• Тарих
  • 06 Мамыр, 2010

«Жасымай, жан аямай, жауға ойран сал»

Редакцияға келген жас келіншек өзін «Раушан Тілеуімбетовамын» деп таныстырды. Алматы қаласындағы ауруханалардың бірінде қызмет етеді екен. «Жеңіс күні келе жатыр. Осыған байланысты мына өлең шумақтарын сіздерге ұсынсам ба деп едім. Соғыс кезінде жазылған. Шәки Қожабаев деген кісі Қостанай облысының Ұзын­көл ауданындағы «Қарасу» колхозында өмір сүрген. Денсаулығына байланыс­ты соғысқа бармай, ауылда броньмен қалған. Сол кісіге соғысқа аттанған Шапаш Оңайбеков деген ауылдас інісі майданнан өлеңмен хат жолдайды. Оған Шәки өлеңмен жауап береді. Мынау сол хат еді» деп келісінің мәнін түсіндірді.

Соғыс жылдарынан сыр шертетін осы өлең-хатты оқырмандар назарына сол қалпында ұсынуды жөн көрдік: «Орденді фронтовик Оңайбеков Шапаштың хаты Сәлем де Қапаң менен Шәки ағам, Ойланып болған іске болып алаң. Артымда жылап қалған семьяма, Ағайлар, қарасыңдар келсе шамаң. Амандық, ел жағдайын хаттан алам, Көруге нәсіп етсін Хақ Тағалам, Туған жер, өскен елім, қайран жұртым, Көрем бе қайта айналып есен-аман. Өмірдің азы-көбі белгісіз боп, Майданға тағы қайта кетіп барам. Есіңе ап әр уақытта хат салар деп, Өлеңмен хат жазады Шапаш саған. Хатқа жауап Сүйікті хатыңды алдық, атақты інім, Еске алып атымызды атапты інім. Ел үшін, Отан үшін еңбек етіп, «Қызыл Ту» орден алған атақты інім. Жас бала, кемдік көрмес кемпір мен шал, Тылды күшейтетін және біз бар. Болса да қырық жыл қырғын ажалды өлер, Жасымай, жан аямай, жауға ойран сал. Колхозда ұйымдасқан халқымыз бар Қамқорлық қылатұғын салтымыз бар, Ортада олқы түсіп, ортаймайтын, Беретін кемтарларға пондымыз бар. Керегін кезегінде сонан алад, Партия-өкіметпен көзін салат. Жетім боп жылайтұғын заман емес, Әлпештеп ел-жұртымды бағып қағад. Еске алмай жатпас сізді Шәки, Ғаппас, Тылда еңбек етпей қарап жатпас. Фронтты тылменен күшейтуге, Күні-түні ағаларың дамыл таппас. Жаныңа Ғайып-Ерен болсын жолдас, Тар жерде «Қызыр-Ілияс» барда қолдас. Орынсыз семьяңа біреу тисе, Әділ заң және біз бар, сірә да, оңбас. Ашығып тарыққан жоқ ел-жұрт аман, Жас-кәрілер жалынды айтад сәлем. Жау жеңіп, масайраған жарқын жүзбен, Келуге тілектес жұрт есен-аман. Шәки ҚОЖАБАЕВ Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданы, «Қарасу» колхозы»

2673 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы