• Тарих
  • 06 Мамыр, 2010

65 жылдан соң...

Негізгі себепші Қызылорда облысында жарық көрген «Боздақтар» кітабы болды. Осы кітапта Бақытжан ағамыздың әкесі Сырлыбайға да орын беріліпті. Онда бұл кісінің 1941 жылы Қазалы ауданынан соғысқа аттанғаны, 1943 жылы Ленинградты қорғау кезінде қаза тапқаны айтылады. Бақытжан әкесі майданға шақырылғанда төрт жаста ғана болатын. Кескін-келбеті, түр-тұлғасы есінде жоқ. Ол туралы анасынан ғана естіп-білді. Соғысқа кетіп, содан оралмаған. Шайқаста мерт болғандығы жайлы «қара қағаз» келіпті.

Қай бала да әкесі жайлы ойлайтыны хақ. Бұл да әкесі туралы ауыр ойларға шоматын. Әрине, тірі емесі анық. Жер басып жүрген болса бір хабары болар еді. «Ең болмаса, жатқан жері табылса ғой. Басына бір уыс топырақ салып, Құран бағыштаған болар еді». Осындай ой жетегімен жүргенімен аңсаған арманы орындалмай-ақ қойды. ...Енді мына қара. Бір сәтте жылт етіп, үміт оты жылтырағандай. Жолға шығуға тағы бір жағдай себеп болды. Ленинградта, яғни бүгінгі Санкт-Петербург қаласында екінші ұлдары Әділдің отбасылық жолдастарының бірі – Владимир Матиач тұрып жатқан. Ол кезінде Байқоңырда әскери қызметте болған. Қазір де әскери салада. «Владимир – өз адамымыз. Ол, барсақ, туысқаны келгендей қуанады» деп Әділ де сапарды тездетті. 2008 жылдың жазында Бақытжан зайыбы Райкүлмен, ұлы Әділ, ол үйдегі келіні Зәуремен төртеу болып жолға шықты. Алдымен Мәскеуге келді. Осындағы «Қазақ тілі» қоғамының азаматтары жақсы қарсы алып, поезға шығарып салды. Владимир, Әділ айтқандай, тамаша азамат болып шықты. Туған бауырлары келгендей құшағын жай­ды. Төрт бөлменің бір бөлмесі – Қазақстандағы Сыр өңіріне ар­нал­ған мұражай іспетті. Сырда өсетін құстардың, жануарлардың, өсім­діктердің бірқатары қатырылып, көрме жәдігерлеріндей тізіліп қойылған. Табаны күректей отыз бес жыл ауасын жұтып, суын ішкен жер ғой. Қазақ топырағын ерекше бағалайтыны осыдан-ақ көрініп тұр. Алғашқы кезде қиналғандай болды. Алайда жергілікті әскери комиссариатқа барғанда көңілдегі кірбіңнің бәрі сейілді. Жауынгер Сырлыбай Көбековтің осы жерден жетпіс шақырымдай жерде – Иваново деревнясындағы әскери бауыр­лас­тар зиратында жерленгендігі тура­лы құжат табылды. Әкенің сүйегі жатқан алаңқайға келгенде Бақытжан топырақты құша құлады. «Сабыр сақтармын» деген. Дүрс-дүрс соққан жүрек шыдас бермеді. Кеудені қысқан өксік әсерінен айналаны басына көтере жылап жіберді. «Сыр өңіріндегі Қазалы қайда? Ленинград қайда? Екеуінің арасы сан мың шақырым. Бірақ топырақтың туған жерден емес, мына жақтан – шет аймақтан бұйырғанын қарашы... Қарғыс атқыр, соғыс-ай! Сен болмағанда таудай әке жанында өспейтін бе едім...» Осы секілді алуан ойлар кеудеге кептеліп, денесін босатты. Райкүл де, ұл мен келін де Бақытжанға кедергі жасамады. «Мұныңыз не? Сабыр етіңіз» деген де жоқ. «Әбден өксігін бассын. Шерін тарқатсын» деді. 65 жыл. Ол осы күнді осынша жылдар күтті. Ол осы сәт осыдан алпыс бес жыл бұрын дүние салған адаммен емес, кәдімгі тірі әкесімен, бойында жаны бар әкесімен жүздескендей болды. Содан ба, көпке дейін топыраққа тиген басын көтермеді. Әке жатқан топыраққа ақтық жабылды. Құран оқылды. Бұл жерге құлпытасқа тапсырыс беруге болады екен. Осы жұмыс атқарылды. Сөйтіп, келесі жылы 9 мамырда келіп қайтуға серт байласты. Келесі жылы Бақытжан аға уәде еткеніндей, жанына зайыбын, ұлы Ақыл мен келіні Лаураны, немересі Талғатты ертіп тағы да келді. Владимир бұларға дейін-ақ құлпытасты орнатып қойыпты. Онда Сырлыбай Көбековтің қай жылы туып, қай жылы қайтыс болғаны және орыс тілінде бір шумақ өлең жазылған. Ана жолы келгендерінде көр­ген. Бұл жерде қаһарман қазақ, Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетов те жерленген екен. Екі ара он-жиырма метрдей ғана. Осыған қарағанда әкесі мен Сұлтан бір әскери құрамада болған секілді. Әкеден кейін бұлар батыр қазаққа да тәу етіп, Құран бағыштады. Санкт-Петербургте төрт мұсылман мешіті бар екен. Солардың бірі – қазақтардікі. Әке денесі жатқан зираттан кейін Бақытжан аға осында соғып, соғыста қаза болған барша қазақ бауырларға, оның ішінде өз әкесіне Құран оқытты, елде бейбітшілік, тыныштық болуын тіледі. – Әкем жатқан жерді тауып, басына зиярат еткеннен кейін арқамнан ауыр жүк түскендей жеңілденіп қалдым. Тағдырдың мұнысына разы­мыз. Көптен көкейде жүрген арман еді. Сол орындалды, – дейді Бақытжан аға. Бұл күнде жетпістің үшеуіндегі Бақытжан Сырлыбайұлы – өмірдің ауырлығын көп көрген азамат. Балалық шағы соғыс кезеңімен тұспа-тұс келіп, ойын, күлкі дегенді білмей өсті. Аштықты да, жалаңаштықты да бастан өткерді. Дегенмен де келе-келе тұрмыс түзелді. Еңбекке араласты. Адал да жауапкершілікпен еңбек етті. Құдай қосқан қосағы Райкүл апамызбен бірге алты бала тәрбиелеп өсірді. Қазір олардың өзі үйлі-баранды. Шаңырақтары сәби үніне толы. – Менің осы уақытқа дейін көңілге түйгенім – тыныштыққа, бейбіт өмірге ештеңе жетпейді. Өзге қиындықтар бейбітшіліктің қасында түк те емес. Сондықтан ең басты тілегім – ұрпағымыз бұдан былай соғыс үнін естімесін. Еліміз өсіп, өркендей берсін. Бұл – ардагердің жүрекжарды тілегі. Жеңістің биылғы 65 жылдық мерекесі қарсаңында Бақытжан аға да бірқатар замандастары секілді мерейтойлық медальмен марапатталды. Бұл мемлекетіміздің соғыс уақытындағы қасіретті балалық шақты ескеріп, азаматына құрмет көрсеткендігі еді. Нұрперзент Домбай

2718 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы