• Тұлға
  • 29 Сәуір, 2010

«Біраз қиындық артта қалды»

d0bad0bed18ed187d0bcd0b0d0bdЕл экономикасының қарыштап дамуы ауылға тікелей байланысты. Сондықтан ауыл тынысымен танысып қайту үшін Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданына ат басын тіредік. Аудан әкімімен кездестік.

Коюмчан Омаров, Алматы облысы, Ұйғыр ауданының әкімі: – Коюмчан Аванұлы, Елбасымыздың өзі бір сөзінде «Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек, дағдарыс жағдайында бізді асырайтын – ауыл» деген еді. Ал біздің мемлекет өз ауылдарымыздан гөрі шеттен арбалауды жөн санап отырғандай. Бұған себеп ауыл шаруашылығының кенже қалуында ма? Өзіңіз басқарып отырған ауданның ауылшаруашылық мәселесіне қандай баға бересіз? – Біздің республика бойынша халық­тың – 42 пайызы, облыс бойынша – 72 па­йыз, ал біздің аудан бойынша халықтың 100 пайызы ауыл шаруашылығымен айналысады. Аудандағы ауылшаруашылық саласында 3 акционерлік қоғам, 89 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 18 өндірістік кооператив, 2728 шаруа қожалықтары бар. Онда 11200 адам жұмыс істейді. Өткен жылғы көрсеткіш бойынша айтар болсам, 2009 жылы аудан бойынша 24155 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары себілді. Құдайға шүкір, алынып жатқан өнім де жылдан-жылға өсіп келеді. Мал саны да жылдан-жылға арту үстінде. Бірақ 95-жылдардағы жекешелену әсерінен біраз құлдырау болғаны рас. Десе де, 3-4 жыл аясында Үкімет ауыл шаруашылығын дамытуға қомақты үлесін қосып жатыр. Арзандатылған жанармаймен, арзандатылған минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мәселесі жолға қойылған. Бірақ екі-үш отбасы болып бірігіп, ұсақ-түйек шаруа қожалықтарын құрған ауыл тұрғындары үшін қиындық көп болары сөзсіз. Оларға бір қолдың жұдырығы болып бірігіңдер деп те жатырмыз. Әрине, мұнда колхоз, совхоз болуды мақсат ету емес, тек үлкен шаруа қожалықтары болуды ұсынудамыз. Мұндай біріктіру жұмысы Шарын, Тасқарасу ауылдарында жақсы жүзеге асты. Ал Қалжат, Сүмбе ауылдарының шаруа қожалықтары әлі қамсыз отыр. Мұны біздің халық әлі жете түсінбей отырған сияқты. «Бөлінгенді бөрі жейді» демекші, басымызды біріктірмесек, артта қаларымыз сөзсіз. Сондықтан ауыл шаруашылы­ғы­ның дамуы орташа деңгейде. – Өзіңізге белгілі, биыл табиғат-ана тосын мінезін көрсетіп отыр. Елімізде су тасқынының зардабын тартқан аймақтар да бар. Осыған орай ауданда табиғат апат­тарының алдын алуға қандай жұмыстар атқарылуда? – Өте жақсы сауал. Апатқа қарсы аудан қорындағы 1,5 миллион теңгеге Шарын өзені аумағындағы бөгендерді көтердік, жаңа техникалар сатып алып, жанар-жағармай алдық. Сонымен қатар ауылдардың бәрін құқық қорғау орган­дарының қызметкерлерімен бірге ара­ладық. Нәтижесінде біраз иесіз қалған су қоймалары анықталды. Олардың сы­йымдылығы аз болса да, қауіпті екені сөзсіз. Сондықтан оларға да жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Біздің аудандағы ең басты проблема – жер асты суларының көтерілуі. Бұл бұған дейін де көтеріліп келе жатқан мәселе болатын. Осының әсерінен биыл аудан орталығындағы 8 үй құлады. Енді алдымызда сол отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі тұр. Бұл да алдағы уақытта өз шешімін тауып қалар. Өйткені аудан орталығында иесіз қалған көп қабатты, 40 пәтерлік екі үй бар. Алдағы уақытта облыстық бюджеттен 7 миллион теңге бөлінбек. Сол қаржыға әлгі көп қабатты үйдің бірін жөндеуден өткізіп, тұрғындарға бермекпіз. –Осы жерде Елбасының бастамасымен құрылған «Жол картасы» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар легіне де тоқтала кетсеңіз... – ҚР Президентінің дағдарыс салдарынан елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізетін әсерін жұмсарту үшін бағыттаған Мемлекеттік «Жол картасы» бағдарламасы негізінде жүзеге асқан жұмыстарды аудандағы әр елді мекеннен көруге болады. Оның ауқымының кеңдігін жұмыссыздықтың алдын алудан, жол, коммуналдық шаруашылық, білім беру, денсаулық сақтау салаларын қамтуынан, тіпті тұрғындардың суға деген қажеттілігін шешуден де айқын көрінеді. Былтыр ауданға «Жол картасы» бойынша 115 миллионнан аса қаражат бөлінді. Оған біз аудан орталығындағы №4 Шонжы орта мектебін жөндеуден өткіздік. 42 миллион теңгеге ауылдардағы жолдарды жөндедік, сонымен қатар көгалдандыру-абаттанды­ру жұмыстарын жүзеге асырдық. Оның ішінде жоғарыда айтқан жер асты суларын қалыпқа келтіру жайы да бар. – Осы бюджеттен бөлінген қаржы өзі діттеген мақсатқа пайдаланылады деп сенімді түрде айта аласыз ба? – Әрине, айта аламын. Бөлінген қаржыны бақылайтын органдар құрылған. Сондықтан да қаржы біреулердің қал­тасына кетті деген ойдан аулақпын. – Бюджеттен қаржы бөлініп жатыр. Ал аудан тұрғындары өздеріне тиесілі жәр­демақыларын алып жатыр ма? – Әрине, тұрмысы төмен отбасылар, жалғызбасты аналардың 18 жасқа толма­ған балалары, мүгедектер өздеріне тиесілі жәрдемақыларын алып жатыр. Бірақ әлеуметтік көмек, өзіңіз білесіз, арнайы комиссия құрылып, соның шешімінің нәтижесінде төленеді. Бір жанға шаққанда 4484 теңгеден аспаса әлеуметтік атаулы көмек беріледі. 6684 теңгеден асып кетсе, 18 жасқа дейінгі жәрдемақы төленбейді. – Ал осы әлеуметтік көмек көрсетілу барысында «бармақ басты, көз қыстылыққа» кетіп қалмай ма? – Шынымды айтсам, «жоқ» деп сенімді түрде айта алмаймын. Өткен жолы маған Ұзынтам ауылынан бір ана келіп, өз жағдайынан жағдайлары әлдеқайда жақсы отбасылардың әлеуметтік көмек алып жатқанын айтты. «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, бұл бекер айтылған сөз емес. Осыған орай ауданнан, облыстан тексерулер ұйымдастырылды. Заңсыз әрекеттер де анықталды. Бұл біздің халықтың әлі де еңбектенуге ниетінің жоқтығы деп білемін. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге құмар. Үйінде жатып мемлекеттен көмек сұрайтындар да бар. Бұл дұрыс емес. – Осы тұста жұмыспен қамту мәселесі төңірегінде не айтасыз? – Мына бүйірден қысқан дағдарыс заманында жұмыссыздық деген үлкен мәселе болып отырғаны шындық. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 2010 жыл басынан 379 азамат жұмыс іздеп өтініш білдірсе, оның 236-сы бүгінгі күнге дейін жұмысқа орналастырылды. Жыл басынан аудан бойынша 303 жаңа жұмыс орны ашылды. – Ал «Дипломмен ауылға» жобасы бо­йынша ауылға келген жас мамандар бар ма? Оларға қандай көмектер көрсетілуде? – «Дипломмен ауылға» жобасы бо­йынша өткен жылы 35 жас маман ауданға келді. Оларға тиісті біржолғы төлемақы төленді. Мұнымен қоса «Жол картасы» бойынша жастар практикасына, арнаулы орта және жоғары оқу орнын бітірген 19-29 жас аралығындағы жұмысқа орналасудан қиындық көріп жатқан 79 жас маман өз мамандықтары бойынша тәжірибе жинақтау үшін 41 мекеме, кәсіпорындарға жіберілді. Оларға бюджеттен 7 миллион 400 мың теңге жалақы төленді. Тек бір айта кетерлік жайт, сол жас мамандардың көпшілігі, тіпті барлығы дерлік гуманитарлық сала мамандары. Егер бүгінгі жастардың барлығы заңгер, қаржыгер болса, сонда ауылдың иесі кім болады? Бұл – ойланатын мәселе. – Байқаймын, жастар мәселесіне ойыса бастаған сияқтымыз. Ендеше, бүл­діршіндерімізді тәрбиелейтін балабақша жайы қай деңгейде? – Жалпы, балабақшамен қамтамасыз етілген балалар облыс бойынша 22,3 па­йызды құрап отыр. Біздің аудан ең төменгі көрсеткіште тұр. Бізде балабақшамен 13,7 пайыз бала қамтамасыз етілген. Себебі бізде үлкен бір ғана «Балбөбек» балабақшасы бар. Мұнда бар-жоғы 120 бала тәрбиеленіп жатыр. Ал балабақшаға мұқтаж болып отырған 6 мыңға жуық балаларымыз бар екен. Бірақ әр ауылда 14 шағын орталық жұмыс істеп тұр. Биыл тағы үш шағын орталық ашпақпыз. – Кезінде әр ауылда болған балабақша ғимараттарының бүгінде қаңқасы тұр немесе біреулердің пайдасына жұмыс істеуде. Соларды қайтарып алу мәселесі жолға қойылмай ма? – Шындығын айтқанда, оған әзірше мұқтаждық жоқ. Себебі кейбір ауылдағы шағын орталықтардың өзінде бала саны жетіспей жатады. Мәселен, Бахар ауы­лындағы Розыбакиев атындағы мек­тептегі ша­ғын орталыққа бар-жоғы 38 бала, Сүм­бедегі орталыққа 40 бала ғана барады екен. – Бұған не себеп? Бәлкім, насихат жұмыстары жүргізілмейтін шығар? – Ол да мүмкін. Меніңше, ондағы ата-ана 3500 теңгені көпсінетін сынды. Міне, осы себепті де ондай кішігірім ауылдардағы ғимараттарды босқа қаражат жұмсап жөндеудің қажеті жоқ сынды. Балабақша мәселесінен ең қатты мұқтаждық көріп отырған – 24 мың тұрғыны бар Шонжы ауылы. Әрине, мұнда да шағын орталықтар жұмыс істейді. Өткен жолы ғана облыстық білім басқармасында Шонжыға балабақ­ша салу мәселесі қаралған. Сонымен қатар «Балапан» бағдарламасы аясында 2010 жылы 3 шағын орталық, 2011 жылы Шонжы ауылында балабақша салу, 2012 жылы бір балабақшаны күрделі жөндеуден өткізу сынды мәселелер жолға қойылып отыр. Әрине, ауданда жетістіктер де, кемшін тұстар да бар. Мұның бәрі негізінен қар­жыға келіп тіреліп отыр. Бірақ, Құдайға тәубе, біраз қиындықты артқа қалдырдық. Болашақ біздің пайдамызға қызмет етеді деген үміттемін. – Әңгімеңізге рахмет! Істеріңізге сәттілік берсін! Анар ДҮЙСЕНБАЙ

2042 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы