысы жүзеге асырылды.

Төмендегi көше қиылыстарында 6 жолайрығы салынып, iске қосылды, олар:

· Рысқұлов – Күдерин;

· Рысқұлов – Бөкейханов;

· Райымбек – Розыбакиев;

· Абай – Жандосов;

· Жандосов – Сәтбаев;

· Райымбек – Пушкин – Сүйiнбай.

Бұл – жолайрықтар тұрған жерлерде көлiк ағынын жеделдетуге және атмосфераға бөлiнетiн зиянды заттарды 11%-ға азайтуға септiгiн тигiздi.

Метрополитеннiң алғашқы кезегi құрылысына 27 млрд. теңге игерiлдi, бұл – осы учаскеде барлық тоннельдердi аяқтауға, вентиляциялық бағандарды орнатуға және стансалардың құрылысын бастауға көмектестi.

2008 жылдың қыркүйегiнде әуежайда екiншi ұшып-қону алаңы ашылды. Ол әуе кемелерiнiң барлық түрiне арналған және кез-келген ауа райы жағдайында қызмет етуге қабiлеттi. Жобаның жүзеге асуына 143 млн. АҚШ доллары сомасында инвестиция тартылған.

Осындай инфрақұрылымы бар халықаралық терминалдың құрылысы жүрiп жатыр.

Алатау – Алматының болашағы

Былтыр қаланың құрылымында аумақтық өзгерiстер болды. Ұзақ жылдар бойы қала түбiнде жаңа елдi-мекендер стихиялы түрде қалыптасты. Қазiр осы 28 елдi-мекенде 160 мыңнан астам адам тұрады. Бұл дегенiмiз – орташа облыс орталығымен тең халық. Бұл жерлерде толықтай инфрақұрылым жоқ және тiршiлiк деңгейi төмен. Шын мәнiнде мұндағы халық өз бетiмен күн көрiп, үлкен қаланың көмегiн сезiнбедi. Сондықтан бiз түбiрiмен жаңа жолды таңдадық, қала картасында жаңа – Алатау ауданының пайда болғаны сондықтан.

Жарты жыл iшiнде Алатау ауданында мемлекеттiк қызмет көрсетудiң қажеттi құрылымдары жасалды. Әлеуметтiк мәселелерге, көрiктендiруге, шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға және жер мәселесiне баса назар аударылып отыр.

Былтыр Алатау ауданының дамуына 2,5 млрд. теңге бөлiндi. «Ақбұлақ» және «Көкқайнар» шағынаудандарында 10,2 км тас жол, 9 км асфальт жол салынып, 13,5 мың шаршы метр шұңқыр­ларға жөндеу жүргiзiлдi.

«Дархан» және «Ұлжан» шағынаудандарына газ тартылды. «Шаңырақ» шағынауданында балабақшаның, «Ұлжан» шағынауданында мектептiң құрылысы аяқталды.

Биыл бюджеттен 5 миллиардтан астам теңге бөлiнетiн болады. Бұл қаржы «Ұлжандағы» балабақшаның, «Шаңырақ-2»-де­гi 200 адам қабылдайтын емхананың құрылысына, инженерлiк коммуникация мен жолды дамытуға арналады.

Жаңа ауданды құру инфрақұрылымды дамытудан басқа не бердi?

Бұл жерде қоғамды, оның iшiнде осы ауданның тұрғын­дарын алаңдататын аса маңызды мәселеге тоқталу қажет.

Жарты жылдың iшiнде үй салу, жер телiмдерiн басып алу масштабын, қорғауға алынған сулар аумағында, сондай-ақ қызыл сызықта, яғни су, газ құбырының магистральды желiсi, электр желiсi жүргiзiлген жерлерде құрылыс салуды зерттеудiң көп жұмысы атқарылды.

Мұндай жерлерде тұру адамның денсаулығы мен тiршiлiгiне аса қауiптi.

Сондай-ақ қолдан жасалған құжаттар мен жер телiмдерiн сатқан алаяқтардың тобын анықтау фактiлерi айқындалды. Қазiр сол адамдардың бiразы заңға тартылды. Бiрақ бұдан еш­кiмнiң жағдайы жақсарып кеткен жоқ.

Осы жағдайды шешу үшiн бiз қандай шара қолданып жатырмыз?

Әуелi, осы бiр күрделi проблемаларды шешу жолдары анықталып, оларды жүзеге асыруға кiрiстiк. Жер телiмдерiне меншiктiк құқық беретiн құжаттың алғашы 47-сi ресiмделдi. Олар­дың иелерi қалалық тiркеуге тұрып, заң негiзiнде жұмысқа орналасып, әлеуметтiк өтемақыға үмiттене алады. Бiрақ бұл – үлкен жұмыстың басы ғана. Заңнама аясында мұндай жұмыстардың атқарыла беретiнi күмәнсiз.

Дағдарысқа қарсы бағдарлама аясындағы мiндеттер

Әлемдiк қаржы және экономикалық дағдарыс елiмiздегi және Алматы қаласындағы әлеуметтiк-экономикалық жағдайға ықпал етiп жатыр.

Бiздiң алдымызда экономиканы тұрақтандырудың үлкен мiндеттерi тұр. Мемлекет дағдарысқа қарсы шараларды анықтап, нақты қаржы ресурстарымен бекiттi.

Елбасының тапсырмасы бойынша Ұлттық қордан 10 млрд. АҚШ доллары бөлiндi.

Алматының елдегi аса маңызды қала екенiн есепке ала отырып, бiз қала мүддесiн қорғай алдық, сөйтiп, Мемлекеттiк тұрақтандыру бағдарламасы қаржысының маңызды бөлiгi қала экономикасын қолдауға арналатын болады.

Қаланың Әлеуметтiк-экономикалық дамуын тұрақтандыру бойынша iс-шаралар жоспары жасалды және оны Үкiмет толық мақұлдады.

Әкiмдiк пен «Самұрық-Қазына» Қорының арасында қаржы­лан­дырудың нақты мерзiмi, көлемi мен нысандары бойынша белгiлi бiр мiндеттердi өз мойнына алып, қызмет ету туралы меморандумға қол қойылды.

Экономиканы тұрақтандыру нақты қадаммен жасалатын iс-шараларды жүзеге асыру арқылы нарықтық жолмен жүргi­зiлетiн болады. Бизнеске, қаржы жүйесiне, құрылыс кешенiне көмек көрсете отырып, бiз нарықтық экономиканың басты прин­циптерi тұрғысынан қарайтын боламыз. Мемлекеттiң араласуы уақытша ғана, еркiн бәсекеге бөгет болмайды.

Тұрғын үй құрылысынан бастайық.

Бұл жерде тұрғын үйдiң үлестiк құрылысына қатысушы­ларға дағдарыстың ықпалын барынша төмендетуге баса назар аударылып отыр. Бiз әуелi проблема масштабына баға берiп, был­тырдың өзiнде оны үкiметтiк деңгейге шығардық. Елбасының тiкелей қолдауының арқасында бұл мәселе қазiр өз шешiмiн тауып келедi.

Былтыр 3 105 үлескер пәтерге ие болды.

Қазiр үлескерлердiң саны 12 460 адам болып отыр. Бұлардың бәрi 69 тұрғын үй кешенiмен қамтамасыз етiлетiн болады.

Үлескерлер құрылысының мынадай бағыттары анықталды:

Бiрiншi – «Самұрық-Қазына» қоры арқылы қаржыландыру жолымен 11 нысанның (2265 үлескер) құрылысы жалғаса беретiн болады;

Екiншi – 25 нысанды (3714 үлескер) құрылыс компа­ниялары өздерi аяқтайды.

Үшiншi – 3 нысан (608 үлескер) Үкiмет-Әкiмдiк-Құры­лысшы схемасы бойынша қаржыландырылады.

Төртiншi – 9 нысанның құрылысын (3421 үлескер) «Са­мұрық-Қазына» қоры екi схема бойынша қаржыландыратын болады.

Әкiмдiк пен «Самұрық-Қазына» қорының арасындағы қызмет жөнiндегi Меморандумға сәйкес елдегi құрылыс компаниялары мен ипотекалық заем алғандарды жалпы сомасы 360 млрд. теңгеге несиелеудiң маңызды бөлiгi Алматыға арна­латын болады.

Үлескерлердiң проблемасын шешуге, құрылыс компа­нияларын қолдауға арналған мемлекеттiк қаржының жұмыс­тарын дұрыс ұйымдастырған жағдайда өзiндiк мультип­ли­кативтiк ықпал жасайтынын атап айтқым келедi. Құрылыс индус­триясы дамыған жағдайда соған сәйкес салаларда (құрылыс материалдарының өндiрiсi, транспорт) жалпы алғанда, кәсiпкерлiк қызметке жан бiтетiнiн бәрi бiледi. Қосымша жұмыс орындары ашылатын болады.

Биыл Тұрғын үй құрылысының 3 жылдық Мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыра бермекпiз.

4 мыңға жуық пәтер салынбақ. Бұл ретте балалы жас отбасылар, бюджеттiк саланың және мемлекеттiк мекемелердiң қызметкерлерi Мемлекеттiк бағдарлама бойынша ипотекалық несие алуға мүмкiндiк ала алады. Ал жылдық пайызы бұрынғыдай емес, 4 пайыз болмақ.

Сонымен бiрге, тұрғын үйге сұраныс Мемлекеттiк бағдар­ламаның параметрлерi мен мүмкiндiктерiнен 3 есе асып түсетiнiн атап өткен жөн. Сондықтан арендалық тұрғын үй оған балама болу керек. Биыл 25 мың шаршы метр немесе 300 пәтерден астам арендалық тұрғын үй салынатын болады.

Жалпы алғанда, қаржыландырудың барлық көзi есебiнен 2009 жылы 1,1 млн. шаршы метр тұрғын үй салыну жоспарланып отыр, бұл былтырғыға қарағанда 10%-ға артық.

Шағын және орта бизнес

«Самұрық-Қазына» қорымен жасалған Меморандумда жылына 14% ставкамен кемiнде 50 млрд. теңге несие сомасын бөлiп, қаланың кәсiпкерлерiне қолдау көрсету белгiленген. Бұл ретте жобаларға рефинансирования жасау көлемi 70%-ға дейiн болмақ.

Қаладағы қазiргi жағдайда экономикалық белсендiлiктi қолдаудың нәтижелi механизмдерiнiң бiрi – мемлекеттiк сатып алуға жаңаша қарау болмақ.

2009 жылы тауарларды сатып алуға және қызметке кемiнде 120 млрд. теңге бюджет қаржысын бөлу жоспарланып отыр. Бұл әжептәуiр мол сома, қала кәсiпорындары жұмыс орын­да­рын ашып, бюджетiн толықтырып, осы қаржыны игеруi қажет, ақыр соңында мемлекет тарапынан сұраныс тудыруы керек.

Бiз «Мемлекеттiк сатып алу – 2009» акциясын жаппай жүргiзе бастадық, бұл науқан мемлекеттiк органдардың кәсiп­кер­лермен жақынырақ қызмет еткiсi келетiнiн айқын көрсетiп бердi.

Iс-шараның қалалық жоспарын жүзеге асыру қала кәсiпорындарының мемлекеттiк сатып алуға қатысуын, жергiлiктi жұмыс күшiн пайдалануды қамтамасыз етуге жол ашады. Бұл ретте 19 мың жұмыс орны құрылмақ. Сондай-ақ елiмiздi қамтамасыз етудiң деңгейiн 80%-ға дейiн жеткiзiп, 15 млрд. теңге сомасында салық алуды да қамтамасыз ете алады.

Бiз сондай-ақ өзiмiздiң коммуналдық кәсiпорындарға осындай жәрмеңкелердi өткiзудi мiндет етiп қойдық. Онда тауарлар мен қызмет көрсетуге деген мұқтаждық 21 млрд. теңгенi құрады.

Бiздiң бастамамыз бойынша Алматының көптеген кәсiп­керлерi осындай акцияларға қатысып жатты. Соның бiрiн жақында әкiмдiктiң ғимаратында «Самұрық-Қазына» қоры ұлттық компанияларымен бiрiгiп өткiздi. «Самұрық-Қазынаның» 5 ұлттық компаниямен бiрге 2009 жылға сатып алуының жалпы сомасы 685 млрд. теңге болды.

Iскерлiк белсендiлiк пен төлемге қабiлеттi сұраныстың төмендеуiнiң жағдайында мемлекеттiң мiндетi – өз мұқтажына тауарлар мен қызмет көрсетудi алу жолымен iшкi сұранысқа дем беру болып отыр.

Мұндай акциялардан кәсiпкерлер өздерiне көп пайда табуға көмектесуi тиiс, бiрақ сонымен бiрге олардың өздерi де зор белсендiлiк көрсетуi керек.

Бiздiң бастамамызбен Қала Әкiмi жанынан Iскерлiк кеңес құрылды. Онда кәсiпкерлердiң барлық ассоциациясы бiрiктi­рiлiп отыр. Жақын байланыстың арқасында бiз шағын және орта бизнеске қолдау көрсету және дамыту, әкiмшiлiк бөгеу­лердi азайту бөлiгiнде бiрқатар конструктивтi шешiмдер қа­былдай алдық. Әкiмдiк қабылдап жатқан шешiмдердiң трансфаренттiгiн қамтамасыз еттiк. Әкiм қаулыларының барлығы Iскерлiк кеңестiң келiсiмiмен қабылданады.

Ал әкiмшiлiк бөгеулердiң азайғанына келсек, Iскерлiк кеңестiң кепiлдемесiмен меншiктi тiркеу уақытын 19 күннен 12 күнге азайту шарасы қабылданатын болады. Сондай-ақ бұл қызметтiң құны 26 мыңнан 21 мыңға түсiрiлдi, кәсiпорындарды ашу уақыты 12 күннен 6 күнге қысқартылды, қызметiнiң құны 15 мыңнан 11 мыңға түсiрiлдi, құрылыс салуға рұқсат алу процедурасы 231 күннен 81 күнге қысқартылды.

Экспорттық операциялардың процедурасын өтеу уақыты 3 есеге қысқартылып, мұндағы шығындар 25%-ға азайтылды.

Сондай-ақ жердiң мақсатты бағытын өзгерту бойынша процедуралар әлдеқайда жеңiлдетiлiп, жерге төлеудiң базалық ставкасының түзету коэффициентi 40%-ға азайтылды.

Мұндай ерекше шаралар алғаш рет қолданылып отыр. Әкiмдiк бұдан әрi шағын және орта бизнестiң дамуына барынша жәрдемдесетiн болады.

Қаржы секторы

Экономиканың қаржы секторының Алматыға ғана емес, бүкiл елiмiз үшiн аса маңызды екенi баршаға мәлiм.

Осыған байланысты Үкiметтiң елiмiздiң iрi банкiлерiн капита­лизациялау туралы қабылдаған шешiмi өте дұрыс.

Қаржы жүйесiн жақсарту бағытында қабылданған шаралар өз нәтижесiн бередi. Жүйе құрайтын банктердi қолдау олардың үмiтiн оятады. Бұл – iрi заемшылар үшiн де, шағын және орта бизнестiң кәсiпорындары үшiн де несие институты ретiнде өзiнiң күш-қуатын барынша арттыра алуға сенiмдiлiк бередi. Сонымен бiрге, олардың тұрақтылығы салым мен депозит бойынша мiндеттердi атқаруға кепiлдеме бередi. Халықтан келетiн қаржының артуы қамтамасыз етiлмек.

Стресс активтерiнiң қоры жақында ғана өз жұмысын бастады. Оны ел банкiлерiнiң несие портфелiнiң сапасын жақсарту үшiн Үкiмет құрған болатын. Бұл қор ипотекалық займдарды қосқанда, дисконтталған құны бойынша банктердiң күдiктi активтерiн сатып алатын болады. Және кейiн соларды меңгеретiн болады.

Сондай-ақ қала әкiмiдiгi Стресс активтердiң аймақтық қорларын құруды көздеп отыр. Олардың қызметi жер телiмдерiн сатып алу төңiрегiнде жүргiзiлмек.

Кепiлде тұрған жер телiмдерiн, олардың инвестиция тарта алатындығына және әр телiмнiң бағасының анық­талуына қарай детальды аудандау бойынша жұмыс жүргiзу қажет.

Мұның ненi беретiнiн қаладағы жер активтерi мысалында түсiндiрiп берейiн. Соңғы жылдары жер несие берудiң белсендi құралы болды. Алматыдағы жер телiмдерiнiң тұтастай алғанда кепiлдiк құны шамамен 2,5 млрд. АҚШ долларын құраған. Ал қазiр оның құны бiршама төмендеп, банк тәуекелiнiң өсуiне әсер еттi. Шын мәнiнде бұл жер қазiр «өлi жүк» болып жатыр. Сонымен бiрге қалада ине шаншар жер жоқ. Бiз жердiң инвестиция тарта алатынын жоғалтып алмауымыз керек. Сондықтан бұл бағытта Стресс активтерiнiң қорымен белсендi жұмыс iстей беретiн боламыз.

Әлеуметтiк қорғау шаралары

Экономиканы дамыту бойынша жасап жатқан шаралардың бәрi бiр ғана мақсатқа – Алматы қаласы тұрғындарының жағ­дайын жақсартуға арналатынын талай рет айтып жүрмiн.

2009 жылдың бюджетiнде әлеуметтiк бағытты барынша күшейтiп, басқа шығындардан бас тарттық. Әлеуметтiк саланы қолдауға және дамытуға бюджеттiң жалпы көлемiнiң шамамен 45%-ы бағытталатын болады.

Жұмыссыздықтың өсуiн болдырмау мақсатында қосымша жұмыс орындарын құру жоспарда тұр.

Бiрiншi – адамдарды жоғары бiлiктiлiктi емес жұмыстарға орналастыру.

Бұл категорияға көше тазалау, қала аумағын көрiктендiру және жасылдандыру бойынша жұмыстарды атқару ұсынылатын болады.

Сондай-ақ бiз тұрғындардың қаржысы есебiнен кварта­ларалық көшелер мен аумақтарға жөндеу жүргiзу жұмыстарын ұйымдастыруға ПИК-тердi тартатын боламыз. Қызметтiң мұндай түрлерi үлкен бiлiктiлiктi талап етпейдi, сондықтан оларды тез игеруге болады.

Қоғамдық жұмыстарға тарту және қайта оқытуға бюджеттен 277 млн. теңге қарастырылып отыр.

Ал банк саласындағы қызметкерлерге келсек, бұл адамдар жеке кәсiпкерлердiң жаңа толқынын қалыптастыра алар едi. Олардың белгiлi бiр жинаған ақшасы және интеллектуалдық потенциалы бар.

Қанат Айдарбеков, құрылысшы:

Өткен жылы қалада жарықтың сөндiрiлуi көбейiп кеттi. Қала басшылығы энергетика жетiмдiлiгiн қамтамасыз ету үшiн қандай iс-шаралар атқарып жатыр?

Бұлқала басшылығы үшiн өте маңызды мәселе. Оған қаланың жақсы өмiр сүру деңгейi де тәуелдi болып отыр. Өткен жылы Энер­гетика және минералды ресурстар ми­нистрлiгiмен бiрiге отырып, «Самұрық-Энерго» және қала бюджетi есебiнен жылу көздерiнiң сенiмдiлiгiн қамтамасыз ету үшiн көптеген жұмыстар жүргiзiлiп, он­даған шақырым желiлер жөндеуден өткiзiлдi. Оған барлығы 46 миллиард теңге бөлiндi. Энергетикалық қуаттылық 15 пайызға ұлғайды. Менiң ойымша, бұл жаман көрсеткiш емес. Алайда бұл шаруашылықтың тозығы өте жоғары деңгейге жеткендiктен, биылғы жылы бұдан да көп шаруаларды қолға алуды жоспар­лап отырмыз. Мәселен, барлық энергетика көздерi «Самұрық-Қазына» қорына және оның бөлiмшесi болып табылатын «Самұрық-Энергоға» қарайды. Бiздiң «Самұрық-Қазынамен» бекiткен меморан­дум бойынша энергетика шаруашылығын жаңалауға және қайта жабдықтауға 113 миллиард теңге қарастырылып отыр.

Тұрсынай Күдерина, Түрксiб ауданы «Қазақ тiлқоғамының жауапты хатшысы:

Құрметтi Әкiм! Өзiңiзге мәлiм, мемлекеттiк тiл мектептен бастау алады. Осы ретте қалада қазақ тiлiн дамыту мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Жақсы сұрақ. Бiр сөзбен айтқанда, былтырғы қараша айынан бастап қалада үш мектеп ашылды. Әрқайсысы 1200 балаға арналған оның үшеуi де қазақ тiлдi мектептер. Сөйтiп, бүгiнгi таңда қаладағы қазақ тiлдi мектептердiң саны 46-ға жетiп отыр. Салыстырар болсақ, 1994 жылы қаладағы қазақ мектептерiнiң саны – 13, ал 2004 жылы – 36 болды. Бұл ретте 1994 жылы қаладағы қазақ мектептерiнде оқитын балалардың саны 15 мыңдай болса, қазiр 46 мектепте 67 мың бала бiлiм алып жатыр. Сондай-ақ, 60-қа жуық аралас (екi тiлдi) мектептер тағы бар. Демек, Елба­сының тiл туралы саясаты қаламызда ойдағыдай жүзеге асып жатыр. Менiң ойымша, бұл жаман көрсеткiш емес. Және бұдан былай да осы қарқынмен жұмыс жасай берсек, тiлге қатысты мәселелер дұрыс дами беретiн болады.

Жазбаша сұрақтардан:

– Қалалық бюджет қаралғанда, зейнет­керлер мен табысы аз отбасыларға ком­муналдық төлемдер бойынша көрсетiлетiн жеңiлдiктер қарастырыла ма?

– Әрине, қарастырылады. Егер сiздерге көрсетiлетiн коммуналдық қызмет бағасы 10 пайыздан асып жатса, тиiстi орындарға хабарласуларыңыз қажет. Яғни, зейнет­кер­лер мен табысы аз отбасылар үшiн коммуналдық қызмет құны белгiленген мөлшерден 10 пайызға асып кетсе, тиiсiнше төлем жасалады.

– Мектеп оқушыларына бiр мезгiл ыстық тамақ беру жақсы жолға қойылып келе жатыр едi. Мынадай дағдарысқа тап болып жатқан заманда осы бiр жақсы үрдiс тоқтап қалмай ма?

– Бұл тәжiрибе тоқтатылмайды. Елбасы айтқандай, әлеуметтiк салаға қатысты қабылданған шешiмдер мемлекет тарапы­нан толық жүзеге асатын болады.

2930 рет

көрсетілді

7

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы