• Тарих
  • 06 Мамыр, 2010

Құралайды көзге атқан

Әбіл Нүсіпбаев – Жамбыл облысы, Қордай ауданы, қазіргі Қаракемер ауылынан Ұлы Отан соғысына аттанған жерлесіміз. Ә.Нүсіпбаевтың қарындасы Орындық Нүсіпбайқызы Әбіл ағасының дерегін іздетеді. «Мәскеуге госпитальға ауысып келдім» деген хаттың ізінше келген «қаралы қағаз» осыған негіз еді. Мәскеудің госпитальдарын, бауырластар бейіттерін түгел аралайды. Ақыры 2004 жылы Орталық мұражайда сақтаулы тұрған соғыста қаза тапқандар мен хабарсыз кеткендердің «Естелік кітабының» 16-томынан табылды. Оның 242-бетінде: «Нусупбаев Абиль, род. 1914. Родственники-Курдайский р/н, Джамбульской обл., Казахстан, Младший лейтенант 140 сп 182 сд. Умер 14.10.1944 в ЭГ №5007. Кремирован», - деп жазылған дерек кездесті. Міне, осы бойынша іздестіргенде батырдың денесі Преображенское зиратының бірінші Донской крематорийінде өртеліп, бауырластар бейітіне қойылғаны мәлім болды.

Нүсіпбаевтың өз қолымен жазған 1940 жылғы 18 қыркүйектегі өмірбаянында мынадай деректер бар. Ол Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Чапаев атындағы колхозда 1914 жылы кедей-шаруаның отбасында туған. 1936 жылғы 4 сәуірде Қазақтың таулы атты әскер полкіне алынып, взвод командирі міндетін атқарады. Халкин-Гол шайқасына қатысып, 1938 жылы 19 қазанда көрсеткен ерлігі үшін алғашқы қазақ жауынгерлерінің ішінен бірінші болып «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. Бүгінгі таңда ержүрек батырдың қай­таланбас ерлігін айғақтайтын деректер молынан табылып отыр «Комсомольская правда» газетінің 1942 жылғы 9 қазандағы нөмірінде бірінші бетінің оң жақтағы жоғары бұрышында оптикалық көздеу приборы бар винтовка ұстаған жауынгер Әбіл Нүсіпбаев бейнеленген. Сол газеттегі «Ол 52 немістің көзін жойды!» деген мақаладан үзінді: «Панфилов дивизиясы өзін өшпес даңққа бөледі. Оның жауынгер-гвардияшылары – атқыштар мен артиллеристер, мергендер мен минометчиктер фашистерге аяусыз соққылар беруде. Осы дивизияның орденді мергені, аға сержант Әбіл Нүсіпбаев 52 немістің көзін жойды. Оның 25 шәкірттері де оңдаған фашистерді жайпап салды. Олар – шетінен өздерінің үйретуші тәлімгері сияқты көздегені мүлт кетпес мергендер». Осы мақаладан кейін Чапаев атындағы колхоздың председателі Омар Құдашпаевтың атына жазылған майданнан хат келді. Бұл хатты полк командирі, гвардия подполковнигі Уральский мен батальон комиссары Астахов былай деп жазыпты: «Құрметті колхоз председателі, сіз арқылы колхозшыларға оқып беруіңізді өтінеміз. Сіз­дердің жерлестеріңіз Нүсіпбаев – құралайды көзге атқан нағыз мерген. Оның есімі бүкіл майданға белгілі болды. Командование Нүсіпбаевқа өте айлалы жау мергенін торуды тапсырды. Өйткені Нүсіпбаевтың онда алынбаған кегі бар болатын. Қаныпезер жау Нүсіпбаевтың командирі, аға лейтенант А.Солдатовты қапыда мерт етті. Әккі жау аяғымызды қия бастырмады. Сонымен ол түнде тосқауылға келіп жатты. Мерген жау блиндажы барын көріп қалды. Ол асықпастан жаудың полковнигі мен екі капитанын атып түсірді. Біз арнаулы дүрбімен осы жайды көріп тұрдық. Ал жау мергені де қарап тұрмады. Әбіл шалт қимылдағанда, ол да атып қалды. Бағымызға қарай жау мергені Нүсіпбаевтың мылтығының құндағын ғана талқандап, өзі оққа ұшты. Нүсіпбаевтың қимылын байқап та үлгіре алмадық, ол тез позиция ауыстырды да, шалқасынан жата қалып, биіктегі жау мергенін құндақсыз мылтықпен-ақ қағып түсірді. Осы ерлігі оны зор даңққа бөледі. Ол осындай әдіспен бір айда 75 фашисті, жалпы 260 фашисті өлтірді. Біз оны жоғары наградаға ұсындық. Сіздердің ерекше ұл өсіргендеріңізге Отан атынан рахмет. Біздің осы хатымызды Нүсіпбаевтың туыстарына табыс етіңіз...» Атақты мерген Әбіл Нүсіпбаев еліне оралмады. Есімі бүкіл елімізге белгілі болған мергеннің өмірі жөнінде әлі анықталмаған жайлар көп. Оны майдандас достары, газет оқырмандары толықтыра жатар. Даңқты 316-шы атқыштар дивизиясының тарихында есімі ірі әріптермен қалған жерлесіміздің жорық жолдары қанша жазса да көптік етпес, тіпті деректі кітапқа өзек болар­лық өнегелі оқиғаларға толы. Дивизияның Бішкек, Алматы қалаларындағы музейлерінде Әбіл бастаған мергендер тобының ерліктерін паш етерлік сарғайған газеттер, құжаттар, фотосуреттер де аз емес. Сол қыруар құжаттарды ақтара отырып, Әбіл ағамыздың беделі мен абыройы тым жоғары болғандығына көз жеткізу қиын емес. Дивизия мергендерінің көшбасшысы болған Ә.Нүсіпбаев туралы қанды көйлек қаруластары ықыласпен әңгімелейді. Со­лардың бірі – Айдархан Ахметов. Фрунзеде тұрады. 316-дивизияның 23-атқыштар полкінің партбюро хатшысы болған, қазір отставкадағы подполковник: – Әбіл полктегі жалынды комму­нистердің бірі еді. Партбюроның тұрақты мүшесі болды. Қандай қиын жағдайда да партия жиналыстарынан қалмауға тырысатын. Өзі кішіпейіл, жолдастарына қамқор болатын. Ал мүлт кетпес мергендігі бүкіл дивизияға аңыздай жайылды. 1943 жылы маусымда мені полк штабына шақырды. Комиссар, аға политрук Мұхамедияров: – «Фрунзеге баруға жи­нал, қасыңа таңдаулы бір адамды ерт», – деді. Менің таңданған күйімді көріп: – Бізге Қазақстан мен Қырғызстаннан делегациялар келіп жатыр. Сый-сияпаттар да әкелуде.Біз де өз кезегімізде барып, майдан жайын түсіндіруіміз керек. Қане, кімді ертесің? – деді. Мен көп ойланып жатпастан: – Ондай адам бар, Әбіл Нүсіпбаев, – дедім. Жазып алып қалды.Мен дайындыққа кірістім. Бірақ тағы да шақырып, Ә.Нүсіпбаевтың Алматыға баратын делегация құрамына енгенін, ал менің генерал Панфиловтың қызы Валяны (Валентина Ивановна Панфилова) ертуім керектігін айтты. Сонымен Акашев деген рота командирі, тағы бір адамның атын ұмыттым, Әбіл үшеуі Қазақстанға, мен Валя екеуміз Қырғызстанға баратын болып, бесеуміз бірге жолға шықтық. Соғыстың аты соғыс, азып-тозғанбыз. Әсіресе, Валентина қатты титықтаған, генералдың қаза табуы бір жағынан еңсесін езіп жіберген еді. Мәскеуде екі күн кідіріп қалдық, сонда Валя бір-екі рет әскери тәртіппен дұрыстап сәлем бермегені үшін патрульдерден ескерту алып еді. Тағы бір жолы оны тіпті комендатураға алып кетіпті. Кешіге берген соң соңынан Әбілді жібердім. Ол біздің алғы шептен елге қысқа мерзімге бара жатқанымызды, тоқтатуға болмайтынын айтып жатып, Валяны ертіп келген болатын. Бесеуміз поезбен Луговойға дейін бірге келіп ажырастық. Кейін майданда талай иықтаса соғыстық қой... Әсіресе, үш мерген: Төлеуғали Әбдібеков, Әбіл Нүсіпбаев және Мамадалы Мамадинов ерекше көзге түскен еді. Алматыдағы атқыштар клубынан өзара таныс Әбдібеков пен Нүсіпбаев соғыста да жұп жазбас дос болды. Екеуі де сұңғақ бойлы, аққұба өңді, бір-біріне ұқсас еді. Бір өзі 397 фашистің көзін жойған Т.Әбдібеков Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанымен, әкесі «халық жауы» болғандықтан, бұл награданы ала алмапты. Т.Әбдібековтің айрықша ерлігінде Әбілдің де үлесі болды. Өйткені олар өздері жасаған құпия атыс ұяларында көбіне бірге жүрді. Неміс мергендерінің жасырынып жатқан жерін білу үшін бірі ағаш қуыршаққа каска кигізіп әрі-бері қозғалтатын, екіншісі винтовканың оптикалық приборымен қас қақпай аңдып жататын. Мұндай айладан жаудың құтылуы қиын-ды. Әбіл Нүсіпбаев та үш жүзге жуық немісті жер қаптырды. Мергендік кітапшадағы жазуларды оларды сыртынан бақылап жататын ерекше бөлімнің адамдары толтыратын. Өкініштісі, сол екі арыс та бірінің соңынан бірі қаза тапты. Әбіл қаза болғанда мен жараланып госпитальда жатқанмын. Қайран мерген минаға ұрынып, оң қол, оң аяғынан ауыр жараланыпты. Командирінің винтовкасын Т.Әбдібеков қабылдап алыпты. Ал Әбдібековтің қаза табуына куә болдым. Неміс мергені темір дулығасыз кезінде дәл көздеп маңдайынан тигізіпті. Винтовка бұдан соң қатарға қосылған жас мерген Осмоналиевке тапсырылады. ТВ-2916 нөмірлі бұл қасиетті қару қазір Алматы қаласындағы Орталық музейде сақтаулы. Алматыда болғанымызда біз бұл винтовканы көрдік те. Кезінде зорлықшыл жауға ажал оғын аяусыз сепкен мүлт кетпес мылтық иелерін сағынып жетімсіреп тұрғандай. Мына бейбіт өмірдің бағасы қаншаға түскенін ескертіп те тұрғандай. Астанада Әбілді білетіндерден Валентина Ивановна Панфиловамен жүздестік. Ол сол кезде дивизия ардагерлерінің алматылық тобы президиумының хатшысы еді. Майдандық суреттеріндегідей албырт жас емес, егде тарт­қан. Ол да аяғын алған кеселді ауырсынып жүр екен, бізді үйінде қабылдады. – Ә.Нүсіпбаев па, әрине, білемін, – деді ол. – Коммунист,айтулы мерген болды.Сон­дық­тан да ғой оның 1943 жылдың жазында елге кел­ген делегация құрамында болғандығы. Мұн­дай құрмет ең таңдаулыларға ғана көр­се­тілді. В.И.Панфилова елге келген сол сапар жайын ашық әңгімеледі. Олардың әрқайсысына ерекше құпиялы хаттар тапсырылыпты. Оны тек түн ішінде коммунист жетекшілерге ғана оқып беруге тиіс болған. Хатта майданның ауыр жағдайы – қару-жарақ, оқ-дәрі, ас-ау­қат тапшылығы ашық айтылған. Тылдан көрсетілер жәрдемді күшейту сұралған. Ал күндіз зауыттар мен фабрикаларда, шаруа­шы­лықтарда еңбекшілермен кездесулер өткізіп, панфиловшылардың ерлікке толы шайқастары жайлы айтып, жеңіс біздің жағымызда екеніне сендіріп, жұртқа жігер берген. Солардың сапында Әбіл де өз командасындағы мергендер­дің ерліктерін паш еткен. Мұрағаттан «Социалистік Қазақстан» газетінің 1943 жылғы 6 шілдедегі санында «Ел сенімін ерлікпен ақтаймыз» деген тақырыппен арнаулы бет берілген. Беттің кіріспесінде майданнан келген панфиловшылар делегациясы мүшелерінің дивизияның ерлік істері жайлы сөздері жарияланып отырғаны айтылған. Осы бетте Әбіл Нүсіпбаевтың суретімен қоса «Тәсіл-айла – тапқырлық» атты мақаласы беріліпті. Онда былай делінген: «Мерген болу оңай емес, ең ақырғысы, аң аулауға да шеберлік, тәсіл-айла керек.Айлаңды асырып, тәсіліңді өткізіп, тапқырлық жасамасаң, қоянды да қолға түсіре алмайсың.Мерген аталарымыз жалғыз қурайды жамылып, бір бұтаның тасасын таудай қалқан қылып атады екен. Оның үстіне атуды білу, жатуды, көлбеуді, көсілуді білуде де көп мән бар. Бір күні Төлеуғали Әбдібеков екеуміз тосқауылға шықтық. Жатқан жерімізді жан біліп болар емес. Шөппен шөп болып алғанбыз. Немістер де қарап жатқан жоқ, олар да бізді аңдуда. Қалт етсең болды, мүлт жібермейді. Сондықтан да оларды алдап түсіру арзан айлаға түспейді. Олар да білінбеуге тырысып, жапырақты жамылып жатып алды. Бөренеден кесіп жасаған «адамды» отыр­ғыздық. Басына каска, үстіне шинель кигіздік те, екі жағына екі ұзын телефон желісін байлап, екеуміз кезек-кезек тартып отырмыз. Бірде маған қарай, бірде Әбдібековке қарай ырғатылып жүріп тұрған «адамды» неміс мергендері төпеп атып жатыр. Бірақ ақымақтар «ағаш адамды» құлата алмады. Оқ болса сартылдап өтіп жатыр. Міне, біз осы әдіспен олардың қайдан атып жатқанын сезіп алдық та, қарсы шабуылға көштік. Осы жолы айлалы екі неміс мергенін қалпақтай ұшырдық». Қос орденді аға сержант Әбіл Нүсіпбаев». Әбіл Нүсіпбаев екі «Қызыл Жұлдыз» және Ленин ордендерімен марапатталған. Оның қарулас жолдастарының естелігіне қарағанда, Әбіл Нүсіпбаев Кеңес Одағының Батыры атағына да ұсынылған көрінеді, бірақ белгісіз себептермен берілмей қалған... Соғыста құралайды көзге атқан жерлесіміз, мерген Әбіл Нүсіпбаев Халық қаһарманы атағына лайық деп ойлаймыз. Тәуелсіздігіміздің арқасында еліміз еңсе тіктеумен қатар «өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей», Ұлы Отан соғысында Кеңес әскері қатарындағы әйгілі мергендеріміздің біре­гейі саналған қандасымыз Әбіл Нүсіпбаевтың есімін қайта жаңғыртып, қаһармандық ерлігіне тарихи бағасын беретін кез келді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың тарихи шешімінің арқасында лайықты бағасын алып, алдағы Жеңіс күніне орайлас­тырып, оған Халық қаһарманы жоғары атағы беріліп жатса, тарихи әділеттілік тағы да салтанат құрғаны дер едік. Гүлмира Байсуанова Жамбыл облысы

4116 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы