• Ақпарат
  • 27 Шілде, 2016

Жерді тиімді пайдалана білейік

Атырауда Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелері жұртшылықпен кездесті. Отырысқа комиссия төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бастаған 25 мүше келді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткен кездесу барысында түрлі пікірлер ортаға салынды.

Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шар­уашылығы министрі Асқар Мырзахметов күн тәртібіне енгізілген үш мәселеге кеңінен тоқталды. Біріншіден, ауылшаруашылық жерлерін қазақстандықтарға беру институтын жетілдіру, яғни жерді ұтымды пайдалануға бақылауды күшейтіп, жерді жалға беру рәсімдерінің ашықтығын, тиімділігін арттыру, бір қолға берілетін жерлердің шекті (ең жоғары) мөлшерін белгілеу, Қазақстан Республикасының шекаралас аумақтарынан берілетін ауылшаруашылық жерлерін пайдалану тәртібін күшейту сынды мәселелер назарға алынды. Екіншіден, елді мекендер маңайынан жергілікті тұрғындарды қажетті жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету жүйесін қалып­тастыру. Үшіншіден, мораторий жарияланған екі мәселеге (қазақстандықтарға жекеменшікке және шетелдіктерге жалға беру) байланысты пікір алмасу еді. Алдымен сөз алған экономикалық топ­тың жетекшісі Ақылбек Күрішбаев жерді жалға берудің демократиялық шарттары болуы қажеттігі ұсыныс ретінде шығарылып отырғанына тоқталды. Оның пікірінше, біріншіден, қазіргі кезде көптеген жағдайда жерді жалға беруді әкімдердің өздері ғана шешетіндігі жасырын емес. Бұған қатысты ол жерді жалға беру демократиялық негізде, яғни ашық түрде болуы тиіс деп есептейді. Демек, бұл мәселені тек әкімдердің ғана құзырында қалдырмай, халықтың өкілдері кіретін комиссия шешуі керек. Сондай комиссия құрамына қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдері кірсе құба-құп. А.Күрішбаев жерді жалға беру жөніндегі ақпарат қолжетімді емес екенін, ондай ақпарат 30 күн бұрын БАҚ арқылы ашық түрде жария болуы қажет екенін айтты. Яғни халық қай жерде, қанша көлемде жер аумағы жалға берілетіні туралы хабардар болу керек. Ал комиссияның құқықтық тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан кей адамдар тарапынан өздеріне айтылатын сынды орынды деп есептейді. Әсіресе, жайылымдық жер туралы көбірек айтылады. Оның пікірінше, жайылымдық жерлер жетіспейді. Осыған байланысты әр ауылдың маңайында нақты радиустың аумағындағы жер ешкімге жалға да, меншікке де берілмеуі тиіс. «Соңғы заңдағы өзгерістер бойынша қазақстандықтардың жерді жалға алу мүмкіндігі алынып тасталды. Біз осы мүмкіндікті қайтарып отырмыз. Яғни, Қазақстан азаматтары жерді 49 жылға дейін жалға ала алады. Ең маңызды мәселе – латифундизмге жасалған қарсы қадам. Латифун­дизм ауыл шаруашылығына өте зиян. Сондықтан бір адамға берілетін жердің көлеміне шектеу қойылады. Бұл өте маңызды, осындай шешімдерді біздің жұмыс тобы да қабылдап, комиссияға берді. Астанада өткен соңғы отырыста осы шешімдерді бекітіп алды. Енді бұл ұсыныстар Парламентке ұсынылады» деді ол. Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылғалы бері Call орталыққа 14 мамырдан бері 12 мың 458 қоңырау шалыныпты. Осы орталыққа түскен сауалдардың 77 пайызы жеке тұрғын үй құрылысына байланысты болып отыр екен. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев мәлім етті. Жергілікті шаруа қожалығының жетекшісі Мұрат Сарманов «Егер мен жерімді жекеге сатып алсам, оны өз меншігім ретінде пайдаланар едім. Жерді меншік есебінде пайдалану шаруалар үшін қаржы несиелеу жүйесіне де, сақтандыру жүйесіне де, бағалау жүйесіне де қажет болып тұр» дей келе, отандық кәсіпкерлерге отандық өнім өндірушілерге жерді меншікке беруді қолдайтынын білдірді. Жастар атынан өз ойын білдірген облыстық мәслихаттың депутаты Асқар Бопылдықов ауылшаруашылық жерлерінің бос жатқаны тиімсіз екенін ашық айтты. Оның ойынша ауылшаруашылығы мақсатындағы жер міндетті түрде жаңа технологиямен өңделуі қажет. Сонда ғана жердің құнарлылығын арттыратын иелері табылады. Жерге иелік етушілер ауылдағы тұрғындарды жұмысқа көптеп тартып, өндірілетін өнімнің де сапасына мән береді. Сапалы өнімдерді жан-жаққа экспортқа шығаруға да жол ашылады. Кездесуде пікір білдірушілер қарасы көп болды. Алуан-алуан пікірлер айтылды. Қуаныш Айтаханов, Нұртай Сабильянов, Бахытбек Смағұл, Мереке Құлкенов, Мұхтар Шаханов, Жақсылық Үшкемпіров, Иван Сауэр, Бекболат Тілеухан, Елеусін Сағындықов, Жанұзақ Әкім сынды комиссия мүшелері өз пікірлерін білдірді. Негізінен ұсыныстың дені комиссия мүшелері тарапынан айтылды. Мәселен, саясаттанушы Айдос Сарым комиссия құрамындағы төрт жұмыс тобын біріктіріп, бір топ құрудың қажеттігіне тоқталды. «Бүгін төртінші өңірге келіп отырмыз. 25 адамнан үшке бөлініп, тамыз айының соңына дейін біраз жерді аралап өтуге болады. Меніңше мұны көпке созбай жасағанымыз дұрыс. Бізде төрт жұмыс тобы бар. Қарап отырсақ, олар бір мәселені қарастырып отыр. Менің ойымша бір топ құру керек. Оған 7-8 адам кірсін. Заңды да, нақты ұсынысты да 75 адам дайындамайды. Сондықтан 7-8 адамды жұмыстан босатайық. Ақылбек Күрішбаев пен Мұхтар Тайжанды тең төраға етіп, бір топ жасайық. Олар Астанада отырып, жұмыс жасай берсін, ал біз өңірлерді аралап, көрген-білгенімізді осы азаматтарға жеткізіп отырсақ» деген ұсынысын жеткізді. Сонымен бірге Қадір Жүсіп, ­Рахымжан ­Отарбаев, Жұмабай Доспанов секілді өңірдің зия­лы қауым өкілдері де, қарапайым тұрғындары да елдік мүдде тұрғысынан ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдаланудың қажеттігін назарға алды. Ал «Достан Ата» шаруа қожалығының жетекшісі Сейітжан Балжігіт, «Асыл Агро» ЖШС директоры Нұфтолла Құлбасов және өзге де жергілікті шаруалар жердің қазақстандықтарға жекеменшікке берілуін құптайды. Комиссия төрағасы Асқар Мырзахметов мораторий жарияланған екі мәселеге байланысты қоғамдық пікірді ескере отырып, тиімді шешім қабылдау жөнінде айтылған ұсынысты бүгінгі таңда комиссия мүшелері де қолдап отырғанын ескеріп, жиынды қорытындылады.

А.ҚАЙРАТҚЫЗЫ

42662 рет

көрсетілді

18121

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы