• Тұлға
  • 06 Мамыр, 2010

Шығарманың құндылығы – шындығында

22042010Белгілі жазушы, публицист Серікқали ХАСАНМЕН әңгіме

– Серікқали аға, сіздің жазған­да­ры­ңызға қарап, ауыл баласы-ау деп шамалаймыз. Әрі сіздің әңгімелеріңізден де ауыл иісі аңқып-ақ тұрады. Бірақ, байқаймыз, соңғы жылдары сіздің шығармаларыңызда қала өмірі көбірек көрініс беріп жүр. Бұл неліктен? – Алдымен, мені ауыл баласы дегендеріңізге рахмет. Мен алғаш қолыма қалам алғаннан-ақ ауыл тақырыбын қозғап, ауыл мүддесін алға тартуды мақсат еткен едім ғой. Менің қаламыма дем беріп, жазудың қиындығы мен азабын түсінген кезде әртүрлі сылтаулар айтып, оны орта жолдан тастап кетпей, әліге дейін ақ қағазға үңілуден жалықпай келе жатқандығым да ауылда туып, ауылда өскендігімнің, ауыл адамдарының арман-тілегін өзімнің де арман-тілегіммен байланыстыруға тырысқандығымның арқасы десем, еш қателеспеспін.

Өзге елдердің ауылдарын қайдам, ал қазақ ауылы қазақ баласына көп нәрсе береді, керек десеңіз, өзі боламын деген адамға көп қасиет те дарыта алады. Қай қазақ қаламгерінің шығармасы да табиғат көрінісі, табиғат тіршілігінсіз қызықсыз болар еді, біз сол табиғатты көз ашқаннан-ақ зерттеп өстік емес пе? Көркем шығармаға арқау болатын өмір драмасы да ауылда өскен адамға түсінікті, мағыналы, қызықты әрі мұңды, сырлы да болып көрінер еді. Мен әр шығармаға отырған сайын өзімнің ауыл топырағында аунап өскендігім үшін бақытты сезініп отырамын. Осы сезім менің бірқатар әңгімелерімде де бар. Ал сіздің қала тақырыбына неліктен көбірек барып жүрсіз деген сұрағыңызға былай деп жауап берер едім: мен қала өміріне қатысты дүниелерді жазғанмен, ондағы кейіпкерлерімнің бәрі де арғы түбінде ауылдан шыққан адамдар болып келеді емес пе? Олар (мысалға, «Кариб теңізінде болған оқиғадағы» Қылышбай, «Профессор Ысмайыловтың әжелеріндегі» қарт ғалым, т.б.) бүгінде қалада тұрып, өмір сүріп жатса да, ауылдың қасіретін бір кісідей-ақ алға тартады. – Сіз бүгінгі ауыл адамдарын не толғантады деп ойлайсыз? – Меніңше, бүгінгі ауыл адамдары тек өзінің бүгінгісі не ертеңгі тәтті армандарымен ғана өмір сүріп отырмағанын айтқым келеді. Өткен дәуір біздің халқымызға көп қасірет шектіріп кетті. Оны біз бүгінгі тыныш та шалтты өміріміздің тасасында ұмыт қалдыра алмас едік. Онсыз біздің бүгінгі жақсы өміріміздің еш мағынасы да болмас еді. Өткенді ескеру бұрынғы өткендердің арман, тілегін ескеріп, жүзеге асыру ғана емес, біздің болашақта адаспай, дұрыс жолмен жүруімізге де көп көмегін тигізер еді. – Серікқали аға, сіз ұзақ жылдар бойына «Жұлдыз» журналында, оның алдында «Жалын» журналында да қызмет еттіңіз. Әдеби басылымдарда қызмет жасаудың жазушыға берері көп пе? – Жаныма жақын бұл сұрағыңызға рахмет. Мен алғаш қаламгерлік қыз­метімді аудандық газетте бастасам, ке­йін тоғыз жылдай облыстық газеттің редакциясында істедім. Сондықтан 1989 жылы Алматыға көшіп келгенде елі­міздің атақты әдеби басылымдарында қыз­мет жасау бақытына бөленемін деп ойлаған жоқ едім. Өзімді көп уақытым­ды шалғайда жүріп өткізіп алғандай, Алматыдағы көп қатарластарымның қатарынан қалып қойғандай да сезініп жүретінмін. Бірақ сен қайда жүрсең де, бұйырған нәрсе болады екен. Мен «Жұлдызға» ғылыми-көпшілік «Зерде» журналында бөлім меңгерушісі болып істеп жүрген кезімде мүлдем ойламаған жерден қызметке шақырылдым. Қуандым, бірақ жүрексініп бардым. Сол кезде өзіміз үлгі тұтатын талантты жазушы Рахымжан (Отарбаев) ағамыздан: «Жұлдызға» құрқол қалай барамын? Олар көтеріп жүрген мәселелерге қатысты бір нәрсе жазып баруым керек шығар?» – деп сұрағаным бар еді, сонда ол кісі айтты: «Ештеңеге де қысылма. Әуелі «Жұлдыздың» шығармашылық жұмыстарына үйренесің, әрі қарай өзің де жол тауып, төселіп кетесің», – деп. Солай болды. «Жұлдыз» үлкен журнал ғой әрі сонау 90-шы жылдары ондағы қызу шығармашылық ортаның ыстығы әлі басылмаған кез. Сондықтан мен ондағы жұмыстың үлкен-кішісі дегенім жоқ, басылым алға қойған шаруалар­дың бәріне де араласып, қолымнан кел­генінше ыстық-суығын да бірге бөлістім дей аламын. – Сіз осы басылымда он бес жылдай қызмет жасапсыз ғой. Әрі атақты жазушы Мұхтар Мағауиннің кезінде істепсіз. Мағауиндей үлкен жазушының қатал талабына шыдап жүру қиындық туғызған жоқ па? – Жұрт Мұқаңның жазғандарына, батылдығына қарап, қарауында жүр­гендерді де тістеп, шайнап тастайды деп ойлайды. Бұл мүлдем олай емес. Мұқаңды алғаш мектептің жоғары кластарында оқып жүргенде оның «Көк мұнарына» әрі әдеби-танымдық материалдарына қарап, мен де солай деп ойлайтынмын. Қарауында қызмет жасаған кезімде, әбден көзім жетті: Мағауин – нағыз шығармашылықтың, шабыттың адамы. Бәлкім, үлкен Мұхтар, ұлы Әуезов те кезінде сондай адам болған шығар?!. Шығармашылық позициямнан, өзіндік суреткерлік көзқарасымнан танбаймын деп жүріп, Әуезов те кезінде кеңестік дәуірдің тепкісін көп көрді ғой. Мұқаңа қатысты да осылай деуге болады. Ал менің Мұқаңмен арадағы қатынасыма келетін болсақ, ол кісі маған бір қатты сөз айтып көрген адам емес. Жұмыс болған соң, түрлі жағдайлар болады ғой, бірақ соның бәрінде де ол кісі өзінің қарапайымдылық, ағалық, дегдарлық қалпынан бір айныған емес. Ақыл айтудың да, кеңес берудің де ретін білетін. Редакциядағы шығармашылық ахуалға еркіндік берді. Бұл жағынан мен өзімнің «Жалын» журналында істеген жылдарымды да сағынышпен еске алар едім. Бұл басылымда да көптеген танымал қаламгерлермен араласып, әсіресе, шығармашылық жағынан үйренгендерім көп болды. Бас редакторымыз талантты жазушы, бүгінгі Президенттік сыйлықтың иегері, профессор Мереке Құлкенов аға болатын. Екі үлкен әдеби басылымда да істеген соң, кейде менің екі жердегі басшыларымды салыстырып қарайтын да кездерім болатын. Сонда редакторлық ұйымдастыру, іскерлік әрі әдеби талғам-талап жағынан атақты Мұқаңның бо­йындағы талай жақсы қасиеттерді Мереке ағаның бойынан да көретін едім. Бұл кісі де алашшыл, түркішіл қайраткерлеріміз бен қаламгерлеріміздің өнегесін пір тұтты. Мереке аға – көп оқитын, көп білетін, өте ізденімпаз адам. Әдеби үрдістегі тәжірибесі де қыруар. Менің бұл екі атақты бас редакторды салыстыра қарап отырғандығым да тегін емес. Осы екі ірі әдеби тұлғаның кезінде екі үлкен әдеби басылымның да абыройы артып, беделі өсті.. Сондықтан менің осы атақты екі басылымнан, ондағы екі атақты редактордан алған тәлім-тәрбие, үлгі-өнегем кейінгі шығармашылығыма да өз ықпалын тигізді деп есептеймін. – Әдеби орта сізді өмірлік мол тә­жірибесі бар адам деп есептейді. Өйткені сіз сонау 90-шы жылдары өз туған өлкеңіз Нарын өңіріндегі ядролық жарылыстарға қарсы наразылық ретінде республика көлемінде мәселе көтеріп, үзбей материалдар жазған қаламгерсіз. Мәселен, сол кезде сіздің көп қатарластарыңыз тыныш жүріп, өздерінің қарапайым шығармашылығымен ғана шұғылданып, кітаптарын шығарту мәселелерімен айналысып жатқанда, сіздің қайта-қайта бір қиырдағы Нарын құмына барып, сондағы жарылыстар зардабын тереңнен қазып жазуыңызға не себеп? – Мен сол сынақ алаңдары бірінің түбіндегі Жаңақазан деген ауылда туып-өстім ғой. Сол жарылыстардың зардабын біз бала кезімізден-ақ көріп өскен едік. Оның зардабын ересектер жақсы білетін, бірақ ашып айта алмады. Бертінде қолыма қалам ұстаған кезде, соны өзім де көпке дейін жаза алмадым. 1989 жылы Алматыға көшіп келгенде, менің соны ашып айтуыма мүмкіндік болды. Және «Зердеде» істеп жүріп, бір кеште жұмыс соңынан редакцияда қалып, кеш қарайғанша (кейін «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген) «Құ­пия сынақтар аймағы» атты эссемді жазып отырғанда, өзімнің де көзімнен ыстық жас сорғалап отырған. Сондағы әр сөз тіпті менің өз қаламымнан ғана туындаған сөздер емес, алыстағы туған өлкемдегі жүздеген, мыңдаған жерлестерімнің әліге дейін айта алмай, іштей тұншығып жатқан сөздеріндей де әсер еткен. Әрі біз Нарындағы жарылыстар зардабы мәселесін сол өңірдің жағдайын жақсы білетін белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева апай екеуміз бір мезгілде көтердік. Және де біз бұл шаруаларды Алматыда Олжас ағамыздың ядролық жарылыстарға қарсы «Невада – Семей» антиядролық қоғамдық қоз­ғалысы құрылып, жұмысқа енді кірісе бастаған кезде көтердік. Үніміз бір жерден шығып, бір жұдырық болып, бірге жұмылайық дедік. Біздің бұл тілегімізді ескеріп, кейін Оралда құрылған ядролық жарылыстарға қарсы күресетін «Нарын» қозғалысының жетекшілері де «Невада – Семей» қозғалысымен бірлесіп жұмыс істеп, солардың жақсы тәжірибелерін бөлісіп отырды. – Еліміздегі жарылыстар зардабына қарсы күрес кейін мемлекеттік ауқым алып, оған ел басшылары да айрықша маңыз бере бастады ғой. Бірқатар мәселелер шешілді емес пе? Естуімізше, былтыр Нарын өңіріндегі қырық жылдан астам уақыттан бері жүргізіліп келген жарылыстар зардабын шегіп отырған жергілікті тұрғындарды емдеп, сауықтыру шараларымен шұғылданатын ауданаралық емхана ашылып, жұмыс істеп жатқан көрінеді. Бірақ сіз бұл тақырыптан әлі де ауытқымайтын секілдісіз?.. – Ғалым-мамандар жарылыстар зардабы әлі талай жылдарға дейін жетеді дейді. Кешегі Вашингтонда өткен саммитте, ондағы Елбасымыз көтерген мәселелерде де осы жағдайлар егжей-тегжейлі айтылды ғой. Қазақстандық бастамалар бүгінде әлемдік деңгейдегі ауқымға дейін көтеріліп отыр. Олай болса, бұл мәселе әлі де күн тәртібінен түскен жоқ қой!.. – Сіздің «Пенджаптағы тұтқындар», «Ауған аңызы» атты әңгімелеріңізде ауған соғысы тақырыбы арқау етілген. Тағы бір шығармаларыңызда да солай. Ауған соғысы тақырыбы сізге несімен жақын? – Сол соғыста қаза болып, елге мүгедек болып оралғандардың көпшілі­гі біздің қатарластарымыз болатын. Бертінде мен әскерде жүргенде де «пәлен облысқа ауғандық пәлен табыт», «түген облысқа тағы сондай мыс табыт кетіп бара жатыр» дегенді көп естідім. Соның бәрі кезінде менің де жүрегімді қатты жаралаған. Содан былай бұл жағдай менің есімнен тіпті де кетпейтін болды. Тек соны жазсам ғана кеудем сәл жеңілдегендей болатын, қалғанының бәрі көркем қиял ғой. – Сіздің «Нарық нақыштары» атты ұжымдық әңгімелер жинағына енген «Кішкентай Сан-Франциско» әңгі­меңізге кезінде классик жазушы Сайын Мұратбеков жақсы баға беріпті. Осы әңгімеңізге көп жерде жылы пікірлер айтылып жүр. Оның жазылу құпиясы туралы айтпас па екенсіз? – 1991 жылдың күзінде ғой деймін, бірде өзім қатты сыйлайтын Рахымжан аға: «Мені ҚазМУ-де студенттермен кездесуге шақырып жатыр еді, жүрсеңші», – деді. Алматыға келгелі студенттермен кездесуге қатысып көрмеп едім. Қысылып қалып: «Қалай барамын? Мен онда не айта аламын?» – дедім. Рақаң: «Ештеңе де айтпайсың, тек мені жалғызсыратпай, қасымда отырсаң ғана болды», – деді. Келісім осылай болатын. Және де кездесу ҚазМУ-дің журфагы­ның жатақханасында болады екен. Ондағы 5-ші жатақхана университетте оқып жүргенде өзімнің талай жатқан жатақханам ғой. Жүрегіме ыстық тартты, қатты толқыдым. Жаңағы Рақаңның «сөйлемейсің» дегені жай ғана сөзі екен. Рақаң өзі «Жалында» істейтін. Прозасымен де, публицистикасымен де аты шығып жүрген кезі. Жақсы сөйледі. Бәрі дуылдатып қол соқты. Кездесу негізінен Рақаңмен болып жатыр. Содан бір сәт маған сөз берілді. «Не айтамын?» – деп, қатты қысылдым. Бір естіген дерегім бар еді, енді соны есіме алып: «Кеше ғана жоғары оқу орнын бітірген бір жас талант алыс өңірдегі бір кеніште жұмыс істеп жүріп, сонда жергілікті тұрғындардың өміріне қатысты бір проблема туындап, соның бір ұшығы тікелей өзіне қатысты болғанда, әлгі жас жігіт өзінің алдағы биік мансабын, ғылыми жұмыстарын да мансұқ етіп, Алматыға біржола қайтып келіпті. Бірақ ол одан ұтылған жоқ, қайта беделі өсті, өмірге деген құштарлығы артты. Міне, осы бүгінгі жастарымызға үлгі болатын жағдай емес пе?» – деппін. Соны айта отырып, Арқа өңіріндегі әлдебір кеніштердің де атын айтсам керек. Соңынан өзімнің осы туралы бір әңгіме жазғым келетіндігін де алға тартыппын. Енді келесі күні Рақаңнан сұраймын ғой: «Рақа, мен кеше қалай сөйледім? Сізді ұятқа қалдырмадым ба?» - деп. Ол: «Жоқ, қайта сен жақсы сөйледің», – деді. Осы сөз маған қатты әсер етті. Рақаң ашып айтпаса да, оның бұл сөзі: «Енді кешегі студенттерге берген уәдеңді орында», – дегендей болды. Бірақ «Кішкентай Сан-Франциско» арада бірнеше жылдар өткен соң ғана дүниеге келді. – Сіздің бірқатар әңгіме, әфсанала­рыңыз бұрынғы өткен тарихымыздан сыр аңдатқандай болады. Болашақта тарихқа қарай ойысайын деп жүрген жоқсыз ба? – Жалпы, мен өткен тарихымыз бен бүгінгі өміріміздің арасына шекара қойғым келмейді. Біздің байырғы өткен тарихымыз бен бүгініміздің арасындағы ондай «Ұлы Қорған» бұрын болған, кәдімгі өзіндік бір «Берлин қабырғасы» секілді. Бірақ тәуелсіздігіміз оның бәріне де нүкте қойды. Енді тарихи өткеніміздің өнегесі бізге күн өткен сайын жақындай бермек. Біздің бүгінгі рухани әлеміміздің үш тірегі болса, соның бір бұты қашан да тарихи санамыздың генераторы болып, тарихи өткеніміздің мұхитында желкенін жоғары көтеріп жүрге тиіс. Ал енді жазушының тарихты жазуына келсек, бұл жерде асырып айтты демессіз, жазушының тарихи деректер сырындағы тарихшы көре алмаған өмірді көріп, тарихшының айта алмаған сөздерін айта алатындай мүмкіндіктері көп. Сондықтан біздің жазушыларымыз мүмкіндігіне қарай тарихтан сарылып жеткен оқиғалардан сыр аңдап, бүгінгі рухани игіліктер қорымызды байытудан еш танбауы керек. Ал менің өзіме келе­тін болсақ, менің туған өлкем Еділ мен Жайықтың арасы – қай кезде де тарихтың от-аузында болған өңір. Әсіресе, Нарын құмының бір бүйіріндегі менің туған ауылымда жергілікті қариялар дастарқан бастарында туған өлкеміздің тарихи өткеніне қатысты тарихи дерек, аңыз әңгімелерден сыр шертпесе, отыра алмас еді. Менің бала кезімде үлкендер Махамбет батыр, күйші Құрманғазы мен Дина әжемізді кеше ғана ауылымызда қона жатып, рухымызды биіктетіп кеткендей қылып айтып отырушы еді. Бала емеспіз бе, сонда бірде болмаса бірде ақын, күйші, ақ сауытты батыр Махамбет, байырғы Бөкейлікте есімдері аңызға айналған күй өнерінің кемеңгерлері Құрекең мен Дина әжеміз бір тұстан сау етіп келе қалмас па екен деп, кәдімгідей-ақ елеңдесіп, құлағымыз үнемі түрік жүретін. Сондықтан қолыма қалам ұстаған соң, өз ретімде мен де байырғы әңгімешіл аталарым құсап, бұрынғы өткен тарихымыздан сыр шертпей отыра алмаймын ғой. – Уақыт тауып, сыр бөліскендігіңізге рахмет. Алдағы елу жылдық мерейлі тойыңыз құтты болсын. Деніңізге сау­лық, отбасыңызға амандық, шығарма­шылығыңызға табыс тілейміз! Сұхбаттасқан Жеткіншек АҚЫМБЕКҰЛЫ Алматы

3300 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы