• Тұлға
  • 29 Сәуір, 2010

Егор Гайдардың құрдасы

d181d0b0d0bfd0b0d180d0b1d0b0d0b9-d0b0d0b3d0b0d181d18bd0bdd0b0d0bd-d0b5d180d0b6d0b0d0bdd0b3d0b0Тимурдың қонақжай шаңырағы

«Әкемнің есімін ұлықтап жүргеніңе шексіз ризамын. Сен өзің менің балам Егормен жасты екенсің ғой». Тимур Гайдар, журналист-жазушы, контр-адмирал, «Правда» газетінің бұрынғы бөлім редакторы Осы дүниемізге тақырып болып тұрған тіркесті ойлап тапқан біз емес. «Сапарбай, сен мына менің баламмен түйдей құрдас екенсің» дегенді Егордың әкесі Тимур Гайдардың өзі айтқан. Қайда дейсіз ғой? 1979 жылы Мәскеудің төріндегі Гайдардың үйінде, үшеуі шай ішіп отырғанда тұп-тура осылай деген. Ол кезде Сапарбай «Қазақстан пионері» газетінің тілшісі еді, ал Егор Гайдар МГУ-дің аспирантурасында оқитын. «Правда» газетінің бөлім редакторы Тимур Гайдар дөңгелек көз, томпиған сары жігіт пен шашы жалбыраған сырықтай ұзын қара жігіттің ортасында отырып, біраз әңгіме шертті...

* * * Жетпісінші жылдардың аяғында «Қа­зақ­стан пионері» газетінің редакциясы «Мәңгі өшпейтін із», «Күнге бет алған керуен» атты экспедициялар ұйым­дастырды. «Мәңгі өшпейтін із» экспедициясы республикамыздағы тимуршылар қозғалысының тыныс-тіршілігіне арналды. Экспедиция сапарларының қорытынды бөлімі Аркадий Гайдардың туған жері — Льгов қаласындағы музей материалдарының негізінде жазылатын болды. 1979 жылғы ақпанда Комсомолдың Орталық Комитеті жас журналист Сапарбай Парманқұловты жолсапарға жіберуге ұйғарым жасады. Алдымен Мәскеуге ұшып келді. Мұнда бірінші рет табан тіреуі. Бұл шаҺарда жан баласын танымайды. Аязды таңды Домодедово әуежайында қарсы алды. Ойлануға уақыт жоқ. Бірден Қызыл алаңға тартты. Мақсаты — «Правда» газетінің редакциясын іздеп табу. Қызыл алаңға бет алған себебі, газет редакциясы орталықта болар деп жобалайды. Ол жерде әйгілі жазушының ұлы Тимур Гайдар қызмет істейтінін біледі. Кеңес Одағының бас газетінің редакциясын табу аса қиынға түскен жоқ. Енді іздеген кісісі орнында болса ғой... Кезекшіден жөн сұрады. Ол телефонға жармасып, әлдекіммен сөйлесті. Ар жағындағы адамға: «Бала Қазақстаннан келіп тұр!» — деп қояды. Өзі де елгезек біреу екен. Телефонның тұтқасына кіріп кетердей ентелейді. Бейнебір өзінің шаруасын шешіп жатқандай, әлгі кісіге қайта-қайта рахметін жаудырып қояды. Бір кезде сары шал бұған қарап жымиды. «Балақай, жолың болды, Тимур Аркадьевич сені қабылдаймын деді. Жүр, жол көрсетейін», — деп ілгері бастады. Сол кездегі «Правда» газетінің бөлім ре­дак­торы Тимур Гайдар қазақ жұртынан келген қара баланы күлімдеп қарсы алды. Не мәселемен жүргенін тәптіштеп сұрады. Жас журналист тимуршылар қозғалысының ат­қарған шаруалары, Гайдар шығармаларын қазақ ұландарының ерекше ықыласпен оқитыны, Қазақстандағы балалар газетінің жазушының 85 жылдығына орай қолға алған іс-шаралары туралы баяндай жөнелді. Бұл кезде танымал журналист-жазушы, контр-адмирал Тимур Аркадьевичтің жасы елу үште ғана еді. Ол Ленинград жоғары әскери-теңіз училищесін, Ленин атындағы Әскери-саяси академияның журналистика факультетін бітіріп, Балтық және Тынық мұхит флоттарында сүңгуір қайықта қызмет еткен-ді. Кейіннен «Советский флот» және «Красная звезда» газеттерінде журналистік жұмыс атқарды. 1957 жылдан бері «Правданың» әскери бөлімінің редакторы, осы газеттің Кубадағы, Югославиядағы, Ауғанстандағы меншікті тілшісі болды. Мына қабағы қатыңқы қарасұр бозбала соның бәрін сайрап айтып отыр. Тіпті «Сіз «Пионер» жур­налының да редколлегия мүшесісіз ғой», — деп қояды. Ал Аркадий Гайдарды өз атасынан кем көрмейді-ау, сірә. Оның өмір­баянының әрбір дерегін жатқа соғады. Жас журналистің зеректігіне дән риза болған контр-адмирал әлдекімдерге телефон шалды. Курскіге ұшатын ұшақтың билетіне тапсырыс берді. Ең қызығы, түске таяу үйіне қонаққа шақырды. Үйге келген соң ұлы Егормен таныстырды. Оқырман қауым бұл Егордың қай Егор екенін ендігі сезе бастаған болар. Сол былтыр ғана өмірден озған, «либерализмнің архитекторы» атанған әйгілі экономист, 1992 жылы Ресей Үкіметі Төрағасының міндетін атқарған Егор Гайдар. Ол сол кезде небәрі жиырма үш жастағы көкөрім жігіт еді. Егор да Сапарбай сияқты 1978 жылы оқуын бітіріпті. Өзі тәмамдаған Мәскеу мемлекеттік университетінде ғылыммен айналысып жүр екен. Контр-адмирал ұлының бұнымен қатарлас екенін қайта-қайта тілге тиек етіп отырды. Тимур Гайдар біраздан соң баласына: «Сен Сапарбайды жолға шығарып сал», — деп билет кассасында кімге жолығу керек екендігін егжей-тегжейлі түсіндірді. Содан соң қос құрдас қара «Волгамен» әуежайға тартты. Сапарбайды шығарып салуға келе жатқан Егор Гайдардың енді бір он үш жылдан кейін Ресейдің Үкімет басшыларының бірі болатынын, елді нарық қыспағынан алып өтуге үлес қосқан білікті экономист-реформатор ретінде мойындалатынын ол кезде ешкім де білмейтін еді! Тығыншықтай жирен шаш сары жігіт жалбыр шаш қара жігітпен қол бұлғап қоштасты. Бірақ содан кейін жүздесуге тағдыр жазбапты. Сапарбайдың ең алғашқы алыс сапары осылай табысты аяқталды. Әкесіндей кісінің өз баласы секілді көңіл бөлгеніне разы болды. Сұлу Сеймнің жағасындағы шағын қала — Льговтағы төрт күндік мерекелік шаралар әйгілі жазушының мерейтойын бастап берді. Қала ортасындағы Гайдардың әдеби-мемориалдық мұражайында күн сайын бір жиын өтіп жатты. Бұл қазақ жұртының жалғыз өкілі әрі бірден-бір гайдартанушы ретінде жер-жерде сөз сөйледі. Қаламгер ретінде құрметтелді, жас болса да төрге шықты. Сөйтіп, ол Гайдардың тойынан айдарынан жел есіп қайтты.

Апай берген ала доп «...Алғаш қалам алғаннан «Қазақстан пио­нерінің» түлегі болып кеткен Гүлсім Мұқышева, Алпысбай Шымырбаев, Сапарбай Парманқұлов секілді журналист жастар болатын». Фариза Оңғарсынова, ақын, «Қазақстан пионері» газетінің бұрынғы бас редакторы («Шашы ағарған қыз» кітабынан») Біздің кейіпкеріміздің бабасы Дәулет қажы – мұсылмандық парызын орындау үшін қасиетті Меккеге барған кісі. Үлкен ата­сы Парманқұл Дәулетұлы көтерген палуан тас Қаратаудың ұшар басындағы жұм­бақ сарқырама — Жылағанатаның өкпе тұсын­дағы Кез деген жерде осы күнге дейін тұр. Көр­гендердің таңдайын қақтырады. Атасы Әуез Парманқұлұлы бүкіл Қызылдың құмындағы ең шебер құдықшы болған. Ол кісінің соңғы қазған құдығын ел «Әуезөлген» атаған. Білетіндер сол өңірдегі ең терең құдық еді деп тамсанады. Әкесі Нұрпейіс Әуезұлы Кеңес Одағындағы ең терең «Глубокое» шахтасының жиырма бесінші горизонтында электровоздарға жол салған. Сол жолдардың арқасында кезінде бірнеше рет кен қазу ісінде әлемдік рекорд жаңартылды. Сапарбай осындай танымал әулеттен шықты. Бала қиял нені армандамайды? Кейде үлкендер айтатын: «Жер дөңгелек, жүре берсең, өзің тұрған нүктеге қайта айналып келесің». Бес жасар бала соған имандай сенді. Өзі Мақталы селосындағы Макаренко атындағы орыс мектебіне он бес күн барып, ақыры қа­былданбай қалғанына қатты ызаланып жүр еді. Содан ширығып, сол дөңгелек жерді ай­налып шыққысы келді. Ақыры өзің шыққан орынға адаспай қайтып келеді екенсің... Ендеше, не тұрыс? Ертерек аттансаң, тезірек жетесің. Бітті. Бірақ жиһангез жалғыз жортпауы керек. Сондықтан қасына көрші үйдегі Тағабай досын ертті. Әлемдегі ең жас екі «саяхатшы» канал жағалап жолға шықты. Бірақ бұл жолы бұларға дөңгелек жер шарын айналып қайтып келудің сәті түсе қоймады. Өйткені сапарлары тым ұзаққа созылмады. Бұрын саяхатшылық тәжірибесі жоқ, оның үстіне әлі танауының ылғалы кеппеген қос тентек түс ауа көрші ауылға жақындағанда «дем алайық» деп биік ағаштың түбінде отырғанда қалғып кетеді. Сол қалғығаннан мол ұйқыға бас қойған қос «жиһангезді» Кәдірбек көкесі кездейсоқ та­уып алып, «полуторка» машинасымен ауылға алып келеді. Сөйтіп, бала Сапарбайға жердің дөңгелек екенін дәлелдеудің реті келмеді. Бірақ оның бәрібір жер жүзін аралап шығуға аңсары ауды да тұрды. Табиғаттың таңғажайыптарына неге құмар болғанын Сәкеңнің өзі майын тамызып тұрып әңгімелейді: — Жетінші класта жүргенде ауылдағы қадірменді ақсақал — Құдайберген атамыз жаңа үй салатын болды. Таудан тас әкелу үшін ауылдағы біраз баланы жинады. Сол топқа мен де кірдім. Ол кезде таудан жақпар-жақпар тастар әкеліп, үйдің іргетасын қиюластырып, келістіре қалайтын шеберлер болатын. Сол бесаспап шебердің бірі мені де қатарға қосып, соңына ілестірді. Тау басынан іргетасқа ыңғайлы тас­тарды құлатамыз. Етекте жүрген шебер сол тастарды көзбен іріктеп, машинаға тиетеді. Көлік ауылға қарай екі-үш рет қатынағанын білемін. Жалпы, тастардың әдемі әспеті өзіне баурай түседі. Түр-түсі өзгеше келген тастарды іздей бастадым. Өн бойына қарасаңыз, бір тас бір тастан өтеді. Тас емес, тура таңғажайып сурет. Соның қызығымен жүріп, кеш батқанын да аңғармай қалыппын. Төменге қарасам, қыбырлаған жан жоқ. Тас-тасқа соғылысып жаңғырыққан үн де жым-жылас. Дегбірім кете бастады. Аласұрып, аңғар табанына түстім. Әлгінде балалар тас артып жатқан жерге келдім. Зыр жүгіріп, бірге келген балаларды, шеберді, жүргізушіні іздеймін. Ешқайсысы көзге шалынбайды. Тау іші жым-жырт. Айқайлаймын, өз дауысым әлсіз жаңғырығып өзіме қайта жетеді. Тау қойнауындағы көлеңке қоюлана түсті. Қорыққанымнан тау басына аптыға қайта өрмеледім. Құз басындағы қой тастың үстіне шығып алдым. Бойымды үрей биледі. Бозғылттанып ай туып келеді. Айналаның бәрі құзар шың. Түнгі самалдың тым салқын тарта бастағаны сезіледі. Құз басында елегізіп әлі отырмын. Қорыққаныма қарамай, табиғатты тамашалап қоям. Алқара көк аспандағы әңгелектің тілігіндей ай сұлбасы көріктене түскен. Маған минөттер тоқтап қалғандай көрінген қорқынышты түндегі жалғыз серік сол ай ғана секілденді. Қарсы алдымнан соққан самал тұла бойымды түршіктірді. Қаратау қарауытқан қалпы түн құшағында мүлгиді. Тым төменде өзен арнасының сұлбасы ағараңдап көрінеді. Әлдеқайдан қас­қыр­дың үздік-создық ұлығаны естілді. Сәлден соң, тым жақыннан қатқылдау болып қайта жаңғырды. Бүрісе түсемін. Биіктен зер салғанда тау аңғары тым үрейлі. Қой тастың үстінде шоқиған күйі қанша отырғаным белгісіз... Құз басындағы тас іздеушінің зары періш­тенің құлағына шалынса керек, әлден уақытта қойнаудан гүріл естілді. Бір мезгілде қарсы беттегі жарқабақтан қараңғылықты тілгілей ойнақшыған жарық көрінді. Шебер мен шофер түн ішінде мені іздеп қайта келіпті. Өзімді керемет бақытты сезіндім. Көліктің жылы кабинасында екі ағамның ортасында отырған маған ай­налайын Қаратау бұрынғыдан да ыстық тартты. Содан бастап Сапарбайдың тауға деген ықыласы ауды. Мұның алдында есіл-дерті шофер болу еді. Енді геолог болуға бел буды. Қасиетті Қаратаудың құпияға толы әр тасын зерделей зерттегісі келді. Тау кезіп, түрлі тас­тарды жинады. Әуестігі арта берді. Қысқасы, тағы бір Қаныш өсіп келе жатты. Кентаудағы үйінің дәл түбінде еліміздің әр шалғайындағы кен орындарынан руданы вагондармен әкеліп түсіретін эстакада бар еді. Соған Риддердің, Текелінің, Жәйремнің тастарын іріктеп алып, бөлек жинайтын. Қазір ол тастар өткен ғасырдың жетпіс жетінші жылы жаңадан салынған зәулім қара шаңырақтың іргетасына бірге құйылып кетіпті. Әкесі Нұрпейіс жарықтық аңқылдаған кісі еді. Зейнетке шыққаннан кейін де шахтада біраз уақыт жұмыс істеді. Ол кісіні бүкіл Кен­тау Қара шал дейтін. Қаратаудың жықпыл-жық­пылын, қасиетті жерлерін, аңыздарын көп білуші еді. Сапарбай соны тыңдап өсті. Жы­лаған ата, Үкаша ата, Балықшы әулие, Қа­тынқамал... Осылардың әрқайсысы туралы қызықты әңгімеге елді еліктіре білетін. Ал Кеңес дәуірінде ондай аңыздарды екінің бірі білген жоқ қой. Оны айтасыз, мынадай да оқиға болған. Бір кластасының әкесі кең­шарда жұмысшылар комитетінің төрағасы еді. Сол бір машина цементті ел бармасын деп Үкаша құдығының аузына төктіріп тастаған. Көкейдегі сан сұрақ жиналып келіп, тосын са­уалға айналды. Әлемдегі мың сан керемет ұлы даланың төсінде неге жоқ? Бар. Сол бар нәрсені елге айту үшін ізденуді ниет етті. Әнші тау, Шарын, Қазқонақ, Құрдым, Тасшар... Мұ­ның бәрі бүкіл ғалым атаулы таңдай қағар та­биғат ғажайыптары болып неге айтылмайды? Осының әрқайсысы туралы ел ішіндегі керемет аңызды қосыңыз. Соның бәрін жазуды өзіне міндет санады. Ғайып болған Атлантиданы туған жердің төсінен іздеуді перзенттік парыз деп білді. Содан саяхатшы бала бастады жазуды. Алғашқы мақаласы «Қазақстан пионері» газетінде жарық көрді. Сырлыбай деген ағасы кішкентайынан газеттерге мақала жазатын. Онан қалыспай бұл да қағаз шимайлап, онысын қалған-құтқан конверттерге салып, бірден Алматыға жіберетін. Екеуіне де жауап хат келеді. Құдай-ау, үлкен қаладағы жазушы ағалары бұған да: «Алдағы уақытта жиі жазып тұр», — депті. Жігерленіп, қаламын құлшына сілтеді. Бір күні шалғайдағы ауылда ғаламат оқиға болды. Әйгілі ақын, «Қазақстан пионері» газетінің сол кездегі бас редакторы Фариза Оңғарсынованың атынан сәлемдеме келіп тұр. Фариза апай жас тілшіге арнап, сыйлыққа ала доп беріп жіберіпті. Сол түні жүрегі допша тулап шықты. Тек теледидардан ғана көретін әдемі ала доп бүкіл ауыл балаларының ортақ қуанышына айналды. Жас ұланның тәтті талпынысы мен талабы күн сайын ұштала түсті. Ақын апайы жіберген ала доп Сапарбайдың қиялына қанат бітірді. Сол қиялы биікке көтерді. Арман-тілектерін де бірге алып ұшты. Алтыншы қабаттан — жетінші қабатқа «Алтыншы қабатта «Лениншіл жастың» тілшісі жүр!» Сейдахмет Бердіқұлов, жазушы, «Лениншіл жастың» бұрынғы бас редакторы «Лениншіл жасқа» қызметке алыну тарихы да қызық. Жолсапарға жиі шығатын. Аптаның күнін таңдамай, шалғай ауылдарға аттанып кете беретін. Әуежайлар мен вокзалдарда, автобекеттерде демалыс күн екеніне қарамастан сарылып көлік күтіп тұратын. Әр сапар өзіндік бір хикаясын алға тосады. Бірде Торғай облысына жолы түсті. Қияндағы ауылдағы қазыналы мұражайдың қымбат жәдігерлерін шаң басып жатқанын көрді. Үндемей-ақ жөнімен жүре берсе де болар еді. Бірақ осыны облыстық комсомол комитетінің хатшысына айтып кеткісі келді. Екі сағаттан соң ұшаққа мінуі керек. Уақыт өте тығыз. Хатшының қабылдауында екі кісі отыр екен. Есікті қақты. Рұқсат сұрап, бір минуттық қысылтаяң шаруасы барын жеткізді. Хатшы қыз бедірейіп үн қатпады. Оның есесіне сол бөлмеде отырған қара көзілдірікті кісі: «Кел, қалқам, кіре ғой», — деді. Мынадай қамқорлықты көргеннен кейін бұл арқаланып кетті. Үлкен кісі төрде отыр, екіншісі жастау жігіт, ол да қара көзілдірікті, есік жаққа жайғасыпты. Екеуі де сәл қозғалақтап қойды. Обкомол хатшысының алдына барып еркін отырды да, ойындағы айтуға діттеген мәселесін төтесі­нен қойды. Басшы қыздың жүзі алабұртып, мазасызданып кетті. Сапарбай ұшағының ұшатын уақытына тым аз қалғанын айтып, есікке қарай қозғала бергенде төрдегі қара көзілдірікті кісі тоқтатып, әуежайға немен баратынын сұрады. «Автобуспен», — деді бұл. Жүзі жылы сол кісі хатшы қызға журналисті әуежайға жеткізіп салуды өтінді. Хатшы қыз дәлізге ере шықты. Бұлқан-талқан ашуланып жүр. «Орталық Комитеттің бюро мүшесі, «Лениншіл жастың» бас редакторы Сейдахмет Бердіқұловтың көзінше неге айтасың жаңағы мәселені», — дейді шаптығып. «Ойбай, ол кісі Бердіқұлов па еді?!». Өзі шығармаларын тамсана оқитын жазушы ағаны бұрын жүзбе-жүз көрмепті. Тіпті бір ғимараттың ішінде жүріп, екі жыл бойына бір кездеспепті ғой. Әуежайға асыққан көліктің ішінде соған аң-таң болып отыр. Қадірлейтін адамын сонау Торғайда көрем деп кім ойлапты?! Алматыға келген соң ептеп ыңғай­сызданып жүр еді, апта өтпей-ақ «Бердіқұлов іздеп жатыр!» деген хабар жетті. Атышулы бас редактор келе сала әріптестеріне: «Алтыншы қабатта «Лениншіл жастың» тілшісі жүр!» — депті. Тұлпарларды тай күнінен танитын Сейдахмет аға Сапарбайды алтыншы қабаттағы «Қазақстан пионерінен» жетінші қабаттағы «Лениншіл жасқа» қызметке шақырды. Ол кезде бүкіл газет-журналдардың редакциялары «Көк базардың» жанындағы М.Горький көшесіндегі 50-үйде шоғырланған-ды. «Қа­зақстан пионері» — Байқоңыр космодромы секілді журналистер старт алатын алаң», — деп әзілдейтін балалар басылымының ұжымы тағы бір талантты ұланын жастар газетіне ұзатып салды. Сөйтіп, Торғайға сапар Сапарбайдың тағдырына ерекше бетбұрыс әкелді. «Лениншіл жас» газетіне келген соң тынысы кеңінен ашылды. «Ақшам» сенбілік бетінің арнайы жобасын он жыл бойына үзбей жүргізді. Оның өзінің «Асыл қазына», «Оқыс оқиға», «Кездесуді оқырман белгіледі», «Ырғақ», «Белгілі жайдың белгісіз сыры», «Тосын сауал» атты айдаршалары болды. Бұл беттің атауы кейін қалалық «Алматы ақшамы» газетінің аты жөнінде едәуір тартыс туғанда мәселенің оң шешілуіне негіз болды. «Ақшам» сөзіне байланысты пікірлер бір арнаға тоғыса қоймай, екіұдай айтысқа ұласқанда сенбілік беттің арнайы жасалған тігіндісі ортаға тас­талды. Осының өзі ұсыныс жасаған топқа көп демеу болды. «Ақмешіт ақшамы», «Астана ақшамы» газеттерінің атауы да сол сенбілік беттен бастау алғаны анық. Бірде «Лениншіл жаста» жүргенде «Тіл бұраған телеграммалар» деген мақала жазды. Қайта құрудың нағыз қызған кезі. Мақала шалғай жерлерден Алматыға келетін жеделхаттардың мәтіндері туралы еді. Тіл мәселесі өткір қойылды. Пікір айтқан хаттар үздіксіз ағылды. Бір ай өткенде авторға арналған сәлемдеме жетті. Атырау облысынан бір бейтаныс ақсақал осы мақалаға ризашылығын білдіріпті. Өзі аңшы екен. «Былтыр атып алған екі түлкінің тұлыбын шын көңілден сыйлық ретінде жіберіп отыр­мын. Келіннің пальтосына жаға етіп салдырып берерсің», — деп тілдей қағазға хат жазыпты. Екеуін де төрге іліп қойды. Пәтерде тұратын адамда не жағдай бар, ол кісіге рахмет айтып, үнді шайын салып жіберемін деп жүргенде, хат жоғалып кетті. Көршісі жәшік бетіндегі мекенжай жазылған тақтайды теріс аударып, шегелеп, Семейге алма салып жіберіпті. Сөйтіп, бейтаныс кісіге рахмет айта алмағанына әлі күнге дейін өкінеді. Ал қос қызыл түлкінің тұлып терісі төрде әлі күнге ілулі тұр. Бұл сыйлық оған нағыз оқырманның шын ықыласын білдіретін ең үлкен марапат секілді көрінеді. Табиғат тамыршысы «География дегеніміз дүниенің кереметтері жайындағы ғылым ғой. Сапарбай екеуміздің іздегеніміз де сол керемет емес пе?!» Владимир Мезенцев, «Знамя и сила» журналының бұрынғы бас редакторы, «Ғажайып құбылыстар энциклопедиясының» авторы 1980 жылы Мәскеуде Жас журналистер­дің бүкілодақтық фестивалі өтті. Алдын ала «Қостұраның қос ұлы» атты очерк-диптихті досы, сол кездегі Мәскеу мемлекеттік университеті журналистика факультетінің студенті Бақтыбай Жұмаділдинге орыс тіліне аудартып, әділқазылар алқасына жіберген еді. Желтоқсан айында шақыру келді. Очерк ауыл жастары тақырыбына арналғандықтан, Сапарбай «Сельская молодежь» журналының бас редакторы Олег Попцов жетекшілік ететін топқа бөлінді. Олег Попцов сол журналдың бөлім редакторы Сергей Макаров екеуі қазақ журналисінің очеркі туралы өте жоғары пікір айтты. Жер-жерден келген жас журналистердің талқысына салды. Ертеңіне Олег: «Сен өзің не, ақынсың ба?» — деп сұрады. Бұл өлең жазбайтынын айтты. «Жоқ, мынау очерк емес, таза ақ өлең ғой», — деп тамсанды бас редактор. Ақ өлеңге ұқсайтындай жөні бар еді. Бұл буынның біразы әдебиет әлеміне дауылдатып келген Оралхан Бөкеевше қалам сілтейтіні рас-ты. Бұдан соң біраз уақыт прозашы Олег Попцовпен араласып-құраласып тұрды. Кейін Олег Максимович Ресей телеарналарын басқарды. Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында Бүкілресейлік мемлекеттік телерадиокомпанияның төрағасы болды. «Лениншіл жаста» қызмет істеп жүрген ке­зінде «Комсомольская правда» газетіне жыл сайын тәжірибе алмасуға барып тұрды. Василий Песков, Ярослав Голованов, Геннадий Бочарев, Инна Руденко секілді танымал журналистерден тәлім алды. Әсіресе, «Знамя и сила» журналын ұзақ жыл басқарған, «Ғажайып құбылыстар энциклопедиясы» кітабының авторы Владимир Мезенцевпен әке мен баладай араласты. Владимир Андреевич бұның табиғат құбылыстары тақырыбына қалам тербейтін журналист екенін білгенде жаны қалмай қуанды. Сапарбай Мәскеуге барған сайын сол шалдың үйіне соғатын. Оның қонақжайлығы қазақтан бетер. Жас әріптесін үнемі асыға күтеді. Мейірленіп отырып: «Мен Алматыға барған кезде малды қалай соятынын, қойдың жіліктерін табаққа қалай реттеп салатынын көрсетесің ғой, иә?» — дейтін. Бұл қуана-қуана бас шұлғитын. Содан сексен жетінші жылы, жаздың бір кешінде Владимир Андреевич телефон шалып тұр. «Мен Алматыға келдім, бала. Қайдасың?» Ол кезде Сапарбай әуежай жақта пәтер жалдап тұратын. Мәскеуден келген қонақ Жазушылар одағының шығармашылық үйіне орналасыпты. Ертеңіне қала орталығында кездесіп, қияндағы жалғыз бөлмелі пәтеріне ертіп келді. Ақсақал ет жеп болып, сорпа келгенде, «Оу, енді бұны да ішеміз бе? Қандай дәмді өзі?» — деп кеңкілдеп бір күліп алды. Сапарбай ол кісіні демалыс орнына шығарып салып, ертеңіне пойызға мініп, Түркістанға тартты. Ондағы ойы – Қаратау сапарының дайындығына кірісіп, Владимир Андреевич­ті ертіп апаратын орындарды алдын ала белгілеу еді. Ауыл-аймаққа, ағайын-туысқа хабар салып, мәртебелі мейманды лайықты қарсы алуды ұйымдастыруға келген-ді. Қай қонақты күтпей жүрген Оңтүстік? Дайындық тас-түйін. Енді тек қонақтың елге жетуі ғана қалды. Жоспар бойынша, төрт күннен соң Владимир ақсақалды пойыздан күтіп алады. Со­сынғысы белгілі. Бірақ, тағдыр бұл сапарды Мезенцевтің маңдайына жазбапты. Сапарбай пойызға мінген күннің ертесіне ақсақал ке­неттен дүние салыпты. «Мәскеуден жаңа ғана сол үйдегі апай телефон соғып хабарласты. Бүгін қызы мен күйеу баласы Алматыға келуі керек. Қазір әуежайға бара жатырмын», — дейді зайыбы Гүлзира. Соны естіген Сапарбай ауыр күрсінді. Қарт журналист Гүлзира келіннің мамандығы географ екенін білгенде: «Бұл мамандық дүниенің кереметтері жайындағы ғылым ғой. Сапарбай екеуміздің іздегеніміз де сол керемет емес пе?!» — деп ағынан жарылып еді. Ендігі жағдай мынау. Келісілген шаруаның бәрі реттеліп қойған-ды. Әсіресе, әкесі қатты қуанған. Бүкіл ауылға «Маған Мәскеуден қонақ келе жатыр!» — деп жар салған. Өкінішті... Содан ауылдың қарттарын жинап, ас беруге тура келді. Табиғат тамыршысы сол жолы таңға­жа­йып­тар әлеміне есік ашатын сиқырлы таяқ­шаны қазақ баласының қолына ұстатып кеткен екен... Сапарбайдың сапарлары «Сен өзің ақын емеспісің, ей? Мынауың очерк емес, ақ өлең ғой, тура!» Олег Попцов, «Сельская молодежь» журналының бұрынғы бас редакторы Сексенінші жылдарда «Лениншіл жастың» қабырғасында бірнеше мектеп қалып­тас­ты. Сейдахмет Бердіқұлов бастаған спорт журналистері ұлттық ұстынға бейімдеп, соны соқпақ салды. Жанболат Аупбаев тың тақырыптарға қалам тербеп, тағдыры қызық адамдарды бірінен соң бірін оқырманға таныстырды. Жарылқап Бейсенбайұлы сурет өнері тақырыбын қаузап, елдің эстетикалық танымын оятты. Солардың тобына енді табиғаттың тылсым құбылыстарын терең зерделеуді мақсат тұтқан бір жас журналист қосылды. Ол Сапарбай Парманқұлов еді. Кейін осы басылымда сегіз жыл бірге қызмет істедік. Газетке жаңа келген қызметкерді баспаханадағы алғашқы кезекшілікке тә­жірибелі бір журналист ертіп баратын. Мен бірінші кезекшілікке Сапарбаймен бірге бардым. Сыртынан өте жақсы білуші едім. Алғашқы жолбастаушымның сол кісі болғанына шын қуандым. Бұдан соң алыс-жақын талай сапарларға бірге шықтық. Шынында, Сапарбай деген есім сая­хатшыға немесе журналиске керемет үй­лесетін секілді. Осы екеуінің де қасиеті біздің кейіпкеріміздің бойынан табылады. Мұсылмандық үрдіс бойынша Сафар айында дүниеге келіпті. Содан Сапарбай атаныпты. Атына заты сай болды да шықты. Кішкене күнінен көрмеген жерін аралауға құмартты. Бес жасында жер шарын айналып шығуды көздеген «саяхаты» сәтсіз болғанын айттық. Бала кезінде тас жол екі айырылған кезде қалып қойған жағына ықыласы ауатын. «Ол жақта не бар екен?» — деп елеңдейді. Бірде үшінші класта оқып жүргенде түс ауа анасы сиырды қайтарып әкелуге жұмсады. Әйтпесе, ол қарасан келгір көрші ауылдың мақталығына түсетін түрі бар. Киініп жатыр еді, мектептен бір қыз келіп, Құлмахан ағайдың тез шақырып жатқанын айтты. Құлмахан — мектептегі дөкейлердің бірі. Ол кезде ауыл жібек құртын өсіретін. Жоғары кластың оқушылары тұт ағашының бұтағын қырқады. Сол қырқылған бұтақтарды төменгі кластың оқушылары мектепке тасиды. Сірә, соған жұмсап жатқан шығар. «Мақұл», — деді бұл. Бірақ өзі екі оттың ортасында қалды. Қазір бармаса, сиыры құрымағыр мақ­та­лыққа түседі. Сосын оны көрші ауылдың қа­рауылы екі-үш күнге қамайды. Бұл дегеніңіз – кішкентай бұзау екі-үш күн аш қалады деген сөз. Бұзау ғана емес, өздері де сүтсіз қаңсып отырады. Ең қиыны – оған төлейтін айыппұл. Жалғыз шешесінің еңбекақысы қайда же­те­ді? Көп болса, Құлмахан ағай бір ұрысар да қояр... Сөйтті де, ала сиырды іздеп кетті. Ер­теңіне сүт көжеге тойып алып, мектепке бар­ды. Оқушылардың бәрі сыртқа жиналып жа­тыр екен. Барды да, балалардың қатарына тұ­ра қалды. Құлмахан ағай әбден түтігіп кеткен. — Әй, Пәрменқұлов, ортаға шық, — деді бірден. Бұл сүйретіліп алға аттады. Өмірі осы, бұның фамилиясын бұзып айтады. Дәптерінің сыртына да өстіп екі әріпті үнемі түзетіп қояды. Сары кісі ашуланғанда қып-қызыл болып кетеді екен. — Сен өзі кімсің, а? Әй, сен совет оқу­шысысың ғой. Сені мұғалім жұмсайды. Өте жауапты тапсырмамен жібергенге неге бар­майсың, а? Ертең военком Вьетнамға адам сұрайды. Сонда біз сені қорғаймыз, «Бұл шарасыз неме оқысын, соғысқа әзір жібере алмаймыз», — дейміз. Біз айтсақ, олар се­неді. «Дұрыс екен, бала оқуын оқысын», — дейді. Ал шешең сені қалай қорғайды?! Әлде Вьетнамға жібере берейік пе? Шамасы, жіберетін шығармыз... Ұзақ ұрысты. Вьетнамдағы соғысты айт­қанда бұл шынымен қиналып, борша-боршасы шықты. Өлердей қорықты. Соғыс деген қайбір жақсы дейсің. Бірақ бір жағынан «жіберетін болса жіберсе екен» деген құ­марлық оянғаны. Қандай ел екенін көріп қайтқысы келді. Құлмахан ұрсып-ұрсып, кеше әкелін­бей қалған тұт ағашының бұтағын тасуға жіберді. Содан үшінші кластың баласы Вьет­нам еліне кететін күнді асыға күтті. Бірақ мұны алып кететін әскери адам жуық арада келе қоймады. Кейде кешкісін биік ағаштың басына шығып алып, батысқа көз салады. Күн батып бара жатқанда алыстан мұнартып тау көрінеді. Мырзашөлдегі Нұра таулары ғой. Сол биіктен Вьетнам көріне ме деп телміре қарайды. Қанша тілесе де, Вьетнамы құрымағыр жуық арада көзге шалына қоймайды... Вьетнамдағы қиян-кескі соғыс аяқталға­лы қай заман. Вьетнамға деп жеті нан құда­йы беріп жататын кезеңдер де артта қалды. Алайда аңсары ауған сол елге әлі барудың сәті түспей жүр. Әйтпесе, шетелдердің біразында болды. Үндістан, Ирак, Мысыр, Ұлыбритания, Қытай... Бұл елдерге барған сапарынан өзі діттеген танымдық тақырыптарды қаузайтын біраз мақала жазды. Белгілі қаламгер Жанболат Аупбаев: «Шетке шықсаң ұзақ-сонар сапарнама емес, өзіңді қызықтырған жайды ғана жаз», — деп еді. Ағасының сол тілегін қабыл алған секілді. Дүниенің түкпір-түкпірін шарлап шыққан Сапарбайдың сиқырлы саяхаттары әдемі эссе, әсерлі жолжазба, ойлы очерк болып өріліп, оқырмандарына жол тартты. Жазған дүниелерінің тосын тақырыптарының өзі тылсымның тереңіне иіріп әкетеді. «Ай­қай­құм», «Айға шағылған мұздықтар», «Ас­панға шаншылған құйындар», «Ата тас пен Ана тас», «Мыңжылдық темір діңгек», «Көк­көлдегі аждаһа», «Айдың қозғалыс белдеуі», «Сақиналы таудың сыры», «Құпия құдықтың қасиеті», «Қар адамының» жұмбақ іздері», «Қарақиядағы қазаншұңқыр», «Кай­назойдан үріккен динозаврлар»... Ал енді оқымай көріңіз. Бұл дүниелердің бәрі кәсіби шеберлікпен жазылған. Дерегі мол, жаңалығы жеткілікті. Автор көбісін өз көзі­мен көрген, тынысын өз түйсігімен сезген тылсым құбылыстар. Сапарбайдың осы жазбаларының бәрі жинақталған «Жыландар көші» және «Жұмбақ сарқырама» атты кітаптары талай құпияның сырын ашады. Бүгінгі «Дала мен қала» газетінің бас редакторы бір сәтке де қаламын қаңтарып қоймайды. Тәжірибесі артқан сайын ізденеді, жаңаша үрдіспен жазуға тырысады. * * * Сөйтіп, бар болғаны бес жасында: «Жер дөңгелек екен, бәрібір тұрған жеріме қайтып келем ғой», — деп арық жағалап сапарға шыққан Сапарбайдың сиқырлы саяхаттары әлі де жалғасып жатыр. Тек баяғыдай жол үстінде қалғып кетіп көрген емес... Бауыржан ОМАРҰЛЫ

4553 рет

көрсетілді

32

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы