• Тұлға
  • 06 Мамыр, 2010

Әнуар әлемі

d0b0d0bdd183d0b0d180«Әлі талай жылдар өтер. Жаңа ұрпақ келер. Сонда олар халқымыздың рухани қазынасына кімнің қандай үлес қосқанын таразыға салып, бағалайтын болады. Сонда олар біздің заманымыз туралы ғана емес, ғылым мен мәдениеттің қарыштап алға басуына ақыл-ой жұмсаған дана адамдар жайлы тебірене айтатын болады. Өмірлері ерлік болған қасиетті есімдердің арасында Мұхтар ағаның да есімі жарқырап көрінетіні анық».

Бұл қазақтың біртуар ұлы Әнуар Әлімжановтың Мұхтар Әуезов туралы айтқаны еді. Бүгінгі ұрпақтың «сол қасиетті есімдердің» арасына өзін де қо­сатынын білді ме екен Әнекең. Мұхаң да көзі тірісінде: «Мен үшін басын балтаның астына төсеген Әнуардың азаматтығына, өлсем, топырағым риза» деп кетті емес пе?! Алаштың екі Алатауының осындай өр тұлғаларына сүйін­бе­с­ке шараң жоқ. Ағаларын ардақтап, інілерін жетектеп өткен сол Әнуар Әлімжанов, көзі тірі болғанда, биыл сексеннің сеңгіріне шығар еді. Белгілі жазушы Ғаббас Қабышұлы Әнекеңнің биылғы 80-ге толған мерейтойын жыл алды еске алып, былтыр «Біздің Әнуар» деген атпен жинақ шығарған. Көлемі шағын болға­нымен, көтерері ауыр кітап Әнуар Әлімжанов туралы көзқа­растардың көкжиегін ашқандай әсер қалдырады. Әнуар Әлімжанов – «ақ мыл­тық» журналист. Ол «Литературная газетаның» белді тілшісі болды, «Қазақ әдебиетінің» редакторы қызметін атқарды. Қазақтан шыққан тұңғыш «халықаралық шолушы» атанды. Жазушы Ахат Жақсыбаевтың сөзімен айтсақ, қысылтаяң кезде Әнекеңнің азаматтық үні естілетін. Қатпары қалың күрделі мәселелерге араласып, елді елең еткізіп, «Әлімжанов жазды» дегізетін. Осы сөзіміздің бір дәлелі ретінде мына әңгімені айта кетуге болады. Қазақтың арда туған азаматы Болатхан Тайжан бірде Әнуар Әлімжановқа Қазақстанға тың игеруге баратын Кеңес Одағының азаматтарына жасалынатын көмек туралы қаулыда қазақ халқының әдейі шеттетілгенін айтады. Мұны естіген Әнекең Бүкілодақтық әдебиет институты өткізген кездесуде арнайы сөйлеп, одан кейін газетке мақала шығарып, жаңағы қаулының нағыз өктемдіктің бір фактісі болғанын, одан қазақ халқы материалдық та, моральдық та орасан зиян шеккенін өткір жазады. Осындай «ұлтшылдығының» кесірінен Әнуар Лениндік сыйлықтан қағылды. Ол қарымды қаламгер еді. «Көгілдір таулар», «Отырар ес­­керт­кіші», «Махамбеттің жебесі» сынды қадау-қадау шығар­ма­ларын айтпағанда, бір ғана Әбу Насыр әл-Фараби бабамызға арналған «Ұстаздың оралуы» бү­кіл қазақ қауымына Фарабиді таныстырып, ұлт мақтанышына айналдырды. Өзі сапарда болған барлық елдерде ұлы бабамыз туралы лекция оқыды. Мұның өзі қазақты дүниеге таныстырған алғашқы қадамдардың бастауында тұрды. Ол қарапайым басшы болды. Қазақстан Жазушылар ода­ғының бірінші хатшылығынан КСРО Жоғарғы Кеңесі республика кеңесінің төрағалығына дейінгі аралықта талай лауазымды қызметтің тұтқасын ұстады. Бұл туралы Әнекеңнің қаламгер інісі Қалихан Ысқақ: «Әнекең саясатқа да сыя білген, саясатты алдай да білген. Желдің соғуына қарай ескегін әзірлеп отыратын еді. Оның араласпаған ісі жоқ. Керекті де, керексіз де науқандардан тыс қалмай, соның бәрінен де ұлтына қажет бір нәрсені қарпып қалуға тырысты, солардың бәрінен де әлеуметтік мән іздеді» деп салмақты ой айтады. Әнуар Әлімжановтың басшылық қызметте жүргенінде халықаралық деңгейдегі атқарған аса маңызды еңбектерінің бірі – Азия мен Африка елдері жазушыларының 1973 жылы Алматыда өткізілген V конференциясы. Екі құрлықтың қаламгерлерін қасиетті қазақ жерінде жүздестіру кез келген адамның қолынан келе бермесі анық. Дегенмен бұл конференцияны Әнуар абыроймен ұйымдастырды. Қазақ жазушыларын әлемге таныстыруға мұрындық болды. Әнуар Әлімжановтың ұлттық қайраткер болғаны да бүгінгі ұрпаққа үлгі болуға тиіс. Биыл Қазақ елінің ұйытқы болуымен 30 тамыз – Халықаралық «Ядролық қарудан бас тарту күні» болып жарияланды. Мұндай адамзаттық игілікке қол жеткізуіміздің тари­хы әріде жатқанын ұмытпағаны­мыз абзал. Семей полигонын жабуға Әнуар Тұрлыбекұлы да орасан зор үлес қосты. Бұған оның 1989 жылы, шілденің 17-19-ы күндері, Семей қаласында өткізілген ғылыми-практикалық конференцияда сөй­леген сөзі куә. «Сынау басталған кезде бәрі де бұлыңғыр болды. Не екенін түсіну мүмкін емес-ті. Академик Сайым Балмұханов жаңа айтып өткендей, бұл жерде мыңдаған, миллиондаған тажал жасырын жатыр. Олар жер бетіне шыққанда не күй кешеміз? Біздің бала-немерелеріміз, арғы ұрпақтарымыз ол тажалдан аман қала ала ма? Біз оларға не қал­дырмақпыз? Уланған ауа, улан­ған топырақ, уланған су. Таза қайнарларымызды ластадық, олар­дың маңын залалды батпақ пен шілікке айналдырдық. Төңі­ре­гіміз тажалға толы. Қазақ­стан­ның халі, міне, осылайша қатерлі». ...«Қалай болғанда да, қан­шама қымбатқа түссе де, полигонды жабу керек, әкету керек!» 1990 жылы Ұлыбританияның қауымдар палатасында сөйлеген сөзінде де Әнуар Әлімжанов: «Мен қазақ, қазақтың ұлы ретінде сіздерге мынаны айтуға тиіспін: бұл жарылыстардың бәрі біздің жеріміздің қасиетті өңірінде, біздің бүкіл көркем өнеріміз бен әдебиетіміз әспеттеп келе жатқан Қозы мен Баян махаббаты жайындағы көне дастан туған жерде жасалды. Ол өңір – біздің халқымыз, мәдениетіміз үшін ең қасиетті, киелі жер». Мұндай батыл пікірлер тек еліне шын берілген егей ерлердің ғана аузынан шығады. Осындай адамзаттық проблеманы қазақтың баласы Әнуар Әлімжанов әлемге әйгіледі. Бірақ сол еңбегі үшін ол ешқашан мақтанған емес. «Бізден бұрын ядролық қауіп туралы Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов айтты. Біз басталған әң­гімені жалғастырушы ғанамыз» деп кішілігін танытты. Өкініштісі, Әнуар Әлімжановтың бұл еңбегі қазірге назардан тыс қалуда. Өйткені елімізде ядролық қаруға қарсы ұйымдастырылған көптеген іс-шараларда оның еңбегі еленбек түгілі, есімі ауызға да алынбады. Жалпы, Әнуар әлемі бүгінгі ұрпаққа еңбекқорлығымен, ба­тыл­ды­­ғымен, қайсарлығымен қым­бат. Оның азаматтық ұста­ным­­дары кезінде тек Одақ кө­лемінде ғана емес, Халықар­алық деңгейде әйгіленді. Талай тартысты жиындарда қа­зақ­тың даңқын аспандатты. Қа­ра­пайымдылығымен, кіші­пейіл­ді­лігімен еліне сыйлы болды. Ендігі міндет Әнуар мұрасын танып-таразылап, ұрпақ кәдесіне жарату деп ойлаймыз. Біләл Қуаныш

11211 рет

көрсетілді

255

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы