• Тұлға
  • 06 Мамыр, 2010

Жетісудың жыршысы

«Ана тілі» газетінің редакциясында қызмет атқарып жүргенде ақын, этнограф Әдепхан Төреханұлымен бір тілдескен едім. «Күн құрғатпай» дегендей, үдемелете хат жолдап, нөмір сайын әрқилы жанрда мақалалары шығып тұратын сыралғы, сеніскен авторымыз болғандықтан, кәдімгідей таныс-біліс кісідей көретінмін. Әдепханның әзілдері этнографиялық қызықты мағлұматтары, халық әдебиетінен жиған-терген жергілікті өңірге ғана тән сирек кездесетін қилы хикаятты мақалалары ең оқылатын, тартымды сөздер қатарында газетке ықыласпен жарияланып, оқырмандардың ілтипатына бөленіп жататын. Талай сөзіне мәз болып, күлісіп те алушы едік.

Әдепханды бастапқы кезінде әдебиетке әуестене бастаған жас талапкерлердің бірі болар деп те қалғанмын. Сол кезде тартымдылығымен жұртшылыққа белгілі болған «Ана тілінің» «Соңғы бетінде» қандай соны айдар ашылса, іле Әдепханнан сол айдарға лайықты сөз келетін. Әдемі бір жеңіл әзілмен өрілетін сөзі көңілді сергітіп тастаушы еді. «Елім дархан, жерім бай» атты екі томдық кіта­бын (Алматы: «Бастау», 2007) қарап отырып, көңілім бір серпіліп қалды. Әсіресе, екінші кітабындағылар­дың біразы сол жылдарда «Ана тілі» газетінде жарияланып, қалың жұртшылыққа танымал болған сөздер екен. Алдымен, Әдепханның өзі күлкі тудыратын оқиғаларға бейім тұратын жарқын мінез, әзілқой кісі болса керек. Жұбайы Ырысжанның айтуы бо­йынша: «Әдекеңнің құрдасы Айдардың жанама аты – Сұмпияз екен. Бұл атты Айдардың келіншегі Сарымсақ естімесе керек. Бір күні Әдекең құрдасының әйелі Сарымсақ ұл туыпты дегенді естіп, «Бауы берік болсын» айтайын деп келсе, құрдасының әйелі баланы шомылдырып жатса керек. Құрдасының келіншегі жас сәбиді көтеріп тұрып, «Ұлымызға көрімдік бер, құрдас. Кімге тартыпты?» – десе керек. Сонда Әдекең күліп: «Көрімдігің да­йын, мынауың айнымаған Сұмпияздың көшеті ғой. Ойпырай, аузынан түсіп қалғандай екен», – депті. Сасып қалған келіншек: «Ойбай, көтек, сұмпиязда көшет бола ма, ол тауда өспей ме?» – десе керек. Әдекең: «Осы күні сұмпияздардың көшеті сен сияқты Сарымсақ келіншектердің құрсағында да өне береді», – деген екен. Құрдастық әдемі әзіл ғой. Әдепхан бір сөзінде: «Кете руынан шыққан Тоқтар ақын Зипа атты өнерлі қызбен ойын-тойларда сөз қағыстырып, жиі-жиі айтысып жүреді екен. Бірін-бірі ұнатқан, әзілдері жа­расқан екі жас үйленеді. Бірде Тоқтар ас әзірлеп жүрген Зипаны сынамақ ниетпен былай дейді: Мен өзім жас кезімде сотқар едім, Тоқтайтын тоқтар сөзге Тоқтар едім. Дәл қазір жазатайым өліп кетсем, Ей, Зипа, мені қайтіп жоқтар едің? Сонда Зипа табан астында: Жақсысы едің Кетенің, Өтірік өлген не теңің! Қазір өлсең ертең-ақ, Байға тиіп кетемін, – деген екен. Сонда сөзден тосылған ақын жігіт күле беріпті», – дейді. Бұған осы сөзді оқыған біз де күлгенбіз. Сіз де күлесіз ғой. Екінші кітаптағы Қожбамбет, Салпық, Қараменде, Сады, Тана, Дәулет, Малдыбай, Шәнті билер туралы талдауларында шешендіктің, тапқырлық пен ұтырлы әзіл-қалжыңның небір қисындары айтылады. Мұнда елдің, жердің тарихи оқиғалары мен дараланған тұлғалардың елдік істердегі айбынды қарекеттері сипатталады. Әдепхан ел шежіресін жер шежіресімен қатар өрбіте әңгімелейді. «Атамекен – алтын тұғыр қор­ғаным» тақырыбында берілген «Жоңғар Алатауы», «Ордың бұлағы», «Үш судың құйғаны», «Есенқұлдың сайы немесе Есенқұлдың жайлауы», «Қарақолдың асуы», «Қызылқия жайлауы», «Итшоқы», «Үйгентас немесе Үйгентастың белжайлауы», «Стамшалдың сазы», «Ақтасты», «Суықтың сайы – суықтың өзені», «Баркөрнеу», «Қу өзені», «Әулиеағаш», «Қызұясы», «Кардон» туралы энциклопедиялық шымырлықта қысқа-қысқа түйе сөйлеп, көп жердің сырын ашады. Тарихи оқиғалар қоса өріліп, өткен заман келбеті елес береді. Билер туралы айтсын, батырлар туралы айтсын, жер-су, тау мен тасты сөз етсін, Әдепхан бар сөзінде ұлттық үрдістерге, этнографиялық ерекшеліктерге бойлай отырып әңгімелейді. Ал «Ұлттық салт-дәстүр» атты бөлімде көшке қатысты, сыйластыққа қатысты, қонақтың түрлері туралы, құдалық жайлы, жігіт жұрттары, қыз ұзату, келін түсіру, ат қою салттары, киіз үйге қатысты, келіндердің әдет-ғұрпы, ұлттық бұйымдар, ұлттық киімдер, баталар, төрт түлік, әбзел-құралдар туралы өз ортасына тән танымдық дерек мағлұматтар айтады. Бұл сөздердің көбі оқиғалы, мазмұнды болып келеді. Этнограф-әңгімешінің өзіне ғана тән баяндау шеберлігі, келісті кестелі сөз өрнегі бар. Бұл тегі Әдепханның ел ішінде жүріп халық әдебиетінің шалқар айдынында еркін жүзіп, тұнығынан сусындағанынан да болар. Көпті көрген, көп естіген, халық қазынасын мол жинап, ой түйе білген, құлағы сақ, жады берік қаламгер. «Тегінде бар тек тұрмас» дегендей, тегі тәуір, белгілі кісілері үзілмей жалғасып келе жатқан әулеттен шыққан Әдепхан Төреханұлы аталары туралы бір сөз орайында былай дейді: «Әулиеағаш өңірін мекендеген тапқыр да шешен Салпық бидің баласы Жақыбай бидің Шаруан атты бәйбішесінен үйелмелі-сүйелмелі Нұрғали, Ерғали, Төрехан, Мырзахан есімді төрт ұлы болыпты. 1917 жылы Үйгентас – Бел­­жайлауының Басатқарағай деп аталатын өздерінің атақонысында отырғанда, төрт ұлы әкелері Жақыбай биге келіп: «Біз осы болашақта қандай жігіт боламыз, айтыңызшы», – деп мазасын алса керек. Сонда Жақыбай би «Үһ» деп күрсініп алып, балаларына тесіле қарап: «Әр заманның тұсында бір сұрқылтай, заманың түлкі болса, бүркіт боп іл», – деген ата-бабаларымыз, «Айтсам айта­йын», – деп үлкен ұлы Нұрғалиға қарап: Бойың ұзын, көзің көк, санаң ашық, Болыс болар ойың бар тайталасып. Кете ме деп қаупім бар көп ұзамай, Орыс, қытай, сібемен араласып, – дейді де, екінші ұлы Ерғалиға қарап: Жалт-жұлт еткен көзің бар, Қайғыға толы сезім бар. Ерте есейіп барасың секілденіп қоңыр нар, Бір оқтық боп кетпегін, көп кешікпей алдыңда, Сыналатын кезің бар, ойлан, балам, – деген екен. Ал үшінші ұлы Төреханға қарап: Мінезің тік, бірбеткей, Тізгініңді күрметпей, Таңдайыңнан жыр кетпей, Жылқы бағып жүрсең де, Ақын болар деп жүрмін Қара сөзді кірлетпей, – деп тоқтап, кенже ұлы Мырзаханға қарап тұрып: Бұйығы емес, басымдау мырзалығың, Жаңа ашылып келеді қырда гүлің. Жүйрік мініп, сүйгенің сұлу болса, Бала басты боп жүрсең өкінбегін, Жақсының көбі жақсы жұрнағының, – деп күлсе керек. Шындығында, Жақыбай бидің айтқаны «тайға таңба басқандай» дәлме-дәл келген. Нұрғали сол жылы Стамшал болыстың орнына болыс болып, 1928 жылы қуғын-сүргін кезінде Қытайға өтіп, сондағы орыс, қытай, қазақ, дүңгендерге ақалақшы (болыс) болған екен. Ерғали 1931 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, аштықтан, жалаңаштықтан қырылып бара жатқан халықты Шығыс Түркістанға (Қытайға) өткізіп жүргенде, Қорғас шекарасында Кеңес үкіметінің қарақшыларының қолынан оққа ұшып, 25 жасында ерлікпен қаза болады. Ал Төрехан Шығыс Түркістанда Күләй, Дәне, Зипа сияқты ақын қыздармен айтысып, оларды жеңіп, Төрехан ақын атанып, бүкіл елге таныла бастаған кезде 1945 жылы зертең ауруынан қайтыс болған. Төреханның бірнеше айтыс өлеңдері «Балдәурен», «Жапырақ жайған бәйтерек» деген кітаптарға енген. Мырзахан әдемі, сұлу қызға үйленіп, 13 баланың әкесі атанып, Бурыл жорға, Жирен ат деген бәйге аттары болған. «Әке – балаға сыншы» деген осындайдан қалса керек». Осындай әулет, өз уақытының зиялы ортасынан шыққан Төрехан ақынның ұлы Әдепхан да жаратылысынан ақын болып туған. Оның осы қос кітабының біріншісі тек өлеңдерден тұрады. Мұнда жастық шақтың махаббат лирикасы да, уақыттың қилы кезеңдерін қамтыған ой-толғаулар да, табиғатты, өскен ортаны жырлау да бар. Ал ең басты тақырыбы Жетісудың жер-суын жырлауға арналған. Сағынғанда көлдерді, Салқын самал белдерді. Шамырқана сімірсең, Басатұғын шөлдерді. Сағынғанда тауларды, Тәкаппарлау талғамы. Таулардың да болады, Тарихы мол тарланы. Ғасыр өтіп, күн өтіп, Өмір көшін түзетіп. Бұл табиғат тұр мәңгі, Тыныштықты күзетіп. Сылқылдаған бұлағы, Ырғатылған құрағы. Қабаттаған ғасырды, Бұл – бабамның тұрағы. Асқар асып, қыр басып, Суыртпақтап сыр ашып. Қайтсаң, шіркін, ғажап қой, Туған жермен сырласып, – деп өзі жыр­лағандай, ол – Жетісудың жалынды жыршы-насихатшысы. Кіші Отанның үлкен жыршысы. Отаншыл азамат бір өлкенің рухани өмірін кестелей отырып, қазақтық, яғни ұлттық биікке көтерілген. Ұлағатты ұстаз бола жүріп, рухани қазынаға мұншалықты үлес қосу аз еңбек емес. Алматы облысы, Панфилов ауданының Көктал кентіндегі Абай мектебінде 43 жыл табан аудармай ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп, ҚР халыққа білім беру ісінің озық қызметкері ата­ғымен құрметті демалысқа шыққан. Ауданның құрметті азаматы, еңбек ардагері, ауыл ақсақалдарының төрағасы сынды құрметке де бөленген. Ол – он перзент өсіріп, 29 немере сүйген ата. «Балдәурен», «Белжайлау», «Орбұлақ», «Ұлттық таным тағылымы», «Жапырақ жайған бәйтерек», «Еңкеймеген еменнің бұтақтары» атты жинақтар мен «Елім дархан, жерім бай» атты екі томдықтың авторы да. Көбік сөз емес, көркем сөз, келісті кестеленген ойлы сөз, мағыналы мәнді сөздің майын тамызған Әдепхан болатын. Ел алдында құрметке бөленген азаматтың ұл-қызы да әке абыройын асқақтатып келеді. Өзі: Елік әнім, Елеркем, кенже қызым, Көктемім де, жазым да, сенде күзім. Ерен таудың секілді ақмаралы, Бізге ыстық көрінер нұрдай жүзің. Жастығымнан бір үзім өтем болдың, Кейінгі іні, сіңліңе көкем болдың. Әжең қойған Көрпелдес, сүйікті аты Одан әрі еркелей Көпен болдың. Студентсің сен қазір Астанада, Аға, жеңгең сол жерде саған пана. Ел еркесі болып өс салауатты, Еркеле бауыр-жеңге, ата-анаңа, – деген Елер­кесі, Елерке Төреханова – қазір Мәдениет ми­нис­тр­лігі Тіл комитетінің жауапты қызметкері және республикалық «Ономастикалық хабаршы» бюл­летенінің жауапты хатшысы, білікті ономастика маманы. Ал бүгінде жасы 70-ке келіп, кемелді шағында тұрған Әдепхан әріптеске қаламы тежелмесін, шы­ғар­машылығы сарқылмасын, тойы құтты болсын деймін. Елдің, жердің сырын толғай түс, Жетісудың жыршысы! Сабыржан Шүкірұлы, жазушы-көсемсөзші, республикаға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Астана

4801 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы