• Тарих
  • 06 Мамыр, 2010

Әке рухына тағзым

2008 жылдың 9 мамыры болатын. Жылдар бойғы қалыптасқан әдет бойынша Ұлы Отан соғысына қатысқан әріптес ағаларды Жеңіс күнімен құттықтайтын едім. Олардың да жылдан-жылға қатары сиреп барады. Соғыстан бұрын өмірге келген, жасы өзімнен үлкен бір-екі ағайынға телефон соғып бола бергенімде, туған ағам Шаях­мет марқұмның баласы – Атырауда тұратын немере інім Виктор мені Жеңіс күнімен құттықтап, «Мен атамыз Қарасайдың майданда опат болған жерін таптым», – деп өзім мүлде күтпеген, тосын жаңалық айтқан-ды. «Қорыққан мен қуанған бір» деген рас екен. Інімнің осы хабарынан кейін төрт жасымда айырылған әкем, соғыстан кейінгі қиын кездері өмірден өткен анам, сұм соғыстың отбасымызға, менің балалық балғын кезіме, жастық шағыма тигізген зардабы ойыма түсіп, көзге еріксіз жас келді. Жылдар бойы іште жатқан шерім­ді тарқатып, біраз босаңсығаным­мен, ес жиып, қара жерді аман-сау ба­сып жүргенімде, әкемнің жатқан же­ріне туған жердің топырағын жет­кізіп, қолдан келсе, бейітіне белгі қою­ды мақсат еттім. Сол 2008 жылдың көктемінде Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі Орталық мұрағатының интернет-сайтын (Memorial) ашқан. Хабарсыз кеткен миллиондаған жауынгерлер жайлы деректер беріп, қаншама жанның алғысына бөленді. Осы сайттан інім атасының Орлов облысындағы Колпнян ауданының Денисовка селосында 1943 жылдың 6 ақпан күні қасындағы 8 жауынгермен бірге оққа ұшқанын оқыпты. Олардың көпшілігі Өзбекстаннан, Қарақалпақстаннан, Одақтың басқа да жерлерінен екен. Бұдан кейін Орталық мұрағат Виктордың атына хат жіберді. Подольск қаласындағы Орталық мұрағатқа бірнеше рет барған інім Колпнян ауданында 1943 жылдың ақпан айында №8 дивизиясының 229-атқыштар полкі 500-ден аса жауынгерінен айырылғанын, соның ішінде Денисовка селосы маңындағы ұрыстарда 32 адамның қаза тапқанын анықтады. Осы тізімнің ішінде 6 қазақ­стандық бар екенін көрдік. Со­лардың бірі – Омаров Нихонбай деген жерлесіміз. Бірінші хабардан кейін әкеммен бірге шәһит болған Нихонбай ағамыздың жиен қарындасын тауып, телефон арқылы байланыс жасадық. Сосын Семейден 60 шақырым жердегі Байтанат ауылында тұратын екі ұлына әкелерінің қаза болған жері жайлы хабарладық. Мәутхан, Омархан Омаровтармен кездесудің сәті біз Денисовкаға ес­керткіш орнатып келгеннен кейін ғана мүмкін болды. Өмір мен өлім белдескен ең бір қиын сәттерде әкеммен бірге болған Нихонбай ағамыздың ұлдарын туысымыздай қабылдап, әкелеріміз қаза болған жерді қалай тауып баруға болатынын түсіндірдік. Басқа қазақстандықтар жайлы деректерді «Бармысың, ба­уырым?» телебағдарламасы арқылы берсек деген ойымыз бар. Ескерткіш қою мәселесінде ең қиын істерді шешуде Виктор табан­дылық көрсетті. Қашанда тума-туысқанға қолұшын беруге дайын тұратын Виктор ініме Қарасай атасының да аруағы ырза болған шығар деп ойлаймын... Соғыстың алдында 70-80-ге тарта үйі бар Денисовка селосының аты, өкінішке орай, ескі карталарда ғана сақталған. Қазір ол ел-жұрты көшіп кетіп, екі-ақ үйлі хуторға айналыпты. Осы Денисовканың байырғы тұрғыны Надежда Николаевна деген жасы 75-тер шамалас әйел Денисовка азат етілгеннен кейін, селолық кеңестің бұйрығымен, бірнеше кісі, арасында өз анасы да бар, сұрапыл соғыста қаза болғандардың мүрдесін арбамен жүріп жинап, жартылай қираған мектеп үйінің жертөлесіне жерлеген екен. Қазір ағаш басып кеткен мектептің тұрған жерін, көп жылдық жөке ағаштарына қарап анық айтып берді. Ал аудандық әскери комиссариат, жергілікті әкімшілік біздің әкеміздің қаза болған жерін іздеуге деген талпынысымызды аса қолдай қойған жоқ. Оның себебін кейін білдік. Бұдан 6-7 жыл бұрын әлдебір пысықтар кескілескен қанды шайқастар өткен Колпнян ауданының аумағында қаза тапқан неміс солдаттарының медальондарын іздеп тауып, соларды Германиядағы туыстарына 20 мың евродан сата бастапты. Сондай «жерқазушыларды» жергілікті билік арнайы заңның күшімен әзер тоқтатқан екен. Солардың кесірінен біздің осы істі бастауымызға қарсылық көп болды. Алайда Виктор бауырымның табандылығы арқасында әрі бес-алты облыстың жерінен өтіп, үлкен қиындықпен жеткізгенімізді ескеріп, аудан әкімінің орынбасары C.Московский деген жігіт: «Менің көмегім – сіздерге кедергі жасамайтындығым», – деп мәлімдеді. Өзім КСРО кезінен бері ұзақ жылдар бойы телекоммуникация саласында басшылық қызметтерде еңбек еткенімнің де пайдасы тиді. Мәскеу мен Орелдағы телекоммуникация басшылары арқылы аудан әкіміне ықпал еткеннен кейін, Денисовка хуторына баратын жол тегістеліп, ескерткіш орнатылатын жер ағаш­тардан тазартылды. Сөйтіп, Виктор інім бастаған үш жігіт бұрынғы мектеп үйінің орнына ескерткіш орнатты. Қиындықтарға қарамастан жиі жауған жаңбырдың астында жұмыс істеп жүрген жігіттерге хутор тұрғындары да кейін оң қабақ танытты. Әкеммен бірге Денисовка маңында 1943 жылдың ақпанында қаза тапқан 32 жауынгердің аты-жөндерін де ескерткіш тақтаға жазғыздық. Ескерткіш дайын болғаннан кейін, біз Атыраудан автокөлікпен шығып, Ресей мемлекетінің 5 облысының жерін басып өтіп, 2009 жылдың 16 маусымында Денисовка хуторына жеттік. Алдын ала келіскенімізге сай, ол жерде Виктор екеумізді Орел облыстық телекоммуникация дирекциясының Бас директоры Иван Дмитриевич Махов, Колпнян ауданы әкімінің орынбасары Игорь Московский, аудандық байланыс торабының бастығы Николай Алексеевич Грачев қарсы алып, ескерткішті ашу рәсіміне қатынасты. Біз ескерткіш түбіне туған ауылымыз Сүйіндіктен алып барған топырақты салып, басқалардан бө­лініп шығып, Құран бағыштадық. Алыс жолды тоқтаусыз өтіп, шаршап-шалдыққанымызға қарамай, үлкен бір міндетті атқарғанымызды сезініп, бейіт басында ерекше бір сезімде болдық. Аудандық байланыс үйінде ұйым­дастырылған дастарқан ба­сын­­дағы отырыста әкем жайлы, Қазақстан туралы әңгімелер айт­тым. Алматы мен Атыраудан әкелген сыйлықтарымызды ұсынып, жаңа достарымызға алғысымызды білдірдік. Біз орнатқан ескерткіш Колпнян ауданындағы 37-белгі екен. Аудан әкімшілігі бұл белгіні де аудан қарауына алатындықтарын айтты. Жеңістің 65 жылдығына қарай келіп қайтуға тырысатынымызды айтып, аудан басшыларымен «көріскенше күн жақсы» деп қоштастық. Өсербай ҚАРАСАЕВ, Алматы қаласының тұрғыны

3552 рет

көрсетілді

35

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы