• Тарих
  • 06 Мамыр, 2010

Дүниеде күнәміз көп, біз бір ғаріп...

Қырқыншы жылғы қырғында талай боздақтың қаны төгілді. Олардың арасында небір таланттар да, қаламы қарымды қаламгерлер де болды. Бірі жау оғынан аман қалып, елге оралып, онан әрі де елі үшін еңбек етті, ал енді бірі Отан үшін отқа түсті. Сондай тарландардың бірі Қайырбек Манкеев еді. Қайырбек атамыз Алматы облысы, Кеген ауданында дүниеге келіп, жастайынан зерек болып өседі. Он жасында еңбекке араласады. Алғырлығы болар, орта мектепте оқи жүріп те жұмыс істейді. 1941 жылы әскерге алынған Қайырбек атамыз Сталинград шайқасының алдыңғы шебінде болады. 1942 жылы ауыр жараланып, елге оралған ол ұжымшарда есепші, ферма меңгерушісі, ұжымшар бастығының орынбасары, партия комитетінің хатшысы, аудандық жоспарлау комитетінің төрағасы сынды белді қызметтер атқарады. Жастайынан білімге құштар азамат 1950-1953 жылдар аралығында Семейдегі ауылшаруашылық техникумында оқып, агроном мамандығы бойынша білім алады. Бірақ өлеңге жаны жақын Қайырбек атамыз осы жылдар арасында қолынан қаламын бір сәтке де тастамаған болатын. Жан сырласы да, серігі де ақ қағаз бен қара сия болды. Тіпті әскерде, оқуда жүрген кездерінде де сағынышын өлең жолдары арқылы жеткізетін. Сол кездері аудандық, облыстық, тіпті республикалық басылымдарда туындылары мен мақалалары жарияланып тұрды. Сексеннің сеңгіріне шығып дүниеден озған Қайырбек ақсақал жұбайы Айнаш екеуі 6 бала, 19 немере тәрбиелеп өсірді. Ұлдарын – ұяға, қыздарын қияға қондырды. Балаларының бәрі де – білімді, білікті азаматтар. Біз бүгін өз оқырмандарымызға Қайырбек ақса­қалдың бірер өлеңін ұсынып отырмыз. Жолдас жоқ шындап қолды беретұғын, Алдыңда тау тұрса да еретұғын. Басыңа қиын-қыстау іс түскенде, Сен үшін ауыртпалық көретұғын. Жолдас көп қалтаңызда ақша болса, Қазаның қазы менен етке толса. Арам жолдас сол жерде сырт айналар, Күйзеліп, ат шалдығып, қалтаң солса. Мен едім жолдастарға қойнымды ашқан, Бөліп-жармай ешкімді дүние шашқан. Асымды ішіп, мадақтап тойғанынша, Жолдас көп сырт айналып менен қашқан. Бұл рас, түк ойламай болдым жынды, Ағаттық істегенмін мен бір мінді. Басыма қиыншылық орнағанда, Ойланып, ондай достан көңілім тынды. Не істесем білуші едім жалғыз өзім, Бұл кезде қате екенін көрді көзім. «Байқа, балам!» дегенде сорлы анамның, Не керек, естімеппін айтқан сөзін. Елде аз ба, күле кірген қызыл түлкі, Адамның бар кезінде қолда мүлкі. Асыңды ішіп, мысқылдап, кері айналып, «Бәлемді жөнделік» деп қылған күлкі. Ол кезде мал шашқанды мақтан көрдік, Екен ғой бойыңа қас жаман ерлік. Мың достан бірер адам көрінбейді, Жігіттей малын шашқан байғұс дерлік. Артымда қатын-бала, кәрі шеше, Ет жүрек елжірейді шеше десе. «Қарағым, жолдастарды сұрыпта», – деп, Сорлы анам айтып еді әлденеше. Айдауға үйір болған мен бір долы, Қырсыққан бірнеше жыл болмай жолы. Сұм дүние енді қалай қарар екен, Жармасып бұл сорлының тисе қолы. Атамыз Қамас, Тамас, Сырлыбай, Бабыс, Жігітті ойландырар жігер, намыс. Жат жақсы ағайыннан деген рас, Егерде шындап сыйлас, болсаң таныс. Қайранмын мүгедектік жеткеніне, Болжаусыз жас өмірдің өткеніне. Иіс елден, бір желден бүкір қалып, Қадірім ағайынға жеткені ме? Не қылам, жайшылықта берген асын, Ескермеген кезінде аққан жасын. Бір нан тауып біздер де жан сақтармыз, Жазылса осы аурудан әзиз басым. Бар еді ағаларым нелер сыйлас, Ойласам ағалығын ішім қимас. Қалада жағдай сұрап келмегенге, Қазандай өкпем тулап, ішке сыймас. *** Пәниден – бақи жайға кетер бәрі, Дүниеге кімдер келіп, кім кетпейді? Бір күні тағдыр келіп, қаза жетсе, Ешкіммен ажал шіркін тілдеспейді. Қапыда бір аяғың тайып кетсе, Кердеңдеп кейбір жігіт келмес... мейлі... Жақсының көңілін тауып, жолдас болсаң, Көтеріп дәрежеңді елпектейді. Атадан алтау болып туғанменен, Жоқ болса ынтымағың үйлеспейді. Атадан жалғыз болып тусаңдағы, Бақ қонса еш жамандық кездеспейді. Қылушы ек бозбаланы сөзге қарық, Дүниеге мұңлы адам, болмас парық. Жігіттер, айып етпе неғылса да, Дүниеде күнәміз көп, біз бір ғаріп.

3416 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы